Атажұрт
... Кеуде. Алтайдың екінші биігі — Бүркіттің етегінде жатыр. Жарылғастың «Топқайың» дейтұғын екіжүз түтінді мекеннің иығында. Екінші аты — Ысқақ көңі. Ысқақтан кейін де сексен жыл өтіп кеткен екен. Ескікөздер сарқылған соң кейінгі ұрпақ екінші атын ұмыта бастаған. Кезінде бір колхоздың малын асыраған шүйгінді қолтық еді. Іргесіндегі орманды текше бабамыз Маяның атында қалған, одан жоғарғы Сары-Алқа Шоңмұрынның екі атасы Жарылғас пен Аралбайдың бір апта қонып аттанатын көш жолындағы аяқ суытар аялдама екен. Қаратайдың малы тұман, жаны думан шағында тарлық қылғаны болмаса, төбесі мұз, шалғайы құз кең жайлау жұмақтан кем емес: көл де осында, көк тіреген шың да осында, мұзартты жайлаған текесі мен барысы, орман тағысы күдірі мен бұғысы, алтайы қызыл түлкісі мен ақтөс қоңыр аюы жыртылып айрылатын, құны мен елігін есепке қоспағанда көк күмбезінде пыштақтаған бүркіттің шаңқылынан бытқылдағы ұлар тығылуға жыртық таппаушы еді. Балқарағайы самырсынның басында, женьшені мен алтын тамыры, марал тамыр мен қызыл тамыры көк қымыздықтың астында, қызыл кітаптің бетіне көшіп кеткен шипалы шөптерді іздеп табатын аюдан басқа тірі мақұлық жоқ. Бұл шетжағалап менің көріп қалғаным. Соңғы өткен ғасырда Қаратай қансырап, салтанат сарқылған соң қойдан басқа Сары-Алқадан асып ел жайламаған, ежелгі қоныстар Құзғынды мен Жайдақ Күршімдегі ағайындардың еншісінде қалып еді, олардың да шошаң етіп қыр асқандары шамалы. Бүгінгі атажұрт тек көңілдің ғана жайлауы... Бір кезде Байкөбектен тараған тоғыз түтінге қыстау болған Кеудеден маған бұйырғаны он гектар шабындық қана, оның етегіндегі пұшпақты жайлап Тоқтасын отыр: жол жиегін тырмалап егін сепкен болады, бұл да ауыз жарымас тіршілік, ағайынның тай-торпағына сабаны, қаз-тауығына шоқыма жем; тулақтай жерді қоршап жиырмаға жетпейтін бұғы ұстапты, мұның да шаруаға бес тиындық септігі болса неқылсын, әйтеуір ел қыдырып еріккен жұрт тағыны көргеніне мәз, бұғымен жағаласып суретке түскеніне мәз, Тоқтасын үйде отырып соған мәз, ініміздің «малсақтығын» серілік дейін бе, семіздік дейін бе?..
Әкемнің атын өшірмеген жер жарықтықтың қасиетінен бе, атажұрт деген атына бола ма, таяқ тастамдағы Топқайыңда отырып Кеудені аңсайтын едім. Балалық шағымның басымы осы Кеудеде өтті, түсімде де Кеудені кезіп жүретінмін. Көзін көрмеген, санадағы Ысқақ Кеудеде отырғандай болатын да әрдайым әкем алдымнан шыға келетіндей қос қарағайдың арасындағы ескі жұртқа жүгіретінмін. Қалақай мен кендір басып кеткен тоғыз жердегі тоғыз шаңырақтың орнында мені тартып тұратын бір сиқыр бар еді. Әуелде қалың жынысқа жетелеп кіргізетін Бықия апам, кейін бетімді маса талап, білегімді қалақай шаққанына қарамай, шіріген дөңбек, қаңсыған ер-тұрманның астында алтын жатқандай елегзіп, жүрегім атша тулап, құлағым шулап, денем біртүрлі күйіп, жанарым ысып сала беретін. Ат байлайтын ашамайлы қу діңгекті құшақтап тұрып әртүрлі ойға қаламын: біз бет-жүзін көрмеген әкелеріміздің бәрі қайда?.. Ысқақ көңі, Сапақ көңі, Мажыра, Жексембай көңі, Нұрғали көңі, Ахтанбай, Бейсеке көңі, бізге аты да жетпеген қалғаны қанша еді? Солардың бәрі артына көңнен басқа ырым қалдырмағаны ма? Бұл бір-ақ әулет, Жарылғаста қанша әулет бар еді? Бәрінің де жұртында тек көң ғана жатыр.
1963 жылдың жазы еді. Ақын ағамыз Қайнекей Жармағамбетов: еліңе апар, Алтайды бір көріп қайтайын деп қоймады. Алып келдім. Кеудені көргенде машинадан қарғып түсіп: «Япырай, мына жерде де кісі өле ме екен?!» деп аңырып тұрып қалды... Өледі екен. Заманың зауал боп келсе өледі екен!.. Ажалынан өлді ме? Зорлықтан өлді ме? Оны бүгін заманнан да сұрай алмайсың. Өйткені, ол заманнан да ырым қалған жоқ...
Мая текшесінің басынан құлдырап түсетін әр сайда бір бұлақ бар еді. Иесіз қалған соң олар да жер астына сіңіп кетіпті. Солардың етегін көмкеріп жалғыз ғана Шыбындыбұлақ жылап жатыр. Бүркіт, Күлмес, Бұқтырмаға көзі үйренген Жарылғасқа кішігірім өзен де бұлақ. Жылап ақса да Шыбындыбұлақ осы өңірдің нәрі еді. Мүмкін көз жасы шығар?.. Әйтеуір, келешекте суы сарқылып, шыбыны қалмаса болды да. Өйткені, қиядағы Қарақуыста ордалы жылан да болған, оны менен басқа жұрттың бәрі көрген. Кәзір жылан екеш жылан да ауып кеткен деседі. Әйтеуір, жыланы көшсе де жылуы өшпесе болды да!..
Кеуде жазда салқын, қыста жылы. Аспанға бұлт ілінсе болды, қырық күн шілдеде бүкіл Алтай аптаптан қаңсып отырғанда кеуденің меншікті ақжаңбыры кіреукедей салбырайды да тұрады. Қыста омбы қарын жөпшеңкі ат бұза алмайды. Боз аспаннан жапалақтаған көбік қар ағаш басынан жамыраған күзгі жапырақтай солаңдап, шұбар шымылдықтың ішіне кіріп кетсең мойныңнан сорғалаған жылы тамшыдан жаның рахат тапқандай боласың. Кеуденің май тоңғысыз жұмсақ ауасы тебіні бар, текшелеп үйген шөбі бар, бір колхозды әупірімдеп жеті ай қыстан сүйреп шығатын. Бұл жердің қысы жеті ай. Ойдың мұрты көктеп кеткенде Кеуденің сүр қары сіресіп жатады, және бір қырсығы, астынан ериді де Алтайдан жылы жел соққанда бір түнде бұрқ-сарқ атқы жүріп, пима киген жұрт ертеңгісін етігіне жете алмай шоңқиып қалады. Қаратайдың қатын біткені талтайып пеш аузында бұтын қақтап отырғанда жыл онекі ай колхоздың жұмысынан қолы босамайтын Зағи әпкеме еріп атажұрттың төрт мезгілін құр жіберген жоқ едім.
Заманның ырқына көнбей көр, оған тағдырдың тауқыметі келіп қосылса сорыңның қайнағаны. Біздің тұқымда соры қалың Зағи еді. Қыз болып бұла жастықтың қызығын көре алмай, байға тиіп бақыттың дәмін тата алмай, жиырмаға жетер жетпесте жесір қалып, Сталинград түбінде қаза тапқан қосағынан не өлді деген, не тірі деген хабар-ошарды күте-күте, маңдайының тері кеппей, қолының күсі кетпей, Ысқақтың қарашаңырағынан тапжылмастан алпысында қара жерден зорға дегенде тыныштық тапты...
... Ағаш басынан жамыраған күзгі жапырақтай еріншек жылбысқа қар салбырайды да тұрады. Жерге жете ме, жетпей ме кім білсін, әйтеуір адаспай менің мойнымды табатын. Сынаптың жорға мысқалындай желкемнен жыбырлап кірген суық тамшы құймышақтың жырмашына құйылғанда тоқ жүріп өткендей тұла бойым шымырлап, қалғып кеткен санамды сілкіп оятатын. Серғазы атамның тақымынан босаған пілдей қара өгіз маң-маң басып, таудай қып тиеген шөпті керіле тартып келе жатады. Соңында Зағи, үстінде қарағайдың қабығы мен естектің тамырына бояған қуықтай қызыл тон, қазақ «кедейдің кербезінен сақта» дейтұғын, шоққа қақтасаң да, боққа салсаң да киімің жарасымды болсын дейтін апам қызыл тонды бір жыл тікті-ау деймін. Қызыл тон Зағидан басқа ешкімге симайды, сол тонды сүйретіп Зағи қыстың қақаған аязында Катон мен Өскеменнің ортасында кіре де тартты, жыл сайынғы салық — наурыз туысымен күбітке де апарды. Күбіт дегеніміз ішкі жақтағы алпыс шақырымдық леспромхоз, ағаш жығып, Бұқтырманың жағасына сал әзірлейді. Әйтеуір басың бос дегені болмаса азабы Итжеккеннен кем емес. Қызыл тоннан басқасы өрім-өрім боп, азып-тозып, қар жіби бастағанда ауылды зорға табады. Қар жібісе көшкі жүреді, көшкі жүрсе алпыс шақырымдық леспромхоздан албасты да қайтып жете алмайды: екі жағы құз-шатқал, ортасында Бұқтырма, төбеден тажалдай төнген қар қалпағы қатты сіңбірсең де бұрқ ете қалады, күбітке жұмсау ажалға айдағанмен бірдей, осы екі ортада талай пақырды көшкі жұтты.
Зағи үйден шығысымен-ақ апамда тыным жоқ, кеткені кеше Зағи дәп кәзір келе қалатындай күресін басында екі көзі төрт болып қалшияды да тұрады, үйде жүрсе кәдірсіз қызын түзге кетсе зарығып күтетін әдеті, ол жоқта оның аяқ-басын бүтіндетіп, екі баласын қойнына алып жатады да мен далада қалғандай болатын едім. Апта бойы ауыз ашып тіл қатпайтын апам қызы келгенше күні бойы бір нәрсені күбірлейді де жүреді. Табиғатынан үндемес атанған Зағидың онымен сөйлесіп жатуға да уақыты жоқ. Кіре мен күбіттен босасымен колхоздың күш-көлігін бағуға кіріседі: аты бар, өгізі бар, өңшең арық-тұрақтың шөбін жеткізіп, астын тазалау, көтеремдерін көтеріп тұрғызып, жем бөрттіріп беру де соның мойнында, сынық жаңқа сүйремесе де көн-тулақтар шетінен жалмауыз, тоңқайып жатып та, шоңқайып жатып та жей береді, күн сайын бұларға шанамен даладан шөп тасу керек. Мінеки, бүгін де соның әуресі. Осының әуресінен бір күн сабаққа барсам, келер күні Кеудеде жүремін. Жалғыз адамға шанаға шөп арту да қиямет. Әйтеуір тірі жан ғой деп мені ербейтіп шөп үстіне шығарып қояды да өзі шананы шыр айналып жүріп, жол-жөнекей ауып қалмасын, шашылып қалмасын деп тарап отырып тиейді. Бүкіл топқайыңда Зағидай шөп артатын еркек- ұрғашыдан ешкім жоқ, ол тиеген шөпті тартатын қара өгізден басқа көлік те жоқ...
Қара өгіздің арқасы түтіндей бастапты. Өгіз екеш өгіздің де терлегенін менен басқа біреу көрді ме, көрмеді ме? Әлгінде ғана маса шаққандай башпайым шымырлап еді, қара өгіздің сауырына қарап отырып менің де бойым жылынған секілді. Бұрқыраған көк шөпке аяғымды тығып жіберіп, бұғып жатып, үн-түнсіз тұқырайып шана соңына ерген әпкемнің мұңды жүзін көремін де дүнияда тірі пендеге деген рахаттың барына күман келтіремін. Көк құрақтың танау жарған қош иісі де, анау шексіз көк аспан да, көк аспандағы еріншек ала бұлттар да өтірік сияқты: құрақ иісі кәзір бар да кәзір жоқ, көк аспанға ешкімнің қолы жеткен емес, ала бұлттар ешкімге ұстатқан емес, әншейін алданыш, мүмкін жалған дүние деген осы шығар? Біздің тұқымға біткен әйел атаулының сол жалған дүниеден еншілеген мұңнан басқа сыбағасы жоғы қалай? Бәрінің медет тұтқаны жалғыз мен екенмін, сонсоң ба, үйде де, түзде де қастарынан тастамай, аямай жұмысқа да салып, жұмыстан да бетер жалған дүниенің уайымын өздерімен бірдей арқалатып қойғаны. Бірақ Алладан менің амандығымды сұрағаны болмаса, бірде-бірі ең болмаса маңдайымнан иіскеп мүсіркеген емес, біреуден қиянат шексем де араға түскен бірі жоқ. Мен пақыр үшеуін де жақсы көрем, бірақ бұл да іште жатқан тәтті сезім, осының бәрі жиналып келіп апама тіреледі, бәріміз бір кіндіктен, осы бір такаббар қатынның құрсағынан екенімізді білеміз, оның көзі тірісінде бір-бірімізге көрсетпей көкірегінен иіскеп кетіп жүруші едік, сол иіс шешеміз көрге түскен соң да танауымыздан кетпеген сияқты, ана көкірегінің тәттілігі адам сезімінде сағыныш боп өле-өлгеніңше қала береді екен-ау...
...Бозжігіт ағам өз еркімен колхоз бастығынан кетіп қалған соң оның орнына таласқан мәнсапқорлар біздің тұқымға бүйідей тиісті. Неге екенін күні бүгінге дейін түсінсем бұйырмасын. Ылғида қиянат көретін Зағи еді. Бір себеппен бір күн жұмысқа шықпай қалса, соттатамын, айдатамын деп аулсоветтің рәйісі Дайрабаев деген шолаққол қоқыраңдап жетіп келетін. Сыңар қолын қай соғыста жоғалтқанын кім білсін, әйтеуір, үлкен-кішінің сақалымен санаспай орысша боқтағанда орыстың өзін жаңылдыратын қотиын неме еді. Рахым атамның бәйбішесі Қалима апамыздың қолының шипалығы бар болатын, әлі тілі шықпаған сәбиді ажалдан алып қап, соқырішек пен түйнекті уқалап отырып тарқатып жіберетін. Дайрабаев қотиын: сен тәуіптік жасап, сонымен мал табасың деп кемпірдің қыр соңына түссін. Емшінің қолына орамал байлайтын қазақтың әдеті, сол орамалға бола селсебет шешемізді сан дүркін бркоролға сүйреп, ел ішінде біреу ауыра қалса, Рахым атамыздың ауласына ат ойнатып, бүкіл Жарылғастың шаңырағын шағып кете жаздайтын. Жаратқан зарлыны да, зауалды да көреді екен, Дайрабаевтің топ қыздың ортасында жалғыз ұлы бар еді, аяқ-астынан ауырып, емдеп бер деп Қалима апамызға алып келген екен:
— Мен емдермін-ау, бәрі де Алланың қолында, егер шейт боп кетсе, әдейі өлтірдің деп менен көресің ғой, лөктірге апар, — деп апамыз көнбепті.
Бала орта жолда қайтыс боп кетсе керек, селсебет: «сен әдейі емдемей қойдың» деп тағы да кемпірдің төбесіне шай қайнатты. «Ойда он сиырдың мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиыр өкіреді», ит арқасы қиянда жатқан Төр Алтайға отызжетінің әңгіртаяғы ерекше қаһармен келді де күні кешеге дейін соның үскірігі ел үстінен кетпей қойды. Атқа мінгендердің бәрі белсенді, атқа мінгендер екі аяқтыны ең құрығанда қамшының астына алып, сылтауын тапса совет өкіметінің атынан өзі айыптап, өзі соттата береді. Сондағы соттатып жүргендері кешегі соғыста шейт кеткендердің артында қалған жетім-жесірлері. Еркек кіндік елде жоқ, «бай жоқта құл жүреді жораға, ит жоқта шошқа үреді қораға» деген заманды соғыстан кейін көрдік.
Жетінші класқа енді іліккенімде апам қатты ауырып төсек тартып қалды. Жаз құрғақшылық болды да әншейінде де қар жауғанша шалғысын қолынан тастамайтын Қаратай күресіннің қурайын да сыпырды. Мырзахан екеуміз қарашаға дейін жұлмалап жүріп Шолақ Бұлақтың бойынан бір отау тұрғызып едік, апамның кір-қоңын жуамын деп Зағи бір күн жұмысқа шықпай қалғанда Шолаққол мен колхоз бастығы соны тасытып әкеліп, ортақ қойманың ауласына шаштырып тастады. Екі жетімнің екі ай бойы тырнаған шоқалағы екі белсендінің мініс аттарының тұяғына жем болды. Ел асырайды деген пілдей азаматтардың айдарынан жел есіп, айқайын Алтайдан асырғандағы «жақсылығы» жетімдердің көз жасы еді.
Жұт жеті ағайынды. Жаздың аптабы жердің құйқасын жандырып жіберген. Қыс қақап тұр. Ел қораш. Мал көтерем. Ит ұлып, сиыр мөңірегенде тоқ ішегіңнің тұйығын солқылдатады. Ағын айырып отырған жалғыз мүйізін қайда апарарын білмеген жұрт қатты қысылды. Мұндайда Күн ерте батып, Ай кеш туады екен. Зағи екеуміз қасқарайғанша балтамен айдөңке шаптық. Айдөңке деген сөздің не екенін түсінсем бұйырмасын. Білетінім, біздің ел жаз бойы пішен шауып далаға үйеді. Жеріміз таулы, орманды болған соң жер қарада оны қораға жеткізе алмайды да қыста ғана шанамен тасиды. Отау мен маяның орнында тапталып қалған қар астындағы болар-болмас шөп қалдығын айдөңке дейтінбіз. Жұт жылдары соның өзін балталап шауып, ашөзек малға талшық қылады.
Жымқырылған еріннің жықпылынан едірейген мысық мұрт секілді қасат астынан селтиген бидайық пен селеу шашағын балталай-балталай діңкелеп отырмыз. Күні бойы айдөңке біткенді адақтап, тоңқаңдап жүріп бір қолшананы зорға толтырдық. Қолшанамыз да Әбіш атам долбарлап берген кіші-кірім ат шанадай талпайған бірдеме. Жазықта түн баласы іргеден келуші еді, Алтайда төбеден түседі. Мая текшесінен сырғыған қарақұрық орманды тауымен қоса жұтып алып, әпсәтте Кеудені тұмшалап тастаған. Түнмен таласа Алтайдың құзарынан ескен ызғырық қос өкпеден қысып барады. Өкпеден қысқан ызғырық па, әлде төрт құбыладан төніп келе жатқан қараңғылық па, үңірейген шатқалды үрей кеулеп, тоғыз жерден қарауытқан ескі жұрттан аруақ күңіренгендей құлаққа дене түршіктірген жағымсыз үн келеді. Содан ба, әлде тоңдым ба, қалтырап отырсам керек, Зағи қызыл тонын маған кигізді де:
— Жүрек жалғашы, — деп қолыма кәртөп ұстатты.
Мен қарнымның ашқанын сонда білдім. Ертеңгісін оразамызды ашпай шыққанбыз. Қабығын аршымай суға пісірген картоптің бір беті жылы, бір беті дүмбілез, қойнына тығып жүріпті, әйтпесе мына суықта мұз болып қатып қалса керек еді, соны қажалаған маған қарап отырып: «сорлы бала!» деп күрсінді. Аузымдағыны жұта алмай қалдым. Көңілім аяқ-астынан бұзылып, жылағым келді. Апайымның орнында анам болса көзімнің жасын көрсетпес үшін омырауына танауымды тығып жіберіп көңілімді басар едім. Зағидың бетіне қараудан жасқандым. Өңешімнен өтпей қалған суық картоптың мүжуірін лақтырып жібердім де орнымнан тұрдым. Бізден ұялғандай Қызылсиырдың пышақтай қырынан кілмиіп жартыкеш ай туып келеді екен. «Сорлы баланың» сор маңдайына ай шіркіннің кінасі қанша...
Жартысы мұз бір шөмеле шөпті жаяу сүйреу де жетіскен шаруа емес. Ауылға жеткенше кемі он шақырым. Мен шананың басжібіне тұрдым да Зағи артынан итеріп келеді. Менде қайбір қауқар бар,аяқтағы жамаулы пиманың өзі бір пұт, қызыл тонның етегіне шалынып ұшып түсіп едім, Зағи жетіп келді, шапалақпен тартып жіберетін шығар дегем, тағы да «өй, сорлы бала!» деді. Бұл жолғы дауысында аяушылық емес, зіл. Қызыл тонды иығымнан сыпырып алып шөп үстіне лақтырып жіберді. Бар қырсық қызыл тонда тұрғандай-ақ. Жазымыштың жүз батпан жабуындай апайымның үстінен түспейтін осы бір қызыл тон күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді.
Иығымды қиған қыл арқан, қыл да баяғының жұрнағы. Мен шана сүйреп келе жатқам жоқ, құлап қалмасын деп маған сүйеу болған қыл арқан. Әр нәрсені ойлаймын деп әрберден соң бәрін ұмыттым: ұлтанымен жер сызып, қинала боздаған шананы да, ала-кеуім түнді де, өз сәулесін өзіне жеткізе алмаған жарымжан айды да, әлгінде ғана оң жағымда Қоңқай бар сияқты еді, зырылдап ол да көшіп кетіпті, жер басып келе жатқан мен емес, тұқырайып тесіле бердің-ау деп аяғымның астынан жер қашып барады. Естияр шағымнан менің қуанышымнан мұңым көп болды. Қуанышты өзіме өзім қолдан жасайтын едім, не көрсем де, не жағдайға тап болсам да аузымда әзіл тұратын, біреудің осалдығын, біреудің мосқалдығын аңдып отырғандай табан астында күлкіге айналдырып, сайқымазақ боп бара жатқан соң өзімді өзім тия қойдым, өйткені бұл біздің тұқымда жоқ мінез еді. Не кешсең де қасарысып бақ, үндемей қасарыс, шыдап бақ деп өзімді өзім қайрадым, жалған дүниенің рахаты да, машахаты да өзгеге де, саған да жетеді, асыққанмен аузыңа Алладан басқа ешкім ас салып бермейді, әрине бұл шешеден жұққан тәлім. Тобанаяқ боп домаланып қалған шешемді ойладым: біз жеткенше ол байқұсты кім орнынан қозғар екен? Тіршіліктің азабына да, тозағына да тойып болған Қырмызы тәтемді ойладым, оның алдынан не күтіп тұр екен? Оған деген ендігі жақсылықтың жылты жоқ сияқты. Қозы көш жерде Нұрзағила тәтем отыр: майдандағы Айтқұл жездем соңғы хатында бәрімізбен қоштасқан екен, барлаушылар тобында еді, тапсырма қиын, енді сендерді көре алмайтын шығармын депті. Айтқанындай: фашистермен айқаста ерлікпен қаза тапты деген өтірік қағаз келген. Зағи болса да шана соңында, мұз аралас тоң шөпті итеріп келе жатқан сол, мен әншейін пристяжкедегі қосарға жеккен салт құнан секілдімін, керек десең ол менімен сөйлеспейді де, көп болса «сорлы бала» дер, бірақ мен неге сорлы болуым керек?.. Жоқ! Қасарысып бақ! Үндемей қасарыс!..
Наурыздың басы еді. Мен осы айда жарық дүниеге келген екем. Оны шешем де, мен де анық білмеймін. Ұсталатынын сезді ме, Қырмызы тәтем аудан басына барып: «олай-бұлай боп кетсем мұның шыр етіп жерге түскен күні менен басқа ешкімнің есінде жоқ» деп архивке тіркетіп, бір жапырақ қағазын алып қайтыпты... Күндіз жылымық, түнде ызғар, ағаш біткен боз қыраудан ақ кебін жамылып, бозамық тартқан дүние елес боп шалқып жатыр. Бізден басқа елес кезген біреу бар ма екен?..Ауылға жақындаған сайын денем бусанып, рахатқа батқандай болып едім, аулаға кіре бергенімізде торшолағын тепеңдетіп Кенжехан ағам жетіп келді.
— Қалқоз шөбін неге ұрлайсыңдар?! Кәнеки, «обшықораға» апарып төгіңдер! — деп таптап кете жаздағаны. «Обшықорасы» колхоздың күш көлігін қамайтын далда.
Төбемнен мұздай су төгіп жібергендей болдым. Зағи үн-түнсіз сазарып тұр. Біз қозғалмаған соң «нәшәндік ақыран» шананың басжібін білегіне ілді де дырылдатып сүйрей жөнелді. Бар қылған ағайыншылығы сол, шыға бере:
— Көкшұбар сөйтті деп өсек таратпаңдар, бұл бастықтардың бұйрығы! — деді.
Апам бәрін біліп жатыр екен. Мен кемсеңдей бастап едім:
— Доғар! — деді. — Көп болса сиырың өлер! — деп Зағиға қарады. — Сиыр түгілі адам да өледі, өлмесе байың қайда, байларың қайда?! Ертең мен де өлем! Тірі қалғандарды құдай көрмес деймісің? Жазасын құдайдан тартсын!..
...Апамның осы сөзі Алланың құлағына жетті ме, Кенжехан ағамыз, Алла өзі кешірсін, миынан азап шегіп алжып өлді...
... Зағидың нәр татпағанына екі жыл болған. Шай қасықпен күніне екі-үш дүркін аузына тамызған пантакринді қылғынып зорға жұтады. Оның қатты ауырып өлім аузынан қайтқанын да көргенмін, жаны қанша қиналса да қыңқ етпей жата беруші еді. Мұндай төзімді тірі жанның басына бермесін. Бір жылы өкпем қабынып өлер болғанымда «ойбайлағаным» есімде, сонда шешем келіп: «Немене, Алла аузыңа түспеді ме?» деп жағымнан тартып жіберген. Жалпы біздің отбасымызда шешем айқайға да, ойбайға да үзілді-кесілді тиым салған. Асқазанымдағы жараның аузы жарылып кетіп екі дүркін операциядан соң реанимацияда жатқан едім, қасымдағылардың біреуі ойбайлап, бірі қой-қойлап құлақтың құлығын түсірер болды. Есік көзінде екі-үш медбике шай ішіп отырған, біреуі маған жүгіріп келіп: «ағатай-ау, ең болмаса ыңырсып жатшы» деп жалынғаны, тегі үн-түнсіз қалған соң мені өліп қалды ма десе керек. Қиындыққа да, қуанышқа да біздің үндемей «семіретінімізді» қайдан білсін.
Алматыға алып келгенмен дертіне еш дауа табылмады да Зағи операцияға көнбей, енді мені пышаққа салмай-ақ онекі мүшем түгелінде елге жеткізіп тастайсың деді. Ол екі жыл бойы өзін өлімге дайындап еді. Өлетінін біліп жатып та ең болмаса бір өкініш, бір арманын тіс жарып бірімізге айтқан емес. Қырмызы тәтемнің: «біздің тұқымның бәрі ылғи боранда өлетін әдеті» дегені бар. Зағи қайтыс болғанда ақ түтек боран Алтайды тұмшалап, қырық жылда түспеген қар қырқаны да көміп тастады. Өскеменнен арман қарай тірі тышқанның қыбыры жоқ, аяз қырық градустан асып, Нарында елубеске жеткен екен, Катонда қорадағы төлге дейін қатып қалыпты. Зағи көз жұмғанша: «Қалихан, Әлихан!» деп шақырып жатыпты да, қинала бермесін деп біздерді келді дегенде жүріп кетсе керек. Ол Әлиханды қырқынан шығысымен бауырына басып, маған: «мен сенің балаңа нәңке болмаймын, берсең түбегейлі бересің!» деген. Қожалақты ол балам деп бақты. Тірісінде қасынан тастамаған мені ол өлерінде де іздеп жатыпты. Шешеміздің тағдырын қайталаған да Зағи еді. Ол бір суық тағдыр еді. Фәниден рахат таппаған соң екеуі де бақиға асықты да тағдырдан да суық қара жерге қарсылықсыз аттанып еді. Мүмкін Жаратқаннан бақидың рахатын сұраған шығар... Өкініші, мен пақыр топырақ сала алмай қалдым. Қырмызы тәтем де алай-түлейде қайтыс болды. Оған да менен бір уыс топырақ бұйырмады. Алай-түлей заманда Алланың мезгілі мен өлшеп қойған уахытына қарсылық бар ма...
***
Шыбындыбұлақтың жағасында отырмыз. Қаратайдың ақсақалдары мен көк сақалдары. Ақсақал дейтін де көп емес: Қаратайдың қара нары Бошай Кітапбаев бастаған үш-ақ сексендік — Елтай Жалбағаев, Фрунзе Жақсылықов, қалғанымыз алпыс пен жетпістің көксақалдары, бұлар да өсіріп санағанда оншақты. Кешегі жиырма жеті мыңнан ауданда бүгінгі қалғаны онбес-ақ мың қаратай екен. Оншақтының өзін жер шеті Алматы мен Астанадан, Арқа мен Жетісудан шөмшектеп теріп алғанымыз. Қаратайдың жиырмабірінші ғасырға азып-тозып жеткені осы. Жетпегенін Еуропа мен Қытайдың, Монғолия мен Ауғанның, Итжеккен мен көрші-қолаңның топырағынан іздемесек Төр Алтайда ізі де жоқ. Бір кездегі Өскемен — Зайсан үйезіндегі ең ірі екі болыс елдің жұрнағын жинатып алған Әлібек пен Тоқтасын — идея Әлібектікі, орындаған Тоқтасын. Тоқтасын киіз үй мен жүз кісілік ақ шатырды Атажұртқа әдейі тіктірген екен. Қалай қарасаң да қалықтап Туған Жерің көз алдыңа келеді, Туған Еліңнің барын рухани медет тұтып, бақидағысын көңілмен іздейсің. «Жігіттер, үлкендерді көзі тірісінде көріп қалайық, дуалы ауыздың батасын алайық!» деп ой тастаған Әлібек еді. — Кейінгі ұрпақ жетім өскендей болмасын, алдыңғы толқын артында кім барын көріп кетсін!» деген. Әлібектің ойлап таппайтыны жоқ, және сол тапқаны көптің көңілінен шығады. Қашанда санасы пысық. «Пысық» деген сөз Абайдан соң теріс түсінік боп кетіп еді, дегенмен мәнісіне қарай өз орнын табуы керек сияқты. «Пысық» атанбас үшін жә деген жігіттер жұрттан төбесін оздырмаймын деп ел ішінде пысық азайып кетті де Қаратай қайтадан қалғи бастады. Ойшылды да оятатын қамшы керек. Қазақ жаяу жүрсе де қолынан қамшысын тастамаған... Ағынан жарылсақ, біздің бүгінгі қамшыгеріміз Әлібек (Асқаров) болып тұр. «Келер жылы жастардың басын қосуымыз керек, — деді. — Кейінгі ұрпақ кәзірден бастап бір-бірін танып алсын, жанашырың кім, жауға шабарың кім, әр жастың көңілінен солар өз орнын тапсын» деген ақыл сөзі ежелден жігі ажырамаған біртұтас Қаратай жұртының кәзіргі мұңы, келер күнгі уайымы еді. Бір тайпа елді быт-шыт қып есеңгіретіп тастаған ХХ ғасырдың мүңкір-нәңкірінен соң енді ес жиятын уахыт болып еді.
Тұтас бір ауыл Жарылғаста иегімен жер сызған жалғыз-ақ шал қалыпты, оның өзі де қыр асып қайтуға екі аяғы мініс бермейтін жаутаңкөз. Кейінгі тұқымның кімнің кіндігінен екенін білмейді, кейінгі «шантрапа» да оны көзге іле бермейді. Кезінде атқа мінсін мейлі, аттан түссін мейлі, әйтеуір, шамасына қарай заман оны да ат қып мінгені рас. Бірақ соны кәзір кім ескеріп, кім мүсіркеп жатыр? Иісі Қаратайдан тапқанымыз үш-ақ шал ма? Оларды да ескінің көзі деп жер түбінен экспонат ретінде алдырып отырмыз. Әрине, көң-қоқырды ақтара берсек талай өтелсериенің табылуы мүмкін. Қартайғанның бәрі Қыдыр емес. Сақал-шаш ағарғанмен ақсақалдыққа жете алмай қалғандар қаншама. Жеткендердің де тоқсанға дейінгі ғұмыры тәтті болған жоқ. Ортамызда жалғыз заңгер Елтай отыр. Әкесі Нәсірхан Итжеккеннен қайтқанда бүкіл Топқайың боп күрежолға жүгіріп едік. Шын ба, өтірік пе деп. Өйткені катаржаннан қайтып елді көрген ол кезде ешкім болған жоқ-ты. Қаратай арғы бетке босқанда жол бастап шығарып салып жүргендердің бірі. Чекистер көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң әйтеуір есебін тауып «контрабандист» деп соттаған екен. «Меккенің» қызығын әке көргенмен азабын Елтай тартты. Заң факультетіне қабылданбайтын болған соң Жалбағаев боп зорға ілігіп еді, оқуын бітірген соң да бұл саладан қызмет бермей сандалтты. Қиыр жайлап, шет қонып, туған жерге сіңісіп кете алмай, саркідір тартқанда елді тауып еді, шалғайда жүрсе де шапағаты көп тиді: жапа шеккендердің есесін алып беріп, нақақтан күйіп бара жатқан талай-талай азаматтарды кісеннен құтқарып қалды, сол үшін оған рахмет айтқан сірада біреу бар ма екен?.. Енді міне, бүгін де оның кім екенін екінің бірі біліп жатқан жоқ-ау...
...Фрунзе жасы үлкен болса да мектепті менімен бірге бітіріп еді. Қайбір жетіскеннен дейсің, оқуға қолдың қысқалығы да. Дәрігерлік институтқа түсіп алып, алғаш рет адамның өлігін көргенде алды-артына қарамай ауылға қашып кеткен. «Бұл менің маңдайыма жазбаған кәсіп екен, өлінің шек-қарнын ақтарғанша тірінің бір қажетіне жарағаным жақсы емес пе» деген. «Тірінің қажетіне жарасам» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, өмірдің қызығын кешіп жүретін шағында жастықтың буы мен қажыр-қайратын шаруаның қамына жұмсап жіберді: атақты қолбасшының атын тартып алған соң ба, әйтеуір тіршілікте жолы болды, колхозды да көрді, кабинетте де отырды, ауылдан бедел жинап, ауданды да басқарды, аттан түскен жоқ, ұрандап қол бастамаса да қарапайым жұрттың бағасын бажайлап, алдындағы ағаларының қасиетін пір тұтып, өз қадірін түсірмей көптің көңіліндегі Жақсылықов болып қалды, фамилиясына сай Жақсылықов боп жүріп жатыр. Шүкір! Бізден де бір «партийный деятель» шығып еді... Жарылғастың маңдайына жазған жалғыз генералы да бар екен. Есесіне бір Қаратайдан тоғыз жазушы, оның үшеуі Мемлекеттік Сыйлықтың, біреуі «Алаш», тағы біреуі Жамбыл атындағы халқаралық әдеби сыйлықтардың лаураттары, шетінен ауданның «Құрметті Азаматы», тоғызы бірдей сықырлап Катонқарағайға симаған соң біреуі атақты Аягөзден барып алыпты. Ортасында Қаратайдың қара нары, Социалистік Еңбек Ері, экономика ғылымының кандидаты Бошай ағамыз жүр...
... Қаңтардың қақаған аязы еді. Кешкі ымыртта Бозжігіт ағамның жирені мен торысына атдорба кигізіп, ақырға шөп салып шыққанмын. Қыс бойы Алтайда түн баласы айтарға ғана, күн көкжиекке құласымен дүние боз тартады да көгілдір сағым шалқиды да тұрады, әсіресе қатты аяздарда. Талдан тоқылған қасықтай кашовканы дүңгірлетіп, танауынан бу атқан пар ат көгілдір сағымды қақ жарып есік алдына тоқтай қалды. Тұрпаты Топқайыңға бітпеген еңгезердей бір адам адымдай басып тура үйге тартқан, мен кіргенде Бөкем екеуі әңгімелесіп тұр екен. Асығыс болса керек, Өскеменге бара жатырмын деп келбеті қызды тамсандырғандай зор кісі даяр дастарханға қарамастан кетуге ыңғайланды. Бөкем оның хром етікті аяғына қадалып қарап тұрған:
— Тоқтай тұр, сен де бір жанкешті екенсің, сәнге болмаса мына суықта хром етіктің сыңар аяққа да септігі жоқ, — деп төр үйден әлі киілмеген, жуырда ғана Пешүйдің кержақтарына бір торпақ беріп бастырып алған жаңа пимасын алып шықты. Бейтаныс етігін пимаға ауыстырғанда бір аяғының орнында ағаш протез екенін көріп қалдым... Сол бейтаныс бүгінгі ел ағасы Бошай Кітапбаев екен. Ағамызды 1963 жылға дейін қайтып көрген жоқ едім. Одан бері де заман өтіпті. Бала кезіңде көргеніңнің бәрі ертегідей. Ер жеткен соң өмірдің бояуы оңып, қоңыр тірліктің қоңылтақ тырпылы басталады. Мен Бошай ағамды сонау бір боз дүниенің көгілдір сағымынан іздеп едім, көз алдымда мосқал тартқан кексе отырды. Газеттен Ғабеңнің «Бошайдың үш қарасын» оқыған соң оны іштей иемденіп, бір көруге ынтық болып едім, сөйтсем менің көңілімдегі Бошағам ыстық екен де, кәзіргі көз алдымдағы Бошағам салқын көрінді. Сөйтсем, мен балалық қиялымда қап кетіппін де алаш қамы деп арпалысып жүрген ағамның тіршіліктегі қадамына менің санам ілесе алмай қалыпты. Ауатком төрағасы, аупартком басшысы, депутат Бошай, КПСС ХХ съезінің мінберінен жұртты аузына қаратқан Бошайдың менің көңлімдегі Бошағама симайтынын ойламаппын ғой. Бошағамның бейнесі биіктеген сайын ол менен алыстай берген сияқты еді, сөйтсем ол Қаратайдың тұлғасы ғана емес, рухани көсеміне көтеріліп кеткен екен. Ол Алматыға көшіп келгенде Алтайдың Мұзтауы Алатауға кеп қонғандай болған. Осындағы Қаратайдың елу түтінінің төрі бір ғана Бошағаммен толып қалып еді. Жалғыз ғана күдік — бүкіл ғұмырын ат үстінде өткізіп келе жатқан жансебіл адам Алматының көңірсік көк түтініне отыға қояр ма екен деп едім. Алматының ауасы түк емес, қиыны рухани атмосферасы екен. Ел өмірімен біте қайнасқан қайраткердің төрт қабырғаға қамалып қалуынан өткен қиянат бар ма. Алмағайып заманның алдамшы құбылысы қарап отырған пендені де қажытады. Әуелі «қайтақұру» дейтұғын адам түсінбейтін шырғалаң, онан соңғы жекешелендіру дейтұғын көпе-көрнеу ел тонаудың үкімети саясаты, билікке таласқан ат төбеліндей топтардың айдарын едірейтіп, жемқорлық пен парақорлықты заңды түрде мемлекет басқарудың әдісіне айналдырған сұрқиялық Бошағамды қатты кейітті. Әсіресе оның жанын қинағаны — ауылшаруашылығының күйреуі. Қырық жылдық еңбегін ауыл үшін сарп етіп еді. Катонқарағайда Ленин колхозы деген шаруашылық болған. Кезінде миллионер атанып, облысты қойып «Екіжді Герой» Алдабергеновтің колхозымен үзеңгі қағыстырған. Бүгінде елге кетіп бара жатып жол жиегінен есік-терезесі үңірейіп, төбесін алабота басып, жермен-жексен болған ескі құрлысты көреміз. Бұл да кезінде хан сарайындай болмаса да қарашаның баспанасына бергісіз мал қорасы еді. «Қайран ауыл, қайран шаруа!» деп Бошекеңнің еңбегінің еш кеткеніне ішің удай ашиды. Кәзір мұндай жайды мал түгілі адамға да салып бере алмаймыз. Қора дейміз-ау, Бошекең кеткен соң қора тұрмақ Бекет аулының өзі бағы бір заманның обасындай шөгіп, енді көң-қоқырдың астынан қазып алуы ғана қалған.
Бошағам Алматыға жеттім деп алшысынан түсіп жата алмады. Бір апта осында болса, бір ай елде жүрді. «Аға, жас болса келді, бір Қаратай емес, иісі қазақ сізге разы шығар, енді демалатын кез жеткен жоқпа» дегенімізде:
— Жамбасың екіжарым метр ұраға түскенде демалатын уахыт таусылмас, алпыс жыл сүйреген сыңар аяқ сыр бермей тұрғанда жер танабын әлі де өлшеп қалайын, — деп ағамыз бой бермейді.
Бошағам сұрапыл соғыста бір аяғын жат жерге жерлеп, Еуропаның да шалғайын өлшеп қайтқан. Ақын Мұзапар Әлімбаев оның окоптас досы екенін бұрын білген жоқ едім. Кәзір мен танитын соғыс ардагерлерінен осы екеуінен басқа аса қымбатты көп ешкім қалған жоқ-ау деймін. Ақын жөні бір басқа, оның өлеңін оқы да өзін сырттай сыйласаң да имандылық, ал ағайынға ақыл, жұрағатқа жанашыр табыла бермейді. Бошекең бір елдің жанашыры да, ақылы да десем артық болмас. Ақылы сарқылып, арамы күрмектей қаптап кеткен заманда атаңды боқтайтын ардагермен де жылап көрісерсің. Күнделікті күйкі тірлікте кеңес беретін «ақылгөйлер» толып жатыр, Бошекеңнің болмысы арыдан, тектілік пен даналықтан туындайтын табиғатынан. Оның қасында аяқ-қолымызды тартып, аузымызды тиып отырамыз. Өйткені оның сөзіне еншілес болғанмен ойына жете-қабыл еру қиын. Не артық кетіп, не кем түсуің мүмкін. Екі жағдайда да «сенген қойым сен болсаң» дегендей саған деген көңілі қолқ етіп түсіп қалады. Бұған себеп, ой жарыстыратын, арман бөлісетін тең-тұстастың кемдігі мен бүкіл ғұмырын можантопай шаруаның торыларымен табақтас, үзеңгілес қылған уахыт, зерезеп қылған тобыр. Сонсоң да ол екі ұдай өмір кешкен сияқты: ойда қойдың бақайын құрттаған қойшымен айран ұрттасып, ордада Димекең сынды қайраткерлермен ой бөліскен.
Ол Алтайдан асып, алай-түлей заманда жансауғалап арғы бетке босып кеткен бесжүз түтін қаратайлықтардың кейінгі ұрпағына дейін санап қайтты. Отызыншы жылдардан бері Ресейдің боданы болған Қосағаштағы ағайындарды да түгендеп, туған жердің топырағына қайтарып алмаса да Атамекенмен жалғастырып елдегі туыстарымен таныстырып келді. Осының бәрі әншейін ел қыдыру емес, басқаның ойына келмеген, басқаның қолынан келмейтін үлкен бір мақсаттан туған еді. Бүкіл қазақ мойнына қоржын салып қаңғып кетейін деп тұрған алмағайып заманда Бошағам сол қазақтың кезінде мемлекет боп тарихта аты қалған Тоғыз Таңбалы Найманның шежіресін жазуға кірісті. Бұл бір адамның емес, тұтас бір институттың атқаратын қызметі еді, «көзіңді жұм да көлге секір» демекші, ұшан-теңіз азапқа кімнің жүрегі дауалағандай, Бошекең тәуекелге емес, өзіне сенді, өзінен басқа ешкімнің бел шешіп кіріспейтінін де сезді. Тоғыз таңбалы Найманды былай қойғанда, жеті Көкжарлы тұрмақ жеті атасынан адасып қалған кейінгі жұрт шежіреге танауын тығып қайтсін. Бір жыл емес, сан жылдар бойы жиған-тергенді бір жүйеге жинақтаудың өзі шөмеледен шөңге іздегенмен бірдей, жүйкені тоздыратын жұмыс. Оның үстіне Бошекеңнен басқа бір пенде болса, атасын аспандатып, жаманын ардақтатып қояр ма еді?..
Енжарлық ежелден дертіміз еді. Бошекеңнің азабын бөліп-жарар ешкім болған жоқ. Еңбек дайын болып, оны кітап етіп бастыру проблемасы туғанда да көмектесер ағайын «мен бармын» деп шыға қоймады. Ағамыз алғашқы нұсқаны амалсыз ротопринтке бастырды, екінші нұсқа да екі кітап болып дәл осылай жарық көрді, толықтырылып, қайта жазылған үшінші нұсқаның бір томдығы оқушы қолына зорға жетті-ау. Еңбек те өзінікі, бүкіл шығынын көтерген де өзі. Моральдік, рухани құнына баға жетпес зор еңбек үшін де Бошекеңе көзінің тірісінде ескерткіш қоюға лайық дер едім...
...Бошағам Алматыны тастап Алтайға қайтқанда қақ ортамыздан ел көшіп кеткендей болып еді. Қоныс аударса да ту сонау Өскеменнен ең құрығанда аптасына екі дүркін осындағы әр түтінге телефон шалып, амандығымызды біліп тұратын әдеті. Ерте тұрып, кеш жатуға машықтанып алған байырғы шаруаның адамы таңғы сағат алтыда амандықты әуелі менен бастайды. Телефон шар ете қалғанда Бошағам екенін біле қоямын.
— Әй Қалихан, амансың ба әкем! — деген дауысын естігенде қарсы алдымда отырған ағамның бейнесін көз алдыма елестетем. — Сенің ерте тұратыныңды білем ғой, ал мен терезенің алдындамын, екі көзім далада, онекі мүшесі түгелдер көшеде тырпылдап жүгірген болып жүр. Зор келсе мен сыңар аяқтап та осылардан озып кететін сияқтымын, — деп күледі. Бұл сексеннің сегізіндегі қарияның сөзі. Қария деймін-ау, үні жиырмадағы жігіттің дауысындай жігерлі, күлкісі жә деген ұрғашының сылқымын арбағандай. Жеңешемнің «құлағына алтын сырға», ағамызды қаншалық өзімсінгенмен, жеңешемнен әрі қаймығып, оның алдында қысыла беретінім бар, қыз кезінде ұстазым еді, жетпістің бесіне келсем де менде шәкірттік психология қап кетіпті.
Ағаны ел ішінде қуаласаң таппайсың. Бірде ойда, бірде тау басында, машинаны атқа ауыстырып, Алтайдың ағашын санап жүргені.
Телефон шар ете қалған.
— Әй Қалихан, амансың ба әкем!
— Аға, қайдан хабарласып тұрсыз?
— Қостанайдан.
— Қостанайдан?
— Жылқы зауытына келіп едім, биесі де, айғыры да бар екен, бірақ көңілімнен шықпай тұрғаны. Енді қайтамын. Жәй, амандықтарыңды білейін дегенім ғой.
Қайда жүрсе де тілейтіні біздің амандығымыз. Жетпістің жетісіне келгенде Алматыдағы бүкіл ағайынның басын қосып: «сендерді бір Аллаға тапсырдым» деп кетіп еді, елге жеткен соң да іңірде біздің уайымымызбен жатып, ертеңгісін біздің уайымымызбен төсектен таңғы сағат алтыда тұрады. Шаруасы тағы бар. Ежелден атқұмар адам сексеннен асқан соң да сол құмарлығын тастай алмады. Жеу үшін, болмаса сән үшін ұстаған жоқ, әлдебір малсақ пенделердей қарасын көбейту үшін де емес, селекция жасап тұқымын асылдандырып, сәйгүліктер мен салтанаттың тектілерін жүзге жақындатып еді, жыл сайын ондап азайтып тұрады. Азаматтардың мүшел тойы, ағайынның келін түсіру, қыз ұзату сияқты той-томалағына таңдап тұрып ат сыйлайтын жомарттығы және бар. Сәнге мін, жиылған жұрт таңдай қақсын; жаратып бәйгеге қос, атағы ел аузында қалсын дейді. Баға алмасаң, бабын таппасаң бағын ашпадың деп ренжиді. Жүйрікті шаранасынан, тектіні таңдайынан танитын сыншылдығы да ежелден жалғасып келе жатқан қазақтың сыншыл табиғатының қасиетінен болар. Қазақ жылқыны ғана емес, адам генетикасын да таза ұстаған еді ғой, тектіден келін түсіру, тектіге қыз беру селекция емегенде не? Үш жүзден қыз таңдағандар да болған, бел құда, бесік құда, бөде құда болу тегін бе еді? «Үйдің мықтысы ағашынан, жігіттің мықтысы нағашыдан» деп бұрынғылар неге айтыпты? Қоқсықтан боқсық туады, бырыштан бықсық туады. Бүгінде игі-жақсылар да азайып кеткен жоқ па, осының себебі неде? Бір ауылға бас болатын басалқа таппай отырған жоқпыз ба. Совет өкіметі құл-құтаннан құдай жасаймыз деді, онысын бай мен кедейді теңестіреміз деген өтірік ұранмен жасырды. Сондағы теңгергені қайсы? Игі-жақсылар мен зиялы қауымды тап-тақыр сыпырып әкетіп, халықты рухани жалаңаш қалдырды: халықты аздыру, ұлтты азғындату, генетикалық қасиетін бұзу мақсатындағы зымиян саясат көш бастайтын көшелілерді, ұлт тағдырын ойлайтын көсемдерді жойып жіберді. Тектіліктің төркіні жатырдан. Советтік саясат алтын табаққа боқ құйғызды...
Дені таза ұрпақ болмаса дана қайдан шықсын. Даналық тек қана интеллектіге байланысты. Көргені, көптің аузынан тергені, өмірден түйгені өз алдына, ең басты қазына — білім, соны сіңіре білетін аналитикалық ақыл-ой. Бошағамның атақ-абройы бір басына жеткілікті еді, соның бәрі адал еңбекпен келген. Соған қарамай ғылым кандидаты деген титулдың, соған бола Мәскеу барып диссертация қорғау қажет пе еді? Әрине, бір мақсаттың түбіне жетпей тынбайтын мінез бар, оған қоса миға салмақ, қолға жүк болған сан жылғы білімді ғылыми негізде тұйықтау керек болды. Білімді жасайтын жеке тұлға, жемісі көпке ортақ. Бошекең өткенді сараптап, бүгінді бажайлап, болашаққа үмітпен қарайтын адам. Бірде ол: «Әттең, совет өкіметінің құлайтынын білгенде мен көп нәрсені басқадай жасайтын едім ғой!» дегені есімде. Басқадай не жасайтын еді? Нені басқадай жасайтын еді? Мен қазбалап сұрағаным жоқ. Ол сабақтап айтқан жоқ. Менің бопсалап түйсінгенім: жастың ұлғайып, өмірдің көбі кетіп азы қалғаны, ең өкініші — қолдан биліктің кеткені, жарым пайызы ауылда отырған қазағының тақыр жерде отырып қалғаны ма дедім. Тәуелсіздік деген ұғымды санамен сіңіре алмай, рухани бостандыққа әлі де жете алмай есеңгіреген қалың тобырдың селт етпеген мылқау кейпі де ағамызға уайым. Ағаның уайымы өткенді аңсау емес, өткенді шорт кесіп тастамай, соны суыртпақтап дамыту. Тікелей билікке араласа алмаған соң ол қолына қалам ұстады, күнделікті баспасөзде ара-тұра мақалалары да жарияланды, оған «мұныңыз теріс болды-ау» деген ешкім жоқ, іштей құптап отырса да қорқақтықтан, күшігінен таланып жасқаншақ боп қалған зиялылар үндемей иек қағып құтылды.
Телефон шар ете қалады.
— Әй Қалихан, амансың ба әкем! Сен мынаны білетін шығарсың, — дейді де алдымен Абайдан бір шумақ оқиды.
Ол бүкіл Абайды жатқа біледі. Бір Абай емес, қазақтың маңдайына біткен арғы-бергі даңғылдарын теріп оқып, қазып оқиды. Мен оның еске сақтау қабылетіне таңқаламын. Күнделікті газет-журналдарды пұшпағана дейін ақтаратын да Бошағам. Алаш қайраткерлерінің қай жылы, қай басылымдарда жарық көрген еңбектерін қолмен қойғандай санап бергенде мен өзім осы жасыма дейінгі ғұмырымды текке өткізгендей сезінетінім бар. Оның әрбір қоңырауы маған бір жаңалық, бір кетігімді толтырғандай болады. Сөйтсем, бар қазақты айтпағанда, бір Қаратайдың өзінде мен білмейтін ақындар да, ақылдар да баршылық екен, мені солардың ізіне салып, бар болса бүгінгі ұрпақтарының қайда жүргенін, жоқ болса сүйегінің қайда жатқанына дейін құлаққағыс қылғанда солар туралы көркем шығарма жазады деп ойлайтын көрінеді. Жазар едім-ау, егер Жаратқан соған жетер уақыт берсе, рұхсат етсе...
Кезінде Мұхамеджан Қаратаевтан: менің Алматыда бәйгеге қосқан екі тайым бар еді, солардың шабысы қалай деп сұраса керек. Екі тайының бірі мен, екіншісі Оралхан.Жер ортасынан асып кетсем де мен оған әлі күнге таймын. «Шабанбайдай жер қайда?», «Қаратайдай ел қайда?» деген эпикалық кітап жазасың деген де Бошағам болатын. Бұл да маған ой салды да басқаның бәрін сырып тастап «Келмес күндер елесіне» қайрылуға себеп болған да осы.
Бүгінде ақсақалдардың ақылын артық санайтындар да толып жатыр. Бір ғасыр ғұмыр кешкен абыздардың асудың ұшар биігіне шыққан соң етекте қалғанды алақанынан оқитынын бәкене жұрт қайдан білсін. Өткеннің игі-жақсыларының есімін мәрмәр тасқа көшіріп, Қатынқарағайдың төрт құбыласынан түгел көрінетін биікке Бошағам бекер апарып қойды деймісің. Асудың арғы жағы шыңырау екенін ұмытпалық, асылдарымыздың бейнесі тұлғаланып, қашанда көңіліміздің биігінде тұрсын, есімдері мәрмәрге емес, жүрегімізге жазылсын да! Әзірге бүкіл Қаратайда Бошай Кітапбаевтің жалғыз екенін де ұмытпалық!..
***
Шыбындыбұлақ. Жазы шыбынсыз, қысы май тоңғысыз қасиетті Атажұрт. Бұтасы сыздан майысып, жапырағы шықтан терлеп тұратын орманды Алтайдың бар ылғалын сауып алып, не толмайтын, не солмайтын, сынаптай мөлдір, сылдыры сезімді қытықтайтын момақан бұлақтан Алтайды аңсап келген қазақтың игі-жақсыларынан дәм татпағандары жоқ. Ақын ағамыз Қайнекей Жармағамбетовтің: «Апырай, бул жерде де кісі өле ме екен?» дейтіні тегін емес еді. Ағамыздың ақындығын былай қойғанда бүкіл қызматін білмейтін қаратайлықтар кемде-кем екен. Елге де, жерге де қатты разы болған соң: Қалихан, қайтар жолда мен де сені қымбат бір ағаңмен таныстырамын деді. Айтқанындай Семейге тоқтап Қайым Мұхамадхановқа алып барды.
Қызыл шырайлы, қыр мұрын, ашық маңдай, кез-келгенге тіктеп қарайтын, «Ал, менмін, қайтесің?» дегендей, тұла бойынан қарсылық теуіп тұрған қайсар адамды көрдім. Әуелде сыр бермейтін суық жан секілді еді. Ұш бөлмелі пәтердің екеуін архив пен кітапханаға беріп, бәйбішесі екеуі бір қуысқа тығылып отыр екен. «Жаспын деп жасқанбай кең отыр, саған беретін қызым жоқ!» деген соң дүние кеңіп сала берді. «Осыған да шүкір, тас камераның қасында бұл да төржайлау ғой» деді. — Әттең, үш әріптен қорыққандықтан қатын біраз нәрселерді өртеп жіберіпті».
Университеттің бірінші курсында жүргенімде Қайым Мұхамедханов дегенді бұржуазиялық ұлтшыл ретінде жиырмабес жылға соттап жіберіпті дегенді естіген едім, алашордашыл екен дегенді де естігенбіз. Бірақ «алашорда» деген ұғымның не екенін, «алашордашылардың» кім екенін ол кезде білсек бұйырмасын. Үлкендердің сыбырлап қана сөйлесуінен әйтеуір қазақ ұлтына байланысты екенін ішіміз сезетін. Ұстаздарымыз «алаш» десе ат-тонын ала қашып, шәкірттерін одан аулақ ұстауға тырысатын. Тек Бейсембай Кенжебаев қана: «балалар, есікті қымтап жабыңдаршы, мен артымнан сөз ергіш адаммын» дейтұғын. Бейсекеңнің бүкіл лекциялары Сұлтанмахмұт Торайғыровты ақтаумен өтті. «Алаштың» гимнін жазған да Сұлтанмахмұт екенін кейіннен білдік қой. Кезінде Бейсекеңді түсінбедік, бағалай алмадық, ол кісі де бізден жасқанып, қашқақтап жүрді. Сырттай момақан ағамыздың ішінде не запранның қайнап жатқанын біз қайдан білейік. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» дегендей, ұстаздарымыздың бәрі де қыстығып, шәкірттеріне өткеннің ақихатын айта алмай кетіпті-ау. Көзімізді бір ашатын Мұхтар Әуезов еді, бірақ одан бір нәрсенің шындығын сұрауға батылымыз бармады, оның үстіне Қайым Мұхаметхановтың ісіне қатысы бар дегенді құлағымыз шалған, ол да ұзынқұлақтан жеткенімен мәнісіне барған емеспіз. Аяғын әнтек басып ауылдан енді келген можантомпайлардың Мұхаңмен әңгімелесуге моральдік мүмкіндігі де жоқ еді.
Елуінші жылдары университеттің беделі ерекше еді. Университет беделін ұстап тұрған бір топ ғалымдар болды: арғысы әлемге, бергісі Одаққа әйгілі химиктер, физиктер, биологтар — академиктер, ғылым докторлары, профессорлар. Өз басым химиядан түк хабарым болмаса да академик Сокольскийдің лекциясында екі сағат отырып шыққаным бар. Университеттің ректоры әрі Сыртқы Істер министрі Төлеген Тәжібаев шет елге барып қайтқан сайын студенттермен қызықты әңгіме өткізгенде үлкен залда ине шаншар орын қалмаушы еді. Студенттен бастап ректорға дейін қадыр тұтып, есіктен кіргеннен қошаметтеп қарсы алып, кетерде көлігіне қолтықтап отырғызып салатын ерекше бір адам Мұхаң болатын. «Әуезов келе жатыр» деп төменнен біреу айқайласа, үш этаж түгелімен баспалдақ жақтауына қаздай тізіліп, екі туып бір қалғанындай сәлем берісіп жатады, ешқайсысының түсін тоқтатпаса да ежелгі танысындай Мұхаң да баршасына бас иіп өтеді. Мұхаңнан дәріс алғанға да дәстердей болатын филологтер мен журналистер жалы күдірейіп, топ ішінде шіреніп тұратын да кездері болушы еді.
Кезекті лекциясын Мұхаң айтыс ақындарының өкілі деп Жамбыл мен Иса туралы оқыған, бұл екеуінің есімін ерекше бір сүйіспеншілікпен атап, әрбір лекциясында есебін тауып соқпай кетпейтін... Аудитория аузы-мұрынынан шығады. Геологтар да, биологтар да осында. Тіпті біз түсін танымайтын адамдар да бар. Мұхаңның көсіліп бір сөйлеген күні еді. Кенет...
... орыс әдебиетінің тарихынан сабақ беретін, әрі филология факультетінің парторгі Ғабдиров деген ұстазымыз айқарма есікті шалқасынан ашып тастап, қақ ортасына тәлтиіп тұра қалды. Бойы шарғы, тұла бойына тұтам ет бітпеген қалақтай ғана кісі еді. Соған қарамастан ылғи да жұрттың төбесінен қарауға тырысып, мейлі шүршіт болса да тек қана орысша сөйлесетін әдеті.
— Без-зо-браз-зие! — деді.
Әлі тұрды, бері тұрды. Аудитория да тым-тырс. Мұхаң да тым-тырс. Әлден уақытта тағы да:
— Без-зо-браз-зия! — деді.
— Әй, шырағым, енің мен тұрқың екі қарыс болып есікке симай тұрсың ғой, не боп қалды? — деп Мұхаң бүкіл денесімен бұрыла парторгке шаншыла қарады.
— Мұхтар Омарханович, вы сорвали занятия всего университета!
— Пәлі, бұларды мен шақырыппын ба?
— Без-зо-браз-зие! — деп парторг есікті жаппастан шалқасынан тастап кетті.
Аудитория тым-тырс. Қызғылт қоңыр кәстөмнің өңірін ағытып тастап Мұхаң арлы-берлі жүріп алды. Өңі де күреңітіп кеткен екен. Пенжағының тым ұзын, шалбарының балағы тар, шұлығының аппақ екенін тұңғыш аңғарғандай болдық. Осы кезде қоңырау соғылды да Мұхаң сол бойда ләм-мим деместен шығып кете берді. Ашық қалған есіктен аяқ тықыры құмыққанша бірде-бір студент тыпыр еткен жоқ.
Сол күні ректоратқа рапорт түсіпті.
Бұл елу үшінші жылдың жазғасалымы, «Слонның» аузына қақпақ, ізіне аңду, аяғына тұсау түскен кезі еді. «Слон» КГБ-нің Әуезовке қойған лақап аты. Ұзмай Мұқаң Мәскеуге кетуге мәжбүр болған.
Кейін, атақты ғалым Мыңбаевтің туған жиені, КГБ-ның архив бөлімінің меңгерушісі, отставкадағы полковникпен Совмин ауруханасында бір палатада жаттым. Газетте Қалтай Мұхамеджановтың Смет Кеңесбаевқа арнаған хаты жарияланған кезі еді. Кеңесбаев бұл хатқа жауап қайтарған жоқ. Осыған байланысты полковникті сөзге тартқанымда айтқаны...
... Қалтайдың жазып отырғаны бастан аяқ ақихат. Бірақ бұл аз. Кеңесбаевтің оған жауап қайтаруға аргументі жоқ еді. Репрессия кезінде қудалауға ұшырап, Қызылордаға жер аударылдым дегенді айтып жүр. Бекер. Комитеттің тапсырмасымен барған. Бір жылдың ішінде институттың талқанын шығарып қайтып келді. Оның ендігі объектісі Ғылым Академиясы еді. Сондағы аяқтың тықыры, шыбынның ызыңына дейін оның көзі мен құлағынан тыс қалған жоқ, әсіресе Мұхаңның ізіне шам алып түсті: жиналыс пен жиындарда не айтты, кіммен кездесіп, кіммен сөйлесті, осының бәрін жіпке тізгендей ертеңгісін комитетке әкеліп тапсыратын. Ол таңда келіп, сағат тоғызға онбес минут қалғанда шығып бара жататын еді. Жантартқан болып ол тіпті біздің қызметкерлердің үстінен де материал жинай бастады. Бірде бөлім меңгерушісі шақырып жатыр деген соң барған едім, жүрегім зырқ ете қалды. Әлгінде ғана Кеңесбаевтің шығып бара жатқанын көргенмін. Бастығым қолындағы екі-үш парақ қағазын жыртып-жыртып қоқыс қалбырына тастай салды да:
— Сен бұдан былай кез-келген жерде «Елім-айды» айта беруді қой! — деді.
Төбемнен тоқпақпен ұрғандай болдым. Кеше ғана Мыңбаевтің үйіндегі жеңгем ұл тауып, нағашым шілдехана жасаған. Тапшылықтың кезі, мен Шелекке барып, бір қой, екі четверть спирт алып келгенмін. Зиялы қауымның бас көтерер азаматтары жиналды, жазушылардан Мұхаң, Сәбит, Ғабиттер де бар. Ағалар қолқалап қоймаған соң дастархан көңілін көтеру үшін «Елім-айды» айтқанымда Кеңесбаев, «жарайсың» деп арқамнан қаққан. Арқадан қағып отырып шетімізден көгендеп екі-үш парақ қағазға сиғызған екен де.
«Слонның» тыстағы жүріс-тұрысын бағатын өзіміздің қызметкерлер. Баратын, ат шалдыратын жерлеріне тыңшы аппарат қойып, қағазға түсіріп отыратынбыз. Қанша том болғанын бір құдайдың өзі біледі, соның бәрін тек 1962-жылы ғана өртеп жібердік. Шырағым, алда-жалда бірдеңе жаза қалсаң менің аты-жөнімді атама, қартайған шағымда маған да тыныштық керек.
Полковниктің айтуынша ішегің түйілетін күлкілі әңгімелер де бар еді. Оларды тізе беруді жөн көрмедім, әрі әңгімешінің тілегін орындаған түрім де осы. Есесіне ар жағын Қайым ағамыз толтырды...
...Жиырматоғызыншы жылы қаһарына мінген репрессияның ызғары қазақ зиялыларының басынан әлі де кеткен жоқ екен. Соның бір екпіні елуекінші жылы қайрылып тағы соғыпты. Әр науқанға ілгешек керек, құланның қасынуына мылтықтың басылуы, себеп табылмай отырғанда Қайым Мұхамедханов диссертация қорғай қалыпты, тақырыбы «Абайдың ақын шәкірттері», жетекшісі Мұхтар Әуезов. Әйтеуір Мұхаңа жіп тағу үшін бұл да күні бұрын дайындалған «саяси процесс» болса керек. Абайдың өзіне де тісін қайрап, ақындығына шәк келтіріп жүрген жандайшаптардың аузына мәкүрік толтырып берген кеңестік саясат ұртындағы арам жынын армансыз шашып қалды: диссертация деген лақапты пайдаланып, Әуезовтің шәкірті феодализмді дәріптеп, социалистік құрлысқа лағнет айтқан реакцияшыл, кертартпа ақындардың есімін жұртшылықтың есіне қайта салды, бұл социалистік реализмге жасалған өрескел шабуыл деп ақ ит пен көк итті дақпыртқа айдап салды. Дискуссияны ұйымдастырып, айтыста абалағандардың дін ортасында атағы бар, аты белгілі ғалымдар да бар. Ұстаздың жалынан ұстау үшін алдымен шәкіртті құрбандыққа шалу керек болды да сот процессі Алматыдан аулақ Семейде өтті. Орталық Комитеттен айыптаушы болып Қайнекей Жармағамбетов барған екен... Әңгімемен отырып түннің бір әлеті өтіп кетіпті. Қайым ағамыз архивінен Қайнекейдің айыптау сөзінің қолжазбасын тауып алып оқи бастады. Қайнекей маған жалтақтап қарай беріп еді, түсі бұзылып, боталаған көзінен сорғалаған жасты байқап қалдым. Қайым қолжазбаны жаба салды да:
— Көңіліңе алма, бұдан енді келер-кетер зауал жоқ, — деді Қайнекейге.-Сен кінәлі емессің, сен болмасаң ЦК-дан басқа біреу келер еді, келе қалса бұдан да ащы болуы мүмкін еді. Жалғыз ғана көңілде кеткен бір түйткіл, дос-жарандармен қоштасайын деп тай сойып қонақ шақырғанымда сен келмей қалдың ғой...Жә, таң атсын, саған таңсық болмаса да мына інішекке қаланы аралатып қайталық.
Менің бозбала шағымның үш жазы Семейде өтіп еді. Қызыққа толы арманшыл шақ, көздің жанары татардың қол жетпес сылаң қыздарының көкірегінде кеткен. Содан ба, менің көңілімдегі Семейді күні бүгінге дейін Алматыға да, Астанаға да айырбастағым келмейді. Ертістің суын қасықтап өлшемесем де қалада қанша көше барын білетін сияқты едім. Сөйтсем ештеме білмейді екенмін. Көрдім, білдім дегенім санаға сіңбеген, есер шақтың желкөбік суреттері екен. Қайым аға Жаңасемейдегі көк дарбазалы көк үйге алып келгенде ғана ойға қалдым.
Жұрттың аузында «Көк Үй» атанған жұпыны ғана ағаш ғимаратты семейліктер ерекше қадір тұтатын көрінді, әсіресе зиялы қауым. Бұл үйдің киелі қасиеті қазақтың «Абай-ағасына» байланысты болса керек. Соңғы ғасырдағы ұлттың ұлы ғұламасы сонау Шыңғыстаудан қалаға түскенде осы үйге тоқтап, осы үйде жатады екен. Абайды сыйлаған елдің игі-жақсылары көк дарбазаға сәлем бермей кетпеген. Алаш көсемдерінің, алашпын деген азаматтардың ат байлап түсер бекеті де осы үй болған, небір жиын, салиқалы сұхбаттар да осында өткен. Алаш партиясының соңғы программасы осында талқыланса керек. «Көк Үйді» жалпақ қазаққа «Абай жолында» Мұхаң таныстырып еді, бұл үй Мұхаңның өз өмірінде де ерекше орын алған екен.
Қаланың ортасында, биік мұнараның іргесінде біржарым қабаттық ескі үй тұр. Қайым ағаның айтуынша Мұхаң осында пәтер жалдап, терезеден мұнараға қарап отырып «Кінәмшіл бойжеткенді» жазыпты. Мұхаңды білмесе де, білсе де бейтаныс адамдар бізге дастархан жайып, Қайнекей екеуміз Мұхаңның орнына түнеп шықтық. Ертеңінде ақын Кәшап Туғанбаевты қосып алып, балық аулаймыз деп Аралға тарттық. Арал дегеніміз екі айрықтың ортасы. Ертіс баяғы сол Ертіс, заманның қарыспа дауылынан шаршағандай өркеші шөгіп, екпіні баяулап қалыпты. Баяғы еңкейсең жүзіңді көретін айнадай мөлдірлігінен айрылған, еріншек құла су уахыттың қоймалжыңын қосып алыпты. Жоғарыдан екі жерден ГРЭС салып, шлюзбен қылғындырып тастаған соң Ертіс те еркіндігін жоғалтқан. Бұқтырма дейтұғын «теңіздің» түбінен табыттан бастап тарбағаның өлексесіне дейін қалқып келіп Семейдің іргесін күңірсітіп жатыр. Кезінде тіл үйірген қайран күрең сыра сарық секілді, таңдайға татымайды. Бір кезде аяғынан жүретін жастар, таяғына сүйенген қарттар да демалыс күндері Аралға жүгіретін, сая да осында, сауық та осында, әр талдың түбінде сыраның бөшкесі күмпілдеп, әр тасаның көлеңкесінде жарасқан көңіл күңкілдесіп аптасына бір күн жырғап қалатын. Мен Семейге деген арманымды тауысып алдым ба, әлде жастықтың тауы шағылды ма, Арал мені құлазып қарсы алды. Өзеннен көктемде бөлініп қалған қамысты қара суға қоныс аударып едік, одан да балық түгілі бақабас та ұстағанымыз жоқ. Балық деген әншейін айтарға ғана екен, Қайым аға біздерді оңашаға алып шығып, әңгіменің тиегін армансыз ағыту екенін артынан түсіндім.Аралға қарным ашса да ағаларыма еріп бір күнде бір ғасырды шолып шыққандай болдым. Университет қабырғасында дәріс алдым деп сырттай тамсанғаным болмаса Әуезовтің кім екенін білмеппін ғой. Университет бітірген соң Мұхаңның қолын тәбәрік тұтып, «зачет кітапшасын» тапсырмаймын деп бір жыл дипломсыз жүргенім де тегін емес екен. Шетел әдебиетінің, орыс әдебиетінің тарихын ежіктеп, саяси экономия, жағрапия, жаңа тарих, КПСС тарихын жаттағанша Мұхаңның лекциясын бес жылға созса да артық емес екен-ау!.. Жалғыз Абайды жалаулатып, оның құйрық-жалын күзеп тастап, ауызды қу шөппен сүртіп жүрсек, оның шәкірттерінің өзін бес жыл жастанып жатып оқысаң да тауыса алмайтындай екенсің. Солардың бір де бірінің творчествосы не оқулыққа, не жоғарғы орындарының программасына кірмеген, мәдени, рухани өмірде Абайдың артында із қалмағандай. Қайым ағаның айтуынша Абай шәкірттерінің ішінде таланттысы да, тарпаңы да Әріп Тәңірбергенов болса керек. «Біржан-Сара» драмалық поэмасын Әріп Қытай мен екі арадағы «Әскери-дипломатияық корпуста» қызмет істеп жүрген кезінде Зайсанда отырып жазып, «Айқап» журналына жіберген екен, бірінші дәптер жоғалып кетіп, поэма журналға басылмай қалыпты. Абайға тиісу үшін ақын керей Біржанды әдейі арғын етіп сипаттайды да Сараның аузымен Қодар мен Қамқаны тілге тиек етеді. 1918 жылғы «Абай» журналында Абайдың өмірбаяны мен творчествосы жайындағы очеркінде Мұхаң: Абай шәкірттерінің ішіндегі кекшілі Әріп Тәңірбергенов еді, ұстазының бір сынағанын кешіре алмай «Біржан-Сара» драмалық поэмасында үлы ақынға тіл тигізді деп жазды. (Жалпы, Біржан мен Сараның айтысы күмәнді. 56 жастағы Біржан мен кәмелетке толмаған қыз баланың айтысуы мүмкін бе? Әйгерім мен арадағы өсектен кейін Біржан өзін ақтау үшін қайтар жолда Ешкөлмеске соғып, ән салып Абайды дәріптегенге ұқсайды. Сонсоң Біржан айтыс ақыны емес, өз әндеріне ғана, ситуацияға байланысты өлең шығаруға мәжбүр болған. Қайымның төрт томдығынан Сараның өлеңдерін де оқыдық, профессионал ақын емес, қараөлеңнің ырғағымен қиыстырған, кейде ұйқасы да шалағай жеке-жеке шумақтардың жиынтығы. Ел аузына сенсек, Әріп Сара апамызға ғашық болған деседі. Көктем шыға келіп, жаз жайлауды бірге өткізіп, Ешкіөлместің қызығы таусылған соң күзде бірақ қайтатын болыпты. Ақынның Сара апамызға арнаған үш бірдей дастанын да оқыдық. Қай қырынан қарасақ та «Біржан-Сарамен» үндес, бір автордың қолын таныдық. Біржанның «Айбозым» әнін зерттеушілер де әр саққа жүгіртіп еді. Бірі ғашығына арнапты, бірі жарына арнапты десті. Бұл әншінің Абайға деген арнауы. Аттанарда Абайдың отауына кіріп қоштасуға батылы жетпеген соң бір жылдан кейін қайтып оралып кешірім өтінемін десе керек. Абайдай аруақты адамның өкпесі тегін жіберсін бе, барған соң сырқатты болып, құс келер, құс қайтар кезде көтеріліп жатып қалған.
«Ай Бозым, айхай Бозым, даңғыл Бозым, Жер шалғай жете алмадым жалғыз өзім. Қасымда құрбы-құрдас қалмаған соң, Қайтейін, кімге жетер айтқан сөзім?!»
Қазақ «бозым» деп тек ер адамды ғана айтады: кемеліне келген, ақыл-ойы толысқан жігіттің серкесі; «даңғыл» - ел көсемі, дана, данышпан деген мағнада болса керек. Әйел жұрағатын «бозым», «данышпаным» дегенді естіген құлақ бар ма екен?..
...Қайым ағаның қасында болған біраз күнде бір ғасырдың олжақ-бұлжақ қатпарын ептеп ақтарған сияқтымыз. Бұрын бет-жүзін көрмеген адаммен ағайын боп кеткендей едік. Әңгіме көбіне Мұхаң туралы болды. Мен түгілі алдымыздағы жасамыстар білмейтін талай құпиялар бар екен. Мұхаң творчествосы хақында ғана жұқалап айтқаны болмаса, әлеуметтік, үкімети қызметі жайында қағазға ешнәрсе түсірмепті. Артынан аңду қалмайтынын білген ел ағасы қашанда сақ жүрсе керек.Ұлт қайраткерлерінің белді тұлғасы совет өкіметінің алғашқы жылдарында билік маңынан тым алшақ кетпей саяси науқандарға барынша араласып отырған екен. Губисполкомда жауапты қызмет атқарып жүрген кезінде үш облыс — Шығыс Қазақстан, Павлодар, Семейді Ленин Совнаркомның қаулысымен Ресейге қосып жібергенде Новосібірде алты ай бойы дискуссия ұйымдастырып, бұл өлкенің ежелгі қазақ жері екенін дәлелдеп, Қазақстан құрамында алып қалған. Жанкештілік жасап, қазақ елінің тұтастығын қорғап қалған тұранның ұлы перзентіне Өскеменнің жөні түзу бір көшесін күні кешеге дейін қимай жүрген шенеуніктер арғысы 300, бергісі 70 жыл билік жүргізген отаршыл шовинистердің сілімтігі демей көр. Рахымшылық етіп, мүсіркегендегісі сол, аты әлемге жайылған ұлы жазушының есімін салдырынан қаңғырған ит қашатын теміржолдың табанына тастап отыр. Кім біледі, егер Мұхаң болмағанда сонау ХІІІ ғасырда тарихқа мағлұм болған Шыңғыстауды Алтай өлкесінен іздеп жүрер ме едік? Несіпбек Айытов екеуміз осы өңірден шыққан ақындардың арғы-бергісін санап отырып 180-ге жеткізіп едік, анығын айтқанда бұл да ел тарихына, қазақ әдебиетінің тарихына кеткен белгілі есімдер. Солардың бәрін атап жатпасақ та бір ғана Абай шәкірттері қаншама. Санап беретін шежірешілер де бүгінде таусылған сияқты. Соңғысы Қайым ағамыз еді. Ол да тас мүсін болып Семейдің бір көшесінен орын тапты. Басқасына қай қаланың көшесінен орын іздесек екен?.. Тегі, тарихымызды көне заманнан бері тасқа жазған халық едік, қағаз-қаламның уақытында, көне көздердің сарқыны таусылмай тұрғанда кейінгі ұрпаққа солардың ең болмағанда есімін қалдырып кеткеніміз жөн шығар. Бақиға кетіп қалған Қайым ағалар фәниге қайтып келмес. Көзі тірі Абай шәкірттерінен көргеніміз Шәкер Әбенов қана. Кәдімгі Абайға қол жұмсаған тентек Әбеннің жалғыз ұрпағы, тентек ақын Шәкер Әбенов. Оның өзі де:
«Мендей жан өлмей сірә тыншыға ма, Жарыдым тыңшыға да, сыншыға да. Мен өлгенмен ақындық сен өлмессің, Мазамды алып, жанымды шымшылама, — деп кетіп еді.
Ақынның мазасын алып, жанын шымшылаған қаншама сыр, қаншама жыр қағазға түспей қалды екен, түссе қаншасы тасқа басылмай қалды екен деп тұйғындай қарттың бет-жүзіне қараймын да алмағайып заманның сұрапылынан тілім-тілім болған кәрі Шыңғыстың қасіретті де қасиетті өңіріндей бір ғасырдың мұңы мен уайымын әдіптеген жұмбағы көп айқыш-ұйқыш әжімінен қаймығып бұғып қаламын...
...Шәкер көпке жырын оқытқанмен сырын оқытпаған, ішін тыңшыға да, сыншыға да алдырмаған пысты жан еді. Сірә өзінен де жасыратын іштегі бір жалын, бір шер бар-ау дейсің де тынасың. «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» дейтұғын Абай мектебінің соңғы шәкірті екені есіңе түседі де, оның әр сөзінің астарын жері мен елінің тағдырынан іздей бастайсың. Ақын Жердің, Елдің перзенті екені рас болса, перзент бойында Ананың қаны, қасиеті, жүйкесі бары хақ. Ақынның кіндік кескен жері Шыңғыстау. Қайран қалатын бір түйткіл, Шыңғыстың қасиеті қалың ба, қасіреті қалың ба? Салмақтай келсең безбеннің екі басы бірін бірі баса алмай, тепе-тең сіресетін де тұратын сияқты. Байырғы Наймантау Шыңғыстау аталғалы, Орда Шыңғыста түркінің оналты биі Теміршені ақ киізге көтеріп Шыңғыс қаған атағалы, онан бергі Ойрат-қалмақтардың ойранымен басталған Ақтабан-Шұбырынды тұп-тура жүз жиырма жылдық соғыспен аяқталған екен. Сонымен тынды ма?.. Онан кейінгі отаршы мен итаршыны қайда қоямыз? Онан кейінгі қазақтың тең жартысын жұтып кеткен қылышсыз майдан, түтінсіз оқты қай зауалға телиміз, қай сауалға сиғызамыз? Одан кейінгі... Бағып отырсақ, қайран қазақ соңғы жарты-ақ ғасырды соғыссыз өткізген екен. Соның бәріне куә болған көне Шыңғыс соғыстан кейін де қырық жыл бойы мүңкір-нәңкірді бастан кешіп, күні бүгінге дейін ыңырсып жатыр. Бұл аз қасірет болып па?! «Соры қалың соққы жеген пышанамыз» дегенді Абай айтып кеткен, Абайға дейінгі Ақтанбердіден қалған да ұлы сөз бар, оның бер жағында сол Абайдың ұстазы Дулат Бабатайұлының өкініші мен өксігін де қанжылап отырып жұтып қойған жоқпыз ба! Абайдан кейінгі оның шәкірттерінен қалған да ұлағатты сөз ұланғайыр. Соры қалың болған соң құсалықтан шыға ма, қайсарлықтан, жанкештіліктен туа ма, әйтеуір, Шыңғыстау атомның ғана емес, ақындықтың да полигоны болыпты-ау. Қасіретті жердің қасиеті де осында. Шәкер Абай мектебінің соңғы шәкірті болса, жазылмай қалған, әсіресе жазылып жарияланбай қалған жырлары полигонда жарылмай жатқан бомба сияқты көрінеді де тұрады. Түрмеден түрмеге көшіп-қонып жүргенде бәйбішесі құрсақтан тоқтап қалды да Жаратқанның жарылқағаны екі қыз еді, Дауа деген бірін Алматыда тролейбустың тоғы соғып өлтірді, екіншісі әкесінің аузынан шыққан дуалы сөзін жинаймын деп, қағазға түсіремін деп өмірдің бар қызығын тәрік етіп, бір кебеже өлеңге қарауыл болып әлі отыр. Ол кебежеде не бар, ашып көрген, ақтарып оқыған біреу бар ма екен? Бар болса не айтты екен? Ғасырмен жарысып өткен жыр тарланында бізге беймағлұм ашылмаған шындық, айтылмаған өсиет, көңіл түкпірінде қорда боп қалған ащы запыран да бар шығар-ау. Ақын көзі тірісінде сары майдай сақтаған көп толғанысын бізге жұмбақтап қана, соңғы иіндідей сыздықтатып қана сараңдықпен қалдырып кеткен. Оны сараң қылған қазымыр уахыт, ел басынан өткен қилы-қилы заман, үрейлі кезеңнің үскірігі, Шәкеңнің өз сөзімен айтқанда «тыңшысы мен сыншысы», онан қалды түртпегі мен түрмесі. Ақын ғұмыры ел тарихының қып-қысқа бір үзігі. Ол үзікте талай-талай түйін де болуы мүмкін. Түйіннің шешілуі кейінгінің зердесіне байланысты. Ол бір ғасыр ғұмыр кешкен адам. Бір ғасырда Шыңғыстау не көрмеді дейсің? Малды қисыпырып кәмпеске, оны өкшелеп халқының тең жармысын жүтып геноцид жетті, игі-жақсылар мен зиялы қауымды аб жыландай жалмаған коммунистік репрессия бір ғана Ырғызбай әулетінің 60 түтінінен тігерге тұяқ қалдырмай тып-типыл қылыпты, Алладан басқа айтары жоқ, көнені көксегеннен қайтары жоқ реакцияшыл феодализмнің өкілі деп Абайдың өзіне ауыз салып, қазақты құрыдымға қуалаған заманды көзімен көрген ақын совет өкіметіне кәпір болмаса іші жылымаған шығар-ау. Әйтпесе, өз сөзімен айтқанда, «жасасын көсем, жасасын» деп жар салуға «уақыты болмай», құдай ұрғанда, ара-тұра жазған өлеңдерінде «ұлы көсемге» орын таба алмағаны қалай?.. Сондағы тапқан айласы, жалған жарапазаншы болмас үшін ойдың ояуын, тілдің бояуын ел тарихына, ел шежіресіне бұрса керек. Аңдап оқығанға мұның да астары бар. Көне аңыз, көңілдің көмбесінде, тарихтың шаңдағында көміліп қалған шежірені сонының соқпағына салып, елдің өткен-кеткен өкінішінен бүгіннің уайымын, арманын іздеген. Ақын творчествосының ең сүбелісі оның поэмалары десек, солардың әрқайсысының бір мақсат, бір нысанасы бар. Романтикалық сарыны болмаса «Кейпін батыр» поэмасы реалистік туынды. Ақсақ Темір туралы күні бүгінге дейін айтылмаған шындықтың бетін алғаш жыртқан Шәкер ақын. Орта ғасырдағы қылышынан қан тамған Ақсақ Темірдің Шығыс елдеріне салған лаңынан тарихта өшпестей болып із қалды. Ол кейбір тайпалардың өшіп кетуіне, кейбірінің өлімсіреп қалуына себепкер болған әмір. Соның ішінде түркі халқының тарихында қасіретті қара дақ. «Түркі зомбылығының үш кезеңі» дейтұғын лақаптың өрттей лаулап тұрған кезінде тарих алаңына атаққұмар параноик келе қалды да Еуропа мен Таяу Шығыстың саяси дипломатиясы соған қызмет етіп, түркі дүниесін қанмен лайлап шықты. Поэмадағы оқиға басқа болғанымен кейіпкер әмірдің іс-әрекет, характерінің тарихтағы әмір болмысынан алшақтығы шамалы. Кейпін батыр мен хан арасындағы тартыс — халық пен әмір арасындағы қақтығыстың бір көрінісі. Талайларды жоқ қылған, талайлардың басын доп қылған, өз халқына өзі тажал боп кеткен әмір мен «жер үстіне нұр болған ұлы көсем» Сталинді бір қырынан байқап көрелікші. Осы аналогиядан ең болмаса зиялы қауым бір ұқсастық таппас па екен?.. Кезінде поэманың ұзын-ырғасынан, жол арасынан «тыңшылар» қолға ілігер ештеңе тапқан жоқ, сыншылар іздеген жоқ, оқушының ойына келді ме, келмеді ме, кім білсін, автор бұған да құдайға шүкір деген болар-ау. Ақынның «Қозы-Көрпеш — Баянсұлу», «Аналар», «Пәрмен», «Ортақ арал», «Таңшебер-Жапал» поэмалары эпикалық жанрдың үлгісі екендігінде дау жоқ. Нәумез жұртқа барды қайталау болып көрінуі де мүмкін. Баспа жүзінде ақын шығармаларына цензура тарапынан тиым салынған соң ол күнкөріссіз қалды да Ғылым Академиясы қаламақы ретінде оған тиын- тебен төлеп тұрды. Шындығында Шәкердің бұл тұстағы мақсаты — халқымыздың рухани бай қазнасын бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Оның Жанақ, Сабырбай, Түбек, Дулат, Байкөкше мұраларын құнттап жинап, ардақтап сақтауының бір себебі осында. Ең бастысы, ақын Шәкер жырау мен ақынды, фольклор мен жазбаны жалғастырған дәнекер. Шәкеңнің көзі тірісінде бірде-бір мүшел жасы ескерілмепті, дүниеде Шәкер деген отауызды ақынның бары айтылмаса, бұл да кедейге «теңдік», кепиетсізге «кеңдік» әперген қазан төңкерісінің оған деген сыбағасы. Тек тоқсанға келгенде ғана Қарауылда ұлы-жіңгір той өтті: жұрт оған бақытты бол, жүзге жет деп жатты.Өзін мінберге шақырғанда маған бұрылып:
— Әй, құрдас, мыналарға не деп оттаймын? — деді. — Немене, әзілің таусылса аузыңа келгенді оттай бер. Ол мінберге шықты да үш-ақ ауыз сөз айтты: Маған бақытты бол деп жатырсыңдар, тоқсанға келгенше тоңқаңдап орталарыңда жүргенім бақыт емес пе; жүзге жет деп жатырсыңдар, енді алжымай тұрғанда сендердің алдарыңда Алланың алып кеткені жақсы еді; аузымнан Алла түскен жоқ, бірақ албасты да жағаласып жаңылдыра берген кездері болды, егер біріңе тілім тиіп, бәріңді бірдей сыйлай алмасам,кешіріңдер! — Құрдас, қалай оттадым? — деді қасыма келген соң.
— Қатырдың, бірақ сен жүзге жетпей өлмейсің. Жәкем қайтыс болғанда сен не деп едің? Қалай қашсаң да Жамбылдың жасы алдыңнан күтіп тұрады.
— Оттапсың! — деді.
Қырсықты қырт жеңеді деп, не себеп болғаны есімде жоқ, екеуміз кездескен алғашқы сәттен-ақ қылжақпен табысып едік. Содан «құрдас» атандық та кеттік. Ол Алматыға түсе салып Жазушылар Одағына келетін. Өмірін Бірінші Хатшының есігін күзетумен өткізген Роза апай үйге телефон шалып:
— Қалихан, ойбай тез жет, Қарауылдан құрдасың кеп қалды! — дейтін.
Мен келгенде ол екінші қабаттағы фоэде көш-құлаш «вафельный» дейтұғын ақ орамалмен бет-аузын бұрап сүртіп отырғаны. Қыс болсын, жаз болсын үстінде сырмалы қалың шапан, аяқта әзия кәлөшті мәсі, креслода қорбиып жатады.
— Құрдас, ат-көлік аман ба?.. Үшінші сирақ қалай?..
— Оның несін сұрайсың, төртеуіміз жиылып сені күтіп отырған жоқпыз ба.
— Талай тесікті тығындап, талай есікті тоздырып едің, енді сауының келгенде жалғыз жыртықты таба алмай отырсың ба?
Қолтықтап дәретханаға апарамын. Төбесін ойып тастаған қайың безіндей үңірейген суағардың қасында пысылдап әрі тұрады, бері тұрады.
— Әй, Құрдас, тағы бір бәдік өлең туып қалды ма?
— Өлеңнен садаға кетсін!.. Қолым жетпей жатыр. Бұл неме қартайғанда қысқара ма десем, үшеуі бірдей жарысып тізеден асып барады...
— Сен оның кеңірдегінен жіп байла да мойныңа асып қой, сосын қолыңды созып жатпай-ақ қолтығыңнан тауып аласың...
— Құдайға шүкір, дүниеге тағы бір бәдік келе жатыр екен.
— Сенен қалған мұра емес пе.
— Арамның бәрін маған арқалатып жіберсеңдерші...
— Төбесінің түндігі бар, айнала біткен жүндігі бар, жүрсе күйсейді — шөп жемейді, отырса күледі — үндемейді, еріні бар — тісі жоқ, қарыны ашса жіліктің майын сорады, басқамен ісі жоқ, дейтін сен емес пе едің?!.
— Тәйірі, ол жұмбақ қой.
— Жұмбақ та болса ар жағынан портреті көрініп тұрған жоқ па.
Тіршілікте не көрдің, тіршілікте әлі де не бар деген көксеу тоқсанға толсаң да көкіректе жата береді екен. Тоқсанға толдың деп ақынды секретариатқа шақырып алғанда Олжас:
— Отыз баспа табақ өлеңдер жинағыңды шығаратын болдық, тағы да қандай тілегің бар? — дегенде қария қалжың үшін болса да жұртты бір күлдіріп: — Өлең мен өлген соң да шыға береді ғой, онанда маған тәуір бір қатын әперіңдер, — деді.
— Тоқсанға келген тойыңа кімді шақырасың? — деді Олжас.
— Тәйірі, тоқсандағы шалдың тойы кімге дәрі, келетіндер қалмас, келмейтіндерді шақырып қағынып кетті деймісің, маған Құрдасым мен Несіпбек те жетіп жатыр...
Секретариаттан соң литфонд Шәкеңе 170 сом әкеліп беріп еді, Шыңғыстауға жете алмайтындар маған еріңдер деп орнынан тұрды. Сол бойда алтауымыз шұбырып «Керуенсарайға» келдік, өзімен жетінші ауыз. Екінші қабатқа көтерілген шалым кейкиіп тұрып алсын. Әлден уақытта:
— Мені әнеубір жас қыздың столына апарып отырғызыңдар, — деп мөп-мөлдір бойжеткенді иегімен нұсқады.
Қыздың төрт столы да бос екен, Шәкең екеуін қостырып, қалған екеуіне ешкімді отырғызбас үшін «стол заказан» деген трафарет қойдырды да бойжеткеннің сауырынан сипап:
— Шырағым, сен өзің де бізбен бірге, қасыма келіп отыр, — деді.
Шалым алдына келген асқа да қараған жоқ, жүз грамм зәһар суын тартып жіберді де бұрқ ете қалған маңдай терін көш-құлаш орамалмен бұрап сүртіп қызға қарады. Бойжеткен қып-қызыл боп өртеніп барады екен. Не болды десем, шалым сол қолдың алақанын ашамайға тығып жіберіпті де түк болмағандай маңқиып отыр. Мен қысылғаннан жан-жағыма жалтақтай бергем, сәтін салғанда столымыз далдасы бар түкпір еді, жұрт ханнан қаперсіз, әйтуір ес кетіп жан шыққанда шалым қалтасына қол жүгіртті де манағы жүз жетпісті даяшы қыздың алдына тастай салды
— Шырағым, мына жалмауыздардың сыбағасын есепте, қалғаны сенікі! — деп кетуге ыңғай білдірді, рахмет айтуды да ұмытқан жоқ.
Тоқсанға келсе де торықпайтын шіркін көңіл-ай десеңші. «Жалмауыздар» төменгі қабатқа түсіп алып, ал келіп жырқылдасын: өздері тоқсанға келмейтіндей, келе қалса шөнтектеріне ақша тұрмақ албасты тоқтамайтынын білмейтіндей, жастықтың бір сәттік тәтті сезімін тоқсандағы жомарт көңілдің сатып алғанын қаперіне де алған жоқ, менің көз алдымда бойжеткеннің өрттей болған балғын жүзі тұрды, кәрінің аппақ қудай сақалын, алыста қалған арманын силамаған әлдебір ұрғашы болса ойбайын салып, бақырып-шақырып ресторанның шаңырағын шағып жіберер ме еді?.. Қыздың былқ етпеген төзіміне, қартты силаған сезіміне былай шыға бере мен риза болдым...
Қыздың қара санынан «жылу тәтті у тарады ма» Шалым тысқа шыққан соң қаздаңдап жөнелді. Мен оның қажымайтын қайратына таң қалдым: Қарауылдың мәдениет сарайында біржарым сағат қаздиып тұрып өлең оқыды, бұрын жұрт естімеген жаңа өлеңдер, үш сағат бойы құйрығына жер иіскетпей Қарауылдың құла даласында көппен бірге қаздаңдады да жүрді, Қарауылдан Әбен Бұлаққа жеткенше былқ етпей ат үстінде қаздиып отырды да қойды, қырық градустық абтапта бізбен таласып өзеннің тастай суына шомылды. Тұла бойында артық ет те жоқ, білем-білем тарамыс. Ол бірақ нәрседен қорқатын — алжып өлуден... Түнгі сағат үште, банкетте отырғанымызда маған, шықарға шығып келейік деді. Зәр қысқан шығар деп едім. Қарауылдың түні де тас қараңғы екен. Тырпылдап келе жатырмыз.
— Әй, Құрдас, саған қарап тұрған қыз-келіншек жоқ, осы жерден ұзама, шұқанаққа түсіп майып боп кетсең Тобықтыға құныңды бір мен түгілі бүкіл қазақ өтей алмайды.
— Сол да уайым болып па, өлсем өле салармын, мына ел мені тоқсанға келді деп тойлап жатыр ғой, мен тоқсаннан баяғыда асып кеткенмін, — деп сыбырлады. — Қызығы да, шыжығы да суалып бара жатқан алдамшы өмірде бір жаман шалдың бір күндік ермегі көптік етпес. Мен саған бір нәрсе айтайын ба?.. Бұрын ойыма өлең келгенде бірден жаттап алушы едім, кәзір ұмытып қалатын болдым. Түбі алжып өлем бе деп қорқамын. Тезірек кеткенім жөн еді...
Тілегі Жаратқаның құлағына шалынды ма, ол Жәкеңнің жасына жетпей тоқсанның бесінде дүние салды. Дәл осы жасында тұңғыш Президентімізге бата беріп, Мәдениет сарайында тамам қазақты аяғынан тік тұрғызған қайран ақынға бір де бір газет ең болмаса қоштасу сөзін де арнаған жоқ. Әйтеуір Тобықты елі жетім қыздың тойындай қылып үн-түнсіз мәңгілік мекеніне апарып тапсырды. Бұл енді ақынның емес, Аруақтың өкпесі...
...Шетінен қырып тастаған Ырғызбайдың 60 түтінін есепке алмағанда Абай шәкірттерінің көрмегендері жоқ, тірі қалды дегені болмаса қартайған шағында Көкбайдың күні қайыршылықпен өтті. «Тиынды біреу берген пайда көрем, қаңғырған қайыршыдай сауға жиып» («Әудем жер») деп өзі жазған. «Халық сазгерлерінің жинағында» «Әудем жерді» Аханға теліпті. Ахан таяққа сүйеніп қартайып өлген жоқты. Көкбайдай қайыршылық көрген жоқ. Әркімнің өз малын өзіне қайтаратын уақыт болған жоқ па! Десек те, қазақтың рухани өмірінің өзегі, қазақ мәдениетінің қасқа маңдайында жүрген өнер саңлақтарының тұқымын тұздай құртып, Абайдан соң жарты ғасыр өтіп кеткенде де аттарын атауға тиым салып, жоқтаушысын түрмеге тықты емес пе...
... Қайым аға айдаудан қайтқанда қарсы алған жалғыз Мұхаң екен. Үстіндегі балахонды өртетіп, шыт жаңа киіндіріп, бір ай күтіпті де:
— Сен енді Семейге қайт, мұнда бәрібір саған тыныштық бермейді, — депті. — Ғылым академиясындағы архивіңді ала кет, оған сенен басқалардың тісі батпайды — десе керек.
Онда барған соң да алғашқы кезде жетіскені шамалы екен, тек облыстық атқару комитетінің төрағасы боп Екейбай Қашағанов келген соң ғана көзі ашылыпты. Екейбайдың зиялы қауымға жасаған жанашырлығы бір дәурен, жалпы ел болып Екейбай десе күні бүгінге дейін ішіп отырған асын жерге қояды. Келе салып обкомның бірінші хатшысы Морозовқа дайындап отырған бес бөлмелі пәтерді Мұхамедхановқа тартып әперіп, ескісін бала-шағасына қалдырыпты да қызметті көңіліңіздің қалауына қарай өзіңіз таңдаңыз десе керек. Біраз жыл өзі үйренген Педагогикалық институтта сабақ беріп, бұрынғы беделіне жетті де бәйбішесі қайтыс болған соң Алматыға көшіп келді. Қайым аға Алматыны сонша бір сағынып қалмаса да Алматы оны сағынып отыр екен. Әдеби қауым оны құшақ жайып қарсы алды. Алдымен лап қойған газет-журналдар, сонда қызмет атқарып жүрген бір кездегі ботатірсек бозбала, бүгінгі орта буын өкілдері. Айдаудың азабы адамның ажарын алмай қойсын ба, ептеп жанардың нұры өшкен, баяғы қызыл күрең жүзінен қан көшкен. Ресми шенеуніктер: келсең қарсы емеспіз, келмесең тіпті жақсы еді дегендей, ағамызды бұрын көрмегендей салқын қабақ танытты. Ағамыз да аудитория жинап, көп ішінде көсіліп әңгіме де айтқан жоқ, шақырған ортаға барған жоқ. Ол үшін жиын-дүрмектің қызығы қый татып, шыжығы күйіп кеткен сияқты. Өткенді еске алған жоқ, көңіліне қаяу салмас үшін біз де қажап ештеме сұрамадық. Белсенділіктің туы болған кейбір ескікөздер әлі сарқылмаған, кезінде сойыл ұстап шыққан ұрдажықтар Мұхамедханов келді дегенді естігенде көлеңкеге ығысқан, оларды кісі екен деп Мұхамедханов та көзге іліп жатпады. Есесіне біз ағамыздың көкейіндегі бар байлығын сауып қалуға тырысып едік, көңілі шаппады ма, сараңдық жасап, ара-тұра ғана көпке белгісіз кейбір мәселелер жөнінде шағын мақалалармен шектелді.
Әрине, қиындық қашанда баспанадан басталатыны белгілі. Мен сол тұста Жазушылар Одағында кәсіподақ комитетін басқаратын едім. Бүкілодақтық Әдеби Қор жыл сайын жазушылардың баспанасына деп 180 мың сом қаражат бөліп тұратын. Бұл тұтас бір үйдің құны. Құрылыстың машақаты көп болғандықтан сол қаражатты кейінгі кезде қалалық кеңестің (горсовет) есеп-шотына аударып, пәтер алып тұратын едік. Заманбек Нұрқаділов мінезі тік, дипломатияға жоқ, билікке еркелеп кеткен, ағайыннан басқаны танығысы келмейтін, зиялы қауымның төбесінен қарауға тырысатын ноқайлау жігіт болатын. Ептеп тақпақ құрастыратын қаражаяу өлеңші еді, жазушылар оны ақын деп ескермегендіктен бе, Жазушылар Одағы десе егініне ешкі түсіп кеткендей шамырқанатыны бар. Екі-үш жылдан бергі қарызымызды іздеп барғанымызда айға шапшыды. Әйтеуір Қалаубек Тұрсынқұлов ретін тауып «жоғарғы жақ» арқылы Жазушылар Одағының есебінен Қайым ағаға төрт бөлмелі пәтер алып бердік.
Күнделікті баспа жүзінен Қайым ағаның аты-жөнін көре қалса бәсекемен оған жүгіретіндер көп болды. Шаршасаңыз диктофонға жаза беріңіз, ұсақ-түйек редакциясын маған-ақ қалдырыңыз дедім. Өстіп-өстіп біраз материалдарын «Парасат» журналына бастырдым. Кейінгі кезде үндемей кеткен соң бірде үйіне іздеп бардым. Бора-бора ескі қағаздардың ортасында отыр екен.
— Қалихан, мына столдың басында жарты сағаттан артық отыруға төзімім жетпейді, оның устіне көз әлсіреп барады, — деді. — Алматының ауасы да иықтан албастыдай басады екен, — деп, осында бекер келдім-ау дегендей шаршап отырып терезеге кейісті қабақпен қарады
Осыдан кейін мен ағаның тыныштығын алғанды қойдым. Байқаймын, келімді-кетімнің бәрін бірдей жақтыра бермейтін сияқты. Екеуміз зәуімен отырып шай іштік, әдебиеттен аулақ әртүрлі әңгімемен қоштасқан едік. Бұл менің Қайым ағаны көзі тірісінде соңғы көргенім болды. Мен тағы да елде жүргенде ол Семейіне қайтып кетіпті...
***
... Маямердің шатқалынан тұншығып шығасың да Қатын Қарағайдың шекарасына жеткенде алдыңнан гу-у еткен салқын самалдан қақалып қаласың. Қырық күн шілдеде қардың иісінен тұла бойың шымырлап, балқарағайдың иісі кеңсірігіңді жарып кете жаздайды-ау! «Нейтральная полосадағы» қарақұрық шағын өзенге қызын ұрлап қашсаң да қыңқ етпейтін Бура да, бөтенге бөстек қимайтын Қаратай да ат қоймапты, көпірден өте шыққаныңда аспанға атылайын деп тұрған бұғының тас мүсіні жаттан үркіп, ағайынды Алтайға ала қашатындай. Дәл осы жерде қонақты қарсы алатын қаратайлықтардың дәстүрі. Мен алдымен көптің ішінен Әлібектің аттың басындай кәлләсін, самардай меңсіз қап-қара бет-аузын іздеймін. Егер келіншегі Гүлжан «полный контрас» болмағанда оның қаралығын байқамас та едім. Қарға баласын аппағым дейді, мұқым Қаратайда менен басқа оған сен қарасың деген ешкім жоқ-ау, өзіне айтпай, қалжың ретінде жігіттердің құлағына ғана сыбырлап «Божқара» деген ат қойып едім. Гүлжан болмаса, әппақсың десең де ініміздің бөркі сірәда оған қисая қояр ма екен?..
Ол өнерді өлеңмен бастап еді, кәзір ғой «кәртәйған» соң өкірген прозаик боп қарасөздің атдорбасына таласып жүргені. Ақын Әлібек мені шекарада өлеңмен қарсы алып, салтанатты өлеңмен ашып, өлеңмен басқарып, өлеңмен жабатын. Арасында әдепкі мінезіне басып: ел болып тойлайтын ағамыздың елу жасын елеусіз қалдырдыңдар деп аудан басшыларын балағынан алып лақтырды. Сөйтсем ол алпысқа келген ағасының елуін даулап жүр екен. Әрине, жер ортасы елу алпыс емес. Алпысыңда елуді аңсай қоймайсың, арасында тай жарысына жетпейтіндей ғана қашықтық бар сияқты еді. Әңгіме елуде емес, елу жыл өтсе де сені іздей қоймаған елге деген Әлібектің назы да. Онүш жасында, ешкімге керексіз боп қалған қу жетім Топқайың деген жетім ауылдан кетіп еді, көзден кетсе көңілден де өшеді, ту сонау Алматыда жүрген Ысқақтың жалғыз ұлының жасын Әлібектен басқа кім санады дейсің. Әлдекімдер, әлдекім емес-ау, зиялы деген педагогтің бірі: осынша шабылатын Қалихан деген кім, ол бізге не жақсылық жасапты деп талқан болса керек. Рас-ау, оның не істеп, не қойғанын Әлібектен басқа кітапті теріс төңкеріп оқитын пақыр қайдан білсін. Оңаша бір отырғанда:
— Кетемін, — деді.
— Қайда?
— Қалаға.Мен сиятын бір жыртық табылар, осылармен ит көрген ешкікөзденіп жүремін бе, қадіріңді білмеген жараннан қашып құтылған жақсы ғой. Облыстық газет редакцияға шақырып отыр, кергитін мен емес.
Қайтпайтынын көзінен таныдым да көңілім бір түрлі қолқ етіп түсіп қалды. Өз басым ауылдың шетінен білдірмей кіріп, ауладан озбай, ағайыннан басқа ешкіммен кәукілдеспей ақырын ғана Алматыға жылыстап кетіп жүргенде Әлібекке не ақыл қоспақпын?.. Белқарағайда жып-жылы ұясы бар еді. Ағайыннан ат оздырмаса да аманы дұрыс, жатқа сыйлы, жақынға жанашыр, қоңыр тірліктің иесін қаланың қасаң таршылығына қимағаным да. Гүлжан орта мектепте тәжрибелі педагог, жұлқынып, тепкіленіп жүріп орын табатын ер адам емес, оның жайы не болмақ? Ең үлкен уайым — баспана, сегіз жыл көрінгеннің күркесін тазалап, Алматының көшесін тоздырғаным есіме түскенде жаным түршігеді. Сол азапты жақсы көретін ініңе қайтып тілерсің...
Әлібек масақ терген жоқ, аш болған жоқ, жалаңаяқ та жүрмепті. Өйткені оның әкесі болды. Әкесі бар балалар шалдуар. Тентектік бала бойындағы бір қасиет. Тентек болмасаң ынжықсың. Ынжықтан ырымға бір қасиет таппайсың, өмірде көштің соңында, өнерде кем. Әлібек ауылдағы боқташақтардың атаманы болған. Теріс қылық, тентектікте ойлап таппайтыны жоқ екен, бірақ оған тәйт дейтін ешкім болмаған, себебі шектен шығып кетпеген, қиянатқа жетпеген, бәрі де ойын баласының қызыққұмар ынтасынан туған тапқырлық, үлкенді таңдандыру, тұстасты тәнті қылу, бір күнгі ойынды екінші рет қайталамайтын көрінеді. Ағасы Қасым Қайсеновке бұйырмаған «Советтер Одағының Батыры» деген атақты Қоңқайдың бауырында жүріп-ақ «партизан командирі» өзіне өзі сыйлаған екен, сондағы бар бітіргені — фашистердің тыңшысы деп екі бірдей кластасын Күлмес жағасындағы орманға байлап кетіпті де сол бойы ұмытып, ертеңгісін отынға келген бір кемпір босатып алса керек. «Әй, түбі осы адам болмас» деген күман содан жамалған. Сол боқташақтардың бәрі «жаман» болмаған шығар, ал адам болып, жұрт көзіне түскен Әлібек. Темірбек бауырым Өскеменге қоныс аудармай тұрғанда менің ат байлап түсер жалғыз қарайғаным да Әлібек еді. Оның елден көшіп кетуіне себеп — бала кезінен «шантрапаға» атаман болып үйреніп қалған қайран бас шенеуніктердің айдағанына көнбей, байлағанына тоқтамай шатақ шығарып, ерден биік, ерменнен аласа болудың орнына әр нәрседе төбесі көрініп қала беріпті. Онда да қара бастың емес, Қаратайдың уайымы да. Ерте бастан баспасөзбен байланысы болған соң, қолда қалам болған соң, «өлең шіркінге таласы» болған соң қай қазақ тыныш жатсын. Оған қоса мен де жайыма жүрмей 60-қа келе қалыппын. Алпыстың ат үркітер қайбір қайраты бар еді?..
Шаршап қалыпсың-ау, байқаймын, шараң қайсы?
Шамаң қайсы, шашты да тарамайсың,
Тұсақ бөксе, құс таңдай бикештерге
Шаншылып баяғыдай қарамайсың.
Қарамайсың, сен оған жарамайсың
Сонда да алпысыңды санамайсың.
Таусып ап сыбағасын жиырмабестің
Құр піспекке сүйенген сабадайсың.
Сабадайсың, кең қолтық жағадайсың,
Кейде сәби, кей сәтте данадайсың.
Біреу шыққан биіктен озсаңдағы
Өзің шыққан биікті жамандайсың.
Жамандайсың өзіңді саралайсың
Аямайсың қу жанды аралайсың.
Жаралайсың жақынды тәрік қылып,
Жас жанның сыбағасын жағалайсың.
Жағалайсың, қу нәпсі, сағалайсың
Сағалатар көңілді пана қайсы?
Сары тіс, сары сүйек — ол да жетім
Емшектен енді айрылған баладайсың.
Жақсыға сірә өзіңді баламайсың
Жаманға телісе де жоламайсың
Ойға жүкті, тойға жоқ, күпті көңіл
Тектіден жұртта қалған қарадайсың.
«Көкшолақты» автотұраққа апарып қамаймыз да Өскеменнің иір-қобыз көшесін шимайлап жөнелеміз. Гүлжан мектептен келгенше, келе сап қазан көтергенше жол-жөнекей бөтекеде бір саптаяқ сыраның орны бар. Сол сыңар саптаяқтың үстінде бүкіл әдеби процестің қойны-қонышын түгел ақтармасақ та оң мен терісін тінтіп шығамыз. Мен оның суреткерлігінен сыншылдығын жоғары қояр едім. Мүмкін оның қаламын байлайтын осы сыншылдығы шығар.
— Біздің ұлттық проза ХХ-ғасырдың алпысыншы жылдарымен аяқталды, — деді. — Аға буын өткен ізін қайталағысы келмейді, әлеуметтік жаңа тірліктің астарын қасуға жоқ, оның үстіне жігер қайтты, сезім доғалданып, қалам да шау тартқан сияқты. Кейінгі буын тентіреп жүр: әр нәрсені бір түртініп, әркімге бір еліктеп, ағылшын да болғысы келеді, жапон да болғысы келеді, тек қазақ болғысы келмейді. Болайын десе тіл жоқ: базардың батпырағы мен кеңсенің сонорсыз ағаш тілімен езуіне темір протез киіп алғандай малжаңдаған болады. Ендеше оны несіне қазақ әдебиетіне телиміз? Жүре берсін де тентіреп. Еліктеу түбі өнердің кедейлігі. Сол кедейлігін жасыру үшін бірін бірі өтірік мақтайды. Содан соң да соңғы кезде сынға сенуден қалдық. Оригиналды оқисың да кеисің. Кейістен басқа ләззат жоқ. Мейілі, заман өзгерген екен. Капитализмге қайтып келіппіз, бірақ капитализмді ол заманда да бастан кешпеген қазақ, әсіресе ауылдағы 47 пайыз қазақ ағылшын, ия неміс боп кеткен жоқ қой. Кейістің төркіні — кейінгі буын қазақ болып көргені жоқ, қазақ болып сезгені жоқ, қазақ болып ойланған емес, қазақ менталитетінен мүлдем мақұрым. Әлемдік әдебиетті Асқар Сүлейменовтен артық оқыған қаламгер кемде-кем шығар. Ал соның прозасы мен драматургиясын оқып көрелікші. Жаңалық та сонда, даналық та сонда, қазағың да сонда, мазағың да сонда. Тек оның сөз астарын түсініп оқу керек. Оқу деп отырғаным, Асқар драматургиясы оқылатын, құлаққа ғана емес, көкірекке арналған табиғаты жанрдан бөлектеу көркем шығарма. Мән-мазмұны астардың ар жағында қалған соң сахналық нұсқасы көрерменнің көзінен, зердесінен тыс қала береді. Өз басым Асқар драматургиясының сахналық нұсқасына разы емеспін. Кейінгі авторлардың жанрға симайтын үзік-жұлық монтаждық ботқасын оқисың да өзің де тентіреп кеткендей боласың. Ақыры отырасың да: осылар қазақ әдебиетін балшықпен буаз қылмай, ұлт әдебиетіне жармаса бермесе екен деп тағы кеисің. Өзіңді өзің сөгумен тынасың... Қалаға, маған сенсең де осы, менің жеткен жерім де осы. Мен нигилист емеспін. Тек жаным ауырған соң айтып отырғаным да...
Тыңдап отырсаң бәрі рас секілді. Бұл бәрімізді ойландырған сұрақ. Қазақ прозасы бар дейміз. Дей саламыз. Бірақ ол қай дәрежеде, биігі қайсы, етегі қайсы? Бұл сұрақ ел шетіне де жетіпті. «Қазақ әдебиеті» роман жанры керек пе деген жауап қатсаң да, үндемей қоя салсаң да ешбір міндеті жоқ қысыр сауал жариялады. Біреулер қажеті жоқ, оны кәзір ешкім оқып жатпайды десті. Сонда Аймауытов, Әуезов, Мұстафин, Мүсіреповтер де оқылмай ма? Әлде өткенді тып-типыл өшіріп тастаймыз ба?.. Таланты барды таяқтасаң да тоқтата алмайсың. Талантсызды таяқтап та бәйгеге қоса алмайсың. Бәйге түгілі көптің қатарында да қара көбейтіп жүре алмайды. Сонсоң да бүйректен сирақ шығарып, бұра шауып, «атың шықпаса жер өртеге» басатын әдеттері. Кемел жасқа жетсек те біздер алпысыншы жылдардағы ағалардың орнын баса алмадық па, соңғы жиырма жылда ұрпақ арасындағы дәнекер үзіліп қалды да жастар өзінше өріс іздеп түртініп кетті. Оқығанның бәрі көркем дүние боп көкейге тоқыла бермейді. Ол үшін қазақ болып қазақи өмір кешу керек еді. Оқығанның өзінде де қазақи менталитетпен сіңіру керек болатын. Ұлттық ауыз әдебиеті өз алдына қалды да бала бақшаның жаттанды тақпағымен сауат ашты. Апалары мен аталарының өздері де кешегі советтік қызыл тақпақтың жемісі. Біздің алпысыншы жылдардағы ағаларымыздың көрмегені жоқ: ақтың да, қызылдың да азабын тартты, түрмені де, түртпекті де бастан кешті, соның қорқынышы өмір-бақи өкшелеп, ертеңгі күннің уайымынан қара басын ғана емес ұрпағын қорғап қаламын деп құрбан болғандары да бар, жалтақ болғандары да жетіп жатыр. Көргендерін жаза алмай, іштегі өкініш пен өксігін айта алмай, сырттай, онда да сыбырлап қана сабақ берген болды. Осының өзі қаншалық ғибрат, осының өзіне де мың да бір рахмет! Осының өзі де бізге бір мектеп болған жоқ па! Жастарды жатырқамай, солардың уайымын бөліп-жарып, бүгінгі көштен қалмай жүрген, кешегі игі-жақсылардың жұрнағы, сексеннен асып кеткен екі ағамыз Серік Қирабаев пен Тұрсынбек Кәкішев Жазушылар Одағын әлі күнге жатсынған жоқ. Ағалармен салыстырғанда біз не көріппіз? Отқа түстік пе? Оққа кеуде тостық па? Жендеттің тепкісін көрдік пе? Жетімдік көрген шығармыз. Жоқшылық көрген шығармыз. Рухани таршылық та бізді айналып өтпеген шығар. Бірақ мұның бәрі есік көзіндегі әлеуметтік жетімсіздік еді ғой. Әсте әдейі ұйымдастырылған қасақана қысым емес-ті. Енді келіп тәуелсіздіктің қақпасы ашылғанда жастар топырлап келіп алды-артына қарамай шапқыласын: дайындықсыз, түйсіксіз, тыр-жайдақ, бопсалап келіп, топырлап тоқыраудың кермесіне бұрқ етті, шаң қауып жатып не айтып, не қойғанын да білмейді, әйтеуір боламын деген көкірек бар, болдым деген өкірек бар. Өмір биліктің бір шетін өздеріне ұстатты да: ал, енді не істейсің дегендей жүген-құрықты сыпырып алды. Сондағы алғашқы естігеніміз:
— «Олжас, сен кет!» деген айқай болды. Мен топырдың қатарына да, айқайшылардың қатарына да Әмірхан, Аманхан, Жарас, Қасымхан, Маралтай, Аманкелді, Дидар, Дәулетбек Байтұрсынұлын, Дәулеткерей Кәпұлын, Қайнар Олжай, Мақат Садық, Жанат Елшібек, Асқар Алтайларды, Нұртөрені қоспаймын, бұлар тек біреулерді оқып қана «ақын болсам» деген дилетанттар емес, әдебиетке мұқият дайындықпен келген шын таланттар, әр жанрда әдебиеттің жүгін арқалап жүргендер. Қызығы, айқайлаған (съезде) негізінде жастар. Құдды бір қазақ әдебиетінде олжастар қаптап кеткендей. Сондағы таңдап таққа отырғызғанымыз Қалдарбек болды. Қара жер хабар бермесін, Жазушылар Одағының мүлкіне дейін талан-таражға түсіп, берекесі де, беделі де қашқан кез Қалдарбектің «заманы» еді. Әншейінде бәріміз монтанымыз, сәл тізгіннің босауы мұң екен, әлгі Жазушылар Одағының қажеті жоқ, газет-журналдарды жан-жаққа ал да қаш деген автономияшыл лжеписак, лжепысықтар бөрінің артындай шуласты. (Бір газет, екі журналды Одаққа қайтарып берген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еді.) Жазушылар Одағын жою — ұлт мәдениетін жою емес пе! Жазушы деген жұрағаттың ішінде жүк көтеріп жүргендер де, қатарда бос желіп жүргендер де болған шығар, бірақ ашкөздер де бар деп ойламаған едім. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят қашады» дегенді де бастан кештік. Сондағы жалтақтағанымыз Ресей. Шырп етпесі болмаса да бөтеннің көн терісіне жармасатын әдетпен: Ресей де одағын таратып жіберді ғой деп шыға келдік. Ресейдің әр аймағында бір одақ, әр облысында бір баспа, жүздеген әдеби журнал бар, бізді де «жарылқап», дербес мемлекет болуымыз мұң екен: Қазақстанның бес облысы біздікі деп тарпа бас салды, ол аздай қағаздан бір қысып, рухани экспансиямен күні бүгінге дейін тұншықтырып жатыр. Енді ортақ таможня, біртұтас экономикалық аймақ деп құрығын қолынан әлі тастаған жоқ.
Иттің арты тырқ етсе шаба жөнелетін кейбіреулер жерлестігін желеу етіп, жегжаттығын міндеттеп қазақ естімеген «Пенклуб» дейтінді құрып еді, Жазушылар Одағының аптарихасын сатып, қырық жамау болған ескі шапанының атағымен үкіметтен тиын-тебен жинады да, шөнтегінің түбі көрінген соң өзінен өзі жоқ болды. Мұның өтірік ұжым екенін біле тұра мүше болған әжептәуір жігіттерде кәзір үн жоқ, ұятсыздау кейбірі жерге қараудың орнына «біз де кезінде сөйткенбіз» деп артынан жел шыққанша күшенетіні бар. Алмағайып заманды пайдаланып, жазушы дейтұғын аңқау жұрттың есебінен қомағай шіркіннің «батпан құйрықтан» асап қалу екеніне енді көзіміз жетіп отыр...
Таусылмайтын Алдаркөсенің «әлеуләйі» тағы басталды. «Нұрлан, сен нағып отырсың, кетпеймісің?» деп «жыбырлаған» жиналыс атаулыда Оразалинді бөкседен тепкендей қинайды кеп. Ол аз десең әлдебір желбуаздарды айтақтап, әлдебір тәуелсізбіз дейтұғын баспасөздердің бетінде сайратады-ай келіп. Сондағы бітіретіндері кеше ғана өздері шыққан жалғыз ошағы - Жазушылар Одағына күйе жағу. Біз трайболизм дейтұғын пәледен құтыла алмай-ақ қойдық. Бұл да аз екен. Кәзір одан да асып түстік. Алматыда конференция, немесе жиналыс бола қалса Астана өкілдері өрт сөндіргендей ежірейіп келеді де Жазушылар Одағының астаң-кестеңін шығаруға дайын тұрады, әрине түртпектейтін ауыз Алматыда да жетіп жатыр. Осындағы творчестволық одақтардың бүгінде ізі де қалған жоқ. Әйтеуір Жазушылар Одағы ғана «атың өшсе елден ұят» деп тіршілік етіп отыр. Сол үшін де таланып кеткен «мал-мүлкін» соттасып жүріп қайтарып алды, мемлекеттік бюджеттен шығып қалған соң қатты көмектескен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Иманғали Тасмағамбетов болды. Ортада шыр-пыр боп Нұрланның өзі жүрді, обалы қане, Одақ үшін сотқа да жүгірді, отқа да түсіп, әйтеуір ТМДда ұжымды сақтап қалған жалғыз Қазақстан еді. Үйсіз-күйсіз қайың сауып кеткен творчестволық одақтар бір шаңырақтың астына жиналсақ қайтеді деген әңгіме шығып, оның аяғы жиналыстарға ұласып жатты, «ортақ өгізден оңаша бұзауым» деп бұдан да құтылып кеттік, бірақ жазушылар ұйымы көзге шыққан сүйелдей жұртқа «тыныштық» бермеді де: бұлар Астанаға неге кетпейді деп қыжырта бастағандар да болды. Сондағы көз алартқандары кезінде Ғабең беделімен алып берген Қарашаңырақ еді. Астанадағы жеті жазушыға бола Алматыға телмірген 700 жазушыны жетімсіретіп тастап кету қай құдайшылыққа симақ-ты? Жетпіс жыл бойы биліктің көлеңкесіне тығылып күн кешкен ескі әдет те баяғы. Астана мемлекеттің саяси әкімшілік орталығы шығар, рухани орталық Алматыда қалыптасқан жоқ па еді. Астана тұрғындарының екі-ақ типі бар — шенеуніктер мен базаршы бақал саудагерлер, мұндағы халықтың менталитеті түбегейлі өзгеріп кеткен, шиқылдақ қоларба итерген ашкөздер алдында әкесі тұрса да өлген-тірілгеніне қарамай таптап өтеді. (Бұлар Бішкек пен Тәшкеннен жиналған кәсіпкер алыпсатарлар). Есесіне халықаралық күрделі проблемалар осында шешіліп, осында іске асып жатады. Ал 200 орындығы бар Қуанышбаев атындағы театрда спектакль жүрген күні залда екі-ақ адам — режиссер мен автор ғана отырады. Мереке, салтанат кезінде Алматыдан бастап облыстық, мәскеулік концерт мекемелерін гастрольге шақырып алатыны тегін емес. (Қысқасы, полное отсутствие интеллектуального мира.) Шенеуніктер мен депутаттар тегін билет үлестіріп берсе де театрдың есігін ашпайды. Іргедегі Көкшетауда күн сайын аншлаг, бұл енді ежелден өнер десе барын салатын қалыптасқан халықтық дәстүр. Әйтпесе Көкшенің көркіне, Бурабайдың бөркіне бола жиналатын, дүрмек үшін төбе көрсетуге келетін дарақы жұрт емес...
700 демей-ақ қоялық, сол жеті жазушының аты-жөнін дұрыстап білмейтін астаналықтарға Одақты алып барғанда не барқадар таптыратын едік? Көп болса депутаттық креслода отырып шыққан екі-үш қаламгер ғана естерінде қалған шығар. Төрден орын тимейтінін білсе қонаққа шақырса да бармайтын қазақ өз қадірін әлі ұмыта қойған жоқ. Тіпті өле қалса да көмусіз қалмайтынын білетін қаламгер Алматысынан айрыла қояр ма екен?..
«Қашайын деп тұрған киік еді, көтіне таяқ тиіп еді» демекші, Нұрлан кет деп түртпектемесе де Одақтан құтылуға дайын. Бірақ оны әзірге ұстап тұрған бір-ақ күдік: қаншама жыл тірнектеп жиған көптің мүлкіне ие болар кім бар? Бүгінде жоғарыда танысың болмаса, сөзіңді өткізер тамырың болмаса, творчестволық одақты ұстап тұруға көзсіз батыр табылар ма екен? Күманым бар... Құр «уставқа» жабыса бермей осыны да ойлағанымыз жөн шығар...
... Сыңар саптаяқ сыраны сарыққанша күн де қайтып қалған. Қаланың жарым кержақ, жарым казак дүрегейлері де суатқа жинала бастаған. Бұлар шөл қыспаса да «мыналарға не жоқ» дегендей екі қазақтың иісі шыққан жерге бұрыла кететін ежелгі әдеттері, әрі жанжал іздеп жүреді. «Аш пәледен қаш пәле» деуші еді..
— Қалаға, мен сізді тура Қоңқайға алып барамын, — деді.
Мына Божқара не сандалып отыр дегендей бетіне бежірейіп қарауым мұң екен: — Мен Қоңқайға көшіп кеттім ғой, — деп арса-арса кәрі таксиге артып алып шарқылдатып жөнеліп еді, қала шетіндегі төрт қабат сұр тас үйге шарқылдатып алып келді. Арақ ішпейді, саудайылық қылмайды, бірақ мен секілді күні бүгінге дейін темекіден жеріген жоқ. Шылым шегелік деп балконға шыға келіп едік, танауымызды тасқа соғып ала жаздадық. Қожыр-қожыр тастарды теңдеп алған тоқал тау іргеден тіреп тұр екен. Орталықта төрт бөлмелі тәп-тәуір пәтері бар еді, мынау қиян шетке қуалап тастаған қай албасты болды екен деген ойға қалдым.
— Қалаға, мына таудың Қоңқайдан несі кем? — деп күркіреп күлді. Тегі менің не ойлап тұрғанымды іші сезсе керек.
— Бір татар құрбан айтқа деп базардан қой сатып алыпты да жетекке жүрмеген соң:
«Өй, шошқа!» деп теуіп жіберіпті, естіп тұрған бір қу: абзи, арам болды ғой, арам» десе керек. Татар қайтып барып екінші қой сатып алмай ма, ол да тыртысып жатып алған соң әбден шаршаған абзи: оқшауын оқшайсың, тек айтарға болми депті. Мен де сол байқұсты қайталағым кеп тұрғаны.
Қалжың үшін айта салған анекдот еді, езуіне жиналған күлкісін жұтып қойып, Әлібек мұңайып қалды. Қасында тіреп тұрған Алтайы жоқ қожыр-қожыр қотыр тау Жарылғастың Қоңқайын еске салғанмен көзге де, көңілге де жылу бермейтін қала шетінде шөгіп қалған көтерем шоқы болатын. Аяқтағы арам суды кешіп тұрып аспандап сөйлейтін қайран ақын көңіл-ай десеңші!
— Жұмыстан шаршап, өзіме өзім разы болмай, тіршіліктен түңіліп келгенімде осы балконға шығамын да тауға телмірем де отырамын, Қоңқайды, Қоңқайда өткен балалығымды есіме аламын, анамды, әкемді көз алдыма елестетем. Әкем марқұм ұл көрмей жүріп мен туғанда қуанышын бүкіл Қаратайға сиғыза алмаған екен. Асырады, жеткізді, қанат берді. Сол әке жарық дүниеден өтерінде ерніне су тамызуға да мүмкіндігім болған жоқ.
Әкесін мен де білетін едім. Амангелді дейтұғын колхоздың қой фермасын басқарды, кейін Панфилов атанғанда біраз уақыт сол колхозға бастық болды. Ылғида бір нәрсеге ренжіп жүргендей қабағы ашылмайтын түсі суық адам еді. Қали келе жатыр дегенде тырқырап қашатынбыз. Бала күнімізден табанымызды шөгірге тіліп тұрып жұмысқа салды. Өз отбасын да аямай қуалайтын сол кездегі басықтардың әдеті еді, әйтпесе азаптан ерқашты болған колхозшылар саусағын шошайтып шыға келеді. Сол қомыт Әлібектің де мойнын жауыр қылған. Жаз бойы бала-шағаны Бұқтырманың арғы бетіне қамап тастағанда топалаңдардың ең соңында ел табатындардың бірі Әлібек болатын. Әрине, әркімге өз әкесі әулиедей. Мүмкін әке көрмеген біздерге бастық атаулы әзірейілдей көрінген шығар, әйтсе де жанашыры жоқ жетім-жесірлерге атқамінерлердің қамшысы қаттырақ батқаны рас.
— Елден кәсіп таппағандардың бәрі осы таудың етегінде деп, — Әлібек тентіреп жүрген жалғыз мен емес дегендей ақталған болды. — Мынау жыпырлаған қарағай үйлерді көрдіңіз бе? — деді қотыр тауға қоңыздай өрмелеп бара жатқан жер үйлерді нұсқап. — осылардың бәрі біздің ағайындар, баспанасына дейін сүйреп келіп тіршілік етіп отыр. Әуелде шайлыққа бола бірер сиыр ұстағандар да болып еді, оның жем-шөбі басынан асып кеткен соң мал дегенді қойды да енді ақсыз қалдық. Алтайдың кең жайлауына симаған қайран Қаратай бірінің бөксесін бірі қасып, орталықтан орын табылмаған соң бір қуысқа қыстырылып күн кешуде. Бірақ Қаратай екендіктерін ұмытқан жоқ. Алда-жалда көшеде қарамай кетсең:
— Әй, Қаратай, аманыңды ит жеп кетті ме? — деп артыңнан айқай салады.
Нұрбала деген бір жеңгеміз қалада тұратын баласын сағалап келген екен, елең-алаңнан бидонын салдырлатып сүтке жүгіре жөнелгенде жарысып келе жатқан бір кейуана кемпірге сәлем берсе:
— Әй, шырағым, әрмен жүрші, әрі! Осындағы қаңғырған ит те Қаратай, сәлемдерің таусылмайды екен! — деп қауып тастапты. Соған өкпелеген жеңешем ауылға қайтып келіп: қаланың қаймағынан Қатынқарағайдың қара суы мың есе артық екен деп абажадай төрт бөлмеде алшысынан түсіп жатыр. Жатарсың-ау, егер жатып ішер ас болса?.. Бұзауы жамырап бара жатқандай трәктірдің көттігіндегі абраттың көк сүтін тиеген темір бөшкені қуалап жүріп те көкейінен Қоңқайын тастамайтын сорлы Қаратай кезінде Алтайдан да асып кетіп едің, жарым сүйегіңді жатқа тастап, қайтып келгендегі тапқан қонысың ыс басқан қаланың пұшпағы болды ма?!. Астаудай ғана балконда отырып балалығын сағынатын, қолына қалам ұстаса да балалық шағынан бері шыға алмай жүрген Әлібекті енді түсінуге болар. Қотыр шоқының етегіндегі менің ағайындарым кәсіп қуалап келген жоқ, оларды жоқшылық қуалап келген еді. Демек, көңілдегі бостан, тәуелсіз елміз деген бір медет болмаса, жиырма жылдың ішінде әлі де жетіскені шамалы: баспана — шлак, жамылғаны тулақ, арманшыл көңіл аспанда, сағынышты көкей Алтайда, енді сол Алтайына қайтып жете алар ма екен?.. Жетсе бәрі бірдей Қатынқарағайға сияр ма еді?
***
...Шашты. Шабанбайдың бір шеті. Он жасымда Нұрзағила әпкем, мына қасымда отырған Асқардың анасы жетектеп алып келіп, соқыр торы биемен әкемнің ескі жұртын аралатып қайтқан. Оған да қай заман! Одан бері де артындағы жалғыз ұл Асқардың өзі де алпысқа келді. Қаратайдың жұмақтай жазғы жайлауы Шаштының етегі бүгінде Кандрашка атанып кетіпті. Жиенім осының атын өзгертіп бер деп қолқа салып отыр. Бекалқа Фыкалка болып жолда қалды. Бұл өңірде аты өзгермеген жер, тонын теріс жамылмаған елдімекен жоқ десек те болады. Ежелгі Ақсу Белое болып біраз жыл қазақтан қашып, кержақтардың от жаққан орнына айналды. Санай берсек Көкала Айғыр, Көкжота, Талдыбұлақ, Таскүрке, қош, бүкіл Шабанбайдағы көне атаулар жұрттың есінде ғана қалған. Осыдан екі ғасыр бұрын Ресей қаратайлықтарды Бұқтырманың арғы бетіндегі алпыс шақырымдық қыр басына лақтырып тастап еді, одан кейін де шеңгелінен босатқан жоқ, совет өкіметі анда-санда ұялғанынан болса да Қазақстанға қайтарып беріп, ұмыттыра бере Алтай Өлкесіне қайтадан қосып ала қоятын. Күні кеше, 1957 жылға дейін осындағы жалғыз орта мектеп балалардың сауатын көне славян тілінде ашып жүрді. Сол жылы қаратайлықтарға атажұртының шетпұшпағын көрсеткен болып еді, кержақтар Ресейге қарай үдере көшіп кетті де орнында қалған селдір-селкем дүрегей жұрт не кержақ емес, не қазақ емес дәлдүр боп шыға келді. Көршілерден алып қалған тәбәрігі арақ пен сивуха, мықтап кеткенде бар мақтанышы балсыра, апта бойы тырп етпей ішеді де жатады, қолға қарға тышқан күні қайтып бұлардан қайыр күтпе, дүние өртеніп бара жатса да езулері стақаннан босамайды, үйде береке, түзде қарекет жоқ, қарекет тұрмақ қатын-баланы да ұмытады, бұл күндері бүкіл Ақсу мас. Бұл аздай совхоздың басқару хұзыры Мәскеудің қолында. Жыл сайынғы өнімін қайнатып, кептіріп Владивостокке апарып өткізеді де түскен пайданы (мүйіздің бір килосы 750 доллар) қисыпырып Одақтың қоржынына алып кетеді. Жалақыдан басқа жергілікті бюджетке дәм татырмайтын. Шаруашылықтың мұқтажына көк тиын қалдырса не қылсын. Жаңа құрылыс атымен жоқ, ескінің бәрі тозған, қылаяғы бұғы-маралдың өрсін қоршаған сатыларға дейін салдырап жерде жатады. Қысқасы, қып-қызыл тонау, түбі жер қазақтікі, мал қазақтікі болған соң ба, әйтеуір сорып қалу, ел қамын Аллаға да емес, албастыға тапсырған. Осы кезде Сельхозтехникада бас инженер боп қызметте жүрген Асқар Қабанбаевты аудан басшылары ат-түйедей қалап алып кетіп еді, бара салып совхоздың бес бөлімшесін аяғынан тік тұрғызып, тағы боп кетуге аз-ақ қалған марал санын 5000-ға жеткізген. Жұмысшылар, мамандар ақша деген шіркіннің мөрін енді көре бастағанда өкшелеп "прихватизация» да жетті. Шаруашылықты тарат десті. Бұл зорлық еді. Бәрін айтпағанда, сиыр емес, қой емес, қоршауда жүрген тағыны жекеменшікке қалайша бөліп берерсің?
Асқардың жоспары да болашағы зор, ұлан-қайыр еді. Негізгі мақсаты — бизнесті ауылға жеткізу, совхоздан агроөнеркәсіптік комплекс жасау: сол үшін Оңтүстік Кореяның фирмасымен келісім-шартқа отырып пантокриннің әр түрін жасайтын зауыт салды, макарон, нан өнімдерін шығаратын, бойнядан бастап ет өнімдерін жасайтын цехтар, мал бордақылайтын пункттер ашты, сол өнімдерді 50 тонналық машиналармен Ресейге дейін сатып отырды. Үй шаруасына қажетті мүліктермен қамтамасыз ететін столярлық, тігін цехтары жұмыс істей бастаған. Селекциямен үйір-үйір жылқы ұстап, сойыс жабысын бөлек бақты, қазы, қарта, жая дегендер көршілерге кетіп жатты. Жұмыс қолын бөгемес үшін жекеменшік малына шөп пен жемді қорасына тегін жеткізіп беріп, ірі-қараны үш жылдан соң, ұсақ-түйекті бір жылдан соң бойняға қабылдап, пұлын тағы төлеп тұрды. Қиын-қыстау кезеңде жұмыссыз қалған аудан жұрты Ақсуға ағылды да шаруашылықтағы адам саны 7,5 мыңға жетіп еді. Тарқат та тарқат деп билік тақымдап қоймаған соң ақыры акционерлік қоғам ұйымдастырып тыныш тапқан. Бүкіл ауданда совхозды төкпей-шашпай ұстап қалған жалғыз Асқар еді, ел болып депутаттыққа ұсынған соң бес жылын Астанада өткіземін деп көп шығынға ұшырады. Әрине, бұл бес жыл да тегін кеткен жоқ, апаттан су астында қалған Күршім ауданының ауылдарына, Катонқарағайда құлайын деп тұрған ескі мектептерді жаңартуға қаражат бөлдірді, 49 жылға шетелге жалға кетейін деп тұрған Шығыс Қазақстанның орманын сақтап қалды, тағысын тағылар, әйтеуір қит етсе түйенің танығаны жапырақ деп Асқарға жүгіретін болдық. Мұның бәрі елдің мұңы еді.
Қазақ: «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дейтұғын. Бес жылда дүрілдеп тұрған шаруашылықтың тамтығы қалған жоқ: кешегі 5 мың бас маралдың сілекейін ғана ұстап қалды, өңірден ел көшіп, бүгінде орны ғана жатыр, кейбір бөлімшелер түбегейлі жабылды. Асқар кәзір әуелгі тірлігін қайтадан бастап отыр. Тонап кеткен ағайынға өкпесі де жоқ, қайырылып өпкен де емес...
... Қызыл бел қорапты «джип» мөңкіп келеді. Түйе өркеш сыбызғыдай тар жол машинаны лақтырып жіберіп қайтадан ыңқ еткізіп тастап жібергенде шек-қарының қорқылдап ақтарылып қала жаздайды. Доңғалақ шоқалаққа бірде тиіп, бірде тимей аспан мен жердің ортасында Бекалқаның бес үйінен зорға өтіп едік, ендігі бетіміз Кандрашка болатын, мұнда да екі үй, бір күрке екен. Қарағайдан аршып салып, сыртын тақтаймен қаптаған мейіздей сап-сары екі үйдің әсемдігі ғажап-ақ. Қазан шұңқырда отыр, маңайы қалың орман, қарағай басқа жерде жоқ, көбіне самырсын мен балқарағай, ескі атауларды жаңғырта берелік деп мұның атын «Ойқарағай» деп қоялық дедім. Кандрашов па, Кандрашин ба, қай орыстың жиендік жасағанын кім білсін, Белқарағай, Қуқарағай, Қатынқарағайға теліме болса қасиеті қашпас деген ой еді. Жігіттер қоштағанмен Асқар үндемей қалды.
Екі үй де мүйіздің бұлауына түсетін сауықтыру орны. Екеуі де бос тұр. Жым-жырт. Тамағының өзі бал татиды. Әттең соның дәмін алатын кісі-қара жоқ.
— Жұрт мұнда жете алмайды, — деді Асқар. — Жолдың сиқын көрдіңдер. Оны жөндеуге менің техникамның шамасы келмейді, әрі қаражатым да жоқ. Бар болғаны жиырма шақырым соншалықты бір ит өлген жер де емес, ел қамы үшін жөндей салса үкіметтің түгі құрамас та еді. Туризмді дамытамыз деп әншейін айта саламыз да жеме-жемге келгенде оның бәрі құр сөз болып шыға келеді. Осыдан артық қандай туризм болсын? Ауасы ем, саясы жұмақ мұндай табиғатты басқа жерден басыңды тасқа ұрсаң да таба алмайсың, марал мүйізінің сорпасына пақыр тұрмақ патша да жете алмай жүрген жоқ па. Қолдағы барды құрата алмаудан өткен қорлық жоқ қой...
...Жеті жасымда бір көргенде таңғажайып еді, жетпіс жасымда тағы көріп тамсанып отырмын. Туған жерімнің мен білмеген талай құпиясы бар екен-ау! Мен де осы жерде туып өстім бе дегенге сенбей қалдым десем өтірік емес. Іргемдегі сылық-сылық аунаған Ақсу өзенінің етегінен ғана су ішіппін. Біздің елдің өзен атаулысы үндемей ағатын сиқыры бар. Аспаннан құлап түсетін Ақбұлқақ та дыбыс шығармай сылдырын Алтайдың жақпар тастарына жамап кететін әдеті. Құлақтың құрышын, жортқанның тынышын алмайын дегені шығар. Жоғарыдан қарасаң аппақ, айрандай көпіршіп, жағасына келсең қап-қара барқыттай, тұңғиығына сырық жетпейді, үңілсең басың айналып ағынмен жарысып жөнелесің, сонсоң да күн қайтқан соң қаратай тұрмақ қаратайдың аты да суға бас қоймайды. Түн баласында гүрілін аспаннан естисің. Балығы қармақ түгілі шыбын қақпайды, аққайраңның жарқ-жұрқ еткен бауырын ақжал толқыннан ғана көресің. Көріп отырып қаратайлықтар құртша құжынаған өзен напақасын қалқып жеуге ерініп отызыншы жылдардың геноцидінде аштан қырыла жаздаған. Өмірде қайырып соқпайтын оқиға болмайтын сияқты. Сол жылдары Асқардың әкесі, менің жездем Айтқұл дәл осы өңірде, Үшбұлақ ауылында мектеп директоры қызметін атқарып жүріп қаратайдың бір әулетін аман алып қалып еді. Қыр бойының қазақтары артынан шұбырып осында көшкен. Кешегі Черемошка, ежелгі атауын қайтарып алған бұгінгі Үшбұлақ ауылының тұрғындары сол босқындардың ұрпағы. Арада қырық жыл өткенде әкенің ізін қайта басамын деп Асқар ойлады ма екен? Арада екі ғасыр өткенде бөтеннің бөстегіне айналған атажұртты тегін берді, тәуелсіздік тегін келді деп, айналып етегіне қарамайтын енжар жұрт енді жер менікі, ел менікі деп ойлар ма екен? Екі бұрам отын көтерген ыңыршақ екі күн мөңкісе, соны әкелген төрткөз құл төрт күн бәлсінеді деуші еді, тағы да бір ұрпақ жаңармай ескі психология санадан өшеді дегенге күманым бар. Әйтпесе, кешегі саналымын деген жігіттер ортақ дүниені жаудың мүлкіндей тонар ма еді, құрық ұстаған құлықсыз жұрт алдындағы аша тұяқтыны жаудың малындай талар ма еді?..
Барын жоғалтқанына өкініп жүрген Асқар жоқ. Баршаның бар сенімнен жұрдай болғанына кейіп жүр. Бетіңе қарап күлетін, айнала беріп атарға оғы жоқ ашкөздер өзінен өзі қуыстанып, бүгінде Асқардың қарасынан қашатын болды. Өткенді қайталаудан, өшкенді қайта жаңғыртудан қиын нәрсе жоқ, бір басып кеткен ізіңді қайта таптауға көңіл шаппайды, көңіл шаппаған соң ынта жоқ. Көне киімді қайта көктегеннен ләззат таппайсың. Осы әуре неме керек, кімге керек? Алпысқа келіп алпарысқанда кімді жарылқамақсың? Оңашада осы сұрақтың шетжағасын қозғасам Асқар: «ел бар ғой» деп күмілжиді де үнсіз қалады. Соны елі түсіне ме екен? Түсінсе де кәдіріңді білер ме екен? Әншейінде де көп сөйлемейтін жиенім Қажыға барып қайтқан соң тым тұйық боп кетті. Үндемей жүріп бес намазға жығылады. Үндемей жүріп машинасына мінеді де жалғыз өзі шаруасына аттанып кете береді. Бұдан соң оны табу да қиын. Тапсаң ұстау да қиын. Шаруашылығы ерепейсіз үлкен. Бүкіл Ақсу. Соның бәрін аралап шыққанша күн де батады. Ықшамда, әйтпесе оны игеру де қиын, басқару да қиын, пайдасы да шамалы деп Темірбек ақыл қосып еді, илана қоймады ма, Асқар оған мән берген жоқ. Әлде бөліп беретін сенімді ие таппады ма. Кезінде серіктестікке шақырып, бөліп те көрген. Өзі жоқта бес жылдың ішінде өзім деген жігіттер жердің шұрайлысы мен өрістің шүйгінін кесіп алып, кеше ғана жаяу жүргенін ұмытып, бүгінде астында «джип», алдында мал, басында сарай, мұртын балта шаппай шіреніп жатыр. «Бұғы-маралды экзотика үшін ұстаймын дегендер өздері білсін, әйтпесе оған бюджеттен қаражат бөлудің қажеті жоқ» дейтін үкімет марал шаруашылығының құлдырап кетуіне тікелей себепші болды да кейін өз қолын өзі кескенін мойындап, қалған-құтқан шөмшектен шымшып қана сілекей татырған болып еді, бұл да әншейін суалып кеткен Аралға қақтан қасықтап су сепкеннен артқан жоқ. Тұтас бір совхоз боп тұрған омарта шаруашылығын да зорлықпен таратып жіберіп, балдың да таңдайға татитынын бүгін сезгендей өкімет қалтасынан өтірік те болса ырым жасап отыр. Осыдан ба, «пысық» деген жігіттер маралдың маңына баспай жүр. Өйткені алты ай қыс ұйқы бермейтін, алты ай жаз аттан түсірмейтін азабына жолағысы келмейтін де шығар...
Қаршадайынан мал соңына еріп көмпіс боп алған Асқар ғана «сырты су, бауыры балшық» болса да төрт мезгілдің салмағын көтеріп, жыла қонған жолаушыдай жылжып келеді, шаруасын да жылжытып келеді. Айтып отырса, ол сонау мектеп жасынан-ақ заготскоттың ақсақ-тоқсағын қиырдағы Катонқарағайдан жер түбіндегі Семейдің ет комбинатына жаяу жеткізіп салып жүрген екен. Әжем Өрік, мамам үшеуіміз қарашаңырақтан бөлініп отау шықтық. Бір ошаққа симай бара жатқанымыз да шамалы, әжемді білесіз ғой, ол да сіздің апайыңыз, Исабай атамыздың әпкесі, соғыста шейіт кеткен тұңғышы Айтқұлдың түтінін өшірмеймін деп қоймады. Шоңмұрынның қыздары айтқанын орындатпай тынбайтынын да білесіз. Мен болсам әлі атқа да түзу отыра алмайтын баламын. Мамам түн ішінде тұрып мектептің пешін жағады. Кезінде ол шіркеу болған, түнді қойып күндіздің өзінде азынап тұратын үрей. Қыстың аязы оның қасында түк емес. Ес болсын деп мамам мені ерте кетеді. Күңіренген тас қараңғыға кіргенде көрге түсіп кеткендей зәрем ұшады да үнімді шығармай жылап аламын. Шешемнің қаршадайымнан маған үйретпегені жоқ. Соның бірі қараңғыда таяқсыз жол табатын сезімталдығы. Ес кірмей жатып қараңғылыққа бойымды үйретті де кейін мал айдап жүргенде түн баласында қорықпай-ақ шашау шыққан кебенектерді тез тауып алатын болдым. Осыны пайдаланған үлкендер: Асқар, сенің көзің өткір ғой, сен қой күзетші деп мені далаға тастайды да өздері брезент күркеге кіріп бырдай боп жатып алатын. Тіршілік қомағай, бәрін айтпағанда қызуы жоқ тоқал пеш те қомағай, тыртыңдап қолшанамен жаяу тасыған отыныңды да күн сайын жалмап алып саған қарап үңірейеді де тұрады. Үлкендерден қалған ескі киімдерді қайта пішіп мамам иығыма жапсырып бітірген. Жаңасына ақша керек, ақша біз түгілі жә деген жігіттерде де жоқ. Жазғы демалыста заготскотқа жалданып мал айдауға мәжбүр болдым. Әйтеуір ептеген тиын-тебені бар. Айтқаныңды тыңдайтын екі аяқты адам да емес, төрт аяқты малды тоқтату қиын екен: оты қанбаса жатпайды, шөлдесе алдында арыстан аңдып тұрса да жасқанбайды, бір отар қосылып дарылдағанда құлағыңа құрт кіріп кеткендей миыңды ашытады. Комбинатқа жеткенше ет алып барсын деп жайып айдататыны тағы бар. Елден ұзап, Семейдің бұдырсыз сары даласына іліккенде тозақ сонда басталады: сарнаған желден ерінің жалақ, етегің жырым-жырым болады, оған жаңбыр қосылса сорыңның қайнағаны, далдасы жоқ қу даланың жаңбыры қиялап соққанда қамшыдан өткір, өкпеңді тесіп жібере жаздайды. Қараңғы түнде қалбаңдап жүріп неге сүріңгеніңді де білмейсің, әйтеуір тірі жан ғой деп ұйлығып жатқан қойлардың ортасына барып тығыласың. Ішің иттен бетер ұлиды, өйткені «расход» таусылған, «расход» дегені комбинатқа жеткенше жейтін малыңның саны, оны да шақырымға есептеп береді, егер артық кетіп, санағанда жетпей қалса жеген ауыз бөліп төлейді. Қой ішінде некен-саяқ сүті қайтпаған ешкілер де бар, ұстап алып емгің де келеді, бірақ ол кебенектер емшегін сорғызып қойып тұра ма, сорамын деп бруцеллезге ұшырағандар да болған. Бұл мал деген шіркінге қайтып жоламайтын шығармын деп едім, ат баспаймын деген жерін үш басады деп айналып кеп не тағы емес, не мал емес марал дейтұғын мақұлыққа тағы да тап келдім. Тастап кетейін десең қимайсың, маған ғана емес, елге керек, осы елге ежелден кәсіп болған күнкөріс, маралсыз қаратайдың қасиетті бір көркі кеміп қалатындай. Жұрт ойлағандай бұл экзотика емес, туристер келсе келер, келмесе одан әрмен, маған Алтайдың қайталанбас табиғаты, сол табиғатқа тәуелді қаратайлықтардың денсаулығы қымбат...
...Табиғат десе Алтайды, Алтай десе оның табиғатын көз алдыма елестетем. «Құйрығының қызылы түлкінің соры» демекші, соңғы кездері ендеп кіріп келе жатқан «цивилизацияның құдіреті» сол табиғатты да үркіте бастаған сияқты. Ауылдың іргесінен ертеңді-кеш әупілдеп үріп жататын, кейде жаны қысылғанда қораға кіріп кететін елік те бүгін жоқ, оның жымын ауып келген шошқалар басты. Тоғайға кірсе талдың шыбығын да шығынға санайтын қаратайлықтар тырп етпей үйінде тығылып отырып әлдебір адресі жоқ ашкөздердің «дружба» дейтұғын жалмауызының ырылынан қорқатын болды. Атты-жаяулы сабылып барып шипалы суына шомылатын жұрт арасанынан да айрылып, «балшықтан шығып барон болғандардың» тікұшақтарына тіксініп қарайды да отырады. Осыны ойлағанда, мүйіз сұрап құлағынан айрылған тоқал ешкінің кебін киеміз бе дегенде зәре-құтың қалмайды. Әрине, урбанизацияның заманында одан да құтыла алмайсың, тек сол ауылға ұрдажық болып келмегені жөн еді. Тіс жарып еш пендеге мұңын шақпайтын Асқардың іште жатқан уайымын түсінуге болады. Кезінде ауданның 27 мың халқының үштен бірін жинап алған Ақсудың бүгін қаңырап қалғанынан-ақ тіксінесің. Ақсу, одан озсаң Шабанбайдың курорттық аймақ екені рас. Бірақ бұл өңірдің проблемалары да толып жатыр. Алдымен оның шаруашылық дәрежесін өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы деңгейіне жеткізген жөн шығар. Әзірге ол Ұлттық Парктің сүйемелімен ғана тіршілік етіп тұр. Елден жырақ, Ресеймен шекаралас қуыста жатқан Атамекеннің табиғатын қорғайтын да Парктен басқа, Асқардан басқа мемлекеттік ешбір мекеме жоқ. Басқасын айтпағанда, оның көркін қыз қалпында ұстап тұру жеке субъектінің шамасынан келмейтін, үкімет тарапынан шешілетін күрделі мәселе.Әлдекімдер, Қалихан ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қатынқарағайын аңсап отыр деуі мүмкін. Қатынқарағайдың ол кездегі жетіскені де шамалы болатын. Әйтеуір соғыстан көз ашпай, найзаның ұшы, қылыштың жүзімен Отанын қорғаймын деп арпалысқан қаратайлықтар, мүмкін содан да ләззат тапқан шығар. Сөйтсе де әр елдің, географиялық қоғамдарының берген Ақсу деген аты бар еді (Ақсу — Жер жаннаты, аңыз болған «Страна Беловодье»), ХХІ ғасырда соның қасиетін ардақтап, қадірін білсек деген көкейдегі арман...
Алматыда отырсаң елді ойлайсың, елге барсаң Алматы есіңнен шықпайды. Ағайын ауылда көп пе, Алматыда көп пе? Сәл алыстап кетсең екеуін де сағынасың. Ауылмен кіндігім жалғасқан. Алматыда өмірім өтіп келеді.Ауылдан онүш жасымда кетіп едім, Алматының көшесін алпысекі жыл таптап жүрмін. Енді қанша жыл тырпылдайтынымды бір Алланың өзі біледі. Дүнияда сағыныштан қымбат сезім жоқ-ау сірә! Бірде ол сені далаға қуалайды, бірде қалаға қуалайды. Жігіттің төресін, қыздың көркемін қаладан көрсең де ауылдағы торшолақ шөпжелкені, қотанаяқ түбітиекті ұмытпайсың. Бірі құмарыңдай, бірі туғаныңдай. Түбітиекпен сәбиіңде тебісіп өсіп, шөпжелкенің көкірегінде тәтті бір иіс барын білгенсің. Ал саналы ғұмырыңда табысқан жарасымды дос-жаран бүкіл ғұмырыңа рухани азық. Сондай қимас достың бірі Жолдасхан Бозымбеков еді. Жолдас болуға да жараған, бозым десең де артық емес. Екеуміз студенттік кезден ажыраспай, «Лениншіл жаста» қызметті де бірге істедік. Қырға шықсақ та, қырдан түссек те жастық шақты жарысып өткердік. Ауылы Алматыдан сексен шақырымдағы Самсы, сүйегі Ботпай, оның ішінде Тілеуқабыл, Жамбыл бабамыздың қайын жұрты. Анасы Нүрила апамыз Екейдің қызы еді, Жапа әулетімен аталас. Онсыз да қарға тамырлы қазақтың алыстың өзінен де ағайын, жаттан да жұрағат іздеп отыратын үйірсектігін ескерсек, Самсыдан өрлеген салт жігіт, Қарақыстақтан құлдилаған қарындас екі ауылға кезек-кезек ат шалдырмай өтпейтінін де ептеп білемін. Жолдасхан екеуміз сонау студент кезімізден сексен шақырымдық жерді жаяу-жалпы адыммен өлшеп едік. Кейін борбайымыз матасекл дейтін тентек тайға, машина дейтұғын керікке тиген соң аптасына бір рет өрден ойға, ойдан өрге айналып шығатын машықты әдетіміз бар-ды. Көбіне ылғида түн баласында. Самсыға жеткенше қаншама белес, қаншама дөң бар, матасеклмен орғытып шығамыз да сан миллион шілделіктің симфониясына құлақ түріп, миллиардтаған жұлдыздардың есебіне жете алмай отырар едік. Делебеңді қоздыратын қырдың самалы, аршадай тынысыңды ашатын қидың қышқылтым түтіні ауылға қиялыңды өзіңнен бұрын жеткізетін. Өрге тартсаң Қарақыстақ, Жәкем айтқан «елу бақсы, сексен ақын» болмаса да өз тұстастарым Әнуарбек пен Сейдахметтің ауылы, оған қоса апамыздың туған бауыры, Жолдасханның нағашысы Асқар аға отыр, әңгімешіл әрі бауырмал, жиенінің атын атаған бейсауат жүргіншіні де көшеден жинап, көштен қайырып әкеліп қонақ қылатын мырзалығынан жаңылған емес. Ойға түссең Самсыда апамыздың өзі отырар еді; Тілеуқабылдың ең шеткі көшесінде, ауылдан үркіп шыққан қарадай әудем жер қашып барып үйездеген бір шоқ тоғай мен алма бағы бүкіл Самсының торғайы мен томпайған қарадомалақ балаларының базары секілді еді.Жаз шықса апамыз есік алдындағы қартайып біткен құж-құж қарағаштың түбіне бөстегін төсеп, дастарханын да сол ағаштың көлеңкесіне жасайтын. Өзімен жасты сары самауырдың оттығы қара қазанды арқалай-арқалай белі майысып кеткен балшық тандырдың пұшық мұржасымен жарысып тұрар еді. Бұл үйдің түтіні күншіліктен көріне ме, Тілеуқабылдың кәрі-жасы қазанның оттан түскенін аңдып отырғандай-ақ дәмнің үстіне бір минут кешікпей жиналатын. Апамыздың асы ғана емес, әңгімесі де дәмді еді...
...Төбесінен тырс-тырс тамған торғай саңғырығын алақанымен сыпырып тастаған Жөкен аспанға алара қарап:
— Қап, осы ағашты бір күні құртамын-ау! — деп кіжінген болады.
— Менің көзімнің тірісінде бұл ағашқа балта тигізбейтін шығарсың, — деп тандырдың езуінен қызыл шоқты шымшып алып сары самауырды оттығынан идіріп отырған апамыз ұлына көзінің қиығымен қарады. — Қамалар алдында әкеңнің шанышқан шыбығы еді, ырым қылып үш баласына отырғызған үш қарағашы осы, — деп келін боп түскелі қолынан шешпеген қос білезігін түріп тастап біразға дейін үнсіз қалады. — Ағаш екеш ағаш та қартайды...Ар жағын айтқан жоқ. Ар жағы айтпаса да белгілі еді. Оның ар жағы жазықсыз онсегіз жыл отырып қайтқан апамыздың қайнағасы Телтай ағаға жақсы таныс. Онсегіз жылдың беріші мынау қарағаштың қожыр-қожыр безіндей оның да ішінде қатып жатқан шығар-ау... Жұбатып ештеңе айтпады. Апамыз жұбаныш іздеп те отырған жоқ еді. Қазан астындағы қызылбас шаланы оттан тартып тастап, кешқұрымның алакеуімінде бұрын біз естімеген тағы бір әңгімені бастап кетті..
— Суға кеткен тал қармайды, ағайынды қойып шапағаты алысқа түскен дана еді деп дуалы ауыздың бір септігі тиер деген үмітпен Жәкеме бардым. Ауылды келімді-кетімді қонақтар басып жатыр екен. Ақындар ма, мен секілді ақыл сұрай келгендер ме, қайдан білейін. Әйтеуір көп ішінен танығаным Ораз Жандосовтың әйелі. Ораз да халық жауы атанып қамалып қалған. Айлас қатын мұңдас, оның да келген шаруасы осы екен, екі елі ауызға бес елі қақпақ түскен кез, жұртпен жағаласып айтатын мұң емес, Жәкемнің алды босамаған соң екеуміз сол күні қонып қалдық. Ораз бұл үйге бұрыннан да аралас-құралас, анасы осы ауылда айлап жатып, аунап-қунап қайтады екен дегенді естуші едім. Мен болсам — қарындас, содияның аузы, түрменің кілті Жәкемнің қолында тұрғандай екеуміздің де үмітіміз ертеңгі күнде еді. Ертеңгісін Жәкем екеумізді де шақыртып алды. Көңілсіз екен. Ешкімнің бетіне тіктеп қараған жоқ. Алдындағы кесесін де көтеріп алмай дастархан жиегінде суытып тастады. Әлден уақытта маған: қарағым, шайды сен құйшы деді. Сол-ақ екен, үй ішіндегі артық ауыз түгелдей тысқа шығып кетті де дастархан басында үшеуіміз ғана қалдық. Әңгімені Ораздың әйелі бастаған. Жәкем қабағын салып отырып тырс етпей тыңдады. Бүкіл алашты албастыдай қысқан аласапыраңға Жәкемнің бізден де қанық екенін қайдан білейік.
— Бұл өкіметке менің сөзім керек шығар, ал өзім керекпін бе, жоқ па, оны өзім де білмеймін, — деді. — Қараның ханы емес, халықтың биі емес, құлақ аспай ма деп қорланам. Қолымнан келгенінше қарекет қылып көрейін, жақсылық болса хабарын өзім беремін, егер хабар болмаса... деп «сен де осы шаруамен келіп отырсың-ау» дегендей Жәкем менің бетіме қарады. Ар жағын түсіне қойдық. Хабар болмаса менен қайыр болмағаны дегені де. Тыстан біреуді шақыртып алды да екі ат тауып, келін мен мына қызды жеткізіп салыңдар деді. Көлік тез табыла қоймады ма, әлде кісі аяғы басылсын деді ме, ауылдан ымырт үйріле шығып едік, Ораздың әйелі болмаса, Самсыдан сан дүркін жаяу келіп, жаяу кетіп жүрген жер ғой, өз аяғым да жететін еді, сөйтсек екі аттың еріне созылтып екі мөшек артып қойған екен. Аттанарда Тезекбай ма, түсі есімде жоқ: мынау ұнды балаларға қажақ-құжақ қылсын деп Жәкем тапсырды деді. Жәкемнің алдын соңғы көргенім осы. Қайтып хабар да болған жоқ, азасы мен асына ғана қатысуға жазған екен деп Нүрила апамыз әңгімесін аяқтады...
... Қазақтың маңдайына біткен Жамбылы біреу-ақ, жалпақ қазаққа келген нәубетке жалғыз Жамбылдың шамасы қайдан келсін... ...Дулатияға жолым түсіп Самсының үстінен өтіп бара жатқанда ауыл шетінде оқшау қалған жетім тоғайға бұрыла кеткім келеді. Бірақ онда Нүрила апамыз да, Жолдасхан да жоқ. Екеуі дөң басындағы Тілеуқабылдың мәңгілік мекенінде жатыр. Үңгіртастың шығар аузында қарындасымыз Тамара да бар еді. Үлкендердің көзі тайған соң кейінгі ұрпақпен дәнекер де үзіліп, кешегі қымбат жандар көмескі тарта бастайды екен...
***
Төбенің басына тон керек екен. Ызғырық. Аспан шаңыт. Қар жаумаса да көк күмбезін кіреукелеген боз жасыл қылау күн көзін шимайлап тастапты, бозғылт шар табақтың бетіндегі мың сан инені лекіте соққан ызғырық сапырып жатқан секілді. Панасыз дала. Дала емес-ау, құмырсқаның илеуіндей томпайып-томпайып отырған тоқал томпақтар, тоқал томпақтар көз ұшына зымырап қаша береді, қадалып қарай берсең солардың төбесінен сар желген қаракер жылқының тоқпақ жалындай шалқыған қарақұрық бұйра сағымды көресің. Арқаның жұрты тоқал томпақтарды тау дейді екен. Жердің кеңдігі ме, құба дала қу медиенді шыр айналдыра көмкерген құба белдер маған тым аласа көрінді. Алтайдың аспан тіреген такаббар шыңдарына иегіңді артып қойып, шатқалында шалқайып жатып жоқтан өзгені көксейтін маған солай да көрінуі мүмкін. Қаратаудың баурайында бір күн қонақ болып: шіркін, жерінің кеңдігін-ай, бірақ кеңдігін қайтейін, суды жер тесіп ішіп отыр екен деп бір айға құдаларына кеткен менің апайым ертеңінде қайтып кетіпті. Арқаның жазирасын, заманнан ел аузындағы асулы тауларын Кәмелдің әңгімелерінен оқып, барсам, көрсем деп көксеп келіп едім, көрген соң ептеп ішім қоңылтақсып қалған сияқты. Қалам құдіреті көргеннен қашанда жүйрік. Көз бен көңілді салыстырып отырып Кәмелдің шын сүреткер екендігін сезіндім. Сенім айныса да сезім алдамайды.
Арқаның желі жатпайды екен, сумаңдаған сырманың ақжал шудасын қағып алып ұшы-қиырсыз белестерге қуалап апарып қылау бүркіп тұр. Белестер желден басқа ешкімге жеткізер емес.
— Бұл өңірдің мен баспаған қалтарысы жоқ, атпен де шарладым, жаяу да кездім, — деді омбы қарды бөксесімен омырып кіріп отырған Кәмел. — Әр белестің артында ел жатыр, ел емес-ау, елдің жұрты, баяғы елдің жұрты, қазағымның зираты, бүгінде қорым боп қалған бабаларымыздың, отызыншы жылдардағы бесіктен белі шықпай жатып аштықтан қырылған сәбилердің моласы. Әйтеуір аяқ жеткен жердің қуыс-қуысына көме беріпті ғой. Арқаның кеңдігі мұндай жақсы болар ма. Жаратқан қазағыма қоныстан бұрын мола керек екенін қалай ескерген десеңші.
Софыда үн жоқ. Ел өзінікі, ежелгі атамекені болған соң араласпай отырған шығар. Кәмел арқада жатып Алматыдағы бізді соғымбасына шақырып алған еді. Бір жілік еті болса бала-шағаның аузына тоспай, айшылықтағы ағайынның сыбағасы деп адалбақанға іліп қойып жеті атасының жұрағатына жеткізетін қайран дәстүр! Көзбен болса да жер шалсын деді ме, арқаның қысқы ақ шаңыт ауасын жұтсын деді ме, Кәмел қыр басына шығалық деген соң бір жілік сыбағамызға бір шөлмекті ертіп келіп Ақсу-Аюлының құбыласында отыр едік.
-Айтпақшы, Қалеке, сіздің бабаңыз Қаратай батырдың күмбезі де мынау Тайатқан-Шұнақта тұр, — деп Кәмел иегімен көкжиекті нұсқады. Иегінің астында көкжиектен басқа дым жоқ еді, күн көтерілген сайын көп белестердің өзі де көз ұшынан бұлдырап барады. Өлсем де елдің жуан ортасында жатайын деді ме, Алтайдан екі шаршы орын жетпегендей бабамның кең сахараға шығып алғаны да бір жұмбақ. Қаратайдың Тайатқан-Шұнақта екенін Мұса би мен Әбдікерімнің есіне салған Әлихан Бөкейханов дегенді Бошай ағамның аузынан естігенім бар. Сөзді сөз түртеді, ойды ой жетелейді, мен де қарап отырып өткен ғасырдың басынан бір-ақ шықтым...
1910-жылы ақ патша бүкіл Төр Алтайды жекеменшігім, «кабинетная земля» деп жариялап, мұқым Қаратай елін түгелімен Қарқаралыға көшірмек болған. Арада бірінші дүниежүзілік соғыс, онан қазан төңкерісі болмағанда, кім біледі, Ергенектінің бір бұтағы ағайын Бағаналының ортасында отырар ма еді? Кім білсін, мен де Кәмелге жамбас ұстаймын деп қонақ боп келмей қоңсы отыратын ба едім?.. Сөйтсем Арқа жұртының да жетіскені шамалы екен. Тауқыметі тозақтан да бетер болса керек. Халықты ата қонысынан айырып, суша сапырған, «қайда кетсе онда кетсін, қайтарып алу міндет емес» дейтұғын отарлау саясатының зорлығын айтам да. 1916 жылғы көтерлісте патша жарлығына қарсы халықты көтерген қос Хасенді «найман хандығын құрды» деген сылтау тауып, Сабыр Шариповтің дәнекерлігімен 1919 жылы наймандарды да қанға бөктірді. Совет өкіметіне сенбеген бір Хасен 500 қылышпен шетел өтіп кетті де елде қалған екінші Хасеннің басы шабылды. Қазақтың қылшығы құрамайды деп уәде берген өкімет зиялы қауым мен игі-жақсыларды қидай сыпырып, артындағы ұрпақтары жарты ғасыр атасының атын аузына да ала алмай, түкпір-түкпірде қашып жүріп бір-бірімен кеше ғана зорға табысты. Кім біледі, мен де сол көптің бірі болатын ба едім? Алтай бүкіл түркінің атамекені болғанда, Арқа бар қазақтың ардақтысы еді ғой. Кезінде Сарарқаны «Желтая степь» деп орысшалаған болып еді, кеміткені шығар, қазақтың жон арқасы, жұлыны деген түпкі мәнін біле тұрып геноцид жасады, ең тығыз орналасқан Орталық Қазақстан халқының сексен пайызын аштықпен қырып салып, оның орнын империя келімсектермен неге толтырыпты? Ел қасіретінен көкірегі қарс айрылып отырып Нарманбет ақын:
Кер дала, кеберсіген кер бетеге
Бұл жерде бала туып ер жете ме?
Суырдай іннен шыққан сүмірейіп,
Дариғай, туған жерден ел кете ме?!» —
деп бекер жазды деймісің. Қайран ақынды көп сорлымен бірге орға лақтырып тастап, аруағы Арқаға «тыныштық» берсін деп өлген соң да есімін «халық жауларының» тізіміне тіркей салды. Соның салдарынан ақын творчествосымен күні бүгінге дейін толық танысып болған жоқпыз.
Кешегі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде эвакуациямен келген жат жұрт есігімізден сығаламай жатып төрімізден бірақ шыққан жоқ па. Одан соң да тың игеру дейтұғын дақпыртпен 24 миллион десятина арқа жеріне тағы да «шантрапасын» әкеліп төккені қайда? Мен біраз нәрсені санамда санап отырмын. Кәмел соны айтамын деп «айыпқа» жығылып, жазамын деп жазаға тартылған, алдыңғы ағаларынан кеш қалып, кейінгі өз замандастарынан ертерек ер жеткен оқшау азамат...
Мені Алматыға іздеп келген екі жігіттің бірі осы Кәмел Жүністегі, екіншісі Өмір Кәріпов еді. Қаламды енді ұстағандары болмаса екеуі де маған кексе көрінді. Жүріс-тұрысы, сөз мәнері, қысылып-қымтырылуды білмейтін еркіндіктері, әңгіменің басын естісе аяғын өзі жалғастырып кететін зерделігі мен кісіні таңдап танитын кірпияздығы арқаның тісқақты қақсалдарына тән мінез. Санап сөйлесе де сынап сөйлейтін, сауал тастаса соған өз жауабын іштей дайындап отыратын арғын шалдарының қашаннан әдеті. Сонсоң да сақ боламын деп қарап отырып шаршайсың. Қажытып барып қадіріңді білген соң ғана ағайын тұтып, бар құрметін арзандатып алатын менің қайын жұртым жыртық күпі киіп отырса да баласын қарияға, қариясын дарияға балайтын күпінісі сол жыртық күпінің өңірінен асса бір жөн-ау.
Отыздан да аспаған екі жігіт менің қырық жылдан бергі құрдасымдай алғашқы дүниелерін алдыма әкеліп тастай салысты. Шамасын шақтап, өнерін баптай білетін сенімдері бар сияқты. Соларын байқап, алдымен қолыма қалам алдым да өздерін қасыма отырғызып қойып бірден сызуға кірістім. Жігіттер разымын демеді, шамырқанса іштері білсін. «Мен сендерге ақыл айтып жатпаймын, сөз төркінін түсінеді екенсіңдер, бұдан кейін тек даяр дүниелеріңді ғана оқитын болайын» дедім. Кәмелдің «советтік шындық» дейтінге қыжылы бар екен, тісінің шықыры, қаламының тықыры бірден білініп тұрды. Өмір нені жазса да, қай жанрды қаужаса да эпикалық стильді таңдайтын көрінді, арқаның байырғы тілімен асықпай отырып сурет салады да кейіпкерлерлерінің мінез-құлқына мотивировканы дәл тауып береді, сөздік қоры жетерлік, асқақ сөзден аулақ, сол кездегі құбақан тірліктен асып-төгілмейтін өтірігі жоқ шындық, қоңыржай ғана үні бар. Иірімді судың ішкі ағысындай Кәмелдің әдіп астындағы бүкпесін оқи білу керек. Алғашқы «Қоңыр құлжа", «Көкжалдың ажалы» әңгімелерінен түз тағысының тіршілігінен заманның адамға деген қысастығы көрініп-ақ тұр. Тіпті «Апақтың құласы» атты этнографиялық әңгімесінен де біраз нәрсені аңғаруға болады. Мұнда бір көксеу бар. Өткенді көксеу емес, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейтін қазақтың дара тұлғасын іздеу, бүгінде қожырап кеткен қазақи менталитеттен ерекше қасиеттің жоғалып бара жатқаны. Маған екеуінің де қалам тастасы ұнады. Расында бұдан кейін мен олардың даяр дүниесін ғана қолыма алатын болдым. Бір шығармасын бітірсе, екеуі де тек оқытып алу үшін кезек-кезек келіп кетіп жүрді. Әдеби ортадан жырақ, бірі Шет ауданында, бірі Ақадырда жатып-ақ профессионалдық өнердің құпиясын меңгерді. Өмір сегіз баласы мен Кәріп шалдың ұрпағын көбейтемін деп перзентхананың станогін тоздырған бәсірелі бәйбішесін жалғыз қасқа сиырдың емшегіне телміртіп қойып, педагогтік қызметін тастап кетті де жазу столына біржола отырды. Көптің ісіне, әлеуметтік әбігерге араласпаса басы ауыратын Кәмел көп уақытын ат үстінде өткізіп жүріп-ақ біраз дүниенің басын қайырып тастады.
Түбімді түсімнен танырсың дегендей Кәмел сан келіп, сан кетіп жүріп маған мұңын шаққан емес. Жалпы оның қара басының қамына бола қамыққан кезін көргенім жоқ. Сөйтсем, кешкен хикаяты мен көрген қиянаты бір ғұмырға жеткілікті екен. Әулі жастайынан «қағынып», студент кезінде-ақ «ЕСЕП» деген партияның «президиумында» отырыпты. («Елін Сүйген Ерлер Партиясы» дегенді бүгінде біреу білер, біреу білмес, бұған ақын Бүркіт Ысқақов ағамыздың да қатысы бар деседі). «Президиумының құрметті» столы тау-тастың қуысы, құрал-жабдығы жазу машинкасы, қаруы листовка болса керек. Тоталитарлық қоғамның дәуірлеп, репрессиялық аппараттың құтырып тұрған уахытында бодаусыз жаһаннамға кеткен үш жарым миллион қазақтың құнын даулап, соғыста қаза тапқан бес жүз мың боздақтың жаназасын оқығанда «есепшілердің» не барқадар тапқанын кім білсін. Репрессияның құрбаны болған жиырма мың зиялы мен игі-жақсыларды бір топ жастар тұрмақ бүкіл қазақ жиылып ол кезде ақтап алмақ түгілі атын атай алды ма екен? Арқаның жонын тас-талқан етіп талақша жыртқан «тың ерлері» мен есепшіден бастап ел басқарған жат жұрттың өкілдерін шалғайдан кім қуып шыққандай еді? Қалай дегенмен де республиканың бүкіл жоғарғы оқу орындарына тарап кеткен листовкалар жаппай дүрмек туғызбаса да саналы жастардың көкейіне шоқ тастамасына кім кепіл? Сол жастар Желтоқсан көтерлісі кезінде елу жаста екен. Ереуілшілердің ортасында солардың да жүрмегеніне кім кепіл? Әйтеуір «тәртіп» пен охранка, сот пен прокуратураның ЕСЕП-ті есіне алғаны рас, ескі «жараның» аузын тырнағандай үш әріп пен алты әріптің жанды жерін бір қасып өткені белгілі.
Аруақты көрінде тыныш жатқызбайтын КГБ көз алдындағы тіріні құрықтамай қойсын ба, азап вагонына апарып қамады да елін сүйген ерлерді томпылдатып итжеккенге айдады да кетті. Онда да ағайындар жетерлік екен. Он жылға сотталған Құнанбай шалды әйтеур бостандыққа шығармас үшін есебін тауып жамай беріп жазасын отыз екі жылға жеткізсе керек, отыз жыл бойы сақтаған бір қайнатым шайын орамалдан шешіп, ел көшіп келгендей Кәмелдерді жылап-еңіреп қарсы алыпты. Саяси тұтқындар деген аты болмаса, олардың баукеспе ұры мен баскесерден күні қараң, онда да бірді бірге айдап салу, біреуді біреуге аңдытып қою охранканың ежелгі дәстүрі, лагерде жатып совет өкіметін төңкеріп тастайтындай пұшайман байқұстарды ұстараның жүзінде ұстайтыны өз алдына, күніге әр адамға бес шаршы метр ағаш дайындататын азабы және бар, оны орындай алмасаң быламықтан да құр қаласың... Әйтеуір екі жігіт (екіншісі Зейнолла деген азамат) өлмей елге жетіпті-ау.
Оу бастан бас асауы бар қырсық мінез елге жеткен соң да айдағанға жүре қоя ма, алдымен қызметке орналасу қияметі қып-қызыл майданнан кем түскен жоқ. Орталықтан бір тосқауыл, облыстан тағы тосқауыл, сол тосқауыл ауданнан тағы алдынан шықты, «халық жауы» дейтұғын ала қарғадан зерезеп боп қалған ауылдағы ағайындар да ат-тонын ала қашты. Басың бос, баспанаң жеке, бауырыңда бала-шағаң бар дегені болмаса, мұндағы күнкөріс лагерден кем түскен жоқ. Онда көлеңкеңнен қалмайтын жекеменшік надзирателің болса, мұнда көшедегі көптің бәрі тысқа мезгілсіз шыға қалсаң да «нағып жүрсің» деп көзінің қиығымен жасқаған соң ағайыннан ол да ат-тонын ала қашып аулақ жүруге тырысты.. Ақыры мұғалімдік қызметке қыстырылған болып еді, ойбай, кешегі «жауды» жастардың тәрбиесіне жолатуға болмайды деген күңкіл шықты. Тыныш жүретін Кәмел ме, КСРО тарихының екі сағатын қысқартып, оның орнана Қазақстан тарихын кеңейткен екен, үстінен жазылған арыз ауылдан асып Алматыдан бірақ шығыпты. Оған да айылын жиған Кәмел жоқ, отбасының тіршілігін бәйбішесіне түгел тапсырып, ақы-пұлсыз қызметтің жаңа бір жылғасына көшті.
Сәтін салғанда сол кездегі аудандық газеттің редакторы Нарманбеттің немересі Қасым деген жігіт еді. Мектептің жазғы демалысы кезінде қалам,қағаз, домбыра алып ел кезу басталды. Адам жұтынан аман қалған бірен-сараң көне көздерді іздеп тауып, не көрдің, не білдің деп мазасын алды. Естіген, білгендерін қағазға түсіріп хаттап, баспаханада әріп теріп, түптеп кітапша жасады. Шешендердің дуалы сөзі мен репрессияға ұшыраған осы өңірдің ақын-жазушыларының жұртқа жетпей жатқан, тиым салынған туындыларын ел аузында қайта тірілтті. Ақыннан, әншіден, күйшіден не қалды? Қыздарбек күйші мен оның шәкірттерінің ұмытылып бара жатқан күйлері әуелі домбыраға көшіп, одан нотаға түсті. Кәмелдің Алматыға қайта-қайта келіп, біраз ән, күйлерді радиокомитетке ақы-пұлсыз зорға өткізгенін білемін. Сол он бес күйдің ішінде домбырашылардың саусағына ілікпеген Абылайдың да екі-үш шығармасы бар еді. Наурызбай да өнерден құралақан қалмаған көрінеді.
Жазықсыз атылып, жаназасыз бетін топырақпен жаба салған талай боздақтардың басына белгі қою да Кәмелге оңайға түскен жоқ, осының өзін де совет өкіметіне нос көрсетті деп түсінген «қырағы көздер» оның артынан сөз ертумен болды. Бірде кешқұрым келсе үйдің іші астаң-кестең, кәмелетке толмаған ұлы мен қызы ұшты-күйді жоқ, шарқ ұрып іздеп, сиыр қораның бір бұрышында ес-түссіз жатқан жерінен екі баланы тауып алған екен, сәбилерден не болды деп сұраса: бет-аузын тұмшалап алған бір адамдар келді де біздерді бас салып ұстап, бір нәрсені иіскетті, одан соң не болғанын білмейміз депті. Осыдан кейін Кәмел үйінде, қызмет орнында қолжазба ұстамайтын болған. Сондағы «үш әріптің» іздеп жүргендері не?.. Нарманбеттің өлеңдері, кейін Кәмелдің құрастыруымен жарық көрген Шортанбай жыраудың екі кітабы, Мұқтар Әуезов ұйымдастырған алғашқы ақындар айтысында бас жүлдеге ие болған Маясар Жапақұлының жыр жинағы, мүны да құрастырған Кәмел болатын. Кәмелдің «Соңғы абыз» атты Шортанбай туралы деректі прозасы арқылы оқулықтан да сызылып қалған атақты жыраумен қайта табыстық, басына Кәмел қойған көктастан бабамыздың зиратын да таптық. Тіпті сонау қалмақпен соғыста шейіт кеткен менің бабам Қаратай батырдың күмбезін тауып ас берген де осы Кәмел. Айта берсек ел ішінде жүріп Кәмел атқарған игі істер көп-ақ, оның бәрін жұрт біле бермейді, Кәмелдің білдіргісі де жоқ. «Ұлы Пайғамбар және оның ұрпақтары» деген кітабіне деректі отыз жыл бойы жинапты. Коммунистік манефист емес, дін-исламның атасын дәріптеу не сорым десеңші.
Кәмелдің күрделі еңбегі — «Аңыз мезгіл», «Апат», «Құба белдер» деген үш кітаптан тұратын трилогиясы. Бұл қазалы да азалы жылдарда ел басынан өткен, асырып айтпаған, жасырып қалмаған қаз-қалпы шындық. Мен білгенде Кәмел бұл шығармаларын сонау советтік дәуірдің өзінде-ақ бастаған еді. Жарық көре ме, жоқ па деген нық сенімі де болған жоқ. Түйткіл дүниенің түбіне жетпесе де ол қаламын алдаған жоқ, қалам да мұны алдамапты. Арқа-бас кеңіп, шындық дейтұғын мөшектің аузы ашылған соң бұл тақырыпты қаужап жатқандар да көп. Бірақ Кәмелдің ерлігі — «екі елі ауызға бес елі қақпақ» деген қыспақ заманның кезінде де қазымұрланып та, қазып та жазып, шындықтың бетіне қаймықпай тура қарағандығы.
Кәмел орынсыз сыр шашпайтын, бірақ кісі жатырқамайтын бауырмал жан. Әзілі де бар, әңгімесі де жарқын, күлкісінен мұңы басым, бұл да кешуі көп өткен күндердің көңілге салған дағы шығар. Ол дос-жаранды үнемі сағынып отырады. Алматыдан бір асым ет табылмағандай соғым басы дегенді сылтауратып бізді Арқаға шақырып алғаны сағынғандығы болар. Сағыныш та кез келгенге бұйыра бермейтін сезім. Сағыныш жетпіске келсең де жеті жасыңды ұмыттырмайды. Ұмытпайтын оқиғалар да жетіп жатыр. Ұмыттырмайтындар да толып жатыр. Айдаудан құтылып, ағайынның ортасына жеттім бе дегенде аңдушылардың әлі де сарқылмағанына таңқалды, ашылған құшаққа ағаш мылтық қашанда дайын тұрады екен. Бұрын ізін аңдитындар енді сөзін аңдитын болды. Баспа жүзінде бір сұхбаты шыға қалса, бөркін теріс кигізе қоятындар дайын тұрады. Індете келгенде аңдитын да, ағаш атқа мінгізетіндердің бәрі де бір-ақ адам болып шықты. Қай атасынан қалған кегі барын кім білсін, анадан шыр етіп түскеннен бері қазақпын деп жүрген Кәмелге: сен қожа едің ғой деп шыға келді. Мысырға апарып тастамаса да лагеріңе қайтадан кетсең қайтеді дегендей болды. Әлдебір оппозицияның газетеріне де тыныштық бермеді. Осыдан үшжарым ғасыр бұрын жоңғарлармен соғыста шейіт болған Ергенектінің Қаратай батырының күмбезін тауып берген Әлихан Бөкейханов еді, елу жыл өткен соң Кәмел соны жаңғыртып қайта жазғанда: «ойбай, Кәмел өтірік айтады, ол біздің әулеттің зираты» деп атам заманда сүйегіне қына шығып кеткен аруақтан балшық тамды қызғанып, бөрінің артындай шулап жөнелді. Арам ауызға қақпақ қоюға Қаратайдың ұрпақтары арланды, «ашық хат» дейтұғынға қол қойған жігіттер көріп те, оқып та тұрғанымыз осы десіп ат-тонын ала қашты. Әңгіме Қаратайдың күмбезінде емес, әйтеуір жатпай-тұрмай Кәмелге «жаптым жала, жақтым күйе» деп тіл тигізу екенін бәріміз де түсіндік. Бірақ осы үшін кәпір болмасаң аруақты қозғаудың не қажеті бар еді?..