Қырғидай жауға тиген - ұшқыш Хиуаз
Хиуаз Қайырқызы Доспанова – 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысы Ганюшкин ауылындағы Доспановтар әулетінде дүниеге келген. Әкесi Қайыр — қарапайым балықшы, анасы Меруерт — мұғалiм болып еңбек еткен. Байұлы тайпасы Масқар руынан шыққан. Ол Орал қаласындағы жалғыз қазақ мектебіне іліге алмай, №1 орыс мектебінде білім алады. Мектептегі оқуымен бірге Оралдағы аэроклубта қатар оқыды. Оқушы кезінен комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытанын Хиуаз мектеп қабырғасын аяқтарда ұшқыштарды даярлайтын арнайы курсқа жазылады. Мектепті тәмамдағаннан кейін № 1 Мәскеу медицина институтында оқуға аттанады. Хиуаз апамыз көзі тірісінде былай деген екен: "Мен мектепте комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Қаламызда ұшқыштар дайындайтын курс ашылған болатын. Соған оқушылар іздеп келгенде, ешкім жазыла қоймады. Мен орнымнан атып тұрып, мені жазыңыздар дедім. Содан кейін біртіндеп басқалар да жазыла бастады. Сөйтіп ойда-жоқта осы мамандықты игеруге тура келді". Осы оқу орнының 1-курсын бітірер шақта соғыс өрті лап берді. Осы кезде қазақтың қайсар қызы майданға медбике, тегі болмаса, санитар болып кетсем бе деп, талпынып жүрген. Сөйтіп жүргенде ол әйгілі ұшқыш Марина Раскованың қыз-келіншектерден жасақталған авиаполк құрып жатқанын естиді. Осылайша ол ойланбастан полк басшылығына келіп, Оралдағы аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларын көрсетіп, өжеттігімен
Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған жауынгер қыздар Саратов қаласының әскери әуе училищесіне жіберіледі. Мұнда штурмандар даярлайтын арнайы курсты аяқтап, 1942 жылдың көктемінде сол кездегі авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында Хиуаз да болды. Ол қызмет еткен полк Кубань, Украина, Беларуссия, Солтүстік Кавказ, Қырым, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Батыр қыз қан майданда 300-ден аса жауынгерлік операция орындап, аса маңызды жау шебін талқандайды. Түн қараңғысында жауға қырғидай тиген Хиуаз Доспанова соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлаған. Төрт мәрте ауыр жарақат алса да, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған Кеңес Одағының батыры атағын алған Марина Чечнева өзі Хиуаздың шеберлігі жайлы былай деп жазған еді: Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын. "Түнгі мыстан" Хиуаз бен оның ұшқыш құрбыларын немістер "Түнгі мыстандар" деп атап, олардың әуеден бағыттаған соққысын үрейлене күтіп, талай таңды көз шырымын алмастан қарсы алды. Тіпті Гитлердің өзі әрбір атып түсірілген әйел ұшқыштар экипажы үшін әрбір солдатына темір крест беріп, аз күнге үйіне демалысқа жіберуге уәде берген деген әңгімелер сол кезде желдей ескен-ді. Сталиннен қаймықпаған "Түнгі мыстандар" жау шебіне жақындаған кезде, ұшу биіктігін төмендетіп, жауды үстінен бомбалайды. Әр ұшақта екі қыздан бір сағатта 120 шақырымды бағындыруы тиіс. Әрбір қыз бір түнде 5-10 рет жау тылына шабылдауға міндетті. "Біз түнде ұшатын болғандықтан, жау шебіне жақын орналасатынбыз. Біздің полктің өз қағидасы болды: ешқашан да әйел екеніңді ұмытпа, ұшағыңды күтіп қара дегендей. Кейде тапсырманы орындап жатқанда, бізге қарсы оқ атылатын. Сондай кездері қыз баламын ғой, фашистерге тұтқынға түскеннен гөрі, ұшақпен жерге құлап, өртенгенімен дұрыс еді деген ойлар келетін", - деген еді сұқбаттарының бірінде Хиуаз Доспанова.
Қазіргі жастың бұрымын аяусыз қия салуына көңілі толмаған ұшқыш апамыз тағы бір сөзінде: Менің өзімді әскери адам деп алғашқы рет сезінуім соғысқа дейін болды. Училищеде оқып жүргенімізде полк қыздарының шашын қидырады екен деген сөз тарады. «Марина Михайловнаға барып айтайық, ол кісі білмейтін болар, ұшуға ұзын шаштың қандай кедергісі бар» деген қыздар көп болды. Біз барамыз деп жүргенде бәрімізді сапқа тұрғызды да шаштаразға алып барды. Бұйрықтың аты бұйрық қой, оны Раскова ойлап шығармаған болуы керек, сондықтан ол кісі де бізге араша түсе алмайды екен-ау деп ойлаймын осы күні. Әрине, реңімізді ашып тұрған, аш белімізге түсетін бұрымымыздан айырылғанымызға бәріміз ренжідік. Ал, қуанған тек шаштаразы ғана болды – бір күннің ішінде ол қаншама париктік шашты тегін алды десеңізші! Мен осы күндерді әп-әдемі бұрымдарын өздері еркімен кесіп тастайтын қыздарды көргенімде өзіміздің шашымыздан қалай айырылғанымыз есімізге түседі, қыздарымызға қарным ашады,- деген болатын.
1943 жылдың көктемінде Хиуаз Доспанова тағы да өліммен бетпе-бет келеді. Ұшқыш қыздардың алдына Кубаньды жаудан азат ету міндеті қойылды. Хиуаз Доспанова мен Юлия Пашкова кезекті тапсырманы орындап, аэродромға қайтып келе жатқанда, Макогон мен Свистунова басқарған ұшақпен соқтығысып қалады. Үш қыз мерт болып, Хиуаз қауіпсіздік белдігін орындыққа бекітпегенінің арқасында аман қалған. "Бізді қыздар тауып алды. Мен ұшақ кабинасынан сыртқа ұшып кетіппін", - деп еске алған еді Доспанова сол бір оқиғаны. Басында қаруластары Хиуазды да өліп қалған шығар деп ойлайды, бірақ кірпігі қимылдап жатқанын көріп, госпитальге апарып емдеген. Дәрігерлер Хиуаздың тұла бойын түгел гипстеп тастайды, аяқтарының сүйектерін сындырып, түзу біту үшін қайта салады. Жарты жыл госпитальда жатқан ол күздің аяғында полкке қайтып оралады. Осыдан кейін ұшқыш қызды майдандастары ұшаққа көтеріп әкеліп отырғызатын болған. Ұшаққа мініп-түсуі қиын болғандықтан, қыздарға салмақ салмау үшін талай мәрте кабинада түнеп те жүріпті. Алайда кейін денсаулығына байланысты оған әуеге көтерілуге тыйым салынады. Осыдан кейін ол полк байланысының бастығы болады. Офицерлік шені өсіп, гвардия аға-лейтенаты атанды. Талдықорғанда Ауған соғысының ардагері жұрт алдында әскери наградасынан бас тартты "Соғыстың қиындығын айтып тауысу мүмкін емес. Ойласам, түнімен кірпік ілмеймін, жаным түршігеді, ешкімге тілемеймін", - деген еді сұхбаттарының бірінде қазақтың ұшқышы. Қазақ қызы Кеңес одағының батыры атанбай қалды. Хиуаз Доспанованың ерлігі Кеңес Одағының батыры атағын алуға лайық болғанымен, одақ бұл атақты қазақтың ұшқыш қызына қимады. Халық жазушысы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықовтың Хиуаз туралы жазбасында "Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына-305, Леонид Беда-211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ..."-деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300-ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазған еді.
Х.Доспанова соғыстан келген соң Оралда азаматтық қызметте істейді. Облыстық партия комитетінде әскери бөлімнің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Содан кейін Алматыға партия мектебіне оқуға келгенде сол кездегі Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов Оралға жібермей, партияның орталық комитетіне жұмысқа алып қалады. Қалалық партия комитетінде нұсқаушы, хатшы, орталық комитетте бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының хатшысы қызметтерін атқарады. Алматы қалалық партия комитетінің 2-ші, 1-ші хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің 2-ші, 1-ші хатшысы болды. Наталья Ильинична Сац ТЮЗ-дің режиссері, директоры болған тұста С.Мұқанов Шоқан Уалиханов жайлы пьеса жазып, ол пьеса ТЮЗ-да қойылды. Оның қойылуына батыл Хиуаздың септігі тиіпті.
Хиуаз Доспанова «Абай» операсы сахналауға, "Медеу" спорт кешенін салуға және көптеген тарихи маңызы бар ғимараттардың құрылысына ер азаматтармен иық тірестіре жүріп араласып, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Х. Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын.