Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Соқыр үміт

Наташа тағы да Саяхат автобекетіне бет алды.

Сергей, өзінің сүйікті Сергейі, Серёгасы бүгін келуі тиіс. Ол сөзсіз сүйіктісіне оралады. Оны Алматыға барып күтіп алмаса ренжіп қалар, өкпелеп қалар. Сіздер білмейсіздер ғой, ол бала сияқты болмашы дүниеге бұртия қалады. Оның жанын дәл Наташадай ешкім түсінген емес, түсіне де алмайды.

Наташа Сергейін Саяхаттан күтіп алып қуантқысы келеді. Өзінің қалай сағынғанын айтпақ. Осы уақытқа дейін көрген қорлығын әңгімелемек.

— Ах, Серёга, Серёга. Мәскеуге сенімен бірге кетсемші. Сенің мұншалық кешігеріңді білгенде, тозаққа болсын өзіңе еріп барар едім.

Серёга жігіттің төресі болатын. Оның Наташаны еркелеткені де керемет қой, шіркін! Ол «мысығым, мысығым» деп ғашығының сүйір мұрнын қысып-қысып қоятын-ды. Кейде «Сен қызыл көйлек кисең, қызғалдаққа ұқсап кетесің» дейтін. Ол-ол ма,«Сенің шиедей еріндеріңді сүйе бергім келеді» деуші еді.

Наташа жолға шықпас бұрын қызыл көйлегін іздеген болатын. Қайда қалғаны белгісіз, қызыл көйлек ұшты-күйлі жоғалыпты. Амал жоқтықтан қолына ілінген киімді кие салды. Артынша ернін боямақ болып айнаға қарап еді, шошып кетті. Кішкене ғана қол айнаның ар жағында он сегіздегі қыз емес, алпысқа келген кемпір тұр.

Наташаның аяғынан әл кетіп, басы айналып құлап бара жатты. Абырой болғанда, қабырғаға сүйеніп қалды. Әйтпесе жерге дүрс ете түсер еді.

Әлден уақыттан соң Наташа өз-өзіне келе бастады. Денесі сонда да дір-дір етеді.

— Маған не болған? Мен шынымен қартайып кеткенмін бе? Мына түрімді Серёга көрсе, безіп кетеді ғой менен... Безіп кетеді.

Қос қолымен шашын жұлып еңіреп қоя берді.

— Құдайым-ай, не жаздым мен саған? Жазығым не? Серёганы үмітімді үзбей күткенім үшін осылай жазалағаның ба? Ендігі өмірім не болады? Сенің алдыңда қандай күнәм бар еді? Айтшы. Не болса да айтып өлтірші...

Наташа сүт пісірім уақыт еңкілдеп жылап алды да, орнынан тұрды. Сосын асықпай беті-қолын жуды. Қайтадан айнаға қарауға дәті жетпей, қолындағы далапты аузына тигізді де, ернін жымқырды. Сергейі құшырлана сүйетін ерні кезеріп кеткен бе, қалай өзі?!

Міне, Сергейді Мәскеуге аттандырған Құлжа күрежолы. «Бір айдан соң келем» деген Серёга әлі жоқ. Неге мұнша кешікті? Неге? Ол бұлай кешікпеуге тиіс еді ғой.

Әне, анау емен ағаштың түбінде Наташа Сергеймен тұңғыш рет сүйіскен. Ех, қайран күндер! Ғашығы Наташаны осы ағаштың түбінде ұзақ-ұзақ аймалайтын, еркелететін. Ал Наташа болса, ана бір сәкіде Серёганы алдына жатқызып алып, шашынан сипап отыратын. Күні кеше ғана болған сияқты. Сайран салған сол күндер зымырап өтті де кетті...

Наташа шиқылдап келіп, ентіге тоқтаған автобусқа мінді. Автобустың іші күңгірт тартып кеткен секілді. Күңіренген бір күй ойнап жатыр. Осы, осы қара адамдардың күйі де, әні де қайғылы болатыны несі екен?.. Бұларда неге қуанышты әндер жоқ?.. Әйтеуір, зарлайды да жатады. Онсыз да жетісіп жүрген жоқпын. Қолдан келмейді-ау, әйтпесе ана музыканың үнін өшірер еді. Серёга келсінші, мұны да айтам. Ол орыстың әуезді әнін қойғызады. Сөзсіз сөйтеді.

Бәлкім, Сергейі қазір Саяхат автобекетіне келіп алған шығар, ә?! Қолында бір құшақ гүлі бар ол Наташаны тағатсыздана күтіп отырған болар.

Серёганың Наташаға гүл сыйламаған күндері сирек. Ол күн құрғатпай сыйлық жасайтын. Талғамы да керемет еді ғой! Ол сыйлаған гүлдер қандай әдемі еді!

Мен білсем, қазір Серёга құшағын гүлге толтырып Саяхатта тұр. Наташа жүгіріп барып, оның кеудесіне құлайды. Сөзсіз сөйтеді. Мына автобус шіркіннің шабан аттай жүрмей қойғанын қарашы. Баяғыда Сергей екеуі қалаға әп-сәтте жетуші еді ғой. Сергейдің әңгімесі бәрін, бәрін ұмыттырып жіберетін. Айналасында кім бар, олар не айтып отыр, олар не ойлайды, мұны қызықтырмайтын. О, ол кезде күмбірлеген мынандай музыка ойнамаушы еді. Елдің бәрі бір тілде сөйлейтін, бір тілде ән айтатын. Айналасындағы адамдар не айтып жатқанын түсінетін, білетін. Өзіне жақпайтын, ұнамайтын сөз естісе, шап ете түсетін. Ешкім де мұны сыртқа теппейтін-ді. Осы автобуста өзі би, өзі қожа еді. Ол Сергей барда бақытты еді ғой, бақытты еді!..

Наташа терезеден түскен күннің сәулесін пердемен көлегейлеп отырған жігітке көзі түскені сол еді, жүрегі дір етті. Құдай оңдады деген осы... Мынау менің Серёгам ғой! Дәл өзі! Ол маған неге қарамайды? Жоқ әлде көрмей тұр ма? Наташа әлгі жігітке қарай ұмтылып барып тоқтай қалды. Сергей емес. Дене тұрпаты, сыртқы пішіні Сергейіне ұқсағанымен, мүлдем басқа жігіт екен. Жан дүниесі тағы да құлазып сала берді.

Ескі күндер тізбектеліп көз алдынан өтіп жатыр.

Наташа мектепті бітірген жылы Сергеймен осы автобуста танысты. Кешкісін Алматыдан қайтқан беті болатын. Саяхат автобекетінде мұншалық адам көп болар ма?! Алматыдан Есік қаласына қатынайтын екі автобусқа сыймай қалды. Құдай оңдап, үшіншісіне аяқ іліндірді. Қарақұрым халық автобусқа лап қойған кезде бұл да елден қалмай алға ұмтылған еді. Мұны бір жігіт қолтығынан демеп жіберді. Егер ол болмағанда елдің табанына тапталып қалар еді. Иінтірескен адамдардың арасында қысылып әрең тұрған Наташаның құлағының түбінен біреу сыбырлады.

— Сұлу қыз қайда барады екен?

Наташа жалт қарады. Манағы қолтығынан демеп жіберген жігіт. Жирен шашты, көк көзді, қыр мұрынды жігіттің қабағының астында кішкене ғана тыртығы бар көрінеді. «Қабақтағы тыртығы болмаса, сымбатында мін жоқ екен» деп ойлады Наташа.

— Табаксовхозға барамын.

Наташаның үні саңқ ете түсті.

— Ақырын сөйлеңіз. Мен де Табаксовхозға барамын.

Жігіттің лебі соншалық ыстық болар ма еді! Наташаның беті ұялғаннан қып-қызыл болып қызарып кетті. Бағанадан бері қалай байқамаған, қоянның көжегіндей болып бұл әлгі жігіттің бауырына кіріп алыпты.

— Иванов Сергей Сергеевичпін. Жай ғана Серёга деп атай беріңіз.

— Василева Наталя Александровна.

— Наташа десем бола ма?

— Әрине...

Екеуі де жымиды.

Наташа дәл сол күні бұл өмірге тек Серёга үшін келгенін іштей түйсініп еді. Көре салып ғашық болып қалғанына таңғалды. Серёга сол жолы Наташаны үйіне дейін шығарып салды.

Серёга бүгін аман-есен келсе болды, енді оны ешқайда жібермеймін. Ешқайда. Егер тағы жолға қамданар болса, «мені де өзіңмен ала кет» деймін. Мейлі, Мәскеуге барса да одан бір елі қалмаймын. Наташаға мына құрып кеткір Алматының құны көк тиын! Мұның жұмағы Сергейдің қасында. Ол жердің қай қиырына кетсе де, бұл сонда барады. Осыдан дипломын әкелсінші...

Автобус Саяхат автобекетіне келіп тоқтады. Наташа ылғи да Сергейді алып өрік ағашының түбінде күтетін. Егер Сергей ерте келсе, ол да ғашығын осы жерде тосушы еді.

Сүйікті Серёгасы келмепті. Әлі күн ерте ғой. Бүгін, бүгін кеш батқанша келіп қалар...

***

Күн ұясына батып барады. Сергей тағы да оралмады. Оның шынымен Наташаны ұмытқаны ма? Жоқ әлде басқа біреуді сүйіп қалды ма? Наташадан да әдемі бір қыз кезіккен шығар. Бұ дүниеде бәрі де мүмкін ғой. Егер басқа біреуі болмаса, Сергей зарықтырмай келуі керек еді. Жоқ, Сергей Наташадан басқа ешкімді сүйе алмайды. Ол Наташаның ақ адал махаббатын лайламайды. Ол түптің түбінде Наташаға оралады. Наташаның мауқын басады. Қазіргі ауыр күндердің бәрі ұмытылады. Наташа мен Сергей шаңырақ көтереді. Балалы болады.

Сергейдің арманы да асқақ еді ғой.

«Наташа, мен дипломымды әкелген соң, екеуміз үйленеміз. Сосын сен шекесі торсықтай ұл туасың. Ол ұлдың атын Сергей деп қоямыз. Біз оны «кіші Серёга» деп атайтын боламыз. Өзің ойлашы, Сергеев Сергей Сергеевич, керемет емес пе?

Наташа күліп жіберді.

«Ай, ақымағым-ай, сен алдымен зарықтырмай келші. Сосын қанша бала туып бер десең де, мен мақұлмын».

— Сасымай, кішкене арырақ тұршы!

Автобустағы бір келіншек Наташаны итеріп жіберді.

— Өзің ары тұр!

Наташа бар күшімен келіншекті нұқып қалды. Келіншек Наташадан әлділеу екен. Оның нұқығанын маса шаққан құрлы көрмеді.

Ызаға булыққан Наташа «дура» деді. Келіншек те қарап қалған жоқ, аузына түскен ұятты сөзді көлденеңдете салды.

Наташа бұрын мұндай бетімен кеткендерді бірауыз сөзбен жуасытушы еді. Бұ қара адамдар не болып барады?.. Баяғыда жасқаншақтап тұрмаушы ма еді?! Шынын айту қажет, Наташа қара адамдарды ұнатпайды. Неге екенін қайдам, оларды иттің етінен жек көреді. Сергей де сондай болатын. Ол бұларды «қазақ» деп атауға қарсы еді. «Біз казакпыз, бұлар ол атты иемденуге
лайық емес, бұлар — қара адамдар» деп күлетін. Сол күннен бастап Наташа да жергілікті халықты «қара адамдар» деп атап кетті. Сергей бірде қабағын қара адамдармен төбелесіп жарып алғанын айтып берген. «Сол қаныпезерлер болмағанда» деген еді тісін сықырлатып...

Наташа күйініп тұр. Қазір Сергей қасында болса, мына әйел басынар ма еді. Шіркін, өткен күндер қайта оралса ғой, көздеріне көк шыбын үймелетер едім.

Наташаның жанары жасаурап сала берді.

***

Наташа күндегі әдетімен Саяхат автобекетіне бармақшы болып жолға шықты.

Сергейі, бәлкім, бүгін оралар. Егер бүгін келмесе бар ғой, одан үмітін біржола үзеді. Несі бар, қартайып тұрғаны шамалы. Бұған лайық біреу жолығар. Жасы бар болғаны он сегізде емес пе?.. Гүлдей құлпырып тұрған Наташаны кез келген жігіт ұнатып қалары сөзсіз. Наташадай сұлу әйелді кім арман етпейді дейсіз. Бұл қандай жігіттің болсын бағын ашады. Сергейдің өз обалы өзіне. Оны күтіп, жастық шағын қор етуге болмайды ғой. Шыдамның да шегі бар. Сергей өзінің бағын бағалай алмады. Егер бағаласа, осы уақытқа дейін келер еді ғой.

Наташа күндегі әдетімен автобусқа міне беріп еді, кондуктор оны ішке кіргізбей қойды.

— Мұның не, ол да адам баласы емес пе?

Автобустың ішінде тұрған сақалды адамның кейіген даусы шықты. Наташа оның не дегенін түсінбесе де, өзіне жанашырлық танытып тұрғанын жүзінен аңғарды. Осы кезде кондуктор да қара адамдардың тілінде ағытылып сөйлеп кетті.

— Ата, сегіз жылдан бері Есік пен Алматының арасында жолаушы тасып күн көріп жүрмін. Сегіз жыл бойы бұл Алматыға тегін барып, тегін қайтады.

Сақалды шал да қарап қалмады.

— Сен «Сегіз жылдан бері бұл әйелді тегін тасып жүрмін» дейсің. Менің бұл ауылға көшіп келгеніме қырық жыл болды. Ол байғұс қырық жылдан бері Алматы мен Табаксовхоздың арасында сабылып жүрген жоқ па? Мүсәпір адам ғой, аясаңшы!

— Мен оны мүсіркегенмен, ол мені жарылқайды ма? Ол автобусқа кірсе болды, салонның іші сасып кетеді. Үстінен ылғи күлімсі иіс мүңкіп тұрады. Клиенттерді бездіріп бітті.

Наташа қара адамдардың не деп жатқанын түсінген жоқ. Түсінгісі де келмейді. Сергей аман келсінші, бұлардың да сазайын беремін. Адамды осылай қорлауға бола ма екен?! Бұлар неге менің тілімде сөйлемейді?.. Мен олардың шүлдірлеген тілін білмеймін, ал бұлар орысшаны шемішкеше шағады ғой.

Ах, Серёга, Серёга... Мені қара адамдардың табасына қалдырмай Мәскеуіңе әкетші. Мыналардың ішінде жүру қандай қауіпті. Ертең біреуі мені өлтіріп кетсе қайтем?.. Жоқ, жоқ бұлар өлтірмейді. Бұлар — өте жуас халық. Наташаның атасы осы Талғар өңіріне қалай көшіп келгенін жыр қылып айтаушы еді. Ол кісі: «Өзінің жауы мен досын айырмайтын мұндай халықты көрсем, көзім шықсын!» — деп отыратын.

Наташаның есіне баяғы бақытты шақтары түсті.

Сергей Мәскеуін аузының суы құрып мақтаушы еді ғой. Ол ылғи да: «Үйленген соң, Ресейге біржола кетейік. Ол жақта екеумізге де жұмыс табылады», — дейтін. «Серёга, мен бұрын қалай байқамағанмын. Сен әулие екенсің ғой, әулие екенсің... Түптің түбінде бұ жақтың адамдары өзгеретінін білген екенсің».

Наташа Серёганың «Ресейге кетейік» деген ойымен келіспеген болатын. «Мынау аспанмен таласқан таулары бар Алматымды, Талғарымды қимаймын» деген. Оны былай қойып, Сергейдің: «Мәскеуге барып қыдырып қайталық. Менің диплом алу кешіме қатыс», —дегеніне де көнбеп еді. Негізі, Мәскеуге барып келуге болар еді, әкесі ғой жібермей қойған.

Наташа Құлжа күрежолын жағалап жүріп кетті. Табаксовхоздың шыға берісінде орыстардың мазары бар. Сол бейіттердің арасында сүйікті әкесі мен шешесінің мүрдесі жатыр. Наташа әлі күнге әкесін кінәлайды. Қазір ата-анасына барып, барлық мұңын шақпақ. Егер Сергеймен бірге Мәскеуге қыдыруға жіберсе, қазір бәрі басқаша болар ма еді?.. Соны айтады. Автобусқа мінгізбей қойған келіншекті де жамандайды.

Сол жолы Серёга маған ренжіп кеткен болар. Әйтпесе оның менен жеритіндей жөні жоқ қой.

***

Наташа тағы да Саяхат автобекетіне жол тартты.

Түнде түсіне Сергей кіріпті. Баяғы бақытты күндері қайта оралған екен. Екеуі қол ұстасып алып Шымбұлаққа қарай кетіп бара жатыр. «Неге соншама күттірдің?» — дейді бұл. «Сенің мені мұншалықты шын сүйетініңді білмеппін», — дейді ол. «Сен осыған дейін қайда болдың?» — деді Наташа. «Қайда болғаны несі, Табаксовхоздамын ғой», — дейді Сергей. Бір қараса, Сергей мен Наташа мазарлардың арасында жүр. «Наташа, сен үйге кете бер, мен сені осы жерде күте тұрамын», — деді Сергей. Сол-ақ екен, ол көзден ғайып болды. Наташа «Серёга, Серёга, сен қайдасың? Тағы да мені тастап кеткенің бе?» деп жылап жатып оянып кетті.

Бүгін күн де ерекше нұрланып тұрған сияқты. Сергейді түсінде көргендіктен бе, Наташаның сағынышы сәл бесеңдегендей.

Құлжа күрежолының бойында неге адамдар көбейіп кеткен? Не болған мұнда? Жолдың ортасында бір машина тұр. Оның алдында етбеттеп әппақ көйлекті бір жігіт жатыр. Көйлегі қан-қан.

«Ойбай, құрыдым, мынау Серёга ғой!».

Әне, бірдеңеден құр қалғандай МАИ көлігі мен жедел жәрдемнің машинасы азынап келеді.

Наташа да екі өкпесін қолына алып жүгіре жөнелді. Жүрегі атқақтап, кеудесін жарып шығатындай соғуын қарашы. «Бәсе, түндегі түсі бекер емес». Келді де, жерде жатқан жігітті құшақтай алып жылай бастады.

«Серёга, Серёга, тұршы... Ояншы, күнім. Сен бұлай өлмеуің керек. Сен мені қалай тастап кетесің, қалай? Серёга, тым құрыса бетіңнен бір рет сүйгізші, ақтық рет...».

Ол зіңгіттей жігітті аударып кеп жіберді. Жерде жатқан Сергей емес, қазақ екенін көріп, орнынан атып тұрды. Қуанып кеткені соншалық — сықылықтап күліп жіберді.

— Өл, өме қап, мен сені Сергей екен деп қалсам, қара адам екенсің ғой. Саған сол керек! Сендер ғой Сергейдің қабағын жарған. Сендерсіңдер...

Наташаның бұл сөздеріне ешкім көңіл аударған жоқ. Мүрденің қасындағы адамдар оны мүсіркеп тұр.

Наташа автобусқа мініп, Саяхатқа жүріп кетті. Күндегі әдетімен күбірлеп сөйлескен қара адамдардың сөздеріне құлақ қойды. Осылардың тілі де қызық. Арасында орыстың да сөздері бар. Шіркін, түсінсе ғой. Олар не айтады екен? Бәлкім, мені жамандап жатқан шығар. Жоқ әлде менің әдемілігімді айтып, ауыздарының суы құрып, тамсанып отыр ма?

— Осы кемпірді жиі көремін. Ақыл-есі түзу емес-ау.

— Өй, ақырын сөйле, қазақша түсінетін шығар.

— Түсінбейді. Ернін қарашы, қып-қызыл етіп бояп алыпты. Псих болуы керек.

— Жоғей, псих емес. Жынды болса, елдің берекесін алар еді ғой. Кстати, мен осы кемпір жайлы бір әңгіме естігенмін.

— Қалаға жеткенше айтып берсеңші...

— Ой, ваще-то, неважный әңгіме. Мені білесің, сөзуар емеспін. Кез келген әңгімені екі ауыз сөзбен бітіре саламын.

— Сонда да тыңдайық.

— Бұл жас кезінде өте әдемі қыз болыпты.

— Көрініп тұр, мөлдіреген көзін қарамайсың ба?

— Қарамай-ақ қойдым оның көзіне. Мұның Мәскеуде оқыған, интеллигентный жігіті бар екен. Енді үйленеміз деп жүргенде сол жігіті көлік апатына түсіп, көз жұмыпты.

— Қой-ей, рас па?

— Е, мен қайдан білем?! Осы автобуста келе жатып естіген әңгімем. Жігітінің мүрдесі Табаксовхоздағы орыстар бейітіне жерленіпті. Бұл қайғы ауыр тиер деп ата-анасы қызға тіс жармапты.

— Соған бола адам ақыл-естен айырылмайтын шығар.

— Е, кім білсін, әйтеуір күнде Саяхатқа барып, сүйіктісін күтіп жүретін көрінеді.

Наташа терезеден сыртқа қарады. Қалай байқамаған, айнала қызғалдаққа толып кетіпті. Жер беті құлпырып тұр. Сергей екеуі дәл осы мезгілде танысып еді ғой... Иә, сөйткен... Сол бақытты күндер әлі-ақ оралады.

Көр де тұр, Наташа Сергейдің етегінен ұстап Мәскеуге кетеді. Мәс-кеу-ге...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама