Шымшықсақал король
Бір корольдің асқан сұлу, әрі мінезі өте кірпияз қызы болыпты. Ол өзін жар етуге дәмеленіп келгендердің бәрін ұнатпайды. Ұнатпағанымен қоймай, әрбіріне ат қойып, айдар тағып мазаққа айналдырыпты. Кәрі король жалғыз қызының бұл қылығын кешірумен болады. Ақыры күндердің күнінде оның да шыдамы таусылып бітеді.
Әлі де болса, ханшайым ұнататын біреу табылып қалар деген үмітін үзбеген король үлкен той-мереке ұйымдастырып, оған алыс-жақын елдерден, көрші қалалардан жас жігіттерді шақыруды бұйырады.
Күйеу бала болуға дәмелілер де аз емес екен. Оларды атақ-дәрежесіне, байлығына қарай қатарға тұрғызыпты. Ең әуелі корольдер мен олардың мұрагер ханзадалары, одан соң герцогтар, одан соң князьдар, графтар мен барондар, ең соңында қарапайым дворяндар тұрыпты.
Король ханшайымды өзі ұнатқан адамын таңдауы үшін үміткерлер қатарын бойлата аралатып өтеді.
Алайда ханшайым бұл жолы да ешкімді көзге іліп менсінбепті. Әрқайсысына бір-бір мін тағып үлгереді.
Үміткердің бірі оған тым толық болып көрінеді:
— Шарап бөшкесінің дәл өзісің! — депті оған.
Келесі бірінің ұзын бойы мен мұрнына бола: «Көкқұтандай тыртиған, тұмсығы біздиген», — депті.
Үшіншісінің бойы аласа екен, оған:
— Бойың жермен жексен, ренжіме таптап кетсем! — деп мысқылдайды.
Төртіншісінің түрі қуқылдау көрінген соң оны:
— Өліктей қуарған, сырықтай сидиған! — деп шенейді.
Бесіншісінің беті нарттай қызыл екен. Оны да:
— Қаны шыққан қызыл тән, судан шыққан қызыл шаян! — деп мінейді.
Алтыншысының денесі еңкіштеу екен.
— Кепкен бұтақ секілді. Сулы емес — қурақсың, түзу емес — қисықсың, — дейді оған.
Осылайша әрқайсысын әжуа қылып, әйтеуір бір мін тауыпты.
Әсіресе, ең сыйлылардың бірі ретінде қатардың ең басын ала тұрған бір жас корольді ерекше күлкі қылыпты. Өзге бойжеткендер болса, бірден-ақ ұнатқан болар еді. Бірақ біздің ханшайым бір қитық таппай қойсын ба!
— Пах! — деп сақылдай күледі қыз — Қараңдаршы! Қараңдаршы сақал-мұртына, ұқсайды шымшық тұмсығына! Шымшықсақал король! Шымшықсақал король!
Қатарда тұрғандардың барлығы мұны естіген соң, бұдан былай оның шын атын ұмытып, Шымшықсақал король деп атайтын болыпты.
Ақыры шыдамның да шегі бар ғой, ол да таусылады.
Сұлу ханшайымның жар таңдауға еш ниеті жоқтығына әбден налыған кәрі король, ақыры қамалдың қақпасын бірінші болып қаққан адамға, мейлі ол тақыр кедей болса да беремін деп өз-өзіне серт беріпті.
Екі күн өтеді. Кенет қамал терезенің түбінен даңғырлаған аспап үні естіліп, әлдебір әнші ән сала бастайды. Бірақ оның үні тыңдаған жанды шаттандырар көңілді емес, керісінше тиын-тебен дәметкен қайыршының әуені еді.
Король қайыршының әнін тыңдап болған соң, оған қызметшілерін жұмсайды:
— Оны сарайға кіргізіңдер. Тура маған алып келіңдер! — дейді.
Жалба-жұлба киімді, кір қожалақ әнші сарайға имене кіріп, король мен патшайымды мадақтап, сасқалақтап ән айта бастайды. Осыдан кейін иіліп тағзым етеді де, рақым етіп қайыр-садақа беруін өтінеді.
Сонда король:
— «Сыйға сый — сыраға бал» деген. Салған әнің маған қатты ұнады. Осы ризашылығым үшін саған өзімнің қызымды әйелдікке беремін, — дейді.
Мұны естіп шошып кеткен ханшайым әкесінің алдына етпеттей құлап, жалынады. Әкесі болса қызына көзінің қиығын да салмайды.
— Шегінерге жол жоқ! — дейді король. — Мен сенің оспадар қылығың үшін, бірінші кездескен адамға, мейлі кедейге болсын, ұзатамын деп серт бергенмін, сертімде тұрамын!
Қызы қаншама жалынып жылап-сықтаса да тыңдамастан, бірден пірәдарды шақыртып, кедей мен ханшайымның некесін қиып жібереді.
Неке қию рәсімінен кейін король:
— Кедейдің әйелі ретінде менің сарайымда қалуыңа рұқсат жоқ. Күйеуіңмен бірге қайда кетсең де өз еркің! — дейді.
Кедей музыкант үн қатпастан, жас келіншегін жетелеп қамалдың қақпасына беттейді. Ханшайым әкесінің сарайынан алғаш рет сыртқа жаяу шығады.
Ханшайым сөйтіп басы салбырап, күйеуінің артынан еріп, тастақ жолдың шаңын бұрқылдатып жүре беріпті.
Ойпаттар мен қырларды, сүрлеулер мен соқпақтарды басып өтіп жүре-жүре бір ну орманның шетіне ілінеді.
Олар әбден шаршаған соң бір кәрі теректің түбіне демалуға отырған кезде ханшайым осынау саялы орманға қызығып кетіп күйеуінен сұрайды:
— Ғажап, көкжиекпен астасқан бұл әсем орманның иесі кім болды екен ә?
— Бұл орманның қожасы — Шымшықсақал.
Егер оны мазақтамай, шыққан болсаң,
Сенікі де болар ед, мына орман, — дейді күйеуі.
Сонда кедейдің ханшайым әйелі:
— Басым бос егер болса менің,
Шымшықсақалға шығар едім! — деп жылайды. Музыкант оған көзінің қиығымен қарап қояды, бірақ үндемейді. Сөйтіп ары қарай жүре береді.
Сөйтіп жүре-жүре жағасында жасыл құрағы жайқалған суы мол өзенге жетіпті. Сонда ханшайым тағы сұрайды:
— Айдын су мен көк шалғын кімдікі екен ә?
— Бұл шалғынның қожасы — Шымшықсақал.
Егер оны мазақтамай, шыққан болсаң,
Сенікі де болар ед, мына шалғын, — дейді сонда күйеуі.
— Әттең, — дейді сонда көзінің жасын жұтып ханшайым. — Бостандық қолға тиер болса, Шығар едім Шымшықсақалға!
Музыкант қабағын түйіп, басын шайқап қояды, бірақ оған ештеңе демейді. Сөйтіп ары қарай жүре береді.
Ақыры күн ұясына еңкейге кезде ханшайым мен кедей бір үлкен де сәулетті қаланың қорғанына келіп жетеді. Алтынмен апталған қақпаның ар жағында биік мұнаралар көкке бойлайды.
Ханшайым сонда сұрайды:
— Мынау қақпаның ішіндегі мұнаралы қала кімдікі болды екен?
— Бұл қаланың қожасы — Шымшықсақал.
Егер оны мазақтамай, шыққан болсаң,
Болар еді бұл қала сенің қалаң, — дейді сонда күйеуі.
Сонда әбден шыдамы таусылған ханшайым, қолын көкке көтеріп былай деп көз жасын көлдетіпті:
— Бас бостандық қайтадан тисе қолға,
Барар едім жары болып Шымшықсақалға!
Музыканттың шыдамы таусылып, қатты ашуланады:
— Ендеше, тыңда айналайын! — дейді ханшайымға, — сенің әлдекімге күйеуге шықпағаныңа өкініп, зарланып келе жатқаның маған мүлде ұнап тұрған жоқ. Әлде мен талғамыңа татымайтын жаман адаммын ба?
Ханшайым үндемеді. Бұдан соң олар бір-бірімен сөйлеспестен қаланы аралап жүре береді. Ақыры қаланың ең арғы шетіндегі белуардан жерге батқан кіп-кішкентай ескі үйшікке келіп жетіпті. Мұны көрген ханшайымның жүрегі аузына тығылады. Ақыры күйеуіне имене қарап былай деп сұрайды:
— О, құдайым, бұл қаусаған ескі үйшік кімдікі?
— Бұл менікі, яғни сенікі! — деп паңдана жауап береді музыкант қисайған есікті ашып жатып, — бұл екеуіміздің үйіміз, біз енді осында бірге тұратын боламыз. Кір! — дейді.
Маңдайшасы тым аласа есіктен енген кезде басып соғып алмас үшін ханшайымның иіліп-бүгілуі қажет болды.
— Қызметшілер қайда жүр? — деп сұрайды ханшайым жан жағына қарап.
— Қайдағы қызметшілер? — дейді сонда кедей. — Бәрін өзің істеуге тура келеді. Қазір дереу от жағып, маған жейтін бірдеңе әзірлеп жібер, қатты шаршадым, әрі қарным аш.
Ханшайымның шаруаға еш қыры жоқ еді: от жағу, ас пісіруді мүлде білмейтін. Ақыры аш қалатын емес, музыканттың өзі қимылдауға тура келді. Жүдеу дастарханнан ас ішкен олар ұйықтап демалуға кірісті.
Күйеуі таңертең ханшайымды елең-алаңда оятып алады:
— Қанек, тұр қазан-ошақ иесі! Сенің жұмысыңды істеп беретін ешкім жоқ!
Келесі күндерді де олар осылай күйбең тіршілікпен өткізеді, ақыры азық-түлік қоры да таусылыпты. Осы кезде ері ханшайымға былай деп бұйырады:
— Ал, зайыбым! — аздап үйреніп қалдың. Бұл босқа отыру жақсылық әкелмейді. Біз тек қана сатып алып жатырмыз. Табысымыз жоқ. Ендеше сен себет тоқы. Табысы аз болса да, қиын жұмыс емес.
Күйеуі тоғайдан талдың бұтақтарын кесіп дайындап, бір құшақ қылып үйге алып келеді. Ханшайым тоқуды бастайды, алайда талдың қатты бұтақтары оның нәзік саусақтарын жарақаттап, қанатып тастайды.
— Ал! — дейді ері, оның жұмысына қарап: — Бұл іске де ебің жоқ екенін көріп тұрмын, — дейді жұбайы, — бұдан гөрі жіп иіруге кіріскенің дұрыс болар; мүмкін тоқығаннан гөрі иіргенге ебің бар шығар...
Ханшайым жіп иіруге отырады, алайда қатты жіп оның жұп-жұмсақ саусақтарын жіп қажап, аппақ қолы қып-қызыл қанға боялды.
— Көрдің бе, міне, ешқандай жұмысқа ебің жоқ, — дейді күйеуі, — Жарайды, тағы бір ұмтылыс жасап көрейік, — қыш құмыралар мен саздан жасалған ыдыс-аяқтар сатумен шұғылданамыз: сен бұл тауарларды базарға шығарып сатасың.
«Қандай масқара! — деп ойлайды ханшайым. — Егер базарда әкемнің корольдігінің адамдары жүрсе, онда балшық ыдыстарды сатып отырған мені көрсе, мазақтап күлетін болды ғой!» Бірақ шегінерге жол жоқ еді, бостан бос ашығып өлгенше, базарда тұрған жөн деп тапты.
Ханшайымның базардағы алғашқы күні сәтті өтті: оның тауарларын сатушының сұлулығына бола, алушылар өте көп болды... Аузынан шыққан бағаға алып, тіпті кейбіреулері ақшасын бергенімен, қыш құмырасын алмастан кетіп жатты.
Осы тапқан-таянғандарына күнелткен олар, бәрін тауысқан соң, күйеуі тағы да көп құмыра сатып алып, әйелін базарға жұмсайды. Ханшайым базардың бір бұрышына құмыраларын айналдыра тізіп орналастырып, сата бастайды.
Қырсық шалғанда, әлдеқайдан кенет салт атты мас гусар шауып шыға келіп, құмыралардың ортасын қақ жарып өте шыққанда, ыдыстары түгел күл-паршасы шығып сынып қалыпты.
— Енді қайттім! — деп аһ ұрады ол, — күйеуім бұл үшін қандай сөгіс-жаза қолданар екен!
Ханшайым жүгірген бойы күйеуіне келіп, болған жайды баяндайды.
— Саған осындай сынып қирағыш тауармен базардың бұрышында отыр деген кім бар? — деп ренжиді әнші, — Жылап-сықтаудың қажеті жоқ! Сенің ешбір жұмысты жарытып істейтін түрің көрінбейді! Ендеше былай: мен корольдің қамалында болып, ас үйге ыдыс жуушы қажет емес пе деп сұрадым. Олар маған сені сол жұмысқа аламыз деп уәде берді; тым болмағанда ол жерден тамағыңды тауып жейтін боласың.
Осылайша көрікті ханшайым ыдыс жуушыға айналыпты. Ол аспаздың айтқанын істеп, ылғи қара жұмыстар атқарады. Алжапқышының терең қалтасына үлкен құтылар салып қояды да, өз үлесіне тиген тамақтардың қалдығын соған сүңгіте береді. Кешке үйге барған соң осымен тамақтанатын.
Ыдыс жуушы ханшайым күйе басқан қазандарды қырып, пештен күл шығарып жүргенде, сарайда үлкен оқиға — жас корольдің үйлену тойына қызу дайындық жүріліп жатты.
Ақыры салтанатты күн де келіп жетті.
Өзіне тиесілі жұмысты бітірген ханшайым да асүйден еппен шығып, өзге малайлармен бірге алыстан болса да корольдік тойды көрмекке салтанатты залдың есігінен сығалап тұрады. Шамдар самаладай жарқыраған, бірінен бірі өткен әсем, бірінен бірі өткен қымбат киім киген қонақтар да ағылып келіп жатыр. Ханшайым байғұс өзінің қатал тағдырына күрсіне нали тұрып, осындай кемсітушілік пен кедейшілікке ұрындырған тәкаппар, өркөкірек мінезіне қарғыс айтады: «Мен өзімді кеше ғана әлемдегі ең жоғарғы адам санап жүр емес пе едім. Енді кіммін? Төменгінің төменгісімін...»
Үлкен-үлкен ыдыстармен тасып әкетіп бара жатқанда иісі ғана мұрнына келген дәмді тамақтардың желінгеннен қалған қалдығын қызметшілер лақтырғанда, ханшайым оларды үйіне әкету үшін құтыларына жинай береді.
Кенет залдың есігі ашылып, мақпал мен атлас киіп, мойнына алтын алқа салған ханзада шығады.
Ол есік алдында тұрған сұлу ханшайымды көріп, қолынан тартып, биге шақырады. Бірақ байғұс қыз ханзаданың бетіне қараудан тайсақтап, басын көтермепті. Ханшайым оның өзін танып қоймауын іштей тілейді! Себебі, бұл ханзада өткенде өзі күлкіге айналдырып қайтарған Шымшықсақал, — Шымшықсақал корольдің дәл өзі еді!
Оның қолынан сытылып шығу қиын еді. Қыздың тартынғанына қарамастан Шымшықсақал ыдыс жуушы қызды залдың ортасына күшпен жетелеп апарады...
Осы кезде оның алжапқышының бауы үзіліп кетеді. Құмырасы қалтадан ұшып түсіп, еденге быт-шыты шығады. Сұйық тамақ, қою тамақ, шала мүжілген сүйек-саяқ жан жаққа шашылады.
Король сарайының қабырғасы қарқылдаған күлкіден жарылып кете жаздайды. Байғұс қыз жердің тесігі болса кіріп кетердей қатты қорланып, ұялыпты.
Ұяттан өртенген қыз екі алақанымен бетін басып алып, сыртқа қарай шыға қашады.
Бірақ баспалдақта оын әлдекім қуып жетіп, иығынан сүйеп өзіне қаратады.
Ханшайым басын көтеріп қараса, алдында тұрған тағы да әлгі Шымшықсақал король екен! Ол қызға жұмсақ үнмен былай депті:
— Қорықпа! Сен шынымен мені танымадың ба? Әлгі саған үйленіп, қаланың шетіндегі ескі үйшікте бірге тұрған музыкант — мен болатынмын. Базарда сатып отырған барлық құмыраңды сындырып кеткен мас гусар да мен болатынмын. Саған деген махаббатым үшін мен киімімді өзгертіп, сені өзімді мазақтап қорлаған жолмен алып жүріп өттім. Қорлану, мазақ болу дегеннің дәмі қандай ащы болатынын саған сезіндіргім келді. Сенің кеудеңдегі жүрегің де әсем жүзің сияқты нұрланғанын қалап едім.
Ханшайым сонда өкси жылап былай депті:
— Әттең, бәріне кінәлі өзіммін. Мен сізге жар болуға лайықты жан емеспін...
Король ханшайымның сөзін аяқтатпады:
— Сабыр ет, қымбаттым, қиындықтың бәрі артта қалды. Ал, ендеше, дәл қазір екеуіміздің үйлену тойымыз басталсын!
Сол-ақ екен, сарай қызметшілері келіп ханшайымға, асыл тастармен зерленген қымбат киімдер кигізеді де бұдан да үлкен залға жетектеп апарады. Кіріп келсе, нағыз беделді қонақтар осында күтіп отыр екен. Төрдің басында — өзінің әкесі, қарт король!
Сарайға жиналғандардың барлығы Шымшықсақал король екеуінің некелік одағына бақыт тілепті. Нағыз думанды той енді қызды. Би биленді, ән шырқалды.
Сол тойға сен екеуіміздің қатыспағанымыз ғана өкінішті...
Аударған Асылбек Байтанұлы