Тіл туралы өлеңдер
Үйретеді кім оған ана тілін
Қызғалдақтай атылған қара түрін,
Ата-ананың дегендей қанатымын.
Сен екеуің сөйлейсің басқа тілде,
Үйретеді кім оған ана тілін?
Сол емес пе күні-түні қарайтының?
Бақытына өміріңнің балайтының.
Інім, өзің сөйлейсің, басқа тілде,
Үйретеді кім оған Абай тілін?
Ол да өзіңдей дегбірсіз күтті әр күнін,
Ер жеткен соң өмірдің құптар құнын.
Басқа тілде сөйлейсің інім өзің,
Үйретеді кім оған Мұхтар тілін?
Үйретеді кім оған қазақ тілін?
Еркін құстай елім де азат бүгін.
Жаманбыз ба сонша біз, ойлашы өзің,
Шылауында кетердей боз аттының.
Саған айтам қазақтың қара көзі,
Басталды ғой заманның жаңа кезі.
Үйрет оған өз тілін, ана тілін,
Басқа тілді үйреніп алады өзі.
Тұманбай Молдағалиев
*** *** *** ***
Ана тілі
Ана! - десем ана тілі ойға оралар.
Баладай қуанарсың тойға барар.
Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл
Олжам да қанжығама байлап алар.
Тере білсек бір -бір ауыз қара өлең,
Неше миллион інжу-маржан шамамен?!
Қанша гүлден -қазақ тілі бақшасы,
Қандай дана өлшер қандай бағамен?!
Ерке тіл, еркелеткіш тілім кенім:
Еркежан, айналайын, күнім менің,
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым,
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің!
Ана тілім ырысты ма, кұнды ма?
Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла.
Туған тілде ас қайырған сайын да,
Оқығандай серпіліп қал бір дұға.
Шұлғытар орыс тілді Олжастарды,
Жарқырат қазақ тілі алмастарын.
Халқына олжа салған айта алады,
Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?!
Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
Өміршең өзіміздің тілден таптым.
Тіл екен жемістісі, жұпарлысы,
Аялап халық баққан гүл мен бақтың.
Мұзафар Әлімбаев
*** *** *** ***
Қазақ тілі
Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр - бүгін қорқак, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың кос қанаты кьірқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай - алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар - асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың -
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нүрлы жұлдыз - бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Таралған түрік балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсын сен, тілім!
Мағжан Жұмабаев
*** *** *** ***
Қазақ тілі – қазақтың ана тілі,
Бірақ оған адам аз бас иетін.
Қазақ тілі – қазақтың дара тілі,
Кейбіреулер түсінбес қасиетін.
Кейбіреулер өз тілін шұбарлайды,
Орыс тілі сіңген ғой санамызға.
Неге олар «тілім» деп қуынбайды,
Шынымен-ақ басқа боп барамыз ба?
Бұл менің ұлтты сүйген өздік ойым.
Өз тілімде керемет ақыл –ойым.
Қасиетті қазақ тіл – бабам тілі,
Ол тарих, сенің, менің абыройым!
*** *** *** ***
Туған тілім – бабам тілі – өз тілім.
Туған тілім – анам тілі – өз тілім.
Туған тілім – далам тілі – өз тілім.
Туған тілім – адам тілі – өз тілім.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде мың-мың ыстық қаным бар.
Туған тілде әнім менен сәнім бар!
Туған тілім – жүрек үнім, наныңдар,
Нанбасаңдар,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.
Дихан Әбілев
*** *** *** ***
«Сүйемін туған тілді анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, құлыным, жаным деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз һәм менен.
Қалжақтап алып қашып құрбы бөркін,
Сол тілменен ойнадым далада еркін.
Сол тілменен бірінші сыртқа шыққам,
Өмірден, ен даладан ұққам көркін.
Сол тілменен білгіздім тілегімді,
Бірінші сүйген жарға жүрегімді.
Маған қарай тығылып «жаным» деген,
Мойнына апарғанда білегімді.
Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,
Сол тілменен ұғынды, әдетті мен жаттадым,
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным».
Сұлтанмахмұт Торайғыров
*** *** *** ***
Ана тілім,
Жүрегісің анамның.
Жүрек-ана,
Мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның!
Сенің әр бір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім,
Егер сені білмесем.
Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.
Туған анамды ұмытқаным емес пе,
Туған тілім,
Егер сені ұмытсам.
Сенің арқаң өзімді өзім түсінсем,
Ақыл-ойым, айбатым-сен, күшім-сен!
Қойсын маған күннің нұры түспей-ақ,
Ана тілім,
Арыңа дақ түсірсем.
Ағытатын тасқын ойдың тиегін,
Өзің ғана сыйынатын киелім!
Ризамын отқа жанып сен үшін,
Күлге айналып кетсін мейлі сүйегім.
Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қуанышым, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.
Ана тілім,
Алтын ұям, құндағым,
Ақ бесікте әлдиіңді тыңдадым.
Сенің жырың, сенің әнің айтарым,
Санам сөніп, байланғанша тіл-жағым!
Несіпбек Айтұлы
*** *** *** ***
Қуатым – ана тілім
Қазағым, қайда жүрсең біл тіліңді,
Айтады ана тілсіз кім түбіңді?
Қайсыбір қандастарым шүлдірлесе,
Жүрегім біз сұққандай мың тілінді.
Қуатым – ана тілім ақ сүт берген,
Жан емен, сен бар кезде қаңсып көрген.
Өлеңде топқа түссем, өзіңсің ғой,
Әперген маған орын ашып төрден.
Қалса егер, жалғыз сәтке қалғып тілім,
Дей бергін ауа жетпей, қарлықты үнім.
Сен барда терезем тең, еңсем биік,
Қасында тұрсам-дағы қай мықтының!
Ардағым, ана тілім - жан мерейім,
(Жүзіңнен әрқашан да таң көрейін).
Сен болсаң, көш бастаушым келешекке,
Соңыңнан көзім жазбай, мәңгі ерейін.
Төбемде тұса сенің жанып нұрың,
Демеймін сөз сөйлеуден жалықты ұлың!
Түсінгін ардақ тұтқан ана тілім,
Екенін жан сырымның анық мұның!