Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сағадиев мұғалімді қай жағдайда жазаға тартуға болатынын айтты

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев министрлік блогына түскен сауалға жауап бере келе қандай жағдайда мұғалімнің жұмыстан шығарылатындығын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Индира Ысқақова педагогтың жұмыс орнында шу шығарғандығын айта келе: «Мұндай қылық қалыпты жағдай саналмайды әрі педагогтың әдеп кодексін және білім туралы заңды бұзу болып табылады. Жалпы, мұндай педагог балалармен қалай жұмыс істейді? Басшы мұндай педагогке қатысты шара қабылдауға тиіс пе екендігін білгім келеді. Оны адамгершілікке жат қылығы үшін жұмыстан шығаруға құқы бар ма?», - деп жазған еді.

Өз кезегінде министр тәртіптік жаза қолдану барысында Еңбек кодексіне сәйкес дәлелдердің болуы, жасалған жат қылықтың ауырлығы мен оның жасалу барысында жағдай ескерілуі тиістігін еске салып өткен. Оның атап өтуінше, «Білім туралы» заңға сәйкес педагог қызметкерлердің міндетіне оқушыларды жоғары адамгершілікке, ата-анаға, этномәдени құндылықтарға құрметпен қарауға, қоршаған ортаны аялауға үйрету кіреді. Мұғалім педагог әдебін сақтауы, оқушылардың, тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналарының немесе басқа да заңды өкілдерінің ар-намысы мен беделін құрметтеуі тиіс.

Ұстаз өз қызметінде Қазақстан Республикасы педагог қызметкерінің жоғары атағының беделін түсіруге мүмкіндік туғызатын іс-әрекеттерді жасауға жол бермейді, өзінің қызметтік міндетін адал және сапалы орындайды, білім беру ұйымының мүлкіне ұқыпты қарайды және оны жеке мақсатта пайдаланбайды, жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайларына немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, адамның құқығын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтейді, жалпы қабылданған адамгершілік-әдептілік нормаларын, сыпайылық пен биязылықты сақтайды.

«Міндетін бұзғаны және педагог қызметкер атына кір келтіретін қылық жасағаны үшін педагог Қазақстан заңымен белгіленген жауапкершілікке тартылуы мүмкін. (...) Жоғарыда айтылғандардың негізінде тәрбиелік қызметті орындайтын қызметкер жұмысын одан ары жалғастыруға мүмкіндік бермейтіндей адамгершілікке жат мінез-құлық танытатын болса, онда жұмыс беруші тарабынан жұмысшымен еңбек келісімшарты бұзылуы мүмкін», - деп жазды министрі.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама