Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 11 сағат бұрын)
Патшаның үш қызы

Бұрынғы өткен заманда бір патша болған екен. Оның үш қызы, әйелі болған екен.

         Патша қалаға түспек болып, үш қызынан сұрапты:

         — Қыздарым, не алып келейін қаладан базарлыққа?

         Үлкен қызы түрегеліп:

         — Әке, маған маржан алып кел! – депті.

         Кейін патша ортаншы қызынан:

         — Қызым, саған не алып келейін? – деп сұрапты.

         Ортаншы қызы түрегеліп:

         — Маған бір алтын сақина алып кел! – депті.

         Патша ең кіші қызынан сұрапты:

         — Қызым, саған не алып келейін? – деп.

         Кіші қызы:

   — Әке, мені ойлайсыз ғой, ойласаңыз, маған бір жаңғақтың бұтағын алып келіңіз! – депті.

   Патша «мақұл» деп, арбасын қостырып қалаға жүріп кетті. Қалаға барып бір қанша жерге түсіп тұрса, бір кісі маржан алып кетіп барады екен. «Әй, кісі, маржаныңды қаншадан сатасың?» – деп сұрапты.

         Кісі:

   — Бес сомнан сатып жүрмін, – депті. Бес сомды беріп, маржанды қалтасына салып тұрса, бір кісі алтын сақина алып барады екен.

Патша: «Ей, балам, қаншаға сатасың? – деп сұрапты. Ол бала: «Алты сом», – депті.

Ақшасын беріп, сақинаны қолына тағып, арбасына келіп мініп кетті. Кетіп бара жатып бір бауды көріп, «ең кіші қызым маған жаңғақтың бұтағын алып келіңіз деп еді ғой, есімнен шығып кетіпті ғой» деп, арбасынан түсіп бауға кірсе, жаңғақтар көп дейді. Жаңғағына қараса, алтын жаңғақ екен. Патша таң қалып, «менің кіші қызым ақылды екен ғой» деп, сындырып алып кетіп бара жатқанда, бір аю шығып:

— Патша, менің бауымдағы жаңғақты неге аласыз? – деп сұрайды. Патша қыздарының айтқан сөздерінің бәрін айтады.

         Аю:

— Мейлі, алып бар, бірақ қызыңды үш күннен кейін алып кел, – депті.

         Патша қорқып:

         — Неге алып келемін? – деп сұрапты.

         Аю:

   — Мен сенімен әзілдеспеймін, алып кел, болмаса, өзім барып алып келемін, – депті.

         Патша «мақұл» деп, арбасына түсіп кетіпті.

         Қыздарына алған нәрселерін беріп, өзі қапа болып жүріпті.

         Әйелі:

         — Неге қапа боласың? – деп сұрапты. Патша бағанағы аюдың айтқан сөзін бәрін айтыпты. Әйелі:

         — Қой, қапа болма, қызым үшін өзім барамын, – депті. Сондай деп отырғанын қызы естіп:

         — Апа, сен барма, мен өзім барамын, бұл пәленің бәрі менен болған екен, – деп жылапты. Анадағы аюдың үш күні өтіп кеткен екен. Бір заман қараса, бір аю келе жатыр. Келіп:

         — Қане қызың? – деп сұрапты.

         Патша:

         — Мынау! – деп көрсетіпті.

         Аю:

         — Қызынды киіндір! – депті. Қызын киіндіріп, қыз бен аю арбаға түсіп кетті. Барып-барып бауға келіп:

         — Қане, түс! – депті қызға қарап, — менің соңымнан жүр, – депті де кете берді. Барып бір жердің астына түсті.

         Қыз кейіннен бір есік ашты, қараңғы, тағы біреуін ашса, жап-жарық алтын сарай, жаңағы аю әдемі жігіт болып кетіпті. Жігіт қызға:

         — Сен маған күйеуге ти! – депті. Қыз өзі қайран болып қалды, жаңағы әдемі жігіт болғанына. Қыз «мақұл» деп, қызды жігіт алмақшы болып, той қылып, қыздың әке-шешесін шақырды. Әкесі мен шешесі келді.     Сөйтіп қызды аю алды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама