Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Қоңыр қаз

Қоңыр қаз ала жаздай ұядан ұзап шықпады. Биыл көктем ерте шықты. Күн жылынысымен-ақ жер беті қиқулаған, тыраулаған ән салтанатына бөленіп, жабайы қоңыр қаздың жүрегін шаттық кернеген... Үміт... Жылы жақтан тыраулай ұшып, аналарымен аңсай қауышар балапандарына деген сағынышқа толы тәп-тәтті үміт! Неткен жарқын, жарық, сәулелі едің, мынау әлем, жарық дүние!..

...Сонау бір сұрқай күзде өзі ілесе алмай қалған көш-керуенді қоңыр қаз бүп-бүтін қалпында осы тоғай үстінде қарсы алатындай көрініп еді. Құс үміті көктемге күмәнсіз жеткізген, көкірегін жылытқан үміт отының жалыны әлжуаз тартқандай бүгін... Күн санап көңіліндегі сән-салтанат азая түсті. Төңіректі тұман жапқандай. Күннен күнге көк жүзі күңгірттеніп бара ма, қалай өзі? Жо-жоқ. Күннің көзі шақырайып-ақ шығады. Тек ми қайнатар ыстығы бәсеңсіп, күн қысқарып бара жатқаны болмаса... Иә, жаз өтіп барады.

Қоңыр қаз ұядан ұзап кетпегелі уақыт баяу жылжитындай. Шарықтауға құштар құс қиялы қазір қияндарды шарламайды. Өткен шақтың сұрқай көңілсіз көріністері тізбектеліп көз алдынан көлбеңдеп кетер емес. Себезгілеп мұң сарын баурай береді қоңыр қаздың жан-дүниесін! Сол жазда... тоғайдың күнгейіндегі құтты ұясынан безейін деп безіп пе еді!? Екі аяқты пенделердің мұң-мұқтажы таусылған ба?! Адам озбырлығы табиғаттың әр бөлшегіне шеңгелін аямай-ақ салады... Мұны да жып-жылы ұясынан айырған сол қатыгездік! Балапан басып, мамығымен жылытқан мекен-тұрағы жабайы қоңыр қаз үшін үйреншікті ұя ғана емес-ті. Қаз үмітінің, үйірінен адасқан мама қазды атар таң, келер күнмен жалғастырған тәтті қиялының ордасы еді! ...Қоңыр қаздың бала-шағасы, үрім-бұтақ үйірі әр көктемде сағынышпен қауышатын базарлы мекені еді бұл! Тоғайдың күншығыс шетін ала орналасқан сол бір сәнді алаң!

Сондағы сұрқай таңның атпай-ақ қойғаны тәуір еді! ...Таң алакеуімінен дарылдаған «жабайы» техника сүттей ұйыған тоғай маңының тыныштығын алған. Быртық қолдарын оңды-солды сермеп, екі елі аузы тыным көрмейтін біреу пайда болды ғайыптан. Не жеп семіргенін кім біледі, екі ұрты үрген қарындай, қарыны жел кеулеген шатырдай екі аяқты... Талтаң-талтаң еткен жүрісінен, құдай сақтасын, үріккен құс ұясына қайырылмастай ұсқынсыз адам жабайы қоңыр қаздың ата жұрты — тыныш тоғайдың құт-берекесін бездірген. Үрейін ұшырып, жан сақтау мұңға айналған сол сәт...

Құс та болса, ана құрсақты жаратылыс... балапан өргізіп, қызғыштай қорғау, қанаттарын қатайтып, суыққа ұшыратпай, тыраулаған құс керуенін жылы өңірге бастап ұшу «пешенесіне» жазылған қаздың бақытты ғұмыры емес пе еді! Қоңыр қаз көрікті сәмбі талдың саясын тастап шыққалы да екі жаз, екі қыс өтіпті-ау!.. Құс атаулы адамдардың мүддесін көздейтін заң, ереже дегеннен бейхабар. Атасы қаз атанғалы... Адам тірлігіне тән «жерге иелік, мүлік, жекешелендіру» дегеннің сүттей ұйыған орман тіршілігін ойран еткен қорқау көріністері... мамақаздың көздерінен еріксіз баданадай-баданадай жас ытқып шықты! Ұясы, үйірі, балпаңдаған балапандары...

...Содан бері құс өмірінің тыраулаған әуенге құлақ түргізген салтанатты көктемінен сән аулақтап, үміт оты әлсірей түсті. Көк жүзіне телмірген қоңыр қаздың қиқулаған құс керуеніне ілесе алмай қалған күндері есіне орала ма екен...

...Күз еді. Таң сібірлей бастағанда қоңыр қаздан тараған үрім-бұтағы өскен ұясын қимағандай, тоғай үстінен қанат жаза үш рет айналып ұшып, бірте-бірте биікке самғап, шарықтай түсті де, түстік жақты бетке алып, көз ұшында ноқаттай болып, аспан кеңістігіне сіңіп кете берген... Ұзақ телміргеннен көз аясы жасаурап, екі көзінен ып-ыстық қос тамшы үзіліп түскен мама қаздың... Үзіліп түскен тамшылармен бірге көңіл түкпіріндегі аяулы тәтті үміттері де үзілгенін сезді ме, со жолы!..

Шыбын-шіркейсіз, мамыражай сонау бір жазда жабайы қоңыр қаздың балапандары қарақұлақтанып, аралас орманды тоғайдың күнгей бүйіріндегі айдын көлден қайтып оралған. Кенеттен ұйтқи соққан жел қара түтек дауылға ұласты. Мамырлай балпаңдап, тізбектеле, алаңсыз күнделікті үйездейтін алаңшаға бет алған. Кенеттен жел тұрып, ала құйын аралай жөнелді. Желекті орманның ұйпа-тұйпасын шығарған сұрапыл ес жиғызуға мұршасын келтірмеді тіршілік атаулының! Таяу жердегі жуан қарағайды дауыл шайқап, дем арасында гүрс етіп құлап түспеді ме! Сатұр-сұтыр дыбыстан үріккен үрейлі қаз үйірі қиқуды сала, жанұшыра ілгері қанат серместі. Аналық сезім қауіп-қатердің небір түрінен де күштірек болып шықты. Қоңыр қаздың үйірден үнемі қара үзіңкіреп жүретін күрең қауырсынды жайбасар балапанына қарай жанталаса тұра ұмтылғаны сол еді... Қарағайдың қомақты бір бұтағы мұның оң қанатын баса құлады. Жан-дәрменін жалдап, әзер дегенде сытылып шыққанымен, топшысы зіл тартып, қанатының сыртқы, қалқан қабаты икемге келмей, жапырылған орман шалғынының бетімен сүйретіле жер сыпырып, балапандарынан қара үзбей, ақсаңдай ілесе берген...

...Сұрапыл дауыл атам заманғы жуан қарағайды түбірінен қопара сұлату үшін келгендей. Аласыпаран әкелген құйынның қитұрқы ізін бүркемелегендей бір шоғыр сұр бұлт себелеп өтті де, әлгі аласапыранға менің түк қатысым жоқ дегендей, күн жарқ етіп шыға келген!..

Күзде жүрек шымырлатар қиқумен жылы жаққа ұшқан үйіріне қоңыр қаз сол сапарда ілесе алмады. Қыс түсе, алғашқы аяз ұрып, қар жапалақтаған мезгілде қанаты қайырылған қоңыр қаз әжептәуір ширап еді. Әлде жападан-жалғыздыққа, тіршілік қамытына мойынсұнып, қатайды ма, әлде зақым алған топшысы әжептәуір оңалды ма, әйтеуір сыңсыған көңіліндегі мұң сарынын күнкөріс қарекеті алмастырып, күндер өте берді. Әшейінде елемейтін әр сыбдырды, тырс еткен дыбыстың біреуін қалт жібермейтін болды. Бұрынғысынан да дыбысшыл, секемшіл, елеңдеуі көбейді... Сол сақтығының арқасында қыстан аман шыққан. Көктемде қоныс аударуға мәжбүр болып еді...

... Жаңа қоныста өткерген жаз да сағынышты күй сарынынан айықтыра алмапты қоңыр қазды! Тыраулаған көктем мен қиқулаған күзде көк жүзінде әсем қалықтаған құс керуені қоңыр қаздың жан дүниесін сергіте, мұңын сейілте алмағаны анық.

Күз түскелі қоңыр қаз ұясынан шығуды біржола қойды. Ұйқылы-ояу қалпында тұмсығын қауырсынына көме түсіп қалғып жатты да қойды. Көк күмбезінің батыс белдеуін қызыл шапаққа түгел бояп, күн ұясына қонды. ...Қоңыр қаз сұмдық бір түс көріп жатыр екен дейді. Өзін көріп жатыр екен. ...Жас аңшы шалажансар мұны қос сирағынан қоса ұстап бұлғаңдатып әкеп босағаға тастай салады. Әлдекімге әлденелерді айтып, өз-өзінен масаттанғанын нығарлай аттаған қадамынан «көріп жатыр», ауланың басқа бұрышына бет алды... Аңшының гүлді орамалды маңдайынан шегіндіре сәндеп байлаған қыпша бел сұлу келіншегі қос бұрымын бұлғаңдата басып мұның қасына келеді... бұраңдаған нәзіктігіне қарамастан, қайратты қолдарымен мұны бұтарлап, жүндей бастады... Жер ошақта от маздап, өзі өскен орманынан бұталған қу шілік шатырлай жанып, ұшқынын шашырата, қызыл ала жалын қара су құйылған қара қазанның қара мақпалдай бауырын жалап, жалаң қағады... «Қанатынан аула сыпыратын сыпырғы жасайық!» деп, шіңкілдек дауысты шүңірек көз, кемиек кемпір төніп келеді бұған... Қоңыр қаз селк ете түсіп, оянып кетті! Бұйығып жатып, түн ортасы болғанын сезбепті. Безбүйрек тағдырының көрсеткен түсі де тұла-бойын қалтыратып-ақ жібергені... Әлгіндегі қызыл шапақ тарап, төңіректі қараңғылық басыпты...

Қоңыр қаз өз балапандарының ескі жұртқа, осы тоғайдың күншығыс жақ шалғайына көктем сайын оралып, күз түсе өз балапандарымен бірге үйір-үйір болып орман үстін қиқуға бөлеп, жаз өмірімен қимай қоштасып жүргенінен бейхабар еді. Бұлардың жылы ұясын суытқан талтақ бұт — «кәсіпкер» атанған пенденің мемлекеттік қорыққа заңсыз иелік етуге жасаған әрекеті үшін тас зынданға тасталғанынан да бейхабар еді қоңыр қаз!

Күз түсе құс керуенінің сұңқылына құлақ түретін аңсауға жаратылған ана көкірек! Небір дыбыстардың арасынан жүрегіне сыбызғы үніндей үздіге шыққан балапандарының өзін аңсаған мұңды даусы алыстан талып жетердей құлағын тосудан бір танбайтын... жабайы қаздың соңғы демі алқынып барып, саябыр тапқандай...

Қоңыр қаз биыл кенеттен түскен аққырауды елемеді, бұйығуды да қойған. Мойнын соза түсіп, сұлық жатыр. Оған аңсаған сиқырлы әуен де естілмейді, көкірегін әдемі әлдиге бөлейтін әсерлі де құдыретті құс керуенінің үні сап тыйылғандай. Қорқынышты түстер де енбейді. Дүние бір сәтке тыма қалып, қоңыр қаздың тынысын аңдап, қыбырсыз қалғандай... Дыбыс та солғын, маңайдағы көрініс те көмескі, селт еткізер тіршілік атаулы тына қалыпты. Жаз өмірі, мәз өмірі тәмамдалғаннан бері шарасыздық күйін кештірген тіршілік атты опасыз дүние бір сәтке байыз тапқандай. Жабайы қоңыр қаздың жаны тыншымай аңсаған пейішті сәті дәл қазір келіп жеткендей...

...Мамыражай мәңгілік тыныштық орнады қоңыр қаз үшін!

Мұңнан, сағыныш пен аңсаудың құрсауынан азат... самғау, шарықтау кеңістігіне құлаш ұрғызған жеп-жеңіл, жап-жарық, кедергісіз кәусар әлемде қауырсын үлпегінен де жеңіл, кіршіксіз әппақ қаз рухы қалықтап бара жатқанынан бейхабар тасбауыр тіршілік томсырайып тұр...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама