Тірі зомбилер: «ұйқы ауруының» жан түршігерлік құпиясы
Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңына қарай әлемді бір түрлі сырқат түрі жайлады. Оны «ұйқы ауруы», басқаша айтқанда — летаргиялық энцефалит деп атап кетті. Бүкіл дүние жүзіндегі миллиондаған адамдардың симптомдарын көрген дәрігерлердің, бұл жұмбақ аурудың не екенін анықтай алмай, бастары қатты. Кей адамдар қайтыс болып жатты, кейбіреулері қақпанға түскендей өз денесіне қамалған тірі мүсінге айналды.
Соңғы жүз жылда небір ғұлама ғалымдар осы феноменді түсіндіріп беріп, емдеу әдісін жасап шығаруға тырысты, бірақ қазірге дейін «ұйқы вирусы» тарихтағы ең ірі жұмбақтардың бірі болып қалып отыр.
Бұл кесел 50 миллион адамды жалмаған испан тұмауымен бір уақытта жер-жаһанға тез арада тарап кетті. Бұл жағдай нәтижесінде адам шығыны 50 есе көп болған ауруға (испан тұмауы) көп көңіл бөлінбеу себебін түсіндіріп бере алады.
Науқастың суреті, есіне келтірмек болған сәті:
Бұл ауруға шалдығу жағдайларының көп бөлігі жайлы бізге Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кезеңнен бастап белгілі болғанымен, эпидемия әлдеқайда ертерек — 1915-1916 жылдары басталған деген пікірлер айтылады. Аурудың алғашқы «құрбандары» жауынгерлер болды. Әуел баста дәрігерлер олардың әдеттен тыс симптомдарының себебі соғыс кезінде көп қолданылған қыша газы деп тұжырды. Алайда, кейнрек бұл ауруды бейбіт азаматтар да жұқтыра бастады да, дәрігерлер гәптің газда емес екенін мойындауға мәжбүр болды.
Константин фон Экономо
Бұл кеселді ең алғаш рет австриялық психиатр және невролог Константин фон Экономо 1917 жылы сипаттап берді. Ол ауру түрін «летаргиялық энцефалит» деп атады:
«Біз ауыру барысы өте ұзақ болатын ұйқы ауруын тіркеп отырмыз. Алғашқы симптомдары әдетте бас ауруынан және өзін нашар сезінушіліктен басталып, жылдам белгілі болады. Сосын, кейде науқастың сандырағымен бірге жүретін, ұйқышылдық күйіне түседі, бірақ пациент есін жинап алады. Ол мәнді, жағдайға үйлесімді жауаптар береді. Бұл ұйқышылдық күйі бір-екі күнде немесе бірнеше апта өткенде өліммен аяқталуы мүмкін. Басқа тұрғыдан алсақ, ол ауру бірнеше апта, тіпті бірнеше ай бойы өзгеріссіз тұра береді. Науқастардың жай-күйі әдеттегі ұйқышылдықтан мелшигендікке және комаға дейін түрленіп тұрады».
Қорқыныштылығы сол, аурудың бірыңғай симптомдары жоқ — ол көпбасты гидра секілді әр түрлі болып байқалатын. «Науқастардың үштен бірі оларды оятып алу мүмкін емес кома күйіне түсіп немесе оларды ешқандай дәрі-дәрмекпен ұйқыға кетіру мүмкін болмайтын үдемелі ұйқысыздық күйіне түсіп, ұйқы ауруының әбден асқынған сатысында қайтыс болып жатты. Абсолютті түрдегі ұйықтауға қабілетсіздік (агрипния), аурудың басқа симптомдары болмаған күннің өзінде де, 10-14 күн ішінде науқастың көз жұмуымен аяқталатын. Бұндай науқастардың жағдайының ауырлығы (олардың церебралды ұйқы механизмдері бұзылған болып шықты) алғаш рет адамға физиологиялық тұрғыдағы ұйқының қажет екенін айқын көрсетіп берді. Кей кездері ұйқысыздық науқастарды буырқандырып, тәни және рухани құтыртқан жағдайға жеткізетін толассыз түрдегі желігумен бірге жүретін. Бұл науқастар бір апта — он күн аралығында күш-қуатының сарқылуынан болатын өліміне дейін үздіксіз желігу мен қозғалыс күйінде болды».
Фон Экономо өзінің зерттеулерін жариялағаннан соң бірнеше жыл өткенде жан түршіктірерлік індет бір үйден соң екінші үйге барып, біреулердің өмірін үзіп, тағы біреудерді қимылдай алмайтын етіп жатты.
«Он жыл бойы кәрін төккен пандемия қалай кенеттен және түсініксіз жағдайда пайда болса, дәл солай жоқ болып кеткенге дейін бес миллионға жуық адамның өмірін қиды немесе жарымжан қылды. Летаргиялық энцефалит эпидемиясы 1927 жылы күрт тыйылды», — деп жазды Оливер Сакс өзінің «Оянғандар» атты кітабында.
Ауруды жұқтырғандардың үштен біріне жуығы қайтыс болды, ал 20% жуығы өмірінің ақырына дейін кәсіби күтімге мұқтаж болып қалды. Пациенттердің үштен бірінен сәл аз бөлігі ауруынан құлан таза айығып кетті.
Ауру барлық жастағы адамдарды баудай түсіретін, алайда ең көп жұқтырғандар 15 жас пен 35 жас аралығындағылар болып шықты. Аурудың алғашқы белгілері кәдуілгі суық тию белгілерінен айнымайтын: жоғары температура, бастың ауыруы, шаршаңқылық сезімі және тұмау. Бас кезінде бұл аурудың әлдеқайда қауіпті екені ешкімнің ойына кіріп шыққан жоқ.
Қайтыс болғандарды кесіп тексерген кезде фон Экономо олардың өліміне үңірейіп кеткен гипоталамус себеп болғанын анықтады. Бұл мыйдың адамның көптеген функцияларына, оның ішінде ұйықтауға, жауапты кішігірім бөлігі. Инфекция салдарынан гипоталамустың қабынып кетуі адам өліп қалатындай қылып мыйдың осы саласын зақымдайтын. Бірақ, эпидемиялық энцефалитті қоздырушының не екені анықталған жоқ. Бұл вирус болуы керек деп есептеледі.
Дегенмен, эпидемия ешқашан қайта пайда болмаса да, бұл ауру кез келген уақытта шыға келуі мүмкін. Вирусолог Джон Оксфорд істің әлі ақырына шықпағанына сенімді: «Аурудың себебі не болса да, ол қайта келуі мүмкін екеніне сенімдімін. Аурудың қайнар көзі не болғанын анықтап білмейінше, біз, егер эпидемия қайталанатын болса, оның бетін қайтара алмаймыз».