Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Қазіргі жалпы саясат жайы

Дүние жүзіндегі қазіргі болып жатқан оқиғаларға қарасақ, дүние жүзіндегі әрбір мемлекеттің басындағы үкіметтердің хандарына қарасақ, дүние жүзіндегі әрбір халықтың байлары мен төрелері бірыңғай болып, еңбекшіл жұмыскер, қара бұқаралар бірыңғай болып, тұрмыстың қожалығына таласып, күресіп, арбасып, аңдысып жатқанына қарасақ, қазір Еуропадағы байлар мен төрелер табы билеп отырған мемлекеттер үлкен қауіпті, зор қатерлі халде. Бұлар бейне жазғытұрғы астынан көтеріліп, түбінен қозғалып, ақырындап күшейіп, тасуға сықырлап келе жатқан дарияның жолында отырған қалың ел тәрізді.

Дария шеңгелдеген зіл дің тасындай ызғарлы қалың мұз күні бітуге таянған соң, жарқырап жаз келетін уақыт таянған соң күннен-күнге шеңгелі босап, ызғары кайтпақ, күннен-күнге шеңгелі босап, дария ақырындап астынан қозғала бермек. Күннен-күнге ақырындап астынан қозғалған дария сықырлап, кернеп көтеріле бермек, дарияның арнасында отырған қалың ел, тасуға таянып, кернеп келе жатқан дарияны көріп, тасығанда ешбір бөгетке қарамай дария жолындағы сансыз бөгетті бұзып, жарып, қиратып, жайпап кететінін сезіп, аласұрып саспақ. Дарияның тасқынын арнасынан асырмасқа, арнадағы елдер аласұрып түрлі айла, түрлі бөгет жасамақ. Мал-мүліктерін, мал-жандарын аман алып қалуға түрлі план құрмақ, бірақ уақыттысы жетіп, ызғарлы қыс өтіп, жарқыраған күшті, қуатты жаз таянған соң дария кернеп, астынан қозғалып, қопарылып, сықырлап, бірте-бірте көтеріліп келіп, бір күнде тас-талқан болмақ. Шеңгелдеп, тұтасып басқан зіл мұзды быт-шыт қылмақ, гүрілдеп, толықсып, шайқалып таси жөнелмек.

Арнадағы аласұрып бекіткен қалың елдің сансыз бөгеті, сансыз айласы қаңбақтай ұшып талқан болмақ. Тасыған дария жолындағы бөгеттің бәрін қиратып, жайпап, бұрқырап, арнадан шығып жайылмақ, сөйтіп баратын жеріне тасыған дария барып жетпек.

Қазіргі Еуропадағы жылжып бірте-бірте бір бетпен келе жатқан революция — бірте-бірте келе жатқан күшті, қуатты, жарқыраған жаз мысалындағы, бірте-бірте астынан қозғалып көтеріліп сықырлап, кернеп келе жатқан дария қазіргі Еуропадағы жұмыскер — еңбекшіл тап мысалында. Жаз келмей қоймайды, дария тасымай қоймайды. Бұл табиғаттың құбылысы, табиғат дөңгелегінің барысы.

Сондай-ақ революция болмай қоймайды, революцияға қарсы түрлі бөгет жасап, түрлі айла жасап отырған жер-дүниедегідей байлар мен төрелер табын быт-шыт қылып, патшаларының, үкіметтерінің таж-тақыттарын талқан қылып, қиратып, басып, жаншып, еңбекшіл тап тұрмыс қожалығын, үкімет тізгінін өз қолына алмай қоймайды.

Бұл тарих дөңгелегінің барысы, бұл тұрмыс қағидасы.

Еуропада революция тасқыны басталуға таянып келе жатыр. Байлар мен төрелер табы қорқуда, аласұрып мал-мүліктерін, қожалықтарын қорғауға түрлі айла, түрлі пәлелер жасауда.

Бірақ тұрмыстың негізін қопарып, көтеріп келе жатқан жаңа, күшті тұрмыс революциясын байлар, патшалар, төрелер тоқтатуға мүмкін емес.

Революция болашақ. Революция күн сайын бірте-бірте күшейіп, ақырындап, салмақпен алға қарай жылжуда, ақырындап, сықырлап, кернеп көтерілуде.

Ақырғы уақытта Еуропаның ең орталығындағы зор мемлекет Германияда байлар, төрелер табы мен еңбекшіл-жұмыскерлер табы әбден аңдысып, шекісіп келіп көтеріліп тіресуде. Қазір екі жағы бірдей аласұрып күштерін жинап, топтарын жасап зор майданға даярлануда. Бұл екі таптың шындап белдесетін күні таяу. Қазіргі уақытта Германияның әр қаласында екі жағының жасалған топтары соқтығысып қалып та жатыр. Әр жерде аздап қан төгіс те болып жатыр. Қазіргі уақытта үкімет басында отырған байлар-төрелер табы әр жерде еңбекшіл-жұмыскер табының бастықтарын ұстап қамап, атып өлтіріп те жатыр.

Бірақ мұнымен қозғалып келе жатқан күш — революция тоқтамайды, революцияны тоқтата да алмайды. Ол мүмкін емес. Байлар табын жеңіп, үкіметті тұрмыстың шын қожасы еңбекшіл табына бермей, тағы біраз уақыт созуға мүмкін. Бірақ түбінде еңбекшіл тап революция жасап, тұрмыс тұтқасын өз қолына алмай қоймайды, бұл Германияда.

Екінші — Болгарияда бұл екі тап көптен аңдысып, арбасып келіп, қазір ашық майданға қолдарына құрал алып шығып соғысып жатыр. Мұнда да байлар мен төрелер табы жеңсе, әншейін уақытша ғана үкіметке ие болып отыра алады. Түбінде қопарылып, көтерілген еңбекшіл-жұмыскерлер табы жеңбей, үкімет тізгінін, тұрмыс қожалығын қолдарына алмай қоймайды.

Ал бұл екі мемлекетте, Германия мен Болгарияда, тез арада еңбекшіл-жұмыскерлер табы жеңіп, үкімет тізгінін қолдарына алса, Еуропадағы өзге мемлекеттер де тыныш қарап отыра алмайды. Еуропаның әрбір мемлекеттерінің де байлар, төрелер табы мен жұмыскер-еңбекшіл табы көптен аңдысып, көптен арбасуда. Өзге мемлекеттердің де еңбекшіл-жұмыскерлер табы кезекті кездерін күтіп қана отыр. Жалпы еңбекшіл таптың әр жерде екпіндері күшейе бастаса әр мемлекетте-ақ қолдарына құрал алып ашық майданға шығу болар. Үкіметті қолына бұрынырақ алып қалған Россияның еңбекшіл-жұмыскер табы егерде Еуропада бұл байлар мен еңбекшілдер табы ашық майданға шыға қалса, салқын қанмен қарап отырып қала алмас. Оған даяр болып отыру керек.

Қазір Еуропада екі таптың аңдысып, арбасу толғағы таянған халде тұр. Германия мен Болгарияда еңбекшіл тап үкіметті қолына тезірек алса, күллі Еуропа байлары мен төрелерінің саудасы бітті деуге болады. Ол күн таяу.

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама