depositphotos.com
- 13 мам. 2026 14:30
- 23
Қазақстандық азамат өзге біреудің несиесін өтеп, сотта жеңіске жетті
Микроқаржы ұйымынан несие алған азамат қарызын өтемеген соң, кепілгер болған қазақстандық сотқа жүгініп, ақшасын қайтарып алды. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шу аудандық сотында ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы азаматтық іс қаралды. Сот отырысында жауапкер мен микроқаржы ұйымы арасында несие шарты жасалғаны анықталды. Ал, талапкер – азамат К. жауапкердің міндеттемелері бойынша кепілгер ретінде әрекет еткен.
Жауапкердің несие бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамауы салдарынан, азамат К. өз қаражаты есебінен қаржы ұйымы алдындағы берешекті өтеуге мәжбүр болған.
Осыдан кейін азамат К. сотқа жүгініп, несиегер алдында төлеген соманы борышкерден өндіріп беруді сұрады. Дәлел ретінде төлем құжаттарын ұсынды.
Сот дәлелдемелерді зерттеп, талапкердің несиегер алдындағы борышты төлегенін растады. Талап арыз толық қанағаттандырылды.
Жауапкерден 569 мың теңге және мемлекеттік баж салығы өндіріп алынды. Сот шешімі заңды күшіне енді.