Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Тәуелсіздік тұғыры биікте!

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым! Біз – тәуелсіздіктен мүшел жас кейін туылған ұрпақтар ол туралы не білеміз? Қазақстанның КСРО құрамындағы 15 одақтас республикалардың бірі болғанын білеміз. Тәуелсіздікті жариялау үшін егемендік туралы декларация, тәуелсіздіктуралы заң, Қазақстанның тұңғыш заңы қажет болды. Осы үшеуі Қазақстан тәуелсіздігін паш етер маңызды тарихи құжаттар еді. 1991 жылы 16-желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңы қабылданып, Қазақстан өзін тәуелсіз республика ретінде жариялады. Еліміздің тәуелсіздігін алғаш мойындаған, қуана қабылдаған бауырлас Туркия елі болды.  Мектеп қабырғасында жүріп, егемендік туралы декларацияның 1990 жылы 25-қазанда, заңымыздың 1995 жылы 30-тамызда қабылданғанын жаттап өстік. 

Осы мектеп оқушыларға берілетін жалпы мағлұмат, жаттанды сандардың тереңіне үңілер болсақ... Ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған кең-байтақ, тәуелсіз елде туып-өскеніме кеуде кере мақтанам! Қазақ баласының «Менің елім, менің жерім!» деп ешкімге жалтақтамай, қазақтың үш жүзінің басын бір тудың астына біріктіріп кеткен ата-бабамыздың даналығы мен парасаттылығы. Жерін жауға таптатпаймын, ұлын құл, қызын күң қылмаймын деп талай батырларымыз жер жастанған.

Орта Азияның кіндігінде орналасқан, жері құнарлы, орманы бар, тауы бар, жерінің  асты қазына мен байлыққа толы елімізге кімдер көз алартпады десеңізші?! Тамырын тереңге жайған тарихымыздың, еліміздің ел болып қалыптасуына мыңдаған жылдар кетті. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек батырлардың қаны сіңген қасиетті атамекен азат болуға, тәуелсіз болуға тиісті де! 

Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр Отан бізде ғана бар. Қазақ даласына Еуропаның бірнеше мемлекеті сияды. Жерінің көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында тұрған Қазақстан талай елдің арманы десек те болады. Отаны жоқ, жері жоқ қаншама халық бар? 

Біз бүгінгі ұрпақ «Қобыланды», «Алпамыс» жырынан бастау алған ел мен жерді қорғаудағы қаһармандықты осы батырлар жырынан бастап, аналарымыздың әлдиі, әжелеріміздің ертегісімен қазақ деген жауынгер де, ержүрек батырлар ұрпағы екенімізді білеміз, әр мақтан тұтамыз.

Кешегі желтоқсан оқиғасы кезінде қазақтың тілі мен намысын қорғауда да намысын таптатпаған, рухын асқақтатқан аға-әпкелеріміздің ісі бізге үлгі. Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсенов сияқты батырларымыз, Талғат Бигелдинов сияқты ұшқыш аталарымыз мен Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова апаларымыз тек Қазақстанды емес 15 одақтас республиканы қорғады. 

Біз тәуелсіздіктен кейін туылсақ та, тәуелсіздік деген бір ғана сөзге бүкіл тарихымыз, жыр-дастандарымыз, салт-дәстүріміз,  бабаларымыздың ар-намысы тұрғанын түсінеміз. Ел мен жердің бір уыс топырағын таптатпаймын, бір түп жусанын бастырмаймын деп күрескен бабалардың тері мен қылышының шыңылын елестете аламыз. Себебі біз Қазақстан атты қасиетті жердің иесіміз! 

16-желтоқсан – еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні көгімізде тәуелсізідік туы желбіреді. Содан бері 30  жыл өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлкетке айналдық. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. 

Қазіргі тәуелсіз ел – ата-бабамыздың орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармайды. Тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға қарап бабаларымыз жасап келе жатқан дәуірлердің есебінде кеткен шайқастар, аштық, жау тылында қалған жұрттың әрбір қаны мен көз жасына қарап тәуелсіздіктің қандай қиындықтармен келгенін сеземіз.

Мен көгінде көк байрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстанның азаматы екендігімді жер шарының қай жеріне барсам да мақтан етіп айта аламын. Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы ескен осы кезеңнің баянды болатынына кәміл сенемін.
Қазақстан - егемендігін алған жас мемлекет. Қазақ халқы егеменді ел боламыз деп талай тар жол тайғақ кешті, сондықтан мен тәуелсіздікті таусылмас тарих деп білемін.

Тұңғыш рет қолымызға тиген тәуелсіздіктің асыл құсын ұшырып алмай берік ұстау бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан, егеменді еліміздің қазіргі өскелең ұрпақтарына тәуелсіздіктің тарихын тереңірек түсіндіру, қастерлете білу баршамыздың міндетіміз.

Жылдан-жылға дамып, өркендеп келе жатқан біздей жас мемлекеттің алдағы жетістіктері өте мол деп нық сеніммен айтуға болады. Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болайық!

Ибрахим Бірлік Ердәулетұлы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

журналистика мамандығының 1-курс студенті

 

Құдайбергенов Серғазы Ережепұлы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы

мәдениеттану магистрі, PhD докторант


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама