Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Оқушы жастарға үлгі

(Қазақстанның 1-ші баспа өнерінің курсы)

Орынборда әріп тізу ісін үйрететін Қазақстанның 1-ші тұңғыш баспа өнерінің курсы бар. Курстың ашылғанына 2 ай шамасындай болды. Курста 23 қазақ жастары оқиды.

Жақын арада мен әдейі курсты көрейін деп Керуен сарайдағы курсқа бардым. Менің баруым дәл бір сабақ бітіп, екінші сабақ бастаудың алдындағы тыныс уақытына тура келді.

Керуен сарайға мен автомобильмен кіріп келгенімде керуен сарайдың түкпір үйіндегі Қазақстанның аймақтық баспаханасының алдында біркелкі қазақ жастары, бәрінің үстерінде ылғи қызыл-қоңыр көйлек, бұттарында қара шалбар, аяқтарында сары қоңыр шібілет, маған қарсы жолықты.

Курстағы жастар осылар екені өзіме белгілі.

Амандастық. Мен көруге келгенімді айтып, балалармен бірге олардың оқитын үйлеріне кірдім. Оқитын үйлерге кіріп, үйдің жан-жағын жылдам жағалай қарап жіберіп, көңілім толып, жүрегім біртүрлі жылып кетті. Оның себебі мынау:

Қазақстанның тұңғыш 1-ші әріп тізу білімін үйрететін баспа курсы.

Оқу үйлері тап-таза.

Үйдің жан-жағында, іргелерінде, жоғарыда жердің карталары ілінген, Қазақстан республикасының бөлек жасалған картасы ілінген. Лениннің суреті ілінген. Метрический есептің нұсқалары ілінген. Отыратын парталары таза, тәртіппен қойылған. Оқытушының тұратын мінберінде шәкірттердің дәптерлерін қарап бір оқытушы қазақ жігіт тұр. Оқытушының артында қара тақта тұр. Оның да маңайы тап-таза. Үйдің әр жағында жағалай бөлек-бөлек қатты қағаздарға жуан машық әріптермен басылған әртүрлі үгіт сөздер ілулі тұр.

Бір қатты қағаздағы ілулі тұрған сөз мынау: «Коммунизмге төте жол — оқу» Екінші қағаздағы сөз мынау: «Өнер-білімнің белгісі — тазалық». Үшінші бір қағазда мына сөз тұр: «Еденге түкірмеңіз, еденге қиқым тастамаңыз» Және бір қағазда мына сөз тұр: «Еңбекшілердің бір құралы — баспасөз» әм тағы да көп осындай сөздер ілулі.

Қазақстан баспасөзінің болашақ иелері, Қазақстанның баспасөз үйінің тұңғыш ұлдары менің қасыма келіп тұрды. Бәрінің үсті-бастары таза, бәрінің жүріс-тұрыстары тәртіпті, білімге шұғылданған зейіндерінің барлығын көрсетеді. Біраз сөйлестім.

«Шырақтарым, оқу үйлерің таза, тәртіпті екен. Өздеріңнің де үсті-бастарың таза көрінеді. Тырысыңдар, оқыңдар, үйреніңдер. Тазалықты әдет, ресім қылып әбден қалыптарыңа сіңдіріп алыңдар. Мәдениеттің белгісі — тазалық, құр әріп тізуді ғана үйреніп шығатын болмаңдар, бәрің де, әрқайсың да оқып шыққан соң осындай школдың, осындай оқу үйінің басқарушысы, үйретушісі, оқытушысы болатын болыңдар. Бұл школдан оқып шыққан соң құр әріп тізетін ғана болмай, саясат әм әлеумет істерін басқаруға да жарайтын азаматтар болуға тырысыңдар, ол үшін жатпай-тұрмай оқи беріңдер, оқи беріңдер!» — дедім.

Мені ертіп барып астыңғы үйдегі жататын бөлмелерді көрсетті. Жататын жерлері онша жарық емес. Едені тас. Қысты күні суық бола ма деп ойлаймын. Бұл астыңғы үйде тұтасымен баспахана болушы еді, бұрын да астыңғы үйде талай рет болғаным бар еді. Онда машиналар, қара бояу, қағаз, әріп, желім әм басқа заттар тұрған соң бұл астыңғы үй кір болушы еді.

Енді балалардың жататын жері біртүрлі таза, біртүрлі тәртіпті. Көңілім толып, келгеніме риза болып мен қайттым. Қайтып келе жатып, сол баспа курсына барардан бір күн бұрын осы Орынбордағы рабфактың қазақ оқушыларының жататын үйлеріне барғаным есіме түсіп: «ә, деген-ай, бәрі осы баспа курсындағы балалардай таза, тәртіпті болар ма еді!» — дедім. Міне, оқушы жастарға бұлар үлгі!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама