Қазақ әдебиетінде аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануы
Қостанай облысы Әулиекөл ауданы
№121 Құсмұрын орта мектебі
10-А сынып оқушысы Дубинина Дарья
Жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жантілесова Мадина Хамзақызы
«Әулиекөл ауданы әкімдігінің білім бөлімінің №121 Құсмұрын орта мектебі» 10 «А» сынып оқушысы Дубинина Дарьяның «Қазақ әдебиетінде
аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануы» атты тақырыбына жазылған ғылыми жұмысына жетекшісі М.Х. Жантілесованың жазған пікірі
10 -сынып оқушысы Дубинина Дарьяның жоба ұсыныстарын және өз жұмысы арқылы жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын жоғарлату үшін өзекті мәселе көтергенін қолдаймын. Оқушы осы маңызды мәселенің шешуін зерттеу жұмысы барысында мақсатына жетуін айқын көрсетті. Талапкер алға қойған мақсатына жеткен. Болашақта жұмыс жалғасын табады, мақсатына толық жетеді деп ойлаймын.
Оқушының табиғатқа, құстар әлеміне деген қызығушылығы зерттеу жұмыста жақсы көрініс тапқан. Дарья оқушылармен және маман иегерлерімен кездесіп, сұхбат ала білді. Ол кітапханаға жиі барып, ақын-жазушылардың өмірбаяны, еңбектері туралы және аққу құсы туралы біраз кітап беттерін ақтарды. Зерттеу жұмыс барысында оқушы көптеген әдеби шығармаларды оқып, шығармалардан үзінділер келтіре отыра, қазақ ақын-жазушылардың аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануын дәлелдеуге тырысады. Бұл да зерттеу барысындағы жетістік деп бағалаймын.
Зерттелген жұмыстың нәтижелері оқушылардың қазақ әдебиеті пәнге деген танымдық қызығушылығын артып, аққу тақырыбына арналған шығармаларды оқыту кезінде пайдалануы мүмкін. Дарья жұмысын сыныптан тыс іс-шараларда, тәрбие сағаттарда, дүниетану, қазақ тілі сабақтарында қызықты мәліметтер алу үшін және оқушылардың тіл байлығын арту үшін пайдалануды ұсынып отыр.
Пікір жазған: Жантілесова Мадина Хамзақызы,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Түйіндеме
Зерттеу тақырыбы: «Қазақ әдебиетінде аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануы»
Зерттеудің мақсаты: Аққу бейнесін қазақ ақын-жазушылардың шығармаларындағы белгілі нышан ретінде пайдалануын анықтау. Жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын жаңғырту, тәрбиенің бір құралы екенін дәлелдеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы: Ақын-жазушылардың шығармаларындағы аққу бейнесімен танысу асыл қасиеттерді дамытуға зор мүмкіндік береді.
Зерттеудің кезеңдері:
1. Киелі құс түрлері туралы, ақын-жазушылардың шығармаларындағы аққу бейнесі туралы материал жинақтау, қосымша материалдар көзін іздеу.
2. Жинақталған материалдарды қорыту, жүйелеу.
3. Зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы нақты нәтижелер алу, жинақталған материалдарды дайындап ұсыну
Қолданылған әдістер: салыстыру, талдау, бақылау, сауалнама, әңгімелесу
Зерттеудің жаңалығы:
Қазақ әдебиетінде аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдаланылған ақын-жазушылардың шығармаларын жүйелеп көрсету.
Зерттеу жұмыстың қорытындысы:
Бұл жоба қазақ халқы ежелден қастерлеп, пәктіктің, жақсылықтың белгісі деп есептейтін киелі құс жайында білімдерін толықтыруға бағытталған.
Жұмыстың іс жүзінде қолданылуы:
- оқушылардың пәнге деген танымдық қызығушылығын арту үшін қазақ әдебиеті, дүниетану сабақтарында қолдану
- қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту, қазақ әдебиеті сабақтарында аққу туралы шығармалар оқыту кезінде пайдалану
- сыныптан тыс іс-шараларда, тәрбие сағаттарда пайдалану
Мазмұны
Кіріспе
І тарау Негізгі бөлімі
1.1. Аққудың ерекше қасиеттері
1.2. Ауыз әдебиетінде аққу бейнесі
1.3. Қазақ әдебиетінің ақын-жазушылар шығармаларындағы аққу бейнесі
1.4. Аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануы
ІІ тарау Зерттеу бөлімі
Пайдаланылған әдебиет
Кіріспе
Қазақ әдебиеті көне дәуірден аса бай ауыз әдебиеті мен сөз маржанын сақтап келеді. Әдебиет арқылы халық тарихы, ұлттық мәдениет пен өнер, дәстүр, дүниетаным, арман-мұңы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр. Адам - табиғаттың бір бөлігі, табиғат - адам өмірінің бөлігі. Адам табиғатты толық түсінгенде, оның ішкі жан дүниесі, рухы асқақтай бастайды.
Бұл жұмыс қазақ әдебиетінің ақын-жазушылар шығармаларындағы аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануы туралы кең көлемде деректер келтіріле отырып зерттелінген. Таныс деректі затты ала отырып, көптеген қазақ ақын-жазушылардың шығармасына арқау болған әдемі құс туралы және аққуды өз шығармаларында нышан ретінде пайдалану туралы тың материалдармен тақырыптың өзектілігін аштым.
Қазақ әдебиетінде ғажайып табиғатты, аңдарды, құстарды жырлайтын көптеген шығармалар бар болса да, бірақ қазақ халқы ежелден аққу құсты ерекше бағалап, құс падишасы деп санаған. Әрқашанда кербез аққуларға қарап, адамның ішкі жан дүниесі толқып, бір тылсым сезімге толары анық.
Тұла бойына сұлулық тұнған аққу - кіршіксіз тазалықтың, қылаусыз да кінәратсыз пәктіктің нышаны. Неліктен бұл бейне әлі күнге дейін ақын-жазушыларға соншама шабыт береді? Уақыт өте келе оның мәні өзгереді ме? Қазақ әдебиеті сабақтарында біз көптеген табиғат жайлы сыр шертетін өлең, поэма, романдармен таныстық. Менің ойымша, сол шығармалардың бәрінде аққу бейнесі ең жарқын бейне болып табылады.
Сондықтан өзімнің зерттеу жұмысыма «Қазақ әдебиетінің ақын-жазушылар шығармаларындағы аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануы» деген тақырыпты таңдадым.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі:
Рухы биік өскелен ұрпақтың қазақ ақын-жазушылардың шығармалары арқылы киелі құстың бейнесінен сезіліп тұрған тектілік, адалдық, сұлылыққа сүйсінуде тәрбиелік маңызы зор.
Зерттеудің мақсаты:
Аққу бейнесі қазақ ақын-жазушылардың шығармаларындағы белгілі нышан ретінде пайдалануын анықтау. Жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын жаңғырту, тәрбиенің бір құралы екенін дәлелдеу
Зерттеудің міндеттері:
Аққу, оның түрлері, тыныс тіршілігі туралы мағлұмат беру, шығармалардағы ортақ тақырыпты ашудағы көркемдік әдіс-тәсілдерін талдау.
Көркем шығармалар арқылы табиғаттың сырлы көріністерін тамашалап, сұлулығын сезіне отырып, қиялды ұштау, сөйлеу мәдениетін дамыту.
Адам жанының рухани тазалығы жайлы ойларын жүйелей отырып, аса қамқорлықпен табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғай білуге, ізгілікке тәрбиелеу
Қойылған міндеттерді шешу әдістері :
1) «аққу» сөзіне түсінік беру, сөздің мағынасын ашу;
2) аққу бейнесін ауыз әдебиетінде қарастыру;
3) қазақ ақын-жазушыларының шығармаларында аққу бейнесі қалай көрсетілгенін қарастыру;
4) шығармаларда аққу бейнесі ненің нышаны екенін анықтау;
5) шығармалардағы аққу бейнесі білдіретін нышандарды салыстыру, талдау.
І тарау Негізгі бөлімі
1.1. Аққудың ерекше қасиеттері
Аққулар - өте сымбатты құстар. Қазақ халқы қыздарының сұлулығын осы киелі құспен салыстыра сөйлеген. Аққулар жұптасатын құстардың түрі, жұбынан айырылған кезде олар адамдар сияқты қайғырады, көз жасын тастайды және өлуге де баруы мүмкін. Жесір аққу биік аспанға ұшып, соңғы «әнін» айтып, жерге қарай зуылдап, тасқа соғылып өледі.
Аққулардың беріктігі туралы жырлайтын аңыздар көп. Аққудың көркі, мінезі әрдайым халықты таңғалдырады. Оның маңғаздығы, жүзуі, ұшқан кезде қанатын қағуы, табиғаттың ғажайып құбылысы емес пе! Сырттай қарасаңыз, айтса тіл жетпейтін, көрсе көз тоймайтын, асылдың асылына айналған құдіретті сұлулық! Аққуларға тек символ ретінде қарау дұрыс болмас. Олардың тіршілігіне назар аударып көрейік!
Аққуларды ақылды құстар деп санауға болады, өйткені есте сақтау қабілеті жақсы дамыған. Олар ешқашан жасалған жамандықты ұмытпайды. Аққу жақсы адамға тез үйренеді, үй маңындағы су қоймаларында, қаладағы саябақтарда осы құстарды жиі кездестіруге болады. Адамдар құстарды көріп, қуанып, олардың іс-әрекетінен өзіне эстетикалық әсер алады.
Аққуларды тату құстар да деп санауға болады, олар бір-бірімен тілдесіп, бірін-бірі шақыру үшін шу шығармайды. Басқа құстардай төбелесіп, сабаласып қалмайды. Сұлулығы адамдарды ғана емес, басқа құстарды да танқалдырады секілді. Егер қос аққу көлде жүзіп бара жатса, үйрек-қаздар оларға жол береді. Мұны қасиетке табыну немесе үлкен құстан қорқу деп ойлайсыз ба?
Аққулардың мойындары ұзын болады, өйткені аққуда 23, ал қазда 18 мойын омыртқалары бар. Суда жүзген аққу өте әсем көрінеді, мұны көруге ерекше көз және нәзік сезім керек деп ойлаймын.
Қазақстанда аққулардың сұңқылдақ аққу және сыбырлақ аққу деген түрлері кездеседі. Оларды ажыратып көрейік!
Сұңқылдақ аққу ұзын мойынын тік ұстайды, ал сыбырлақ аққу мойынын «S» әріпі тәрізді ұстайды. Сұңқылдақ аққуда тұмсығының ұшы қара түсті. Сыбырлақ аққудың тұмсығы қызғылт сары. Сұңқылдақ аққудың денесі сыбырлақ аққуға қарағанда кішірек болып келеді. Сыбырлақ аққу сыңқылдайды, ал сұңқылдақ аққу ащы дауыс шығарып ұшады.
«Шағала келмей шаң болмас, аққу келмей боз болмас», - деген қазақ халқы. Өйткені, шағала ұшып келгенде жаз келгенін, ал аққу ұшып келгенде шөп шығып, табиғатта тіршілік басталатынын деп болжаған. Аққулар наурыз – сәуір айларында жылы жақтан оралады. Аққулар ұяларын көлдегі қамыс арасына салады. Аналығы ұяда болғанда, аталығы жақын жерде ұшып, ұясын жаулардан қорғаштайды. Аққудың балапанын - көгілдір дейді, ол өте көрікті және сүйкімді болады. Төрт жасында аққуға айналып, жұп құрай алады. Аналық аққу өз «ұлына» жұп табады, ал аталық аққу өз «қызына» жұп тауып, құда түскендей және қыз ұзатқандай болады екен. Бұған таңғалмау мүмкін емес!
1.2. Ауыз әдебиетінде аққу бейнесі
Қазақтың аңыз ертегілерінде көп кездесетін киелі кейіпкер аққу арулар, аққудың кебін киіп көк аспаннан ұшып келіп, айдын көлге шомылатын асқан сұлу қыздар. Аққу мен ақ қаз жайындағы ел санасында мифтік түсініктен туған аққу сұлулықтың символы, айырылмас адал жардың бейнесі, ел жұртқа тұлға болған ардақты ананың бейнесі есептелген.
Мифтік аңыздардың айтуы бойынша, қазақ халқы батырлардың пірі деп сыйынатын Баба Түкті шашты Әзіз бір күні өзенінің жағасына келіп, көктен аққу болып ұшып келіп, кебін шешіп қойып, өзен суына шомылып, шаштарын алтын тарақпен тарасып отырған үш ару қызды көреді де, ең кіші қыздың кебін тығып қояды. Екі үлкен қыз кебін киіп, аққу болып аспанға ұшып кетеді, ал кебінен айырылған кіші қыз кете алмай, Баба Түкті шашты Әзізге жар болып, қосылуға разылық білдіреді, бірақ оған үш шарт қояды « өкпемді көрме, өкшемді көрме, желкемді көрме» дейді. Ол мұның бәріне мақұл болып үйленеді, бірақ жүре келе бұл шарттарда қандай хикмет барлығын білгісі келеді. Байқап қараса, әйелдің желкесінен миы, қолтығынан өкпесі, өкшесінен қызыл асығы көрініп тұрады. Үш шарттың бұзылғанын білген ару, қайтадан аққу кейпіне келіп, көкке ұшып кетеді. Бұған өкінген Баба Түкті шашты Әзіз өмір бойы үйленбей әйелсіз өтеді.
«Қазақ халқының арғы тегі туралы шежірелік, мифтік аңыздардың бірінде айтылуына қарағанда, ерте кезде көп қолды бастаған Қалша Қыдыр дейтін батыр қолбасшы болады. Ол бір жолы сәтсіздікке тап болып, бастаған қалың қолы қырылып бітеді. Өзі жау қолынан жараланып, елсіз иен шөлде жығылып жалғыз қалады, шөлде әбден қаңғырығы түтеп өлуге айналады. Осы сәтте көк аспаннан бір аққу–қаз ұшып келіп, аузына су тамызып, оны өлімнен құтқарады, айдын көлдің жағасына апарып жарасын емдеп жазады. Кейін бұл ақ аққу-қаз асқан сұлу аруға айналады. Қалша Қыдыр оған үйленеді. Бұлардың арасынан қазақ халқының арғы атасы Қазақ туады. Қазақтың үш ұлы: Ұлыбек арыс, Ақ арыс, Жан арыстан қазақ халқын құраған үш жүздің ұрпағы тарайды.» [1]
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде аққу бейнесі – асқан сұлулықтың белгісі, сиқырлы күш иесі, даналық жаршысы.
1.3. Қазақ әдебиетінің ақын-жазушылар шығармаларындағы аққу бейнесі
Махмұд Қашқаридың «Қордайдың аққу - қазы қаңқылдайды», Асан Қайғының «Құладын құстың қоры еді» өлеңдері, Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы», Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмалары, Ілияс Есенберлиннің «Аққу құстың қуанышы» романы, Марфуға Айтқожинаның «Ақку жүрек» өлеңі, Ғарифолла Есімнің «Ақ өлең – аққулы мекен» роман-эссесі халқымыздың аққуға деген сүйіспеншілігінің белгісі болып есептелінеді.
Махмұд Қашқари - ХІ ғасырда өмір сүрген түркі ғалымы, өз заманының аса білімдар филологы, тарихшысы, этнографы, географы. Ол - түркі, араб, парсы тілдерін толық меңгерген, түркі әлемінің тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірген ғұлама.
Махмұд Қашқаридың «Қордайдың аққу - қазы қаңқылдайды» өлеңінде аққу құсты табиғат көркі ретінде көрсетілген.
«Қордайдың аққу - қазы қаңқылдайды,
Төске алып тау самалын салқындайды.
Жаз шығып, күнін тастап , бір ашылды,
Аспаннан түрлі гүлге нұр шашылды.
Құстар сайрап, сай-саладан су тасыды,
Сұлулық қаймағы көзді тартты таңғажайып...» [2]
Махмұд Қашқари бұл өлеңінде жаз мезгілінің әдемілігін таныту арқылы ұрпақты сұлулықтың мәнін түсінуге және табиғаттың ғажайып көріністерін тамашалауға шақырады.
Асан Қайғы - ХV ғасырда өмір сүрген қазақтың данышпаны. Жырау мағынасы терең, күрделі ойды әрі дәл, әрі ұтымды етіп жеткізу үшін, күнделікті өмірде жиі кездесетін танымал көрініс-құбылыстарды өзара салыстыру арқылы жұмбақтап бейнелеген. «Құладын құстың қоры еді» өлеңінің үзіндісінен оны көруге болады.
«Құладын құстың қоры еді,
Аққу құс ару, төре еді,
Құладынға ілдірдің,
Ақ мамығын жұлдырдың.
Құладынға аққуды жем қылдың,
Сұлуды қормен тең қылдың…
Асан Қайғы бұл өлең жолдары арқылы халыққа құладын құстың зұлымдығы мен мен аққу құстың мейірімділігін айқындап көрсетті. Жырау «Құладын құстың қоры еді» өлеңінде құладынды жауларға, ал аққуды халыққа теңеген.
Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» поэмасында махаббатты жырлаған, табиғаттың сұулығын бейнелеген, жамандыққа қарсы тұру туралы жазған.
Оқиға Арқадағы бір сұлу көлдің жағасында өтеді. Ақын өлең өрнегін алдымен әлгі көлдің кісіні тамсандырғандай көркем суретін салады. Лирикалық кейіпкер анда-санда бой жазып, демалуға осында келеді екен. Ол көл жағасында жатьш, оның көрінісін тамашалайды. Көл бетін мекендеген қызғыш, шағала, сұқсыр, қасқалдақ үйректердің қылығы мен қызығы қандай келісті десеңізші! Сөйтсе де ақын көңілі толмайды, өйткені "аққу әні — жүрегінің тілегі" — жұбай аққу көл бетінде көрінбейді. Аққулардың келуімен көл бетінің тіршілігі күрт өзгеріп, жайнап, жанданып сала береді. Жұбай аққудың бір-біріне еркелігі, назды шағы — махаббат салтанаты өмір қызығына айналады.
Ақын ыстық шабытпен осы көріністі жырлап, үздік шумақтарын тудырады.
Екі сұлу әнін түзеп,
Жуынды да таранды.
Екі кербез қатар түзеп,
Көлдің келді шетіне:
Көлдегі аппақ шашақты үзіп
Иіскей басты бетіне.
Иіскеп нәзік иісін жұтып,
Көлбеңдеді айнала,
Ақ шашақты талдап түтіп,
Шашты мөлдір айнаға.
Екі сұлу еркелесті,
Бір-біріне жарасып;
Тағы нәзік "не-не?" десті,
Бір-біріне қарасып...
Біз бұл шумақтарды оқи отырып, ондағы айтылғандардың бәрін лирикалық кейіпкерлермен бірге көріп, қызыға, сүйіне тамашалап тұрғандай әсер аламыз.
Табиғат әлеміндегі жарастық: күміс айдын, оның жиегіндегі судырлаған торғын шымылдық, су бетінде сүйісіп, ләззатқа бөленген кербез, сұлу аққулар — бәрі-бәрі сондай әсерлі бейнеленген. Сол арада қамыс арасында жасырынған Сұр мерген жұбай аққудың бірін атып өлтіреді. Осылайша табан астында махаббат пен сұлулықтың, тазалықтың символы тас жүрек қатыгездіктің құрбаны болады. Жұбайынан айырылған сыңар аққудың жан азабы, шарасыз күйі ақынмен суреттелген. Серігінен мәңгі айырылған жалғыз аққу, сыңарының өлімі өзегін шоқтай қарып, жанын қоярға жер таппай, зар жылайды:
Сыңсып аққу суды шашып,
Шырқ айналды зәлімді.
Сұр мергенге төсін ашьш:
"Мені де ат!" — деп жалынды.
Қып-қызыл қып қолын қандай
Ақ сұлудың қанына;
Мерген кетті шыдай алмай,
Күйіктінің зарына...
Сұр мергенді шырқ айналып,
Жылап аққу қалмады;
Өзегі өрттей күйіп-жаньш,
Қаққан қанат талмады...
Біресе аққу шырқап биік,
Көкке жылап зарлады;
Біресе кеп жерге тиіп,
Көзден жасы парлады,
Біресе кеп жерді сабап,
Жер бауырлап ыңқылдап;
Біресе ұшып желді сабап,
Назаланды сұңқылдап. [3]
Ақын талантының күштілігі соншалық, біз әңгіме құс жайында емес, екі асылзада ғашықтар жайында болып жатқандай, оқиғаның өзі көз алдымызда өтіп жатқандай болады. Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» поэмасы адал махаббатты мадақтайды, өмірдің мәні мен сәні шынайы сүйіспеншілікте екеніне нандырады. Сонымен қатар, ақын өмірдегі де, табиғаттағы да ұлы үйлесімділікті бұзудың орны толмас трагедияға апарып соғатынын көрсетеді.
Мұқағали Мақатаев - бір ғасырда бір рет қана дүниеге келетін қазақ поэзиясының ірі талант иесі. Мұқағали аққуды қасиеті, киелі құс екендігін суреттеген. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында негізгі кейіпкерлер: бала, баланың анасы, баланың әкесі. Ана баласы үшін аққуды атып, баласы үшін бәріне де даяр, қамқор жан екенін білдірді. Баланың әкесі - адал жан, ол халық дәстүрін қастерлеп, киелі аққу құсты атудан бас тартты. Поэмадағы бала сырқаттанып жатыр, оның өмірі қыл үстінде болды.
«Бала жатыр төсекте, албыраған,
Әке жатыр еденде, қалжыраған.
Түн күзетіп ана отыр, қос жанары
Шарасыздан шаршаған, жаудыраған.
Айдынында аққулар ұйықтап жатыр,
Сайдан соққан самалмен тербетілген.
Жер бетінде тыныштық, көл бетінде,
Қауышыпты қара орман, көл де, түн де.» [4]
Келесі поэма кейіпкері тәуіп шал - мейірімсіз, таяз ойлы, есінен ауысқан адам. Ол баланың ата - анасына жалған наным айтты.
«Мана, күндіз, тәуіп шал не деп кетті?!
Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті...
-Аққуменен баланы аластаңдар,
Деді-дағы жәйімен жөнеп кетті...»
Поэмадағы жылқышы қарт - түсінігі мол, көргені көп, парасатты, ақылды, данышпан. Ол анаға ақыл айтып, оны дұрыс жолға қоюға тырысты.
«Жетім көлдің» басында жылқы жатқан,
Дөңге шығып, қарт тұрған жылқы баққан
«...Апыр-ай, бұл кім болды, таңсәріде,
Көргенсіз, көл басында мылтық атқан?!
Құстардың зәре-құтын шырқыратқан,
Неғылған қаныпезер құлқы қатқан?!»
Адамды табиғат жаратқан. Табиғат – біздің анамыз. Әр ана өз баласы үшін өлімге де бара алады. Бұл поэмада ана қасиетті құсты жаралады.
Көл бетінде көлбеңдеп, жаралы аққу,
Ұша алмайды, ұшпақ боп- күш қылады...
Сыңар қанат сынық құс байлауда тұр,
Тағы бірі айдында жайрап жатыр.
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасында қазақ тұрмысына жақын ойлар айтылады, ана махаббатының құдіреттілігі сезінеді, табиғатты қорғауды үйретіледі.
Ілияс Есенберлин - қазақ әдебиетінде ең көп, он жеті роман жазған, артына мол мұра қалдырған жазушы. «Жазушы 1984 жылы жазған «Аққу құстың қуанышы» романында шығармашылық жұмыспен айналысатын адамдар жайында сыр шертеді. Бас кейіпкердің бірі – эстрада жұлдызы Алмагүл. Оқырманды эстрада жұлдызы Алмагүлдің басынан кешкен оқиғалары ойландырады. Қазақ әнінің дүние жүзінде еш халықтың әніне ұқсамайтын даралығы, оны жұрттың дұрыс бағалай алмауы шығармаға тың бедер қосқан.»[5]
Қазақтың ұлы өзені Іленің бойында кіндік қаны тамып, аламан елінің сол Іледей сылқым ағысты сыршыл ақынына айналған, «Жыр аққуы» атанған, қазақтың белгілі ақыны Марфуға Айтқожинаның өмірінен де, өлеңінен де, білгенге бір керемет, сарқылмас аққу аңсар сезілері анық. Атажұрттан аңсап тапқан байырқалы бақыты мен туған жерге деген толас сағынышы соншама бір үйлесімділікпен өріліп келіп Марфуға Айтқожинаның ақындық сұлу ажар-келбетін мүсіндейді. Акынның поэзиясында ерекше бөлек әуен еседі. Көңіл-күй лирикасында адам жанын тебірентетін, ойын толқытатын ерекше күш бар .
Марфуға Айтқожинаның 25 жыр жинақтарындағы өлеңдерінің бірі - 2001 жылы жазылған «Ақку жүрек» өлеңі.
Жүруші едім тәңірге тілек қылып,
Туған жерге тұрады Жүрек бұрып...
Шығыс жаққа қараймын бой шымырлап,
Алатауға арқамды сүйеп тұрып...
Бұл туындыда қазақтың ақыны, өз айдынын тапқан жыр аққуының жүрек лүпілі, туған жеріне деген махаббаты осылайша жырланды. Айдыннан аққу ұшырған Марфуға Айтқожина туралы сөз айту сұлулық әлемімен сырласу дегенмен тең. Ақынның жан-жүрек, қиял-ой, сезім иірімдерімен жазылған сағынышы, ақ армандары, күйініші мен сүйініші әр өлеңінде байқалады.
Ғарифолла Есім - ғалым, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, ұстаз, абайтанушы. Ғарифолла Есімнің «елім» деп соққан жүрегі «қазақ» ұлтының рухы биік екенін көрсетіп, ұлттық құндылықтарды арқау еткен бірнеше сүбелі еңбектері дүниеге келді. Ғарифолла Есімнің «Ақ өлең – аққулы мекен» роман-эссесі – қазақ жерінің орыс отаршылығы кезіндегі басынан өткен қиын-қыстау тағдырын бейнелейтін туынды. Шығарма мазмұны – аққулардың тағдыры. Ертістің бойына жап¬пай көшіп келгендер қазақтарды қырға қуып, суы бал, ауасы ем қасиетті жерді ластап, аққуларын атып, қуырдақ қылып жеген жантүршігерлік оқиғалары шынайы суреттеледі. Ғарифолла Есім «Ақ өлең – аққулы мекен» роман-эссесіндде аққулардың көлге қайта оралуы, олардың қиқулап келiп қонуы — барлығы көрген жанды бей-жай қалдырмаса керек. Аққу көлiне оралып, ғашықтар сыңарымен табысып, аққулар мекенiне ажары кiрдi.
Айтып-айтпай, аққудың басқа құстардан бөлек, таң-тамаша табиғаты бар: ол құс біткеннің сұлуы, мөлдір суларды сүйеді, күміс көлдер айдынында жүзеді, басқа құстардың бәрінен біиік ұшады, оның үстіне үні жер жарған асқақ әннің де алыбы, жұбай аққулар айырылмас адал жардай өмір бойы жұп жазбай өтеді.
1.4. Аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануы
Ақын-жазушылардың аққу бейнесін белгілі бір нышан ретінде пайдалануды бақылау үшін шығармаларды зерттеу жұмысын жүргізейік.
Махмуд Қашқаридың «Қордайдың аққу - қазы қаңқылдайды» өлеңінде аққудың ерекше қасиеттерін, табиғаттың ғажап көріністері арқылы сезінеміз.
Асан Қайғы «Құладын құстың қоры еді» өлеңінде халықтың наным-түсінігі мен әдемілік, әсемдік туралы түйген ойларын да айқын аңғарамыз.
Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы» поэмасының ерекшелігі – шынайы құдіреттілігінде. Ақын мәңгілік те асқақ махаббатты жырлау үшін аққу бейнесін алған.
Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының тақырыбы – сұлулық пен адалдықтың рәмізіндей, көл еркесі, табиғат көркі аққуға оқ атпау екендігі айтылады.
Ілияс Есенберлиннің «Аққу құстың қуанышы» романында бұрын көтерілмеген мәселелер қозғалған. Бұл роман өз саласында жаңашылдық ашып, қиын өмір кешкен жастар туралы. Халықта сондай адамдарды «қарлығаштар» деп атайды, ал «Аққу құстың қуанышы» романындағы бас кейіпкер әнші Алмагүл деген қызға жазушы «аққу құс» деп теңеу сөз жазған.
Марфуға Айтқожинаның «Ақку жүрек» өлеңінде адам жанының туған жеріне деген аңсары, қадірі, рухани тазалығы жайлы жазылған. Өлеңде жастарға адамгершілік қасиеті дәріптеліп, туған елге деген сүйіспеншілік, сағыныш сезімдері жайлы өлең жолдары арқылы мол тәлім-тәрбие беріледі.
Ғарифолла Есімнің «Ақ өлең – аққулы мекен» роман-эссенің тақырыбы аққулар жайында болғанымен, негізгі ойы халықтың қасиетіне қол салу, оны үркітіп, одан айырған сұрқия заман жайлы. Шығарма соңында аққулардың қайтып келіп жатқан тұсы баяндалып, тәуелсіздік арқылы қазақ жерінің өз киесіне қол жеткізуі туралы айтылады. Таңдау әдісі бойынша аққу бейнесі қолданылған әдеби туындыларды жазылған уақыты мен негізгі ойы бойынша ажыратамыз.
Әдеби шығарманың авторы |
Әдеби шығарманың атауы |
Жазылған Уақыты |
Пайдаланылатын бейнесі |
1. Махмұд Қашқари |
«Қордайдың аққу-қазы қаңқылдайды» өлеңі |
ХІ ғасыр |
табиғат көркі |
2.Асан Қайғы |
«Құладын құстың қоры еді» өлеңі |
ХV ғасыр |
құс төресі |
3.Сәкен Сейфуллин |
«Аққудың айырылуы» поэмасы |
1925 жыл |
махаббат иесі |
4.Мұқағали Мақатаев |
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасы |
1973 жыл |
қасиетті көл еркесі |
5. Ілияс Есенберлин |
«Аққу құстың қуанышы» романы |
1984 жыл |
тұлғаның даралығы |
6.Марфуға Айтқожина |
«Ақку жүрек» өлеңі |
2001 жыл |
рухани тазалығы |
7. Ғарифолла Есім |
«Ақ өлең – аққулы мекен» роман-эссесі |
2012 жыл |
қазақ жерінің киесі |
ІІ тарау Зерттеу бөлімі
Оқушылардың аққу құсы туралы не білетіндерін, неліктен қасиетті екенін, ненің белгісін білдіретіндігін, жойылмауына қандай шаралар қодануын, қайда кездестіргенін білу мақсатымен 9-сынып оқушылары арасында тақырып бойынша сауалнама жүргізілді.
Сауалнама сұрақтары:
1. Аққу құсы туралы қандай шығармаларды білесің?
2. Шығармаларда аққу ненің белгісін білдіреді?
3. Аққу неліктен қасиетті құс?
4. Табиғатта киелі құс жойылмау үшін қандай шаралар қолдану керек?
5. Аққу құсын қайда кездестірдің?
9 «А» сыныптың 20 оқушысы қатысты. Сұрақтарға толық жауап беру бойынша келесі нәтижелер көруге болады: 1 сұраққа -15 оқушы, 2 сұраққа – 6 оқушы, 3 сұраққа – 11 оқушы, 4 сұраққа – 13 оқушы, 5 сұраққа – 12 оқушы. Осыдан оқушылардың көбі 2 сұраққа толық жауап бере алмағанын байқауға болады. Осы сыныпта 2 сұраққа тек 6 оқушы толық жауап берді, ол барлық оқушылар санының 30% құрайды.
9 «Б» сыныптың 18 оқушысы қатысты. Сұрақтарға толық жауап беру бойынша келесі нәтижелер көруге болады: 1 сұраққа -10 оқушы, 2 сұраққа – 5 оқушы, 3 сұраққа – 13 оқушы, 4 сұраққа – 8 оқушы , 5 сұраққа – 11 оқушы. Осыдан оқушылардың көбі 2 сұраққа толық жауап бере алмағанын байқауға болады. Осы сыныпта 2 сұраққа тек 5 оқушы толық жауап берді, ол барлық оқушылар санының 27% құрайды.
9 «В» сыныптың 22 оқушысы қатысты. Сұрақтарға толық жауап беру бойынша келесі нәтижелер көруге болады: 1 сұраққа -15 оқушы, 2 сұраққа – 7 оқушы, 3 сұраққа – 18 оқушы, 4 сұраққа – 18 оқушы , 5 сұраққа – 16 оқушы. Осыдан оқушылардың көбі 2 сұраққа толық жауап бере алмағанын байқауға болады. Осы сыныпта 2 сұраққа тек 7 оқушы толық жауап берді, ол барлық оқушылар санының 32% құрайды.
Өткізілген сауалнама нәтижелерінің қорытындысы бойынша оқушылар 2 сұраққа жауап беруде қиындықтармен кездесті. Олар қазақ әдебиетінің ақын-жазушыларының шығармаларында аққу ненің белгісін білдіреді екеніне толық жауап бере алмады. Сондықтан өз зерттеуімізді осы тақырыпқа арнау дұрыс деп санадық.
Күннен – күнге адамдар жай тоқтап, өмірінің аз ғана сәтін қоршаған әлемнің кереметін тамашалау үшін уақытын арнауға мүмкіндік таба алмайды. Ал табиғаттың ғажайып көріністерін бақылауға, әр дыбыстарына көңіл бөлуге не жетсін! Ол үшін алыс шалғайға бару да қажет емес. Ең керемет пен ең ғажайыптың бәрі жиі жақын болады, бірақ сол үшін тек қана жай тоқталып қарау керек. Бізді табиғаттың қаншама көркем туындысы қоршайды.
Адамдар табиғатпен сырласқанда, өмірдің мәнін түсіне бастап, өз өміріне деген көзқарасын өзгертеді. Аққуларды сыртынан бақылауға не жетсін!
Әлемдегі құстардың көптеген түрлері кездеседі, солардың ішінде аққуды көргенде құдды бір ертегіге тап болғанындай өзінді сезінесің. Аққулар – киелі, текті, керемет сұлу құстар. Оларды барлық жерде кездестіру болмағанынан ерекше бір құпия кешесін. Аққуларды махаббатттың нышаны деп есептейді. Баяғы заманнан әсем қыздарды тек аққумен ғана салыстырған. Сол құстардың айналасында көптеген аңыз-әңгімелер бар, олар ертегі кейіпкерлері де жиі болады. Біз табиғаттың осы керемет туындысының тіршілігі жайында бәрін білмейміз.
Жердегі тіршілікке қарағанда судағы тіршілікті қолайлы деп санайды
Әлбетте, олар барлық өмірін су бетінде өткізбейді. Кей кезде оларды көл жағасында көруге болады. Бірақ көп уақытта суда жүзеді.
Суда «жүгіре» алады
Әрине, оларға да су бетінде баяу жүру берілмеген. Бірақ оларға қауіп төніп тұрса, жаулары шабуыл жасаса, сонда ғана аққу суда тез жүргендей болып, қатты жеделдетіп, жылдамдығын күшейтеді. Сол кезде жүгіргендей кейіп танытып, содан кейін ғана судан ұшады.
Аққулардың түсі туралы
Аққулардың түсі мекендейтін жеріне байланысты екен. Оңтүстіктегі жылы жақта мекендейтін аққулардың түсі қара, ал солтүстіктің суық жерлерінде кездесетін аққулардың түсі аппақ болады.
Оқушылармен сөйлесу
Аққу құсын өмірде кездестірдіндер ме?
1 оқушы: Мен аққуды өз көзіммен көрдім, сұлулығына таң қалдым. Аққуды фотоға түсіріп алдым.
2 оқушы: Аққуларды бірнеше рет көрдім. Олар әдемі екен. Достарыммен оларды тамақтандырып, нан бердік. Аққуларды қорғау керек.
3 оқушы: Маған аққулар ұнайды. Олар тұмсықтарын қосқанда әдемі жүрек шығады. Мен сондай сурет салып, қабырғаға іліп қойдым.
Кітапханашымен сұхбат
Қазақ әдебиетінде аққудың қандай ерекшелігі жиі көрсетіледі?
Қазақтың мифтік аңыз, ертегілерінде аққу терісін жамылған сиқыршы қыздар, «Таласбай мерген» атты қазақ ертегісінде ханның үш қызы аққу терісін киіп жүретіні, «Едіге» жырында қыздар аққу күйінде ұшып келу туралы білеміз.
Қазақ тілінде аққумен байланысты тұрақты тіркестері бар ма?
Қазақ тілінде «аққудың топшысындай», «аққудың үніндей», «аққудың көгілдіріндей», «аққудың мамығындай», «аққудың сылануындай» тәрізді сан алуан тұрақты сөз орамдары бар.
Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімімен сөйлесу
Өнерде аққу құсының бейнесі жиі қолданылады ма?
Аққу - өте сұлу және ішкі дүниесінің сырларын көп көрсете бермейтін құс. Сондықтан аққу бейнесі көп өнер иелеріне шабыт беріп, атақты туындылар шығаруга сеп болады. «Қыз Жібек» фильмге сазгер Нұрғиса Тілендиев «Аққу» күйін арнаған. Аққу туралы өлең сөздеріне музыка жазып, әншілер әдемі әндерін шырқап жүр. Биші Болат Аюхановтің «Аққу биі» де жұртты таңғалдырады.
Бейнелеу өнері сабағында оқушылар аққу бейнесін салуға ұнатады ма?
Балалар ерекше ынтамен сұлу аққудың суретін салуды ұнатады. Сонымен бірге олар аққу оюын матаға салуды үйреніп, оны қиып алып көрпе тіккенде қолданады. Оқушыларды оригами техникасын пайдалана отырып, түрлі-түсті қағаздан аққу жасау да өте қызықтырады.
Зерттеу жұмысымыздың нәтижесі ретінде тақырып бойынша «Жас оқырманға көмекші құрал» және «Тіл білгірлерге көмекші құрал» бөлімдерінен тұратын кітапша жасадық.
Қорытынды
Аққу тақырыбы әдебиетте мәңгілік сақталады. Шын мәнінде жазушылар мен ақындардың қаламынан шыққан туындыларда адамгершілік, эстетикалық, экологиялық, рухани мәдениеті қасиеттеледі. Аққудың ежелгі символикалық бейнесі мифологиядан басталып сұлулық бейнесі, табиғаттың үйлесімділігі, аспан мен жердің байланысы ретінде қалыптасты. Қазақ ақын-жазушылардың шығармаларында аққу бейнесі жиі белгілі нышан ретінде пайдаланылады. Қазақ әдебиетінде аққу бейнесімен «қос аққу», «аққу жүрек», «аққу әні», «аққудай сұлу», «аққу мойын», «аққу арман» сияқты теңеулер, тұрақты сөз тіркестер жиі байланысып тұрады. Аққу бейнесімен үйлескен табиғат көркі, құс төресі, махаббат иесі, мәңгілік текілігі, қасиетті көл еркесі, жанның жаңашылдығы, тұлғаның даралығы, туған жерге сағынышы, рухани тазалығы, қазақ жерінің киесі деген мән-мағыналар кездеседі. Ақын-жазушылардың шығармаларында аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануын зерттеу арқылы жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын жоғарлатуын көздедік. Көркем шығармалар арқылы табиғаттың сырлы көріністерін тамашалап, сұлулығын сезіне отырып, аса қамқорлықпен табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғай білуді шақыруға жөн деп санадық.
Соңғы жылдары Қазақстанның өзен–көлдеріндегі аққу саны азайып кетті. Аққу Қызыл кітапқа енген құстың бірі, оған жойылу қаупі төніп тұр, сондықтан бұл құс елімізде қорғауға алынған. Біздің де қазіргі міндетіміз аққуға қамқорлық танытып, осы «құс падишасы» сақталып қалған айдын көлдерде санын көбейтуге ат салысу қажетпіз. Талай ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған киелі құсты қастерлейік - дей отыра аққулардай сыйластық, достастықтарың кіршіксіз таза болсын дегім келеді!
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. http://moldir-bulak.kz/ . Демеуғалиева Г. Қалша Қыдыр. Мақала.«Мөлдір бұлақ» журналы. 2009 жыл
2. Ғаламтор ресурстары: kitap.kz/audiobook/5229 Қашқари М. Қордайдың аққу- қазы қаңқылдайды. Аудиокітап — Kitap.kz
3. Тұрсынғалиева С. Ч., Берекенова Ә. С. Сәкен Сейфуллин «Аққудың айырылуы» поэмасы. Қазақ әдебиеті. Оқулық. Астана «Арман-ПВ» баспасы, 2016 жыл – 81 б.
4. Тұрсынғалиева С. Ч., Берекенова Ә. С. Мұқағали Мақатаев «Аққулар ұйықтағанда» .Қазақ әдебиеті. Оқулық. Астана «Арман-ПВ» баспасы, 2015 жыл – 278 б.
5. Ғаламтор ресурстары: http://studopedia.info/4-22070.html Ілияс Есенберлин