- 10 қыр. 2016 00:00
- 224
Павлодарда республикалық конференцияға 12 мыңнан аса ата-ана қатысты
Ертіс өңірінің мектептерінде «ХХІ ғасырдың қазақстандық ата-аналары: «Өз балаңа үлгі бол!» тақырыбында өткен республикалық конференцияға 12 мыңнан аса ата-ана қатысты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Отбасы күні аясында ұйымдастырылған шара облыстың 389 мектебінде өтті. Ата-аналар мен психологтар облыс орталығындағы №16 мектепте бас қосты. Өңірдегі білім басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Дәуеновтің мәліметінше, акцияға облыстың барлық мектептері жаппай қатысып, белсенділік танытқан.
«Былтыр ата-аналар конференциясына облыстың бірнеше мектебі ғана қатысса, биыл барлық білім ошағы қамтылып отыр. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің ата-аналарына баса назар аударылып, педагогикалық және психологиялық көмек көрсетуге тырыстық», - дейді Ернұр Дәуенов.
Ауқымды шараға ҚР БҒМ өкілі, Астана қаласы отбасы тәрбиесі орталығының жетекшісі Айнұр Өмірова қатысты. Маман бірінші сыныпта оқитын балғындардың ата-аналарына тұшымды кеңес беріп, сұрақтарына жауап берді.
Айнұр Өмірованың айтуынша, қазіргі таңда ата-аналардың көбі жұмысқа берілген, сол себепті бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас қиындай түсетіні анық.
«Мектеп табалдырығын алғаш аттаған ұл-қыздарға психологиялық қолдау ауадай қажет. Оқу үрдісіне бейімделу кезінде балаларға көңіл бөлу керек. Балалар мектепке барып жүрген кезде үрейленіп, қорқуы да мүмкін. Сондықтан, біздің басты мақсат – балалар мен ата-аналарға кеңес беріп, қолдау көрсету. Мәселен, Астанадағы отбасы тәрбиесі мектебіне күнбе күн 25 ата-ана келеді. Біз оларға баланы білім алуға баулу, қорқыныштарын жеңу сияқты кеңесімізді айтамыз», - дейді Айнұр Өмірова.
Орталық жетекшісінің айтуынша, қазіргі таңда ата-аналар баланың психологиясына әсер етудің қарапайым техникаларынан бейхабар. Сол себепті мектеп психологтарының көмегіне жүгінген абзал.
Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Павлодар облысында 12 мың 750 ұл-қыз мектеп табалдырығын аттады. Жалпы, мектептерде 97 мыңнан астам оқушы білім алады, бұл – былтырғыға қарағанда 5 мың балаға артық.
Білім беру ведомсвосының ақпаратынша, өңірде психолог мамандар жеткілікті.