Photo: Juan Pablo Serrano (https://www.pexels.com/@juanpphotoandvideo) / Pexels
- 12 ақп. 2026 03:00
- 16
"Шақырылмаған қонақтар": Алматыдағы тойда бейтаныс адамдардың әрекеті жұртты таң қалдырды
Алматыда 7 ақпанда өткен ұзату тойында болған оқиға жұртшылықтың назарын аударды. Екі бейтаныс адам тойға кіріп, өздерін еркін сезініп, тамақтанып, би билеп, тіпті суретке де түскен. Бұл жағдай Threads платформасында қызу талқыланып, екі миллионнан астам қаралым жинады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Той иесінің шағымы
Алматыдағы мейрамханалардың бірінде өткен тойда бір адамға арналған орынның құны 55 мың теңге болған. Той иесінің айтуынша, қонақтардың орны алдын ала белгіленіп қойылғанына қарамастан, мереке кезінде кейбір орындардың жетіспей жатқаны байқалған. Кейін белгілі болғандай, бұл орындарды екі бейтаныс адам иеленіп алған.
"07.02 күні ұзату тойымыз болды. Екі адам келіп, шақырылмаса да бос орындарға отырып алды, тамақ ішті, би биледі. Ал біз орын неге жетпей жатыр деп аң-таң болдық. Мейрамхана арзан емес – бір адамға 55 мың теңге", – деп жазды той иесі.
Бейтаныс қонақтардың түсініктемесі
Кейінірек, тойға кіріп кеткен қонақтардың бірі жазба авторымен байланысқа шығып, мұның себебін түсіндіруге тырысқан. Ол шетелдік танысына қазақтың той дәстүрін көрсеткісі келгенін, бұл әрекетін қазақтардың қонақжайлылығымен байланыстырғанын айтқан.
Желідегі пікірталас
Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Кейбірі жағдайды әзілге айналдырса, енді бірі мұндай әрекетті әдепсіздік деп бағалады. Желіде "Адамдарға бөтен тойға баруға ерінбейді екен. Өз тойыма баруға ерінемін", – деген сияқты пікірлер көптеп айтылды. Сондай-ақ, "Неге олар суретке түсті?" деген сұрақтар да қойылды.
Бұл жазба Threads желісінде қысқа уақыт ішінде кеңінен таралып, екі миллионнан астам қаралым жинады.