- 07 қаң. 2020 00:00
- 205
Терісқақпай
Айсыз түн, қызыл іңір. үштас жайлауының төрінде отырған Қара Оспан бидің сегіз қанат ордасының жанынан жалғыз өтіп бара жатқан Мүкей, үй ішінде шертіліп жатқан күйді құлағы шалады да, атын қалтарысқа бекітіп қойып, үй іргесіне таяу келіп күй тыңдайды. Оны сай тазанына ат қойып келе жатқан екі жігіт шалып қалады да, «баспалап жүрген ұры», — деп ұстап алып, Қара оспанның алдына апарады. Өзінің үй іргесіне не үшін келгендігін сендіре алмаған Мүкей Қара оспанды мойындату үшін, өнерін паш етіп күй шертеді. Қара оспан да күмәннан айығып, оның күйшілік өнерін қадір тұтады. Қара Оспанның өзі де Мүкеймен күй шертіседі, қонақ етеді. Ертеңінде Мүкей мал дауымен Қара оспанға келген екі адамның әңгімесін тыңдайды. Оның біреуі жоқ-жітік еді. Бұл дауға Қара Оспанның дұрыс қазылық етпей, бардамға жан басып, кедейді айыпты еткенін көреді де, бидің әділетсіздігіне төзе алмаған Мүкей, Қара Оспанның үйінде отырып қолма-қол «Теріс қақпай» күйін шығарып шертеді. Күйдің сол кездегі аты «Қақпай» болып, кейін «Теріс қақпай» деп аталып кеткен.