Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шырша шамдарын жағамыз
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы,
Баутин ауылы "Ақбота" балабақшасының тәрбиешісі
Борашева Гулжан Догдырбаевна

Білім беру саласы: Шығармашылық.
Бөлімі: Сурет салу.
Тақырыбы: Шырша шамдарын жағамыз.
Мақсаты:
А) Жаңа жыл мейрамына байланысты кешті еске түсіре отырып, берілген суретті жалғастырып саусақтарымен, таяқшаға оралған мақтамен сурет салуға үйрету.
Ә) саусақтарының икемділіктерін арттыру;
Б) әсемдікті сезіне білуге, сурет салуға деген қызығушылық сезіміне тәрбиелеу.
Қолданылатын көрнекі құралдар: демонстрациялық материалдар.
Қажетті құрал жабдықтар: түрлі түсті бояулар, әр балаға арналған таяқшаға оралған мақта, үлестірмелі материалдағы фон, қол сүрткіштер, су.
Сөздік жұмыс: жарқыраған, поролон.

Тәрбиеші: Балалар сендерге Жаңа жыл мейрамындағы шырша ұнады ма? Ал сол мейрамдағы ойыншықтар ұнады ма?
Балалар: Жаңа жыл мейрамында не көргендері, не ұнағандары жайлы әңгімелеп береді.
Тәрбиеші: Міне сол сендерге ұнаған ойыншықтар ойын бұрышында Жаңа жыл мерекесін өткіземіз деп шешіпті. Аққала орманда жүріп, Жаңа жыл мерекесіне кешігіп қалыпты. Жарқыраған шамдары мен ойыншықтары бар шыршаны тамашалай алмай қалыпты. Сол әдемі шыршаны көргісі келеді, сондықтан сендерден мына жасыл шыршаны әдемі ойыншықтармен безендіріп беруді сұрайды.
Көмектесеміз бе, балалар?
Балалар: Көмектесеміз.
Тәрбиеші: Сендер Жаңа жылдық қандай ойыншықтарды жақсы көресіңдер?
Балалар: өздері жақсы көретін ойыншықтары жайлы айтады.
Тәрбиеші: Аққала да өзінің шыршасын әдемі ойыншықтарымен безендіргісі келеді. Алдарыңдағы қағазда әдемі Жаңа жыл шыршасы бейнеленген. Саусақты, таяқшаға оралған мақтаны (бастырма, поролон) әртүрлі бояуларға батырып алып, осы шыршаға арналған ойыншықтарды бейнелейміз.

Балалар: Тәрбиешінің көрсетуі бойынша саусақ, поролон, әртүрлі бастырма арқылы ойыншықтар бейнесін шыршаға салады.
Тәрбиеші: Әркім өзіне ұнаған түстерін пайдалануға болады. Оқу іс - әрекеті барысында қиналған балаларға бағыт - бағдар беріп отыру, балалардан қандай ойыншық салып отырғанын сұрау қажет.
Балалар: салған ойыншықтары жайлы әңгімелейді.
Тәрбиеші: Жұмыс соңында суреттерін жинап алып, Аққалаға беріп жібереді. Балалар суреттерін салып болған соң мынадай өлең жолдарымен аяқтайды:
Тамаша, тамаша!
Шыршамыз тұр жараса.
Басында әсем жұлдызы,
Көз тоймайды қараса.
Балалар: өлең жолдарын бірге қайталайды.
Тәрбиеші: Аққаланың балалар салған суреттерге қатты қуанып, өзін Жаңа жыл кешінде жүргендей сезінетінін айтты.
Балалар: жұмыстарының сәтті шыққанына қуанады.

Күтілетін нәтиже:
Біледі: қыс мезгілінде Жаңа жыл мейрамының болатынын.
Игереді: ойыншықтармен шыршаны безендіруге болатынын.
Меңгереді: саусақ және таяқшаға оралған мақтаны пайдаланып ойыншықтарды салуды.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама