Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 31 минут бұрын)
Петропавлда санитар алаяқтарға 18 миллион теңгесін беріп, пәтерінен айырылды

Петропавл қаласында 53 жастағы санитар әйел телефон алаяқтарының құрбаны болып, өз пәтерінен және 18 миллион теңгеден айырылды. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлады.

Қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтық бойынша 33 дерек тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 49-ға жеткен. Оның 19-ы «банк қоңырауы» схемасы бойынша жасалған.

Алаяқтар әуелі «домофонды ауыстыру», «есептегішті тексеру» немесе «емханадағы кезек туралы» деген желеумен хабарласып, адамды SMS-тен келген кодты айтуға мәжбүрлейді. Кейін оларға «сіздің атыңызға несие рәсімделді», «пәтеріңіз сатылымға шығарылды» деген сияқты жалған ақпараттарды жеткізеді.

Қорғану үшін адамдарға жинаған ақшаларын алуға, «айналымдағы» несиелерді рәсімдеуге немесе пәтерін тез арада сатып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға кеңес береді.

Алаяқтардың кезекті құрбаны

Дәл осылайша, Петропавлдағы ауруханада жұмыс істейтін санитар әйел алданып қалды. Қараша мен желтоқсан айлары аралығында «банк менеджерінің» нұсқауларымен алаяқтарға ақша аударып, қаңтар айының басында ғана алданғанын түсінген. Оның шығыны 18 миллион теңгеден асқан.

Қазіргі таңда бұл іс бойынша полицейлер тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оқиға облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Полиция ескертеді

Полиция департаментінің баспасөз қызметі SMS арқылы келген төрт таңбалы кодтың өзі адамның атынан несие рәсімдеуге мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Алайда, бұл код кибер алаяқтарға жеке деректерге қол жеткізуге жол ашады. Бұл ақпаратты пайдаланып, олар мемлекеттік органдардың қызметкерлері сияқты сенімді түрде әрекет ете алады. Тіпті, пәтерді сатып алуға мәжбүрлеу үшін жалған сатып алу-сату шарттарын WhatsApp арқылы жіберуі де ықтимал.

Полицейлер тұрғындарды алаяқтардың айла-шарғысына ермеуге, SMS кодтарын ешкімге хабарламауға және белгісіз тұлғалардың қысымымен ешқандай қаржылық операция жасамауға шақырады. Күдікті жағдайлар туындаса, дереу полицияға хабарласып, ақпаратты ресми арналар арқылы тексеру қажет.

Жаңалықтар

Жарнама