Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Өмір мақстаны жету жолдары.3

Абай түпкі мақсатқа жетудегі кедергілерді де ескертеді. Олар – пайда, мақтан, әуесқойлық. Пайда – адамды пәни өмірдің шырғалаңына байлап, өмірін Алла үшін емес, өзінің пайдасы үшін құрбан етуге мәжбүр етеді. Пайда адамды Алла тағаланың шапағатына бөленетін мәңгілікті рухани жолдан шығарып, соқтықпалы соқпағы көп, күнәға белшесінен батыратын, зардапты фәни өмір жолына түсіретін себептердің бірі. Абай бұл туралы өзінің отыз төртінші қара сөзінде былай деп жазады:

«Егерде екі нәрсе болса, бірі ахиретке керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ахиретке керектіні алмай, екінші кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез клмейтұғын болса, кең Құдай Өзі кеңшілікпен кешіреді-дағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе, ахиретті дүниеге сатқаным жоқ деп, нануға бола ма?» Ойшыл иманы әлсіз, пайда күнем адамды осылай әшкерелеп көрсетіп, оған қарсылығын білдіреді. Себебі бұл Алла тағаланы сүю жолы емес.

Абай мақтан жөнінде жиырма алтыншы, отызыншы қара сөздерінде жазады. Мақтан – адамның өркөкіректігін өсіретін, соның зардабынан өзін ғана көріп, Алла тағаланы ұмыттыратын қасиет. Ол адамдардың жүрегін кір басып, соның салдарынан жарамсыз қылықтардың пайда болуынан туады. Абай отызыншы қара сөзінде бұл туралы былай деп жазады:

«Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір «қырт мақтан» деген бір мақтан бар, сол неге керек, неге жарайды? Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдылығы, арлылығы жоқ». Бұндай қасиеттер, әрине, адамның кемелденуіне бөгет жасайды. Сондықтан мақтаннан аулақ болу керек.

Әуесқойлық бір нәрсеге беріліп істейтін тұрақтылықты бермейді. Сондықтан ондай адамға өмірдің бір мақсатына толық жету өте қиын болады. Әсіресе рухани жетілу жолында тұрақтылық керек.

Абай өзі де халқына рухани білім беру арқылы негізгі міндетті орындауға барлық өмірін бағыштап, осы әділетті жолға құрбан етті. Соның нәтижесінде Абайдың өзі рухани жоғары деңгейге жетті. Оның жоғары рухани дәрежесін мына өлең жолдарынан білеміз:

Өзгені ақыл ойға қондырады,

Біле алмай бір Тәңіріні бодырады.

Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,

Талпынып тағы да ойлап зор қылады.

 

Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

(«Лай суға май бітпес, қой өткенге», 1895 ж.)

Осы жолдардан данышпанның Алла тағалаға деген құштарлығын көреміз. Оны ойламай қоя алмау және Оған құмарсыз құр мүлгуге тоя алмау адамның Онымен үнемі байланысын білдіреді. Бұл – үздіксіз құлшылық арқылы жететін деңгей. Абайдың әрбір әңгімесін Құдай тағаланың маңына айналдырып әкеліп отыратынын айтып, Көкбай ақын да өзінің естелігінде осыны білдіреді.

Абай қайтыс боларының алдында ұйықтамай, тамақ та ішпей қозғалмастан үш күн отырған. Бұл уақытта ол Алла тағаламен байланыста отырған болуы керек. Тарихта ондай мысалдар бар. Айталық, сопылардың ірі өкілі, әлемге әйгілі ұлы Жәлел-ад-дин Руми қайтыс боларының алдында Алла тағаламен байланыста қырық күн отырған. Сонымен Абайдың сөзі мен ісіне қарасақ, ол өзі көрсеткен адам өмірінің мақсатына жетіп, Түп Иеге қайтқан тәрізді.

Сонымен, қорыта айтқанда, бүкіл болмыс Жаратушының қалауын орындауға, яғни жан иелерін Түп Иеге қайтаруға арналған. Ал адам өмірінің мақсаты – осыны дұрыс түсініп, қолдана білу. Абай айтып отырған «Түп Иеге қайту» деген адам өмірі мақсатының түп қазығы осындай. Ал Түп Иеге қайту жолы біреу – ол Құдайға құлшылық. Сондықтан жан иелерінің мақсаты – толық қалауымен өмір сүру, яғни Оны қанағаттандыру. Бірақ бұл ақиқатты әркім мойындай бермейді, себебі олардың көкірек көздері шелмен, яғни Абсолюттің төменгі қуатымен жабылған. Абайдың «Мақсұтым - ... наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» дейтіні осыдан болса керек. Мақсат көкірек көзді басқан шелден арылып, әркімнің Абсолютпен қатынасын қалпына келтіріп, сол қатынастағы өз орнын табу. Бұл арада данышпанның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген әйгілі үндеу сөзі ерекше мән алып, «кетігін тап та, бар, қалан» деген сөз іс-әрекетсіз бейберекет жағдай емес, болмыс өмірі үнемі қозғалыста және өзгерісте болғандықтан, оның барлығын Құдайға құлшылық жолында жасау деген ұғымды білдіреді.

Осы айтылғандардан денсаулық арқасында салауатты өмір сүріп, тіршіліктің рақатын көрудің рухани жолдан алыстамайтынын көреміз. Рухани жол адамға нағыз бақыт әкеліп, бүкіл өмірін барлық келеңсіздіктерден қорғайды. Оның қалай болатынын, рухани өмірдің мән-мәнісін түсіну үшін ең әуелі рухани білім керек.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама