Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қастерлі тілім, қадірім менің, қазығым

Тіл - ұлттың айнасы. Тілдің құдіреті аспанмен таласқан тауды сілкінтіп, адам жүрегінің парша-паршасын шығаратын көлеңке құбылыс. Бұл тіл небір шешенді сайратып, небір көсемнің төрдегі басын есіктен шығарған «алмас қылыш» іспеттес. Міне, мен суреттеген «алмас қылыш» - қаймана қазақтың қасиетті тілі. Тілді құрметтеу әр адамзаттың өлеөлгенше арқалайтын борышы. Ол айтпаса да, түсінікті. Мені тек сол Ана тіліміздің қасиетін толық ұғына алмай келе жатқандығымыз қынжылтады. «Тоқсан бірде Тәуелсіздігімізді алдық» деп мақтанышпен айтып жүрсекте, тілімізді азат ете алмағанымыз өткеніміз бен болашағымыздың алдында үлкен Ұят. Шет тілін білмегеніміз ұят, өзге батыстың кіндікті ашып, биін билей алмағандығымыз ұят, ұят ...Ұят деп жүргенде … Неге Ана тілімізді осы уақытқа дейін жетер тұғырына жеткізе алмай келе жатқандығымыз үшін ұялмаймыз ? Басымыз қосыла қалса, жүзге, руға бөлінгенде жаға жыртысып, менмұндалап шығамыз, ал, тіл мәселесіне келгенде тіліміздің күрмеліп қалатыны несі осы? Қазақ тілі - сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің ауызына құм құятын ғажайып кемел тіл - деп батыр Бауыржан атамыз тамаша жеткізе білген ғой шіркін! Қазіргі жас буын бір-ақ сөздің соңына деміміз жетпей, сөздің соңын жеп қоятын болыппыз. Орфографияның да, орфоэпияның да дұрыстығын естен шығардық. Шығардық та, сөздерді қалай болса солай қолданатын болдық. Осының өзі тілімізді құрдымға жіберіп жатқандығын байқамаймыз да. Құдайдың сөйлеу үшін берген тіліне Шүкір етіп, сөйлер сөзімізді толық айтсақ, отыз екі тісіміз орнынан қозғалып кетпесі анық. Осы тіл үшін қаншама адуынды тұлғаларымыз нақақтан нақақ жазаға тартылып, құрбан болды. Батыр бабаларымыз «тілім» деп тік тұрғанда, кейінгі ұрпақ қалайша бұғып жатпақпыз!? Айтпасқа болмайтын тағы бір жәйт - тілімізге орыстың сөзін қосып сөйлейтін туғаннан бірге жүрген болмашы әдетіміз. Болмашы деймін-ау, осы бір әдет тілімізді тұңғиыққа әкетіп бара жатыр. Үлкені болсын, кішісі болсын осы бір әдеттен құтыла алмай келеміз. Бұл да айтыла-айтыла ернеуіне жеткен мәселеміздің бірі. Мұны жою үшін, алдымен бұлақтың қайнар көзі болған білім орталықтарынан бастау қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ, әркім өзінен, өз отбасынан бастаса, тіліміздің тектілігі айқындала түсер еді - деймін кейде. Тәуелсіз елде тұрып жатсақта, орыс тілінің басымдылығы - көзіміз үйреніп, санамызға сіңген құбылыс болды. Бұл мәселенің түйіні біртіндеп болсын шешілу үстінде. Әрине, қуанарлықтай дүние. Алайда, жаттанды болып жадымызда сақталған сөздерден арылу әсте оңайға соқпасы белгілі. Тіліміз көлденең көк аттының еншісінде жұлмаланып жатқандай. Бәлкім қатты айттым, бәлкім тәтті айттым... Бұл да болса, парызым деп білемін... Өз тілін құрмет тұтып, оны қадірлей білген ұлттың шырағы ешқашан сөнбек емес. Өз ана тілінде қысылмай, еркін сөйлей білудің өзі үлкен бір дәреже. Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері тілімізге тікелей байланысты. Егер қазақ тіліміз құрдымға кетер болса, еліміздің ел болып қалуы екіталай. Өз тілімізді өзіміз қастерлемесек, өзгенің жаны қайдан ашысын... Қазақ «қазақ» болғалы тартпаған тауқыметі аз емес. Ендеше тіліміздің тіршілігіне жан бітіріп, ұлтымыздың қадір-қасиетін еселеуге бір кісідей ат салысқанымыз жөн.

Тіл – мемлекеттің табан тірейтін темірқазығы. Тіл – өз халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе» деуі тегін сөз емес. Ол біздің тіл биіктігімізді, ұлттық бейнемізді сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге арнаған көрегендік сөзі деп түсінгеніміз жөн. Тіл – тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың жаршысы. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Осы тұста мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Үкімет мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық жағ­дайларды жасауға көмектесуде. Мем­лекеттік тіл шын мәнінде ұлттық сая­саттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн. Иә, айта берсең, қазақ тілі туралы проблема көп. Жаза берсең, таусылмайды... Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі.      Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы әрбір шынайы азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «...Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ», – деп тіл жайында терең толғанған екен.  

Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тіл емеспе еді. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Өз ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Осыны қазақ жастары түсінсе екен деймін.Алайда осыны ескермей орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тіліндегі әнді тыңдауды қор санап жүрген қазақ жастары қаншама. Кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күліп, енді бірі оған мән бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бәлкім. Бұған жауап ретінде ақын Оразақын Асқардың мына бір өлең жолдарын алар едім:

«Ана тілінде ата-баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар».

Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Тіліміздің түп тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тәрізді. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына  дарыған ана тілі ғана.

«Қастерлі тілім, қадірім менің, қазығым»,
Келеміз бірақ бағамдай алмай бар құнын.
Табиғаттың заңдылығына көз салсақ
Тіліміздің биік қылдырған тұғырын.
Қасиетін мына сезе алмай жүрсе Адамзат
Ана тіліміз азаттығына жетер ме!?
Тұңғиыққа батып құрдымға кетпей тұрғанда
Тіліңнің қамын тіріңде ойлап түгенде.
Бұрмалап тілді - жұлмалап итше талайды,
Құрып кеткенін қазақтың мына қалайды.
Еншісі қылып өзгеге берсең тіліңді
Ашық аспаның егіліп тұрып жылайды.
Арда тілімізді аманаттаған біздерге,
Сызат түспесін тамыры терең өткенге.
Еліктеп жүріп заманның небір түріне
Тіліміз біздің кетпесін өзге тізгінде!

Жұмаш Гүлайым


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама