Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 36 минут бұрын)
Қазақ тазылары Астанада өткен көрмеде FCI президентін таң қалдырды

Астанада өтіп жатқан «Astana Winner 2026» халықаралық ит көрмесі жүздеген қатысушыны және әлемдік кинология қауымдастығының назарын аударды. Көрменің басты қонақтарының бірі – Қазақстанға алғаш рет келген Халықаралық кинология федерациясының (FCI) президенті Тамаш Яккель.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Отбасымызға қош келдіңіздер»

Көрме 2-3 мамыр күндері EXPO халықаралық көрме орталығында өтуде. Бұл күндері орталық жүздеген ит пен олардың иелеріне толып, үлкен аренаға айналды. Венгрия, Швейцария және Қытайдан келген халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтіп жатқан шарада әртүрлі тұқымдас иттер бақ сынасуда.

Биыл көрмеге 350-ден астам ит қатысуда. Алайда, ерекше назар Қазақстанның ұлттық мақтанышы – қазақ тазысына аударылды. Аренада 60-тан астам әсем де шапшаң, даланың рухы мен көп ғасырлық тарихы бар тазылар жиналды.

«Мұншама тазыны бірінші рет көріп тұрмын»

FCI президенті Тамаш Яккель Қазақстанның халықаралық кинология жүйесіне қосылуы көпжылдық жұмыстың маңызды кезеңі болғанын атап өтті. Ол қазақстандық кинологиялық одақтың жас болса да, мықты ұйым екенін айтып, тазы тұқымын тану жұмыстарындағы ынтымақтастықтың жалғасатынын мәлімдеді.

«Бүгін мұнда 60-тан астам тазы тұқымдас ит ұсынылған. Мен өмірімде мұншама тазыны бір жерде көрген емеспін», - деп мойындады Яккель.

Ол мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасу тұрғысынан маңызды екенін айтып, Қазақстанға алғаш рет FCI президенті ретінде келгенін ерекше атап өтті. Яккельдің айтуынша, Қазақстанның кинологиялық жүйесінің танылуына ұлттық асыл тұқымды кітаптың жұмысы зор үлес қосқан.

«Жеті қазына»: неге тазы – жай ғана тұқым емес?

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қазақ тазысын дамыту – мемлекеттік саясаттың және ұлттық мұраны сақтау жөніндегі жүйелі жұмыстың бөлігі екенін айтты. Оның сөзінше, тазы – еліміздің мақтанышы және «Жеті қазынаның» бірі.

Министрдің айтуынша, мұндай көрмелер ұлттық тұқымдарды насихаттауға бағытталған. Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали көрменің зоотехникалық маңызын, яғни иттердің тұқым стандартына сәйкестігін бағалау, таза тұқымды сақтау және бақылау жұмыстарын атап өтті. Ол соңғы жылдары тазы төлдерінің санының артқанын да айтты.

Жаңалықтар

Жарнама