Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 16 минут бұрын)
Қазақстандағы мектеп оқушыларына смартфон қолдануға тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда мектеп оқушыларының смартфон қолдануына толық тыйым салу туралы заң жобасы әзірленуде. Бұл бастама білім беру саласындағы педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері бойынша заң жобасы аясында қарастырылып жатыр.

Бұған дейін мектеп әкімшілігі оқушылардың смартфонды қай жағдайда қолдана алатынын өздері анықтайтын. Заң бойынша тек сабақ кезінде ғана тыйым салынған, ал үзіліс кезінде телефон пайдалануға рұқсат етілген еді. Егер мұғалім рұқсат берсе, оқу мақсатында телефон қолдануға да мүмкіндік болды.

Жаңа ережелер

Жаңа заң жобасының салыстырмалы кестесіне сәйкес, бұл норманы алып тастап, оқушылардың гаджеттерді қолдану құқығын білім беру саласындағы уәкілетті органға беру ұсынылады. Бұл өз кезегінде Білім министрлігі немесе жергілікті білім басқармалары болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұл ұсыныс әлі де қарастырылуда, Парламент Мәжілісінде ресми шешім қабылданған жоқ.

Депутаттардың ұсынысы

Депутаттар оқушылардың құқықтары мен міндеттері туралы 47-бапқа келесідей өзгеріс енгізуді ұсынып отыр:

«Орта білім беру ұйымдарында оқу процесі кезінде оқушылар мен тәрбиеленушілердің абоненттік құрылғыларын (ұялы телефондарын) пайдалануына жол берілмейді, бірақ білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен ережелерде көзделген жағдайларды қоспағанда».

Бұл шараның негіздемесінде, абоненттік құрылғыларды тек сабақ уақытында ғана емес, үзіліс кезінде де қолдануға тыйым салу кибербуллинг пен деструктивті контенттің таралу қаупін азайтып, мектептегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтады. Сондай-ақ, оқушылардың тікелей қарым-қатынасын арттырып, олардың әлеуметтенуіне ықпал етеді және салауатты білім беру ортасын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Естеріңізге сала кетейік, мектепте сабақ уақытында смартфон қолдануға заңнамалық тыйым 2024 жылдың басында енгізілген болатын. Алайда, үзіліс кезінде оқушылар телефондарын қайта қолдана алатын.

Жаңалықтар

Жарнама