Өскелең ұрпақты үйірме жұмыстары арқылы өнерге баулу
Қазақстан Республикасының "Білім туралы" заңында: "Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың өзін-өзі басқаруын, шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделуі, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауды көздейді" - деп көрсетілген. Балаларға қосымша білім беру - білім алушылардың білім алу қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту үрдісі, үздіксіз білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Жас буынға қосымша білім беру жүйесі салауатты өмір салтын қалыптастыру, жеке тұлғаны өздігінен дамыту, шығармашыл, дарынды балаларды анықтау, оларға қолдау көрсету және қабілеттіліктерін дамыту, өскелең ұрпақ тәрбиесіне және олардың дарындылығын дамытуға, балалардың құқықтарын қорғауға назар аударуды күшейтуге бағытталған. Тәрбие процесін ұйымдастыруда үйірме жұмыстарының алатын орны ерекше. Студенттер мен жасөспірімдердің үйірмелерінің ең кең тараған түрлері олар: эстетикалық бағыттағы үйірмелер: музыкалық (ән, вокал), хореографиялық (би). Жастарды өнерге, мәдениетке құштарлығын дамыту мен тәрбиелеу, уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру мақсатында Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде студенттерге арналған шығармашылық вокал үйірмесі, «Еркеназ» би үйірмесі жұмыс істейді. Әр үйірменің жұмыс жасау кестесі бекітілген жоспар бойынша жүргізіледі. Мен өзім «Әсем әуен» вокал үйірмесін және «Еркеназ» би үйірмесін басқарамын. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй, көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең менше сүй» - деп, Абай атамыз жырлағандай, ән десе ішкен асын жерге қояр өнер сүйетін халқымыздың өнерінің бір қыры - ән өнері.Ән айту үшін үлкен дарындылық қажет. Үйірмеде музыканы есту және баулу қабілетін теория және практика жүзінде іске асырудамын. Ән таңдауда әр баланың дауыс ерекшелігіне аса зор мән беремін. Студенттерге вокал өнерімен қатар, хормен, жеке дуэтпен ән айтуды да қолға алып үйретудемін.Үйірме қатысушылары өнерлерін шыңдау арқылы тек ән айтуға ғана емес, кәсіби сахналық мәдениетке де үйренуде. Үйірмеде Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Алтынай Жорабаева сынды атақты халық әншілерінің әндері, сонымен қатар қазіргі заманғы үлгідегі әндер, ретро және қазақтың халық әндері қамтылған. Студенттеріміз жыл сайынғы ұйымдастырылатын қалалық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Вокал үйірмесіне қатысатын студенттер колледжішілік іс-шараларға белсене араласып, өз өнерлерін көрсетіп үлкен ілтипатқа бөленіп жүр. Атап айтсақ: Бердіқожа Іңкәр, Заханов Айбар, Хасанов Мирас, Садуақасова Зарина, Журумбаева Құралай, Қасым Қасиет т.б. Бердіқожа Іңкәр Талдықорған қаласының әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған «Талдықорған шұғыласы» ән байқауының ІІІ дәрежелі дипломына ие болса, Хасанов Мирас қала оқу орындары арасындағы өткен патриоттық әндер және әскери патриоттық әндер байқауында бас жүлделері жеңіп алды.Үйірме жұмысының іс-тәжірибесіне көңіл аударар болсақ, баланың шығармашылық кезеңдеріндегі танымдық мүддесінің дамуы өз шығармашылығын шыңдауға, қабілеттілігін арттыруға зор мүмкіндік береді. Мұның өзі түптеп келгенде баладан шыдамдылық пен төзімділікті қажет етіп, алдына қойған мақсатына жетуге талпынуға, шеберлікке, еңбек сүйгіштікке тәрбиелейді. Студенттердің бір-біріне деген дұрыс қарым-қатынасын, өнерге деген саналы көзқарасын қалыптастырады. Студенттердің үйірмеге деген ықыласын арттыра отырып, ұлтымыздың ой-парасатын нығайту мақсатында үйірмелерге қамтумен қатар жасөспірімдердің ішінен дарынды балаларды анықтап, олардың қабілетін дамытуға жан-жақты эстетикалық тәрбие беріп, сұлулыққа, тазалыққа үйретуде үйірменің қызметі аса маңызды.
Үйірме жұмыстарының бағдарламалары негізінен алғанда студенттердің ынталары мен талап-тілектеріне байланысты болады. Үйірменің ерекшелігі – ортақ қызығушылықтары негізінде біріккен адамдардың ұйымшылдығы мен ынтымақтастығын білдіреді. Жоғарыда атап өткендей, вокал өнерімен қатар, би өнерінің де қыр-сырын үйренуде студенттердің қызығушылы жоғары. Би өнерімен айналысу жасөспірімдердің жалпы денсаулығына жақсы әсер етеді. Нақты жеңіл қозғалыспен дұрыс жүріп тұруына, иілгіштік қабілетінің артуына, ауамен дұрыс демалуына, музыканың екпінін, буын ырғағын, мазмұнын ажырата білуге көмектеседі. Студенттер арнаулы қондырғысыз-ақ залдың ортасында бимен айналысуына болады. Ол үшін ойын түрінде берілетін нақты қимыл қозғалыс жаттығуларына көбірек көңіл бөлуі қажет. Олар қимыл қозғалыспен музыканы үйлестіру шеберлігін дамытады.Әрине, би үйірмесіне кіші топтан бастап келген дұрыс болады. Билеу кезінде би қозғалысы арқылы оның мәнерлілігін арттырып, би үйрену дағдыларын қалыптастырамыз. Алдағы уақытта жаңа билер қойылымымен жұмыс жасаудамыз. «Еркеназ» би үйірмесіндегі Қуат Салтанат,Төлеухан Ботагөз, Төлеубекова Әйгерім, Мұрат Ақбөпе сынды мың бұрала билеген биші қыздарымыз көркем билерімен әр кештің шырайын келтіріп көрермендердің ықыласына бөленуде. Би үйірмесінен күтілетін нәтиже: би өнерімен айналысқан ұлдар мен қыз балалар денесінің сымбаттылығымен, әдемі жүріс-тұрысымен, музыкалық ырғақты ажырата білуімен ерекшеленеді. Би өнерімен айналысу шығармашылық шеберліктердің негізін қалап, өзін-өзі жетілдіруге деген қызығушылығын арттырады.Үйірме жұмыстары арқылы студенттердің шығармашылық қабілеттері дамып, өзін-өзі еркін ұстаулары жүзеге асып, бір-бірімен жағымды қарым-қатынас орнатып, жеке тұлғалық қасиеттері бағаланып, қызығушылықтары мен бейімділіктері анықталып қалыптасады. Халқымыз ерте заманнан әндері мен күйлерін, асыл мұра ретінде ұрпақтан–ұрпаққа жеткізіп, көзінің қарашығындай сақтап келген. Өнердің ең жоғарғы түрі, ең саңылағы, ең сәулеттісі де – халық өнері, яғни жылдар өтсе де мұқалмай сыны қашпай сақталып келе жатқан – халық қазынасы. Сондықтан да, осы үйірмеде жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту және ұлттық өнерімізді пайдалана білінуіне, шеберлік деңгейін арттырып, ынта-ықыласын молайту әсемдік пен сұлулықты көріп бағалай білуге, өз елін, өз халқын сүюге, қазақтың ұлттық өнерін құрметтеуге тәрбиелеу менің басты мақсатым.
Талдықорған гуманитарлық-техникалық
колледжінің музыка жетекшісі
Джакубаева Ұлжанат Әуелханқызы