Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Қоғамдық сананың жаһандануы, ұлттық код, менталдылық пен дүниетаным

Ұлттық код – тіл мен діннің, діл мен дәстүрдің тоғысқан тұсы. Оны сақтай алмаған ұлт өміршеңдігін жоғалтады. Ғұмыры неғұрлым қысқарған сайын мемлекет те тарих сахнасынан ғайып болады. Ащы да, тура шындық. Бұл өзгермес заңдылық. Сондықтан кодсыз халықтың ұлт атануы екіталай. Мәселен, Кеңес Одағы. Оған мүше елдер өзіне тән дүниетанымы мен менталдылықтан бас тартуға мәжбүр етін. Нәтижесінде, тәуелсіздіктен кейін де біраз ауытқушылық орын алды.

Жиырмасыншы ғасырда «ұлтсыздандыру» саясаты белең алып, жасанды жолмен «орыс қылу» мақсат етілген. Эксперимент жүзеге аспақ түгіл толықтай күйреді. Алайда, артынша өшпес із қалдырды. Қайда? Көпшілік санасында. Посткеңестік дәуірдің ұрпағы «құлдық» санадан арыла қойған жоқ. Күні бүгінге дейін соның салдары білінуде. Әрекетте һәм дүниетанымда. Дегенмен, «ел боп еңсе көтереміз» желеуі бізді жебеді. Ақыр аяғында, тәуелсіздікке де қол жеткіздік.

Тарих мұнымен бітпейді. Егемен ел алапат кезеңдерді өткергесін белгілі бір міндеттерді орындауы шарт. Мысалы, қоғамдық сананың жаһандануы. Әлем сәт сайын құбылуда. Саясат, құқық, мораль, ұстанымдар да. Бәрі өзгереді. Осының баршасы қоғамдық сананың жаһандануын құрайды. 19-шы ғасырда ақ патшаның билігіне қарсылық өлім жазасымен кесілсе, 20-шы ғасырда коммунистік партия доминантты күшке айналады. Ал қазір демократия мейлінше қолдау табуда. Бұл ұстаным бойынша әркім «ерікті». Кез келген азамат пікірі ескеріледі. Десе де, ел экономикасы өркендеуі үшін мемлекет өз позициясын мейлінше ұтымды жағынан қарастыруы қажет.

Ел тірегі – азаматтар. Азамат – ол индивид. Индивидтің тұлға екені мәлім. Ендеше тұлға санасы дамымаса, мемлекет те мешеу қалмақ. Демократияның басты шарты осы. Азаматтардың ой өрісі ел келешегіне кең жол ашпақ. Олай болса, мемлекет ешбір тұлғаға бей-жай қарай алмайды. Өйткені олар бір-бірінің тіршілігін қамтамасыз етеді.

Дүниетаным ділді, яғни металдылықты қалыптастырады. Ұлт қандай да бір моральдық ұстанымдардың негізінде өзіндік дүниетанымын қалайды. Мемлекеттің ішкі өмірі бұған айқын дәлел болмақ. Тіптен, менталитеттің өзге ұлттың дүниетанымына әсері орасан зор. Мұны батыстан да байқап жатамыз.

Бұл мәдениетке де қатысты. Жоғарыда атап өткен элементтер төл тарихымызды жалғамақ. Мәдениетімізді өркендете түспек. Ал оның мән-маңызын айшықтауда Ғабитов Тұрсын Хафизұлындай оқытушыларымыздың сіңіретін еңбегі алмағайып. Өз кезегінде шәкірттік парызымыз сол білімді кәдеге жарату болмақ.

Ойымды топшылай түссем, ұлттық код – әр ұлттың тынысы. Менталитет – ең айшықты тұсы. Дүниетаным болса, ерекшелігі. Ал қоғамдық сананың жаһандануы үздіксіз әрекет пен уақыт ағынына ілесудің айғағы. Қазақстанның мақсаты да осы!

Авторлары: Ережепұлы Серғазы, Ағыбаева Аружан, Бишер Дильназ, Зейнуллаева Алуа, Жұмаш Сара, Біржан Ролан, Ерланқызы Асемай


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама