Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Қазақ музыка өнерінің гималайы - Ахмет Жұбанов

Қазақтың тұңғыш кәсіби музыканты, музыка зерттеушісі, ұлағатты ұстаз, кәсіби композитор, Қазақстан Ғылым академиясының өнер саласындағы академигі, Қазақстанның халық әртісі, отбасында қамқорлы әке, өнер көгіндегі жарық жұлдыздардың бірі Ахмет Қуанұлы Жұбановтың биыл 115 жылдығы.  Оның есімі жазба дәстүрінің қазақ кәсіби музыкасының пайда болуымен, дамуымен және өркендеуімен тығыз байланысты десек артық емес. Қазақ өнеріне өзіндік үлес қосып, өнеріміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне күш-жігер жұмсаған халқымыздың біртуар дарынды ұлы — Ахмет Қуанұлы  Жұбановтың өнегелі де өміршең еңбегі ғасырлар қойнауындағы үлкен қазына. 

Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906-1968) — қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. А.Жұбановтың қазақ музыка тарихына сіңірген еңбегі ұшан — теңіз. Олар «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Абай сюитасы» және тағы басқа туындылары. Композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық симфониялық және вокалдық шығармалардың авторы. Ең басты жетістігі 1933 жылы Алматыдағы Музыкалық драма техникумы (қазіргі Алматы музыкалық колледжі) жанынан  еліміздің түпкір түпкірінен дарынды музыканттарды жинап, алғашқы Қазақ халық аспаптар оркестрін құрды. Оның құрамында 11 адам болды, ал музыкалық аспаптарынан тек альт-домбыралар пайдаланылып, халық күйлері мен әндері орындалды. Оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекші болып Жұбанов тағайындалды.
Ахмет Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Л.Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) опералары және  әке жолын жалғаған қызы Ғ.Жұбанова аяқтаған «Құрманғазы» (1970) операсы. Дәл осы шығармаларды өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында, болашақта А.Жұбанов сияқты жан-жақты тұлға тәрбиелеу мақсатында, Осакаров ауданының өнер мектебінің сабақ жоспарына «Ахмет Жұбановтың күйлері» еңгізіліп, оркестормен орындау дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Қазақ музыка өнерінің гималайы- Ахмет Жұбанов» атты тәрбие сағаттары өткізілді. Оқушыларымызға композитор жайлы деректі фильм көрсетіліп, шығармашылығы мен өмір жолына ерекше тоқталып өттік. Біздің мекеме өнер мектебі болғандықтан әр композитор, әр өнер жанашырын қастерлеп, шығармашылығымен етене танысып, тереңінен зерделейміз. Бүгінгі таңда еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі мәселелердің бірі-білім беру. Сондықтан да өнер мектебі – халқымыздың толығып өсуінің, рухани әрі мәдени дамуының тірегі және түп қазығы болып табылады. Мектептегі оқушылардың жалпы білімдері мен музыкалық қабілеттерінің қалыптасып дамуына, музыкалық тәрбие, білім беру жұмыстарының алдына қойған мақсаттары өз септіктерін тигізеді. Осы қойылған мақсаттарға жетуде Ахмет Жұбановтың шығармаларының ролі ерекше орын алады. Себебі ол жан-жақты біртуар тұлға. 

Сонымен өз бойында қаншама қасиет дарытқан, қазақ халық музыкасын меңгерген Ахмет Жұбанов сынды тұлға жайлы мектеп оқушыларына қосымша ақпарат беру тиімді құралдарының бірі болып табылады. Оның үстіне оқушыларға музыка арқылы тәрбие беру мейлінше нәтижелі болып шығады.

Қорыта айтқанда, оқушы, жастарды өткеннің мұрасына сын көзбен қарап, оны елеп-екшелей отырып, жан-жақты пайдалана білуге тәрбиелеудің маңызы зор. Халқымыздың халықтық-музыкалық шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттаумен қатар, жеке тұлғаның ой-өрісі, мәдениеті мен өркениетінің дамуына қажеттілігін ескере отырып, жан-жақты тұлға болашақ А.Жұбановтарды дайындай алсақ үміт ақталып, басты міндеттің орындалғаны.

Қарағанды облысының білім басқармасының Осакаров ауданының білім басқармасының «Балалар өнер мектебі» домбыра сыныбының ұстазы Зейнелова Макпал Айдархановна


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама