- 14 қар. 2022 00:00
- 229
Қазақ қызы туралы
Көктемді қанатына қондырып құс қайтты. Шуақты ілестіре келген құстар әсем, әуезді үн айтты.
Жер дүниені жылылыққа орап, жүректерге іңкәр сезім сыйлап, көктем келді. Жер-Ана бусанып, тоңы жібіп, жаны кіріп, тіршілік қайта жалғасады. Ал Жер-Анамен қатар Аналар да шаттыққа бөленеді. Өйткені көктемнің алғашқы күндерінде дүние дидары әйел баласының көңіліне ауады. Кірпігіне кірбің ұялатпауға, жайдары жүзге енуіне, жүрегіне қуаныш сыйлауға ұмтылады. Себебі бұл – 8 наурыз.
Қазақтың қызы! Осы бір аяулы есім жаныңды тербеп, жараңды емдеп, шабыттандырып, қолыңды сермеп, сезім гүлдеп, жүректегі отты үрлеп жібереді. Қазақтың мұңы, зары, арманы, үміті, ардағы, аманаты, тарихы, өмірі – бәрі-бәрі қазақ қызының кірпігінде тұрғандай көрінеді. Ұлт болып ұйысуда, жұрт болып жұмылуда, халық болып қайрат танытуда қазақ қызының (әйелдерінің) атқарар рөлі, алар орны тым ерекше. Өйткені тал-бесікті тербеткен аналар ұлттың ұлын тәрбиелейді.
Қазақтың қызы! Ер етігімен қан кешкен, ат ауыздықпен су ішкен жаугершілік заманда қарашаңырақтың отын өшірмей ерінің артын бағып қалды. Дүние отқа оранып, оқ ауада зулаған тұста тылда еңбек етіп, белі қайысып, саусақтары майысып, соғыс даласына азық жіберді. Нәзік саусақтары канал қазды. Егін екті. Қой бақты. Зауыттарда темір балқытты. Жауға қарата атылатын әрбір оқты даярлады. Қажымады. Еңсесі түспеді. Қайта қайратқа мінді. Қайсарлана түсті. Шарыққа түскен қанжардай жарқырай берді.
Қазақтың қызы! Желтоқсан жұртының есесін қайтарамын деп, қазаққа дербестік әперемін деп, Алаштың арда ұлдары биліктен шеттетілмесін деп, гүрзі етектің, шомбалдай шоқпардың астына түсті. Жаны жараланды. Ары тапталды. Таяққа жығылды. Қан-жосасы шықты. Итке таланды. Абақтыға жабылды. Темір тордан сығалап сәулеге қарады. Бірақ мұқалмады. Азаматтармен бірге бір шепте тұрды. Қандыкөз империяның жендеттерінен қаймықпады. Өздерін құрбандыққа шалды.
Қазақтың қызы! «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен тұста отбасын асырауға кірісті. Ел – ерге, ер жерге қараған заманда қазақтың қыздары қарекет қамын жасады. Ала дорба асынды. Темір төсек жастанды. Қытай барды. Түркия асты. Сауда жасады. Үйінде ұлардай шулаған бала-шағасының қамы үшін, ер-азаматының ары үшін жанын аямады. Аптап ыстықта, қытымыр аязда, жаңбырлы күнде, қарлы боранды түнде бірді екіге жалғап, қазақ дейтін қарға тамырлы елдің ертеңгі ұландарын тарықтырмауға тырысты. Қамықтырмауға барын салды. Сағыздай созылған өтпелі кезеңде үзіліп кетпесек, ол – арба сүйреген, ала дорба арқалаған аналардың арқасы.
Қазақ қызы! Алып атырапты алып жатқан азғантай елдің басына қара бұлт үйірілгенде, қараңғылық жамыла бастағанда атқа қонады. Қазақ қызы атқа қонғанда олардың жеңіссіз оралмайтын тұсы кемде-кем.
Кешегі Домалақ ана, Айша-бибі, Құртқа, Баян, Ұлжан, Зерделердің бүгінгі ұрпағының ақылына көркі, пайымына парасаты сай. Бірі кем дей алмайсың. Өйткені олар – қазақтың қызы!