Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 13 сағат бұрын)
"Қазақ елі-550 жыл"
Құрметті ұстаздармен студенттер Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ОПЖД - 9/15 - 02, ОПЖД - 11/15 - 01, Эир - 9/15 - 01 тобының студенттерінің дайындаған "БЕС БЕЛЕС" атты шығармашылық көрінісін бастауға рұқсат етіңіздер.
(Асығыс кетіп бара жатқан бозбаланың алдынан қолтығына үлкен кітапты қыстырған бір ақсақал шығады.)
* (Бала) Ассалаумағалейкум, ата!
* (Ата) Уағалейкум ассалам, балам! Бір жерге
* (Бала) Әумин, ата. Тарих үйірмесіне кетіп бара жатырмын. өз Отанымыздың өткенінен хабарым аз екенін мойындағанан соң, оның орнын осы жолмен толтырғым келеді. Асығып бара жатқаның көрініп тұр. Жол болсын!
* (Ата) Дұрыс болған. Тарих деген – қатпары көп қалың кітап. Қажет бетін аш та санаңа сіңіре бер.
* (Бала) Бұл айтуға ғана оңай. Ондай кітап табу қайда?! Ата, қолыңыздағы не кітап?
* (Ата) Бұл – «Тарих кітабы», күнім. Бір бетін ашсаң, сол бетіне сәйкес тарихи оқиғаға куә боласың...
* (Бала) Мәссаған! Бұл менің арманым ғой! Тарих қойнауына үңіліп, тұлғалармен тілдесуді, тіпті кейбір қателерден сақтандыруды армандайтынмын.
* (Ата) Жүздесудің бәлки тілдесудің де сәті түсер. Бірақ уақыт көшін тоқтата алмайсың. Ал «Бір нәрсені өзгертемін»- ді мүлде ұмыт, көкем. Ал уақыт жоғалтып не қыламыз? Кәнеки, бір парағын ашайық.
І Көрініс
(Бір көш келе жатыр. Бала көшке қарай жақындайды)
* (Бала) Жол болсын!
* (Керей Хан) Әлей болсын! Осыдан он екі жыл бұрын Шу мен Таластың жағасына, Жетісу маңына көшіп келіп едік. Енді міне Дешті Қыпшаққа қайтып келеміз.
* (Бала) Не үшін көшіп кетіп едіңіз ата?
* (Керей Хан) Ел үшін! өз алдымызға бөлек ел болу үшін! үркердей ғана ел едік, осы он екі жылдың ішінде қарамыз көбейіп, екі жүз мыңға жеттік.
* (Бала) Неге Шу мен Таласқа? Неге Дешті Қыпшаққа? Неге орданы апарып Сарыарқаға тікпейсіз?
* (Керей Хан) Уақыты келген кезде еңсесі биік ақ орданы Сарыарқаға да тігерміз, жарқыным. Әуелі, өсіп – өніп бойымызды тіктеп алайық.
* (Бала) Ныпсыңыз кім алдияр?
*(Керей Хан) Бұрын Керей сұлтан едім, қарамыз көбейіп, қатарымыз толыққан биылдан бастап мені Керей хан деп, ал елді «Қазақ хандығы» деп атай бастады. Шыны да сол! Ал ар болыңыздар!
*(Бала) Ата қасындағы келбеті келіскен, жүзінен нұры тамған азамат кім?
* (Ата) Ол Жәнібек сұлтан, қалқам. Артынан Әз - Жәнібек деген атақ алған қазақтың даңқты ханы осы...
* (Бала) Әттеген - ай! Мен оны танымай қалдым. Тоқтатып тілдесіп...
*(Ата) Тұра тұр балам. Бұл кітапқа қол тигізген адам, тарихтың тек бес сәтінен ғана мағлұмат алуға мүмкіндігі бар. Басқаша айтқанда қазақ елінің тарихының тек бес белісімен ғана таныса аламыз. Жаңа бір белесімен жүздесудің сәті түсті. Бірақ Жәнібек – Керейдің көші ұзаңқырап кетті. Тарих кітабының келесі парағын аш.
ІІ көрініс
(ұрыс даласы. Шайқас жүріп жатыр.)
* Әбілқайыр қолбасшы!
* Әруақ!
* Бөгенбай!
* Есет!
* (Бала) Ата, бұл Аңырақай ғой!
* (Ата) Иә, құлыным жазбай таныды. Бұл сол шайқастың бір сәті.
*Саурық батыр! Садақшылар!
*Жау қашты!
*Жау аңырап қашып барады!
* Аңырақай десеңші!
* Иә, бұл шайқасты енді Аңырақай - деп атайтын боламыз.
*(Бала) Әбілқайыр қолбасшы! Неге өкшелеп қуып жетіп, бәрін түгел құртып жібермейсіз?! Мен қазір болашақтанмын. Олар ертең есін жиғасын қайта шабады.
*(Әбілқайыр хан) Балам, бұлар жау болса да бір ел. Түп - тамырымен құрту біздің діл - дінімізге жат. Қайта шапа, оны көреміз. Оның үстіне елдің іргесіне орыс, башқұр қауіп төндіре бастапты. Мен соған асығып барамын! Хош!
ІІІ Көрініс
(Бір топ адам қоршауға түсіп қалып, жан – жағынан анталаған жаудан қорғанып – ақ жатыр. Қиян – кескі қайқастан кейін қаумалаған қол бір сәтке шегінеді.)
*(Бала сыбырлап) Ата, біз тағы бір аласапранға тап болдық.
*(Ата) Қазақ тарихы – ұрыс тарихы балам. Сабыр.
* (Наурызбай сұлтан) Кене аға, маған екі жүз жігіт беріңіз, жаудың шебін жарып өтейік. Арғынбай, Иман, Бұқарбай, Бұғыбай батырлар да осы ақылды құп көріп отыр.
* (Кенесары хан) Жаудың шебін жарып өтіп аты жүйріктеріміз құтыламыз, ал қалғандар қайтеді? Қырылады ғой! Соңыма ерген елімді жауға тастап, өз басымды құтқарсам менің кім болғаным?! Жоқ, өлсек те бәріміз бірге өлеміз, құтылсақ та бірге құтыламыз.
* (Наурызбай сұлтан) Аз соғысқан жоқпыз ғой, ағеке Ресей, Хиуа, Қоқан енді міне Ресейге де қарсы бірікпедің деп қырғызбен де қырылысып жатырмыз.
* (Кенесары хан) Мен сен айтқан елдердің озбыр билеушілерімен ғана соғыстым. Қарапайым халықта еш өш – қасым жоқ! Әйтпесе қол астымда қырғыздар, қарақалпақтар, түркімендер, өзбектер мен орыстар да болар ма еді? Башқұрлар келіп зеңбірек құйысар ма еді? Жеке хатшымның орыс ұлтынан екенін білесің. Орыс біткенді жаратпайтын болсам қасымда орыс полковнигі Аржанухин, неғып жүр? Сібірден қашып келіп қосылған 100 полякты мен шеттетіп бе екем?! Жоқ! Мен жекелеген ұлт - ұлыстармен емес, қазақ елінің нақты жауларымен соғысамын...
*(Наурызбай сұлтан) Аға келіп қалды!
*(Шайқас басталады. Кенесары ханның әскерінің әнұраны шырқалады.)
«Қол үзіп сағынамын өскен жерім,
Кірім жуып, кіндігім кескен жерім.
Аман бол, көремін бе көрмеймін бе,
Атығай, Қарауыл мен Қайран Елім»
ІV көрініс
(30 - шы жылдардың интелегенциясына тән киінген қазақтың бір топ азаматы әңгіме – дүкен құрып отыр)
* (Бала) Әйтеуір бір жайбарақат отырыстың үстінен түстікау ата.
* (Ата) Әңгімелеріне құлақ түр сонда бұлардың кім екенін ұғасың.
* (Ахмет Байтұрсынұлы) Ақ болсын, қызыл болсын бәрібір. Мен қазақ халқына пайдасы тиетін үкіметте қызмет етемін...
* (Бала) Қастарына жақындайықшы ата.
* (Ата) Ел тағдырын сөз қылып жатыр, сөздерін бөлмейік.
* (Бала) Атажан – ау, бұлар Алашорданың ардақтылары емес пе?! Ертең бұлардың бәрін түгел қырып тастайды ғой! Ең болмаса, ескертейік!
* (Ата) Түк өзгерте алмайсың.
* (Бала) Ағатайлар - ау! Құдай үшін елден қашыңыздаршы! Әйтпесе! Ертең тағдырларыңыз қиын болады.
* (Ахмет Байтұрсынұлы) Кімсің өзің жарқыным?
* (Бала) Мен болашақтанмын. Әттең уақыт тығыз. Әйтпесе, бәрін айтып түсіндірер едім...
* (Ахмет Байтұрсынұлы) Біз еліміздің келешегі үшін қолдан келгенше қызмет етіп жүрміз. Бұл жолда қандай қиындық кезігіп, қауіп төнсе де төзуге бекінген жастармыз. «Біз болмасақ, сіз барсыз, үміт еткен жастарым» деп Абай атамыз айтқандай біз бітірмеген, үлгере алмаған істі сіздер жалғастырасыздар. Біз сіздерге сенеміз. Мағжан бауырымыздың мына өлеңін білетін шығарсыздар:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты -
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар.
Сөздерінде жылан бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
Жас қырандар - балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан
Мен жастарға сенемін!
Жұмсақ мінез жібектер.
Сүттей таза жүректер,
Қасиетті тілектер -
Мен жастарға сенемін! - демей ме? Біз жастарға, болашаққа сендерге сенеміз.
* (Бала) Аға, деймін
* (Ахмет Байтұрсынұлы) Қазір інім, тұра тұр. Жұп болуы үшін және барлық сұрақтардың жауабы ретінде өмірден ерте өтіп кеткен бауырымыз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «АЛАШ ҰРАНЫ»- н оқып берейін:
Алаш туы астында
Біз алаштың баласы.
Күніміз туып көргенді,
Сарыарқаның даласы.
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Ерімізді айдаған,
Елімізді лайлаған
Жерімізді шимайлаған,
өшті залым қарасы.
Жасасын алаш, жасасын!
Алаш туы астында
Қолдайтын алаш бабамыз.
"Туысқандық" "теңдік"деп,
Туын қолға ап шабамыз.
Берілгенге тілектер,
Жарылмай ма жүректер?!
Заң жасайтын орынға
Жұртпен бірге барамыз!
Қатардан орын аламыз!
Жасасын алаш, жасасын!
Алаш туы астында,
Куә болсын арымыз.
Көркейтуге алашты,
Құрбандық біздің жанымыз!
Былай тұрсын малымыз,
Алаш деген ел үшін,
Бостандық берген ер үшін,
Төгілсін біздің қанымыз!
Аялмасын жанымыз!
Жасасын алаш жасасын!
Алаш туы астында,
өлсек бірге өлдік біз.
Не жақсылық, не қайғы,
Көрсек бірге көрдік біз!
Жасасын алаш Жасасын!
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!
Адамдықтың жолында,
Бастаған ерлер соңында,
Басқаға көңіл бөлмейміз,
Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбейміз.
өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды алаш өлмейміз!
Жасасын алаш Жасасын!"
* (Бала) Ата ешкімге түк көмегім болмады, алдарынан күтіп тұрған ажалдан құтқара алмадым.
* (Ата) Балам, еліне қызмет еткен ерлер ешқашан өлмеді. Біз оларды еске алып дәріптеп, құрметтеп жатқан кезде, олар мәңгі тірі. Алдағы қазақ хандығының 550 - жылдығын атап өту де - қазақ үшін қасық қаны қалғанша күрескен ерлерді ұлықтаудың бір көрінісі.
* (Бала) Ата, батырлардың бәрі бұрынғы заманда өтіп кеткен ғой иә?
* (Ата) Неге, құлыным, күні кеше 86 да өзің сияқты өрімдей жастар әділетсіздікке төзбей алаңға шықты.
* (Бала) Олар да батыр ма, сонда?
*(Ата) Әрине, жастар Кеңес Империялық саясатына қарсылық білдірді. Алайда, кадр және тіл саясатындағы қиянаттарға төзімсіздік танытқан бұл толқу аяусыз басылып - жанышталды. Қудалаудың өзі бірнеше жылға созылды.
* (Бала) Онда бұны да қазақ тарихының бір белесі деп тануға болады ғой.
* (Ата) Әлбетте күнім!
* (Бала) Сол парақты да бір ашайық ата.
V көрініс
(Сот залы)
* (Айыптаушы) Айыпталушы, сонымен, соңғы рет сұраймын: Алаңға не үшін шықтың?
* (Қайрат Рысқұлбеков) Менің түсінігімше, ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдар да ұрғашысына мүйіз я болмаса тұяғын көтермейді. Ал біз бәріміз аң емес адамзаттың ұлы – адамбыз, сондықтан ер адам әйел затына қол көтеріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі еш правасы жоқ. Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен, әйел затына ер болып өз қол ұшымды беріп, көмектесу үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенінше көмектескенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін өкінбеймін, керісінше үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ, бір құдай өзі куә, адам баласын ешқашан өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасау менің қолымнан келмейді. Ешқашан... Ешуақытта!... Ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милицияны ұрып соққаным да рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман - есен зыр жүгіріп жүр. өз қолыммен жасаған бар теріс қылық, бар қылмысым осы ғана!
*(Айыптаушы) Сен қасарысып қылмысыңды мойындамай отырсың! Атыласың!
* (Қайрат Рысқұлбеков)
"Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең атыңдар!"
* (Бала) Ата, мен оған қазақ халқы оны ешқашан ұмытпайтынын айтсам қайтеді?
* (Ата) Керегі жоқ, ол өзінің ұмытылмайтынына сенімді. Сот залында өзін осылай ұстауына күш беріп тұрған да сол сенім. Адам өз ісінің дұрыстығына бек сенімді болған кезде оған еш нәрсе кедергі бола алмайды.
* (Бала) Ата, мен бүгін тарих үйірмесінен қалып қойдым. Бірақ бұған еш өкінбеймін. Қаншама ғаламат сәттерге куә болдым. Куә болған бұл бес белесті мен ылғи мақтанышпен айтып жүретін боламын.
* (Ата) Сен үйірмеге әлі үлгересің, көкем. Сағатыңа қарашы, біз еш уақыт жоғалтқан жоқпыз. Тарих қойнауына сүңгіп, одан ғибрат алуға кеткен уақыт жоғалған уақыт болып саналмайды.
* (Бала) Ғажап! Біз жаңағы оқиғалардың бәрін қас қағым сәтте көріп шықтық. Бес белес!
* (Ата) Бұндай белестер қазақ тарихында бесеу емес сан мыңдап табылады, қарағым.
* (Бала) Ата – бабаларымыз, аға апаларым көрсеткен үлгі - біз үшін күрес тоқтамақ емес жалғаса береді, сондықтан қым - қуыт заманда біздер білімді әрі батыл болуымыз керек иә ата? Ата қайдасыз?! Ата!
* (Ата) өткен тарихыңды ұмытпа қарағым! Ел үшін от кешкен ерлерді қадірле! Қазақтың ханы бар, батыр биі, ақын – ғалымы бар барлығы осы елдің егемендігіне еңбегін сіңіріп әрі қарай өркендеуін Сіздерге тапсырды. Алдарыңда талай - талай асулармен белестер тұр!
(Қойылым кейіпкелері Керей хан, Әбілқайыр хан, Кенесары хан, Наурызбай сұлтан, Ахмет Байтұрсынұлы, Қайрат Рысқұлбеков бірінен соң бірі сахнаға өте бастайды)
* (Керей Хан) Мен әрқашан "Ел болам" деген азаматтардың қасынан табыламын! Ауызбіршілік мықты болсын! Ел бірлігі аманат!
*(Әбілқайыр хан) ұрпағым мені ұмытпаса желбіреген жалауын бірге ұстасып ешбір дұшпанға басындырмай мәңгі қасында жүремін! Жерім саған аманат!
*(Кенесары хан Наурызбай сұлтан) Біз қашанда намысты қазақтың қасынан табыламыз. Рухтарың биік найзаларыңыз ұшты болсын! өр Рух саған аманат!
* (Ахмет Байтұрсынұлы) Менің жүрегім "ҚАЗАҚ" деп соққан әрбір жүрекпен бірге соғатын болады. Алаш аман болсын! Заман көшінде алда болыңдар! Алаш саған аманат!
* (Қайрат Рысқұлбеков) Мен әрқашан "отан үшін отқа түсуге әзір" жастардың сабындамын. Ешкімге тәуелді болмаңдар! Тәуелсіздік жасасын Егемендік аманат!

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама