Азат Әкенің «ағаттығы»
Тәтем (әкем) бұған дейін түсіме өте сирек енетін. Қимыл-қозғалысының еміс-еміс бір-екі деталі есте шала сақталатын да, тез ғайып болатын. Сөйлемейтін. Өзім оның көзқарасынан, қас-қабағынан немесе үстіндегі киім-кешегінен, т.б. белгілерге қарап, түсіме неге енгенін, не жайында аян еткенін жорамалдап түсінетін едім. Көбінесе әлдеқандай ой ұшығына жете алмай, көп ойланып, не бір шешімге келе алмай тығырыққа тірелген сәттерде, ұйқылы-ояу елең-алаңда көрінетін. Әйтеуір өзім содан бір шешім, тығырықтан шығар жол тауып жүретінмін. Ешкімге тіс жарып айтпаймын да, Алланың аяны деп қана ойлап, шүкіршілік ететінмін.
Бүгін көп нәрсе «айтты». Әлде айтқанын қалап, өзім солай жорыдым ба, әйтеуір көптеген сұрақтарыма әкемнің пайымымен, соның қолданатын сөз оралымдарымен ой түйіп, зерделеп жатқаным анық. Ұйқылы-ояу қалыпта едім, таң алдында болатын...
«Сені ренжиді деп ойлаған жоқпын қызым, — деген Тәтемнің даусы бірқалыпты әрі анық естіліп тұрды, — өйткені сен ренжуге тиісті емес едің. Мен саған, сен түгілі, сенің екі ағаң мен әпкеңе де әке болғалы, тіпті одан да ертерек, мен мұғалім атанып ... мектепке алғаш ұстаздық ете бастағалы ненің жөн, ненің жөн емес екендігін жас ұрпаққа айтып, түсіндіріп, сендер мектепте мұғалімнің (үйде әкенің) сөзін тыңдауға, ал мен түсіндіруге, тыңдатуға міндетті болатынбыз. Бұл — әдетке айналған, талқылап, өлшеп-пішуді қажетсінбейтін бұйрықты іс болатын. Сондықтан сендерді ренжітіп айттым-ау деп ешқашан ойламаппын. Өйткені, міндетімді атқарып, солай болу керек деген, өзіме қойылған талаппен жүріп дағдыланған қызметім, әкелік міндетім сондай болатын...
Бұған дейін саған, сендерше айтқанда «түсіңе кіргенде» сөйлемейтінім, бұл жақта сөйлеуге тыйым салынғаннан емес. Біз сөйлемейміз, өйткені бізде ондай қажеттілік жоқ. Бәрі жәйлі де ыңғайлы, мұқтаждық, қысым, өлшем, асығу, т.т. толып жатқан тіршілік қамытынан азатпыз. Нағыз өмір осындай. Сендер оны түсінбейсіңдер. Нетүрлі қиындықтар мен сынақтарды, жоқшылық, мұқтаждық, қуғын, сүргін, аңду, алдау мен арбау, жеу, тонау, алакөздік, мазасыздық, небір қиындықтың бәр-бәрін ойлап табатын да, тудыратын да тірі адамдардың өздері.
Бүгін де әдеттегіше маған «Неге келдің» деген сұраулы кейіп таныта қарадың. Айтқан жоқсың. Бірақ мен сенің көзіңнен бәрін түсінемін. Осы жолы «айтпағым, түсіндірмегім» көбірек. Өзің қарбалас тірлікпен мұршаң болмай жүргенін білем. Алайда сені ең жақын көретін адамыңа, маған қатысты бір ой мазалайды, тіпті кейде «әкем мені «келін бала» деді-ау сонда...» деп жылап та аласың. «Келін болу» қорлық емес қой қызым. Көп жыл бұрынғы осы жәйтті үнемі көкейіңде ұстап, қатты ойлануыңа себеп — саған кәмелетке толар-толмас шағыңда тәптіштеп ақыл айтып, түсіндірмеген өзімізден де болар, бәлкім.
Дегенмен, өзіңнің көп оқитыныңа, төңіректі байқағыштығыңа, көп зерделейтініңе сенім арттық па, әйтеуір басқа балаларға айтқанымыздай кезінде өзіңмен осы жайлы әңгіме қозғалмапты. Сен үйден жастай кеттің. Оқу іздеп, жұмыс істеп дегендей... үйден тысқары жүріп ержеттің...
Кінәлі де болармыз, бірақ оны мен кешірек түсіндім. Сен «әкем неге сол жолы сөйтіп айтты» деп таңғалсаң, «қызымның өресі жетпегені ме, мен бұдан гөрі ақылдырақ деп ойлаушы едім, сонда қалай, неден қателік кетті» деп басымды қатырғанмын, тіпті үйге келген соң кемпіріммен сөзге де келіп қалғамын. Шешең оны айтпаған екен-ау саған. Иі жұмсақ адам ғой, кейде батырыңқырап, кейде жеткізіп айтатын реті келгенде де балаларының көңіліне келер деп, ішінде сақтайтын әдеті бар еді... Жә, қазір енді өзің әжесің, бірақ «тәтемнің қызымын» деген түйсіктен әлі күнге арылмапсың...
Иә, ол кезде отағасы отбасының иесі саналатын. Жанұяда дүниеге келген әр бала жоғарыдан басталатын сатылы «билікпен» тұңғыш нәресте «атаға не әжеге», одан кейінгілері «әкесінің», «мамасының қызы не ұлы» болып, кіндігі бірігіп өсетін. Рухани жақындық, ерекше сүйіспеншіліктен туған «меншіктеу» қалыптасқан қазақ отбасында. Сен сөз жоқ, менің қызымсың. Екі ағаң сол кездің дағдысымен «әке қабағынан қаймығып өскесін бе» маған көп жоламайтын, әжесіне тән ұлдар болатын, өзімнің де оларды еркелеткен сәттерім есімде қалмапты-ау. Әлде қызмет жағдайы әсер етті ме, өзіме байқалмапты, мен қаталдау болыппын балаға. Әпкең шешесіне бейімделіп тұратын. Балалардың ішінде сен өзімді көп төңіректейтінсің. «Кімнің қызысың» деп сұрасақ «тәтемнің» деп ойланбай жауап беретінсің. Байқасам, басқа балалармен бірдей тәрбие бергеннің өзінде сен «көбірек құқыққа иемін» деп сезінетінсің өзіңді. Оны қызық көретінбіз. Әсіресе, басқа балалардағы «сөзсіз бағыну» сенің бойыңда кемдеу болатын.
Кейін мектепке барғаныңда да мұғалімдерің осындай өзгешелігіңді ара-арасында айтып жүретін. Бірақ, сабаққа өте зерек болғандықтан, басқалардан ерекшеленетін өжеттігің көп білінбей қалатын. Кітап, газет-журналды басқа балаларға қарағанда көз майыңды тауысып оқитынсың. Ескерту жасағанмен, ол әдетіңді қойдыра алмадық. Кітапқұмарлық та ырыққа көнбейтін құмарлықтың бірі болатын. Кейін өзің балалы-шағалы болғанда ғана мұрғаң алмаған соң азайтқан болуың керек бас алмай кітап оқитын әдетіңді. Жә, қызым, көбірек «айтып» кеттім-ау, бәрі осы айтылғандарға байланысты еді...
...Сен тұңғышыңа жеңілденіп, перзентханадан шығып, ата-енеңнің қолында Қиғаш бойындағы ауылдарыңда қалдың да, күйеуің Алматыға жұмысына кетті. Мамаң екеуміз дәтіміз шыдамай, жиенімізге «иткөйлек» әкелу ниетімен, оның үстіне «жаның аман қалды ма» деп іздеп келдік. Құда-құдағилар қауқылдасып отырмыз, шәй асүйге дайындалды, сен бөпеңмен ішкі үйдесің. Кіші келіндері шай құйып отыр. Өзің есіктен кіргеніңде қайын атаң «Кел, кел, балам» деп саған өз қасынан орын ұсынып еді. Ойыңда ештеңе жоқ, қайын атаңның қасына төрге таман жайғасып алып, шәй іше бастадың. Шешең екеуміз «жерге қарадық». Мен шыдамсыздау әдетіммен «келін баланың орны самаурынның қасында ғой, қызым-ау» дедім. Қайын атаң марқұм мұндай әңгімені күтпеген болса керек, жақтырмай «баланың бәрі бала емес пе, құда, жылына Алматыдан сағындырып бір келгенде «келін-мелін» дегенді қайтеміз» деп сенің қабағыңа қарап қатты қобалжыды. Балажан, иі жұмсақ жан еді, жарықтық!
Сол, бізден, ата-ана тарапынан жіберілген «қателік» түзетілмей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кету ықтималдығын «көріп», дәтім шыдамай, бүгін «үндемей» кете алмадым. Өзің де қыз өсірдің. Тәрбиелі, ақылды, ерекше сүйкімді. Ол да «әкесінің меншікті» қызы болып өскенін өзің білесің. Өркениет, өркениет деп кеңірдек кергендеріңе қарамай, «ата салтын сақтағыш» оңтүстік өңірге ұзаттың қызыңды. Кезінде мен жіберген «сол ағаттық» түзетілмегенін, бұдан әрі жалғасу қаупі бар екендігін «байқадым». Иә, қызым, сендер -өздерің де «қайтқан жанашыр адамның әруағы желеп-жебейді немесе, керісінше, әруақтың қолында ештеңе жоқ, бәрі Алланың бұйрығы, ондайға сенбеу керек» деп неқилы пікірталаспен дал болып жүресіңдер. Ол жағынан біз азатпыз.
Шаңырақтың, қазақ шағырағының дәстүрлі тәртібі жайында ойлануға қабілетің әбден жетеді, қызым. Есіңе салайын, «келін болу» қорлық емес, қызым. Қайталап айтсам, осы ақылды саған кәмелетке толар-толмас шағыңда түсіндірмеген өзіміз де кінәлі екенбіз... Қазір сен өзің де енесің, әжесің... Мәпелеп өсірген қыз бала бойжеткен шағында әкесінің төрінен ұзап, басқа босағаға барады. Сөз маманысың ғой, «төркін» деген де «төр» және «кіндік» деген сөзден шыққан болар. Төрінен ұзатылып, кіндігін кесісіп, бөтен босағаға бару — адамзат дамуының бұлжымайтын заңы, бұйрықты іс, балам. Төркіндеп келген қыздың мәртебесі бөлек қой. «Жиенге қол жұмсағанның қолы қалтырайды» деген сөзді бұрынғылар айтса, біліп айтқан болар. Сендердің арқаларыңда жиендер де ерекше құқық иесі. Өйткені, басқа шаңырақтың өкілі, сыйлы құданың немересі деген мәртебесі болады жиендердің. Ал келін боп түскен киелі босаға, табалдырық жайында келінге тікелей қатысты айтылмаса да, қазақтың «есіктен кіріп, төр менікі деуші болма» деген сөзінде ойлануға негіз жеткілікті. Өмір бойы есік жақта, босағада қалып қою дегенді білдірмейді бұл, қызым!!. Балаларың өсіп, өзің де сол босағаға қызметіңді сіңіріп, адал азамат етіп өсірсең, азамат балаларыңның арқасында «төр әженікі» боларын білесің ғой.
Сенің де екі әжең болды. Олар да кезінде сен сияқты біреудің жап-жас, мәпелеп өсірген қыздары болатын. Келген босағасына тәуелділік пен сіңірген еңбегінің арқасында жаулығы қарқарадай әже атанып, құрметке ие болып төрде отырып еді ғой, қызым, ұмытпа осыларды! Жиенімнің, жиеншарымның құлағына сіңір! Бұл — сенің мәртебелі де аналық парызың!
Ал, өзіңнің балаң мен келініңе күндіз-түні бақ, береке тілеп отыратының Аллаңа аян. Алла мұқтаж пендесінің сұрағанын беруге жомарт. Дегенмен, жалғыз ұлыңды «шешем жалғыз қалды» деп жылап, сықтап төркініне ертіп кеткен келініңді ағайын-туған «келген жеріне келін болмай, шешесінің төрінде «төр менікі» деп тайраңдап жүр. Ал ұлың жат босағаға қалай сіңеді?!» деп өзіңді тығырыққа тірегелі сенен маза кеткенін білемін, қызым!!! «Мен жұмыстамын. Құдағи үйде, балаларына қарайды, қызына жамандық ойламаса, менің ұлымды да қорламас... Екеуі бақытты болса, маған одан артық ештеңе керек емес» деген өз жұбатуың кейде өз көңіліңді жұбатуға жараса, кейде жарамай жүргенін де білемін... Тектілігі намысына қамшы басқан жалғызың ет тірлігімен қарызданып, қауғаланып жеке үй салып кіргендегі қуанышыңды да «көрдім». «Қолыма келмейсің бе?» деп қыңқылдаған жалғызға «Қара шаңырақты иесіз қалдырмайын, әзірге күш-қуатым бар, шүкір деп» шалқайғаныңмен, ертеңіңе алаңдайтының да рас... Жалғызың далаға тастамас! Бірақ түскен жеріне «келін болып сіңбеген» соң, ол жағына «сенімсіздігің» көкейіңде тұрады. Сен көп ойланасың, қызым...
Сендер заманға икемделе-икемделе иленіп кеттіңдер, көнбістік жағынан сендерді өзгерту қиын! Уақыттың дөңгелегі біраз қарқын алып кетті, енді оны қайтадан кері дөңгелету оңай емес, қызым!!!
Дегенмен, «сақалдыдан кеткен ағаттық — сайтанға болар тояттық» дегенді білесіңдер! Әрине, білесіңдер! Кезінде ұрпақты орысша оқыттық, орыстың дағдысын алдық, бодан болдық. Ал, сендердің дәуірлерің енді туды. Заман өзгерді. Керуен кері айналғанда соңғы түйе алға шығады емес пе! Иә, қызым. Қазақтың есікте қалған дәстүр-дағдысын дамытыңдар. Тозығы жеткенін «кісінің» (жаттың) сөзімен емес, өз көздеріңмен қарап, зерделеп, қағып-сілкіп, күлде қалған асылдарыңды түгендеп, жыртықтарыңды жамайтын кез келді! Қызым, таң атар-атпастан тірліктерің басталады емес пе, сенің терезеге қайта-қайта қарап, жарықты тосып жатқаныңды да «көріп» тұрмын...».
Таң бозарып, терезе пердесінен әлсіз жарық түсті. Сергек ояндым. Тіпті ұйықтамаған да секілдімін. Құлағымда әкемнің даусы сақталып қалды. Қолыма қалам алғызған да сол құдыретті дауыстың ырғағы мен екпіні болса керек.