Күзетші қыз
Көгілдір ай сәулесі түсіп тұр. Жайлаудың жалпақ беткейіндегі ұйқыға батқан ауылдың солтүстік астырты теріскейлі бүргені қалың болып, осы шытырманның арасын жарып өткен жан жолмен екі жүргінші келе жатты. Олар күзеттегі қыздардың «Екі-ай жирен» әнін құмарта тыңдап, Шоқпар тас түбегіндегі самырсынға аттарын бекітті де, ойға алып келген байекеңнің ақбоз жүйрігін алып кетуді ойлайды. Күзетші қыздар бір
мезет айтқан әндерін тоқтатып, күй шертеді. Бұл күй Мүкейдің «Жетім торы ат» күйі еді. Қыздардың күйдің ырғағын толық түсіре алмай отырғанын аңғарған Мүкей, қасындағы жолдасына: «Мен жолаушы бейнесімен қыздарға барып, күй шертіп айналдыра тұрайын, сен осы орайда ақбоз жүйрікті алып кет», — дейді.
Кәперсіз аттан түсіп жатқан жігітті көрген қыздар үркердей боп орындарынан тұрды. олар жігіттің аман-сәлемін қымсына алғандай болды. Мүкей қыздарға:
— Жолаушы едім, шерткен күйлеріңізді тыңдап сауық бар екен деп әдейі бұрылдым. Мен де өздеріңіз сияқты күйқұмар жан едім. Қане шертіңіздер, күйлеріңізді тыңдап көрелік, — дейді. Үш қыздың екеуі бұйығылау болса керек, бірін-бірі құшақтап, сұңғақтау, ересек қыздың артын ала ығыстап тұр.
Үкілі құндыз бөрік, қос етек көйлек, шынтақ жең камзол киген қыз тіл қатты:
— Ағай, біз сізден «қараңғыда не қылған кісі?» деп қорқып қалсақ, онда жақсы болды ғой. Келіңіз, отырыңыз, — деп үстіне алаша жабылып, ішіне сырмақ төселген күркені нұсқады. Әлгі сұңғақтау қыз наздана сөйлеп:
— Ағай, сіз Мүкей деген күйшінің «Жетім торы ат» деген күйін білесіз бе? — деді. Тұнық құлын даусына күміс шолпысы да үн қосқандай сыңғыр етті. Оның ай нұрына шағылған ақша бетінен еркелік пен өткірліктің, талап пен талғамның таңғы самалы есіп тұрғандай. Қыздың қылықты сипатына жүрегі жылыған жігіт:
— Қарындас Мүкей дегеніңізді танымасам да, «Жетім торы ат» деген күйінен хабарым бар еді. Домбыраңызды беріңіз, шертіп көрейін, — деп еді, қыз домбыраны ұсынды. Майысқан, күміс сақиналы, сүйрік саусақтардың салалы уысынан сүйкімді қыздың үкілі домбырасын алды да, Мүкей «Жетім торы ат» күйін бебеулетіп жіберді. Жалынды күйшінің саусағынан күй сезімінің саф алтыны төгілгендей болып, балауса қыздың балғын көңілін балбыратып бара жатқан сияқты.
— Бәсе, осылай шертілетін сияқты еді, — деп қайта-қайта шерткізіп тыңдай береді.
Ақшарбы бұлттардың арасынан ақ сәулесін шашыратып, сұлу Шолпан да сығалай бастады. Жігіт күйді тоқтатып, аттануға ыңғайланып еді, күзетші қыз қиыла сөйлеп:
— Ағай, сізге рахмет! Біз үшін жолыңыздан бөгелдіңіз. Ауылыңыз шалғай болмаса, бұдан кейін де өнеріңізге ортақ болғым келеді, — деп қимас досынан айырылғандай мұңайып орнынан тұрды.
— Ақжарқын қарындас, сіз де сау болыңыз! Өнер құмар жаныңыздан айналдым! Тәлейым болса, тағы да көрісерміз...
Жігітті қолтықтап аттандырған қыздың қызулы алақаны, оның жүрегіне сөнбестей от ұшқынын тұтатып жібергендей еді. «Осындай бір кінәдан пәк періштені қалайша алдауға қидым» дейтін өкінішті ой жігіт жүрегінде кете берді...
Сәресіден тұрған байекең жүйрікті жоқтайды. Күзетші қыздар ешкімді көрмегенін айтып, болған істі жасырып қалады. Ұл орнына ұл, қыз орнына қыз болып жүрген жалғыз еркесінің сырын білетін байекең онан ары қузап айттыруға бата алмайды. Күндер өтіп жатты... Қыз үйінен ұрланып, қалың қарағайдың арасында домбыра шертіп отырған жерінде әкесі абайсыздан үстінен түсіп қалады. Қыздың шертіп отырғаны Мүкейдің «Жетім торы ат» күйі еді. «Қалқам-ау, сол жоғалған хайуан сенің үйренген өнеріңнен садаға, Мүкейдің күйін үйреніпсің ғой», — деп әкесі қызының маңдайынан искейді. Аттың жоғалуы Мүкейден екендігі деректен еді. Қызы да болған істі жасырмай айта салады.
Бірнеше жылдан соң, ат иесі бір үлкен аста күй шертіп отырған Мүкейге кезігіп: «Менің жүйрік көгімді алғандығың шүбәсіз. Бірақ қайтармай-ақ қой, сен оның бодауына, менің балама «Жетім торыңды» ерттеп мінгізіп кетіпсің. Менің ақбозым сол «Жетім торыңның» ауыздығына байлаған баламның тілашары болсын», — деп кешіріпті. Күйші аталы сөз алдында басын иіп, сол ас үстінде «сіздің балаңызға арнауым» деп «Күзетші қыз» күйін шығарыпты.