Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Қазақ әскерін жасауға ниет

Жазғытұрым Түркістан, Бұхараға жүріп бара жатқан Россияның барлық әскерінің бастығы жолдас Каневпен қазақ әскерін жасау ретінде Орынбор вокзалында біздің Қазақстанның үкімет адамдары сөйлескен еді. Бұл туралы «Еңбекші қазақ» газетінің бір нөмірінде жазылған-ды.

Каменев қазақ әскерін жасаудың уақыты жеткендігін мақұлдап, әуелі әскерді аз-аздан жинап үйретуді қоштаған еді.

Қазақстанның аймақтық әскери комиссариатының Мәскеуге жіберген кісісінен жақын арада Орынборға хабар келді. Ол хабарында мынаны айтады.

«Жалпы Россия қызыл әскерін билеуші жоғарғы әскери мекемесі қазақтар үшін Қазақстанда аймақтық төменгі әскер бастықтарын даярлап шығаратын школа ашылуына қарсы емес. Және орта әскер бастықтарын даярлайтын Қазандағы мұсылманның әскери школасына қазақтан 50 жігіт алуға бұйрық қылды» деген.

Бұл бұйрық Орынборға Қазақстанның әскери комиссариатына келісімен губернияға 50 орын бөлініп жіберілмек. Әм қандай жігіт, қандай жастағы, қандай мағлұматы барлығы керек екендігі жария қылынып жіберілмек.

Әскер ісін үйреніп, жалпы еңбекшіл табының туының астына шындап кіру біздің қазақ еңбекшілдерінің зор мақсатының бірі еді. Дүние екі жікке бөлініп, бір жағына байлар табы жасақ салып, туын тігіп, екінші жағына жалпы еңбекшілдер табы жасақ салып, туын тігіп, майдан ашып жатқанда, біздің қазақ еңбек шілдері надандықтың арқасында білім ретінде өзге халықтардың еңбек шілдерінен қара үзіп, артта қалғанының арқасында шындап қолына қару-жарақ алып құралданып, жалпы еңбекшіл туының астына барып тұрып, болашақтағы жалпы адам баласының бақытты тұрмысы үшін жауына байлар табына қарсы оқ атып, қылыш сермей алған жоқ еді.

Әрине, әр жерде, бірен-саран уақ отрядта болып майданға шыққан қазақ жігіттері де болды. Бірақ жалпы қазақтың еңбекшіл табы тұтас кірісе алған жоқ еді.

Мұндай зор іс бір-ақ күнде өзінен-өзі болып қалмайды. Бірте болмақ.

Бұрын қазақ әскер десе үркуші еді. Енді жастарын әскерге бермей, сөйтіп Россияның жалпы еңбекшіл табының қызыл әскерімен бірге, солармен қатар қолдарына қару-жарақ алмай қатарға кіре алмайтынын білді. Көп жерде өзі тіленіп әскерге кірген жастар бар.

«Заманың түлкі болса, тазы болып шалып қал»,—дейді. Бұл — ақиқат сөз.

Қазіргі заман — жаугершілік заманы. Дүниедегі барлық әлем екі тапқа бөлініп жауласып, тұрмыс, қожалығына таласып жатқан заман. Бұл қанды майдан ашып, белдесіп күресіп жатқан екі тап қанына, затына, туысына қарамай, тұрмысына қарай жіктелген байлар табы әм еңбекшілдер табы, қазіргі уақытта күнде қан төгіп, Германияда бұл екі тап соғысып жатыр.

Болгарияда бұл екі тап жасақ салысып жатыр. Әм басқа жерлердің бәрінде де бұл екі тап күштерін өлшеп аңдысуда.

Міне, осындай жаугершілік заманда тазы болып шалып қалу үшін қазақ еңбек шілдерінің жас азаматтары жалпы әскер ісін үйренуі керек.

Болмаса — шындап қатарға кіру жоқ. Еңбекшіл қазақ жастары әскер ғылымына ұмтылыңдар! Әйтпесе, теңдік әм бостандық құқықтарын пайдалана алмайсыңдар! Қазанда берілген 50 орын бос қалып жүрмесін!

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама