Тарпаң
Алыстағы колхоздан шыққан жүк мәшинесі қаланың шет жағындағы комбинат ғимаратына жақындай бергенде, бір жағымсыз иіс мүңк ете қалды.
Айналдыра соғылған биік дуал. Маңдай алдында көкпен боялған темір қақпа.
Қақпаның биік төрінде — Никита Хрущевтің портреті.
Одан төменірек бір жағына жылқының, екінші жағына шошқаның суреті салынған. Екеуінің ортасына ірі-ірі әріптермен «ДРУЖБА» деп жазылыпты.
* * *
Ет комбинатының дуалы биік қорасына кіре бере Тобылғы Торы бие елеңдеп, қайта-қайта пысқырынып, тіпті осқырынып, құйма тұяқтарымен қораптың тақтайын тақылдата тепкілеп мазасы кетті.
Мұны көріп, қораптағы серіктері де құлақтарын тікшитіп, әлденеден сезіктене бастады.
— Қан сасиды, — деді Тобылғы Торы бие көздері шатынап.
Басқалары:
— Қан! Қан! Қайдағы қан? — деп жан-жағына алақ-жұлақ қарасты.
— Қашайық! — деді Тобылғы Торы ышқына түсіп.
Сөйтті де жүк мәшинесінің биік бортын артқы қос аяғымен сарт-сарт тепкілей бастады.
Кабинада отырған шопыр мен зоотехник жерге секіріп-секіріп түскен.
Сөйтсе Тобылғы Торының тепкісіне шыдас бермей қораптың қарағай тақтасы қақырай бастаған екен.
— Әй-әй! Мынау қайтеді-ей?! — деп мыртық бойлы зоотехник екі қолын ербеңдетті.
Еріндері дүрдиген, ұзын бойлы, қақпақ жауырынды шопыр жігіт қораптан қолақпандай темір алып, Тобылғы Торының қара тұмсығынан періп-періп жібергенде, бие байғұс шыңғырып-шыңғырып алды да, шопырдың басынан асыра қарғып, сүріне құлай жаздап түсті де, қақпадан шығып асфальт жолды тасырлата шауып бара жатты.
Асфальт үстінде қызыл-күрең таңба қалды. Бұл Тобылғы Торының тұмсығынан тамшылаған қан еді. Дүрдік ерін шопыр оны әлгінде сом темірмен періп-періп жіберіп еді ғой.
Енді содан қанды із ғана қалды. Тобылғы Торы сол кеткеннен мол кетті.
* * *
Тобылғы Торының қораптан секіргенін көрген басқа жылқылар да қортық бастықтың қос қолын ербеңдеткеніне қарамай, мәшинеден қарғып-қарғып түсіп жатты. Тіпті еңгезердей шопыр да тосқауыл бола алмады. Жылқылар Тобылғы Торы шығып кеткен қақпаға қарай ұмтылғанда, қарсы алдарынан сол қақпадан басқа бір жүк мәшинесі кіріп келе жатты. Қорабы толған қорсылдақ шошқалар екен.Бұл мәшиненің шопыры озандатып сигнал басқанда, байғұс жылқы баласы үркектеп кейін серпілді. Сөйтіп биік дуалдың ішінде ары-бері сапырылысып сандалды да қалды. Шошқалы мәшине ішке кіргеннен кейін, темір қақпа тарс жабылды. Ышқына кісінеген жылқылар мен шыңғыра қорсылдаған шошқалардың жанталасынан ауланың іші азан-қазан болды.
* * *
Тобылғы Торы түтін сасыған қаладан ұзаңқырап барып кенет қалт тұра қалды да, қамыс құлақтарын тікшитіп, алыстағы ауыл жаққа қарап біраз тұрды. Содан соң ойқы-шойқы асфальт-сымақ жолдан бұрылып, бір пысқырынып алды да, тіке тауға қарай тартты. Ақбас шыңдары аспанды тіреген алып тау Тобылғы Торыны өзіне магнитше тартқаны сонша, ол алды-артына қарамай, енді-енді зүміреттей жайқалып келе жатқан егінді де елемей, Тобышақты аңғарына қарай өзіне қанат біткендей тіке тартты. Тек аңғардың аузына жете бергенде ғана кілт тоқтап, бұлыңғыр түтін тұтқан қала жаққа басын кегжите, жиіркене қарап:
— Қан сасиды! — деді.
Шатқалдың аузына кіре бергенде шөп басып кеткен арба, жолды бөгеген көлденең ала ағаш тұр екен. Әріректе жалғыз жатаған үй, жанында тайыншадай ит жатыр. Бір топ тауық, ортасында қызыл айдарлы шұбар ала қоразы бар, құрқылдасып, жем іздеп жүр. Әлгі тайыншадай төбет орнынан керіле түрегелді де, Тобылғы Торыға үрмекші болып қаңқ етті де, үстінде адамы жоқ болғаннан соң, қайтадан жата кетті. Оның есесіне мысықтан сәл-ақ үлкен, сап-сары қанден ит ой бір батырсынып шәуілдеді-ай келіп. Үйден басы дудар бір орыс шығып, Тобылғы Торы биеге ұзақ қарады. Тобылғы Торы шлагбаумды айналып, жолсызбен жүріп, алқына ағып жатқан асау суды кешіп, арғы беткейге өтіп, шатқалдың ішін бойлай тінте қарап біраз тұрды. «Суы мол, оты шұрайлы, жанға жайлы жайлаудың басы осы емес пе», деді де, Тобылғы Торы өзенді бойлап, шатқалды кеулеп өрге қарай жүре берді.
Өзенді жағалай өскен қалың тоғайдың іші у да шу, неше түрлі құстар неше түрлі тілде сайрап жатыр.
Әсіресе, ұзын құйрық сауысқан.
— Бөтен жылқы! Бөтен жылқы! — деп дабыл қағып қақсай берді.
Сауысқан байғұс осы орман, тау-тастың жез қоңырауы сияқты: кім келді, кім кетті; қай жерде не болып жатыр — бәрін жарты әлемге жариялап, ақы-пұлсыз, айлықсыз қызмет қылатын пәруана құс. Бірақ ептеп ұрлығы да бар. Тобылғы Торының жападан-жалғыз Тәңіртаудың қуысына сүңгіп келе жатқанын шатқалды мекендеген жан-жануардың бәрі естіді. Жер қазып, жауқазын шырынын кеміріп жатқан алтынсары суырларға дейін алдыңғы қасқа тістерін ақситып, ауыздары аңқиып, тепсеңге қарай беттеп бара жатқан Тобылғы Торыға таңдана қарап қалысты.
— Қараңдар! Қараңдар! Бөтен жылқы! — деп жар салды Сауысқан.
— Е, естідік, көрдік, несіне қақсай бересің? — деп Ала Қарға жақтырмай қарқ-қарқ етті.
— Жалғыз екен, байғұсты Ақсақ Абадан жеп қоймаса жарар еді, — деп есіркеген болды жартаста мүйізі қайқайып, сексиіп тұрған Таутеке. — Саяқтың ажалы қасқырдан деуші еді.
— Ондай жылқы Ақсақ Абаданға алдыра қоймас. Сен өзің түсіп қалып жүрме абайсызда Абаданның аузына, — деп тікенектерін тікірейтті Кірпияз Кірпі.
* * *
Ет комбинатына жылқы апарған жүк мәшинесі ауылға қайтып келді.
Шопыр мен зоотехник етке жылқы өткізгені туралы куәлік қағазды колхоздың бухгалтеріне тапсырды.
Квитанцияны ұстап тұрып бурыл бас бухгалтер баж ете қалды:
— Әй, мынау неге аз? Бір жылқының салмағы кем? Оны қайда жібердіңдер? — деп шопыр мен зоотехниктің алқымынан алмай ма.
— Е, ол бәле әлгі Тобылғы Торы комбинаттың қорасына кіргенде, мәшиненің бортын талқандап қашып кетті, — деді шопыр.
— Келген шығар ауылға. Қайда кетеді — деп қойды зоотехник.
— Мен ешнәрсе білмеймін. Алып кеткендерің бес жылқы болатын. Біреуі кем. Мен бастыққа көрсетемін, — деп бухгалтер квитанцияны алып, бастықтың кабинетіне қарай беттеді.
* * *
Тепсеңнің шөбі шүйгін екен. Ауылдағы тырбық көде емес, жатқан атанды жасыратын қалың қазына. Неше алуан асыл шөп. Не жоқ дейсің мұнда. Нулы шөптің бәрінен биігі шырыш екен, нағыз жетілген кезі екен: мыңдаған кобра-жыландар бастарын көкке көтеріп, қақшиып-қақшиып тұрғандай көрінеді.
Жесе — кәрінің өзін жасартатын, аурудың өзін сауықтыратын, кедейдің өзін байытатын миқылбұта да осында. Күлгін гүлі аңқыған киіктоты да иіскегенді мас қылады. Көргенде көздің жауын алып жәудіреген шолпан кебісті айтсаңшы, шіркін...
Шіркін, не жоқ бұл тепсеңде! Таушымылдық дейсің бе; кемпіршаш дейсің бе, сумоншақ дейсің бе; шоңайна дейсің бе, арқар жусан дейсің бе; еңлікгүл дейсің бе, текесақал дейсің бе; үпілмәлік, адыраспан дейсің бе, ділдәгүл дейсің бе — қайсыбірін айтасың — Құдай Тәңіртауға берген ғой жаннаттың жайлауын!
Осындай пейішке кіріп кеткен Тобылғы Торы биенің жаны жадырап, қан сасыған қасапханадан қашып шыққанына Жасағанға жылқы тілінде мың да бір шүкіршілік айтып, көңілі көкке көтеріліп, әлемге қуанышын білдіргісі келгендей тау-тасты жаңғырықтыра кісінеп-кісінеп жіберді.
* * *
Таудың ішінде құпия сақтау қиын. Қия жолмен жүріп келе жатқанда, аяғыңның астынан асықтай бір тас қозғалса, бара-бара бүкіл тау қозғалғандай болады.
Абайсызда жөтелсең — жаңғырығың жарты әлемге жетеді.
Мұның бәрі болмаған күннің өзінде сауысқан деген құс-қоңырау көрген-білгенін айтып, аспан асты, жер үстіне жар салады.
Сондықтан да таудың сырын алмаған Тобылғы Торы биенің абайсызда әлгі бір кісінеп жібергені тау әлемінің түкпір-түкпіріне жетті.
Қар жатқан шыңға жақын жүрген Теңбіл Барыс қалт тұрып, құлақтарын тікшитіп, төменде ақ көбік атқылап, ақ жал айдаһардай бүктетіліп, мың бұралып жатқан сарқырама сарынды тыңдай қалды.
Өз дауысының жаңғырығынан өзі шошыңқырап қалған Тобылғы Торы қайтып кісінеген жоқ.
Бірақ әлгі жаңғырықты Теңбіл Барыспен деңгейлес биіктікте жүрген дәубас, тік жал Тарпаң да құлағы шалып, елең ете қалып еді-ау...
Күллі әлемде Құдай жалғыз. Ал Тәңіртауда әлгі Тарпаң жалғыз. Жо-жоқ, Тәңіртаудың қойны-қоншы толған тіршілік. Тіпті шыңдарында жаз бойы жатқан қардың өзіне дейін құрттап кетеді. Әне, о да тіршілік нышаны.
Тәңіртаудың қойны-қоншы толған тіршілік иелері. Бірақ бәрі пар-парымен, бәрі қосағымен. Судағы хан балық пен аспандағы тас түлекке дейін қосағы бар.
Қосағы жоқ тек жалғыз Тарпаң еді ғой. Тарпаңды көз алдыңа елестеткің келсе, Африканың ала-жолақ зебрін есіңе түсір. Тек ала-жолақ шапанын шешіп таста. Өйткені Тарпаңның шапаны жирен-сары. Қып-қысқа тікірейген жалынан бастап, бүкіл жон арқасынан құйрығына дейін созылған жалғыз қара жолағы бар төрт аяғына төрт қара етік киіп алған сияқты. Ақ танау. Кекілсіз.
Жазда жүні түлейді, қыста қалыңдайды. Жалғыздың жары — Құдай деген. Құдай сақтап осы Тарпаң Тәңіртауда жүр еді ғой. Кенет асау судың сарқырама сарынын басып, жылқының кісінеген дауысы естілгені Тарпаңның дегбірін қашырды.
Тобылғы Торының тау-тасты жаңғырықтыра кісінегеніне жауап ретінде бұл да кісінемекші болып еді, бірақ оның кісінегені жылқының оқыранғанындай ма, әлде есектің ақырғанындай ма, әйтеуір сол екеуінің арасындағы бір дүбәра дыбыс сияқты екен.
Дегенмен оны кәдімгі адам тіліне аударғанда:
— Сен кімсің? Қайдасың? — дегені көрінеді.
Тобылғы Торыға бұл дауыс асау өзеннің сарқырамасынан әрең естілді де, құлақтары тікшиіп, ақ бас шыңдарға тіксіне қарап, қалшиды да қалды.
— Сен кімсің? Қайдасың? — деген үн тағы да талып естілді.
«Жабайы жылқы», — деп ойлады Тобылғы Торы. Қан деген қиын ғой, жылқы баласының белгісі білінгенге кәдімгідей қуанып қалды. Бірақ мұзарт биікке баруға беттемеді. Жаннаты-жайлау тепсеңнен кеткісі келмей, керек болса өзі келсін дегендей, Тобылғы Торы әлгіге жауап ретінде үнін сан түрлі құбылтып, күміс қоңыраудай сыңғырлап, сиқырлы дыбыспен тағы да кісінеп-кісінеп жіберді.
* * *
Жалғыздықтан жапа шегіп, мына кең дүниеден сая таппай, Тәңіртаудың қарлы шыңына дейін қашып шығып, бұл жерден де сескеніп, жан-жағына екі шоқып, бір қарап, түрегеп тұрып ұйықтайтын саяқ Тарпаң әлгі жылқы дауысынан кейін шыдай алмай эдельвейс дейтін еңлікгүл өсетін белдеуден төмен түсіп, ақ көбік атқылаған асау өзеннің арғы бетіне келіп тоқтап еді.
Арғы бетте тағы Тарпаң, бергі бетте Тобылғы Торы бие — орталарында өткел бермес асау өзен.
Екеуі өзеннің екі жағында бір-біріне қадала қарап тұрып қалған.
Қарап тұрсаң, Аспан әлеміндегі ғажайып көрініс сияқты. Аспанда қалың жұлдыздар арасын қақ жарып жатқан Құс Жолы бар емес пе. Сол Құс Жолының арғы бетінде Бақташы жігіт, бергі бетінде Тоқымашы қыз тұрады екен. Бір-біріне өлердей ынтызар, бірақ Құс Жолы деп аталатын алып өзеннен өте алмайды. Бір-біріне ұмтыла қол созып, ынтықса да жете алмайды.
Жұлдыздар жарқырап, Аспан әлемі жаралғалы бері екеуі бір-біріне қосыла алмай әлі күнге дейін зарығулы.
Дәубас Тарпаң асау өзенді жағалап ары шапты, бері шапты. Бірнеше рет сарқырама суға қарғып түспекші де болды. Бірақ хайуан да болса сезім күшті, су оны қақпақыл қылып алып кететінін біледі. Сондықтан кекілсіз дәу басын ары шұлғып, бері шұлғып, біресе өзенді өрлей шауып, біресе ылдилай түсіп, кәдімгідей алқынып қалды.
Ал бұл бейтаныс жабайы жылқының өзіне соншалықты ынтыға асыққанын сезген Тобылғы Торы байтал, әйел затынан емес пе, бергі бетте тұрып қылымсып, неше түрлі қылық көрсетіп, бұраңдап, бір орында билей түсіп, құйрық-жалын желбіретіп, Тарпаңның дегбірін қашырып, дертті қылды.
Ұрғашы затына деген ынтызарлық Тарпаңның есін алды. Есі кеткенде жылқы тұқымы да мәжнүн болып кетеді екен, аспанға атылған ақ көбіктің арасына күмп берді.
Тарпаң тұрмақ, түйедей-түйедей тарғыл тастарды домалатқан әлеуетті өзен әумесерлеу жабайы жылқыңды аясын ба, жаңқа құрлы көрмей, тереңіне бір батырып, бір шығарып, ары аударып, бері аударып, ағызып ала жөнелді.
Тобылғы Торы көз алдындағы сойқанды көріп шошып кетті. Ә дегенде суға ол да қарғып түспекші еді, бірақ бір түйсік тез тежеп қалды.
Ағып бара жатқан Тарпаңмен қатарласа шапқылады. Мұны алқын-жұлқында байқап қалған Тарпаң жағалауға ышқына ұмтылды. Абырой болғанда тұяқтары құмдақ қайраңға тірелгендей болды. Сол сәтті пайдаланып Тарпаң алдыңғы аяқтарын қайраңға батыра тіреп, бөксесін судан шығара беріп, жағаға жанұшыра жармасты-ау.
— Ұмтыл! Ұмтыл! — деп Тобылғы Торы дәтке қуат қосты.
Осы топалаңды байқап қалған ұзын құйрық, ала қанат сауысқан дауысы ерекше шаңқылдап, шатқалдың ішін жаңғырықтыра жар салды.
— Ойбай, ойбай, Тарпаңды Асау Арна тартып әкетті! Ағызып бара жатыр! — деп айқалағанын таудағы жан-жануар түгел естіді.
Семіз қызыл суырлар індерінен шығып, қосаяқтап, бойларын созып-созып қарады. Тікендерін тікірейтіп, домаланып жатқан кірпі сүйрік тұмсығын шығарып, моншақтай мөлдір көздері жылт-жылт етіп:
— Кәне? Кәне? — деп шиқылдады.
— Әне, әне! Тарпаң әне бір торы биеге ынтық болғаны сонша, суға батып өле жаздады, — деп жар салды сауысқан.
Сауысқанның ышқына салған жанайқайын сонау қарлы белдеуде жүрген Теңбіл Барысқа дейін естіді.
Құлағы қартаңдықтан тосаңдау болса да, тепсеңнің арғы жағында жүрген қорбаң қоңыр аю да естіді.
Жанындағы өмірлік серігі Құртқасы аңшылардың оғынан өліп, соқа басы жалғыз қалған Ақсақ Абадан өзінің биік жартастағы үңгірінен шығып, төменде бұралаңдап ағып жатқан өзенді бойлай сұп-суық көздерімен тінтіп шықты. Егер де сауысқанның айтқаны рас болса, Тарпаң жағаға шыға алмай, тұншығып өлсе, өлексесіне бір тояр едім-ау деп дәмеленді.
Бір кездегі көкжал Абаданның қазіргі кепиеті аппақ болып, ақ шулан тартып кеткен. Аңдығаны қызыл суырлардың іні. Сәті түскенде ғана кәрі-құртаң суыр аузына іліксе, бір кездегі алпауыт Абадан үшін кәдімгідей мереке.
Бірақ ақ шулан Ақсақ Абаданның «мысық тілеуі» болмады: жабайы Тарпаң өліп-тіріліп, тырмысып жатып құмдақ қайраңның арқасында жағаға өйтіп-бүйтіп әрең шықты-ау.
Тарпаң сүметіліп, су-су болғанынан ыңғайсызданып, дүр-р сілкініп-сілкініп алды.
Ол сілкінгенде дәу басы қалтаң-қалтаң етіп, жуан мойны күжірейіп, қысқа жалы тікірейіп кетті.
Сілкініп болып, жағада тұрған Тобылғы Торыға тікшие қарап қалды. Жанына таман табандап барды да, тұмсығына тұмсығын тақап иіскеп-иіскеп оқырана қалды. Енді бөксе жағына шығып, құйрығын тұмсығымен көтеріп жіберіп, құйрықтың астындағысын құмарта иіскеп-иіскеп алып, тарғыл-тарғыл дауыспен кісінеген болды.
Тобылғы Торы оның бұл дөрекі қылығын ерсі көріп, артқы аяқтарын тебісуге дайындап көтере беріп, қайта тынышталды. Негізінде Тобылғы Торы Тарпаңның бұл озбырлығын жек көрмеген де сияқты.
Әлгіде ғана суға батып кете жаздап, ажалдан әрең құтылған Тарпаң сол азапты лезде ұмытып, қорадағы қораздарша Тобылғы Торыны шыр айналып, әлдебір ерсі қылықтан белгі бере бастады.
Мұндайда тек адамдар ғой ұялғансып, таса жер іздеп, қылымси қалатын. Ал мал-мақұлықтар үшін мұның түк ұяттығы жоқ. Құдай солай жаратқан соң, аспанда Ай мен Күн, жыпырлаған жұлдыздар куә болса да, жер бетіндегілерден де ұялмай тұқым салу әрекетіне кірісе береді. Әрине, әдепсіз емес, жылына бір-ақ рет, ал адамдар ұятсыз, күндіз-түні күнде уылдырық шаша береді.
Тобылғы Торының қыңырлана қылымси бергені тағы Тарпаңға ұнаңқырамады.
— Сен өзі мұнда қайдан жүрсің? — деді оқырана тіл қатып.
— Ажал аузынан қашып шықтым, — деді Тобылғы Торы сыпайы ғана.
— Қалайша, қайдан? Сен де қашқынсың ба? — деп Тарпаң таң қалғандай болды.
— Айттым ғой, ажал аузынан деп...
— Қандай ажал? Қасқыр қуды ма? — деп Тарпаң өзінің айғырлығын ұмытып, әңгіменің шылауында қалды.
— Е, қасқырға бой бермес едім ғой, адам деген қос аяқтылар бар емес пе. Солардың кейбірі қасқырдан да жаман, — деп Тобылғы Торы ылдида жатқан, көк-ала түтін тұтқан қала жаққа қарап қойды.
— Оның рас. Адамдардың кейбірі қасқырдан жаман екенін мен де білем, — деп қостады Тарпаң айғыр. — Иә, сонымен не болды?
— Не болушы еді, біздің елді колхоз дейді. Колхоз өкіметке ет өткізеді. Етке мал айдайды. Бұрын колхоз етке сиыр, қой, ешкі өткізіп құтылушы еді, енді ана бір Хрущев деген патша келгелі бері етке жылқы мен шошқаны көп өткізетін бәле шықты.
— Шошқасы — шошқа, оған жылқыны қосақтағаны несі? — деп осқырынып қойды Тарпаң.
— Ойбай, «дружба» дегенді естімеп пе едің?
— Ол не тағы да?
— «Дружба» деген колбаса.
— Әй, былай түсінікті етіп айтсаңшы! «Дружба» не? «Колбаса» не? Мен сен сияқты әлгі немене еді, «халқоз», «мал-қозды» білмей өскен тағымын, мен жабайы өскен жылқымын.
Тобылғы Торы Тарпаңның мұнысына таңданған тәрізденіп, дегенмен тәптіштеп түсіндіре бастады:
— «Дружба» дегені достық дегені. Мысалы, біз екеуміз доспыз, бір-бірімізді жақсы көреміз, ажыраспаймыз. Ал «Колбаса» дегені жылқының еті мен шошқаның майын араластырып жасаған шұжық, яғни колбаса. Хрущев соны жақсы көреді. Мына мені де сойып, етімді шошқаның майымен араластырып, менен колбаса жасамақ болды. Бірақ мен қашып кеттім. Енді маған колхозға да баруға болмайды. Ұстап алса, қайтадан етке өткізіп жібереді. Барар жер, басар тау іздеп осында келдім. Жатырқамаңдар мені, — деп Тобылғы Торы Тарпаңға мұңын шағып, арыз айтқандай болды.
Бұл әңгіме тек екеуара болмады. Бұл әңгіме күллі Тобышақты шатқалына естілді. Одан ары асып, Ақсу-Жабағылы жасыл жайлауына да тарап кетті.
Тәңіртау сондай. Тәңіртауда жасырын сыр жоқ. Тәңіртау өсек-аяңды, өтірік-жалғанды жаратпайды. Тәңіртауда сыбырлап айтқан сырың Құдайдың құлағына дейін жетеді.
Тобылғы Торы әлгі сырын ашылып айтпағанда, кім біледі, Теңбіл Барыстың тырнағына ілінер ме еді, әлде қорбаңдаған қоңыр аю жарып кетер ме еді...
Енді, міне, жаңағы бүкпесіз әңгімеден кейін ол Тәңіртау қауымының мүшесі болды. Енді оған бұл таудың аумағында ешкім де тиіспейді. Ал бұл тәртіпті білмейтін, білгісі де келмейтін адам дейтін қосаяқтылар киліксе, онда тау халқы бір «кісідей» бірін-бірі қорғауға міндетті.
Тау заңы сондай.
* * *
— Ал, жарайды енді. Өзің жайлы бірдеңе айтпайсың ба? — деді Тобылғы Торы.
Тарпаң оған таңдана бір қарап алды да:
— Айтсам — айтайын. Мен де екі аяқтылардан жапа шеккен жанмын, — деді.
Осқырынып-пысқырынып, зілмауыр басын көтеріп алып, хикаясын бастады.
— Мен де қашқынмын. Қашқындардың панасы — тау. Тау болғанда — Тәңіртау!
— Мені жас кезімде, сірә, тай кезім шығар, аңшылар ұстап алып, зоопарк дегенге өткізіп жібереді. Зоопарк деген аты болмаса, ол да түрме, абақты. Әлдеқайда қашып кетсе, табуға оңай деп мына саныма таңба салып қойған, — деп Тарпаң өзінің оң жақ санындағы қара қотыр таңбаны тұмсығымен нұсқап көрсетті. Жирен сары теріге темірмен күйдіріп басқан «Т» деген таңба қотырланып біткен екен.
— Ондай лағнет таңбасы менде де бар, — деп тіл қатты Тобылғы Торы.
Сөйтсе оның оң жақ санында да «ТТ» деген таңба бар екен. Сірә, «Тобылғы Торы» деген болуы керек.
Сөйтіп екі зарлық бір-біріне мұңын шаққандай болып табысқан соң, тағдырлар арқылы туысып кеткендей бірін-бірі қасынысып, біріне-бірі сүйкенді.
Екеуі бірінің соңынан бірі, Тарпаң алдында, Тобылғы Торы артында, Тепсеңді бойлап, шатқалды өрлеп кетіп бара жатты.
* * *
Тобылғы Торының жоғалып кеткені ылдида жатқан № колхозының мазасын алды. Колхоз бастық ақикөздеу адам еді, ет комбинатына мал өткізіп қайтқан зоотехник пен шопырдың иманын қасам қылды.
— Жердің астына түсіп кетсе — жердің астынан тауып келіңдер! — деп бастарына әңгіртаяқ ойнатты. Зоотехник шыдай алмай:
— Оу, айналайын басеке! Ақыры етке өткізетін мал ғой, орнына өз малымызды беріп құтылайық, — деп еді, бастық көнбеді.
— Жоқ, Тобылғы Торының өзін табасыңдар! — деп бір-ақ кесті.
Аяқ жетер жердің бәрін ақтап, аралап шықты. «Көрдім, білдім» деген ешкім жоқ. Бастық қайтқан соң «Жердің астына түсіп кетті ме?» деп еді, жердің жыртығын таппады. «Аспанға ұшып кетті ме?» — деп аспан астын тінткілеп қарап еді, аспаннан да аяғы салбырап тұрған жылқы көрінбеді.
Сонда бастықтың көзі Тәңіртауға қарай аунады. Тау тым-тырыс. Тау сатқын емес. Тау шымылдығын түрген жоқ.
Сонда бастық:
— Таудан іздеңдер! — деп бұйырды.
* * *
Бастық айтты:
— Таудан іздеңдер! — деп.
Бірақ таудың қай жерінен іздейсің? Тәңіртау алып қой. Жартысы Қытайда жатыр. Одан бері де, үш мемлекеттің шекаралары түйіскен жерде Хан Тәңірі тұр. Өзі үш қырлы, жарықтық. Оңтүстік жағындағы қыры — Қырғызстанға қарайды. Шығыс жағы — Қытайға қарайды. Ал солтүстік-батыс жағы Қазақстандікі.
Осы үш жақ биіктеген сайын үшкірлене береді. Мәселенің ең қиыны: шыңның ұшы иненің ұшындай істік. Істікті үшке қалай бөлесің?
Міне, шекара сызығын саларда осы істікті бөлісе алмай, дипломаттар біраз қиналса керек.
Бірақ бұл мәселенің жоғалып кеткен Тобылғы Торы биеге ешқандай қатысы жоқ. Әрі-беріден соң Тобылғы Торы бие Хан Тәңірінің шыңына шығып кеткен жоқ қой! Ол ары кетсе осы Ақсу-Жабағылының айналасында жүрген шығар. Сондықтан да № колхозынан шыққан жоқ іздеушілер ең алдымен Тобышақты шатқалының ауызында отырған қарауыл орысқа соқпай ма? Олар шатқалдың ауызында отырған орыстың үйінің тұсына келіп:
— Кім бар-ой? — деп айқайлайды. Қазақша айқайға ешкім шыға қоймаған соң (тек сабалақ жүн ит қана үрген), жоқ іздеушілер орысшалап:
— Есть кто? — деп дауыстасын. Сонда барып қарауылдың есігі шиқылдап ашылып, сақал-шашы дуда-дуда өсіп кеткен мұжық табалдырықтан аттар-аттамас, дамбалының сыртынан құйрығын қасып тұрып:
— Саған не керек? — дейді қазақшалап.
Сонысына кәдімгідей іші жылып қалған қазақтар осылай да осылай, жоғалған бие іздеп жүрміз дейді ғой.
— Меники биледи, но айтпайды, — дейді мұжық бір көзін қысып, құйрығын қасып тұрып.
— Ойбай, айналайын, айта ғой, — деп жалынады қазақтар. Тіпті біреуі аттың үстіне тұрып, қоржыннан бір бөтелкенің мойнын шығарып қояды. Соны көрген мұжық көк көздері күлімдеп, шабалана үрген итіне «Тәйт!» деп ұрсып тастап, табалдырықтан бері аттап:
— Ну, теперь другой разговор, — деп бытысып кеткен сақалын қолымен ұйпалай береді.
* * *
Тарпаң бастап, Тобылғы Торы қостап, асау өзенді жағалап жүріп отырып, көлденең жатқан кезеңге келгенде, қиялап отырып содан ары асып түсті.
Енді сарқырама өзен артта қалып, алдыдан гүлмайса жадыра жайлау көсіле берді.
Жылқының бауырын сызған түрлі-түсті шөптердің хош иісінен бас айналғандай, ішпей-жемей тойып қалғандай қанағатшыл хәл.
Гүлқайырдың аппақ гүлдері ашылып, аспанға қарап алақан жайып, күннің зиясынан нәр алып тұрған шақ екен.
Гүлқайыр күннен нәр алса, гүлдің ортасындағы сарғылт тілшікке қонып алып, бүйірі бүлкілдеп шырын сорып жатқан араларды көргенде, бұл әлем әулетінің бірін-бірі асырап, аймалаған, бір-бірімен соншалықты қиюласқан әрекетін көріп, Алланың құдіретіне тәнті болмасқа әддің қалмайды.
Бұл бір ғана гүлқайыр гүлдің басындағы тіршілік. Ал мына Ақсу-Жабағылының алқабында мұндай гүлдердің, мұндай тіршілік иелерінің сан алуаны бар ғой, шіркін!
Жабайы аралардың ызыңы; аспандағы бозторғайдың жердегі жұмыртқасын әнмен тербеткен шырылы; қия-қия жартастардан шаңқ ете қалған бүркіттің дауысы; қалың көденің арасынан естілген бөдененің бытпылдығы; алыстағы сарқыраманың сарыны; осылардың бәрін көріп, сезіп, содан жандары рахаттанған Тарпаң мен Тобылғы Торының бірін-бірі қасылап пысқырынғаны...
Тарпаңның адырайып оқырынғаны Тобылғы Торыға мейірі түсіп, ықыласы ауып, мекіренгеніндей болып естіледі.
Жабайы жылқы демесең, ауылдағы асыранды азынауық айғырлардан артық болмаса, кем емес. Рас, бойы аласалау. Әрине, Тобылғы Торы биенің шоқтығы биік. Жалы да, құйрығы да ұзын. Төңкерілген тостағандай мөлдір қара көздеріне дейін түсетін жібектей жұмсақ кекілі де бар.
Ал Тарпаңда түк кекіл жоқ! Кекілім жоқ деп қайғыратын Тарпаң байқалмайды. Ұрғашыдан бойым аласа-ау деп те қаймығатын түрі жоқ. Рас, Тобылғы Торыға бір рет асылмақшы болып ұмтылып еді — діттегеніне жете алмады.
Сірә, Тобылғы Торы да «жазмыштан — озмыш жоқ» деген болуы керек, оның үстіне күйлейтін кезі келген бе, кім біледі, өзі ойпаңдау жерге түсіп, қырлау жерде тұрған Тарпаңмен бой теңестірді.
Сонда Тарпаңның бір оқыранып алып, бұл дүниенің аса биік ләззатты сәті барын сезіне беріп, шыңғырып-шыңғырып жібергені-ай... сорлы.
Сәлден соң-ақ ол Тобылғы Торының үстіне төңкеріле құлап түсті.
Дәл маңдайынан тиген оқтың тесігінен қара қан атқылап ала жөнелді.