Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Туған топырақтың тозаңы

(заман суреті)

Өтпелі кезеңнен кейін адам санасында жаңа дағдылар сыналап қалыптаса бастады. Бұған да уақыт керек, әрине. Жедел іске кірісіп, тәуекелге бел буғандар дереу шешім қабылдап жатты.

Іргелі елге айналу — барша қазақтың ғана жұмыла көтеретін жүгі екендігін сол тұста-ақ зерделеуге болатын еді. Өйткені, сапырылысқан тіршілікке ден қойған адам байқамай қалмайтын мына бір көрініс көкейге қонатын. Тағдырдың айдауымен ата-бабалары осы топырақты әлденеше ұрпағына дейін құтты қоныс еткен небір халықтың өкілдері жалма-жан отанын, ата жұртын іздеуге ерік тиісімен, ел-елдің елшіліктері мен өкілдіктерінің алдында кезекке тұрып, неміс атаулы — Германиясына, тегі ресейліктер Ресейге, қанында поляк, т.т. тамшы қаны барлар айыл-тартпасын бекемдеп, ата қонысын іздеп, жолға шыға бастады.

Дәл осыдан қазаққа келіп-кетер ештеңе бола қоймас дегем өз басым, сол мезетте. Өйткені, өз жоғымыз қаншама, өзімізді өзіміз түгендеп алсақ та жаман ба? Менің пайымдауым — адал еңбегінің арқасында күнкөріс қамымен дедек қағып жүрген қарапайым қазақ әйелінің, үш баласы бар ананың пайымы. Саясат-маясатыңда шаруам шамалы. Пейілім түзу. Оң қолмен еңбек етіп, сол қолмен жалақы алуға дағдыланған қатардағы қызметкерге тән митың тірлік иесімін. Қатардан қалмай еңбек ете жүріп, еліңнің тілеуін тілейсің. Елімнің ертеңі дұрыс болса — ұрпағымның ертеңі.

Елімізді қазақ елі деп, өзімізді қазақ ұлты деп әлем жұртшылығы мойын бұрып, санаса бастағаны да сол тұста болатын. Осал, берік жағымызды бажайлап, болмыс-бітім, психологиямызды зерделеуге ұмтылып отырғандар қаншама!

Тілімізді меңгергенсіп, қойны-қонышымызға үңілуде әлем. Зерттесін, зерделесін! Осының астарында шетжерліктердің игеру, меңгеру, орайы келсе еңсеру пиғылы жатпағанына кім кепіл! Ешкім де кепіл емес. Мұндайда қонақжайлылық пен кеңпейілділік жайдақтық пен аңғалдыққа айналып кетпеуін ел ертеңіне алаңдайтын әрқайсымыз сезінгеніміз жөн емес пе? Шүкір, қазақ елінің саясат пен биліктегі берік ұстанымы арқасында елімізді, сүрлеу-соқпағын өзі салып, жиырма жылдық тәуелсіздіктің іргесін шайқалтпай келе жатқан ел ретінде әлем танып үлгерді.

Бұл жерде, меніңше, дінінен, түбірінен, тіпті қала берді ислам дініне дейін ата-бабаларымыз ұстанып келген шамандық рәсімдерге қатысты ырым-нанымнан, дағдыдан да түп тамырымен ажыратқан, ырымшыл қазақ, иісі мұсылман баласы нені жақсыға баласа, соның бәрін түп-түгел «ескінің қалдығы» дегізіп, жоюға күш салған кеңестік тегеурінді идеология мен атеизм біршама мақсат-мүддесіне жетіп те қалып еді. Өйткені, біздің әкелеріміз шежіре дегенді аузына да алмайтын. Ата-тектен білетініміз, жасыратыны жоқ — фамилиямыз ғана болатын. Одан әрі асырып әңгіме айтылмайтыны әрі жұмбақ, әрі таңқалмасқа болмайтын жағдай екеніне кім бас қатырыпты!? Мұның бәрі сол кездегі үкімет саясатының, идеологияның жемісі. Қайта, біз, құдайдың сақтауымен тілімізді ұмытқан жоқпыз. Ал, біздің тұстастарымыздың жүздеген мыңы осы қасыретті арқалап келеді. Ең сұмдығы, мұны өздері қасырет деп түсінерлік түйсіктен де ажырап кеткенінде...

Кейде, ой жіберсек, кешегі идеологияның өзі бүгінгі батыстық ықпалға әкелген баспалдақ іспетті.

Өйткені, діннен, түбірден, ата-баба құндылығынан ажыраған сана иелері материалдық игілікке кенелген, өздері еркіндік, азаттық деп түсінген, түптің түбіне келгенде Отан, Ата-Ана, Бауыр, Адамзат алдындағы Парыз дегендерден азат, немере орнына күшік құшақтаған ата-әжелер бүгінде шаңырақтың қамынан гөрі кім-көрінгенмен көңілді уақыт өткізіп, әлдеқандай әуейіліктің жетегінде көздері тарс жұмулы көкейлеріне қонбайтын әлдеқандай дінсымақтарын уағыздауға көшкеніне көкірегің у құйғандай қыжылдайды, аяз қарығандай шымырлайды. Неден мұқтажбыз? Өзіміздің тұғырлы туымыздың түбінде тұрып, қырық пышақ болып, не пәле іздейміз осы?

... Сол күндердің, егеменді ел болғанымызды мақтан тұтуға да ет үйрене бастаған күндердің бірінде Күнтізбедегі жыл басы — Жаңа жыл қарсаңында кеш өткізу — әр мекеменің іс-шаралар жоспарына орнығып үлгерген іс. Корпоративка дегенге нан тауып жеп отырған соң тәуелділік таныта салайыншы деген ниетпен барған мейрамханадағы ұжымдық мереке рәсімінен кешірек шықтым. Бала-шағаны әуреге салмай, өзім жетіп алармын деп, көшеден такси ұстадым. Әрине, жүргізушінің түр-түсіне қарап алдым. Сол бейтаныс қарияның аузынан естіген әңгіме көкейімнен кетер емес. Ауырлық бөліссең жеңілейеді, дегендей...

Өзінен өзі бір күрсініп алған такси айдаушы қария не себепті «жалғыз әрі кештетіп жүргенімді» сұраған соң «Сіздің халіңіз жақсы екен, ал менің үйге қайтқым жоқ...» деді сөзінің аяғына күрсініс араластырып. Ыңғайсыз көрсем де:

— Бәйбіше қыдырыстап кетіп пе еді, төркініне жібердіңіз бе, әлде бала-шағасында ма? — деп сұрадым.

— Үйде, жылаудан көзі бір құрғамайды, — деді. Үнсіздік.

«Әйелі тірі екен, демек, балаларының бірі болды ғой, қайтқан» деп, неге екенін қайдам, іштей жамандыққа жорып та үлгердім. Үндемеуге де ыңғайсызданып, сұрақ қоюға да бата алмай отырғам. Менің ойымды оқып алған адамдай, әңгімені өзі жалғастырды. Мен жорамалдаған жамандықтан әлдеқайда ауыр сұмдықты естіген құлағым жазықты болмай-ақ қойсын, ол мынау еді...

— Балаларымыз болған..., — деді үнсіздікті өзі бұзып, — тірі. Шетелде. Әңгіме онда емес. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басы болатын. Жиырма екі жасымда Арғы жақтан (Алтайдың арғы жағынан) ұлы дүрмекпен еш құжатсыз, ата жұртым деп еңіреп келіп, табаным тигенде осы топыраққа маңдайымды тигізіп жата қалып, шекарадан қарыс қадам атағаныма сенер-сенбесімді білмей, жыртылған боз топырақты сүйгенім есімде. Келген соң «құжатсыз жүрсің, қытайлық тыңшысың» деп қамап қойды. Қамауда 150 күн ұстап, жоғары жаққа сұрату салғаннан соң, босатты. Босатқан соң тіркелдім. Тіркелген соң жұмысқа алмай тағы жарты жыл қара жұмыста, теміржол вокзалында вагоннан жүк түсіріп, шойын жол жағалап, қала төңірегіндегі бір дүңгеннің ауласындағы іргетассыз салынған иткірмес ілгектен басқа құлып атаулы салынып көрмеген жұлым-жұлым есігі бар жер кепе лашығын пәтерге жалдап жүріп жаттым. Үй де жоқ, күй де жоқ, әке-шешем арғы жақта. Хабарсызбын. Тағы бір дүрмек өтетін шығар деп дәмеленіп жүргенімде КСРО шекараны жауып тастады.

Сөйтіп жүріп өкпеге суық тиген кеселмен бір жыл аурухана, сауықтыру орындарында оңалуда жүрдім. Орысшам жоқ. Қытайшам пайдаға аспайды, қазақша ешкімге аса керегі жоқ заман еді ғой...

Қазақ тілінде таралымы шектеулі жоспармен кітап шығаратын саусақпен санарлық республикалық кітап баспаларының біріне редакторлыққа жұмысқа қабылдандым. Үйленіп, бала-шағалы болдым. Менің құрдастарым қалжыңға сүйеп айтатын «советский стандартпен» бір ұл, бір қыз өсірдім. Әрине, балаларымызды біз көрген қиындықты көрмесін деп орысша балабақшаға, сол ізбен мектепке бердік. Олар ержетті. Заман өзгерді. Егеменді ел болдық. Университет бітірген соң азын-шоғын жинағыммен шағын бизнес ашып бердім ұл-қызыма.

Тыным көрмей жүріп, әп-сәтте көтеріліп-ақ қалды. Билік тарапынан түрлі түртпек, салық, тексеріс көбейіп кетті деп, он жылда жолға қойып үлгерген бизнесінен титықтап жүргенін, айырылып қалу не тұралап тыну қаупі барын айтты бірде.

Енді бірде аяқ астынан жолға жиналып, шетелге іссапарға кететінін, жуық арада оралмаса, уайымдамауымызды мұқият тапсырды...

Қайтып оралған сапарында, отыз екі жасар жалғыз ұлдың шетелге кетуге мәжбүр болғанын, уақытша тұруға рұқсат құжаттарын ресімдеп келгенін естідім. Иә, уақытша болар, райынан қайтар деп дәмеленгем. Оным құр дәме екенін онда білмеппін... Содан бері шетел азаматтығын біржола алып, елден отбасын, қарындасы мен күйеу баласын да ілестіріп кетті. Біржола... Қаражатпен қарайласады бізге...

Мен жиырма екі жасымда Қытайдан ата жұртыма тілмен жеткізе алмайтын сағынышпен, ата-бабам көксеген арманын арқалап оралғанымды айттым ғой. Баламның, жалғыз ұлымның жасы қырыққа таяп қалса да, елге қайырылмай кеткені, біржола ат-құйрығын үзісіп кеткені батады. Мына заман қай заман... маған бататыны осы. Көмусіз қалмаспын, дегенмен ұрпақтан топырақ бұйыртса...

Иә, топырақ демекші, әуежайда шығарып салып тұрғанымда ұшуға тіркеуден өтер алдында әжетханаға кіріп аяғындағы аяқ киімін сол жерде сужаңа басқасына ауыстырып киіп, тастап кетті. Мәнісін сұрағанымда «бұл топырақтың түйір тозаңын да әкеткім келмейді» дегені арқама аяздай батты!.. Сүйегі жат жерде қалған атам марқұмның белбеуіне түюлі тұратын, туған жерден жарты ғасыр бұрын әкеткен бір шымшым киелі топырақты шыны құтыға салып, сыртына әкемнің өз қолымен арабша жазылған жазуы бар құтыны жәдігердей сақтап, шекарадан кері алып өткенімді қайтейін! Жалғыз ұлдың «жұлығыма да жұқтырмаймын тозаңын» деп, шетелге аттанған сәтінде ата-бабам арман қылған асыл мұраттың әдіра қалғанына көзім жетті! Осыншама теперіш көріп, елім деп еңіреп жеткенде, өмірдің талай сынынан өтіп, осы жасқа келгенше жалғыз ұлдың жүрегіне «имандылық, сабырлылық, туған топырақты қастерлеу» деген ең ізгі сезімнің дәнін себуге мұршам келмегеніне өкіндім. Өкініштен не пайда? Мынау дүниеде боқ-дүниеден басқадан кие кеткен бе?!

Ұзақ та көңілсіз әңгімесін ... ақсақал тәмамдаған уақытта күрежолдан мен тұратын ықшамауданға бұрылатын бағдаршамның жасыл түсі жанып, жол ашылды. Қария көкірегіндегі ауыр мұңын маған арқалатып кеткендей әсерде қала бердім...

«Джентельмен болғым келмейді...»

(купедегі әңгіме, қаз-қалпында)

Жолаушылар пойызына отырған Әсия кіші ұлы Жасұланмен екеуі азын-шоғын жүктерін купедегі орындарына жайғастырып болар-болмастан ұлы:

— Мен джентельмен болғым келмейді!.. — деді жұлып алғандай.

— Неге? — деді анасы таңданған кейіппен. — Оның несі жаман екен?

— Осы бар, ғой, Сіздердің «несі жамандарыңыз» бәрін құртатын! Жаман болмаса болды, бола бере ме? Одан да несі жақсы деп қарамайсыздар ғой ештеңеге.

— Иә, балам, түсіндірсеңші енді. — Анасы әрі менен ыңғайсызданып, әрі күтпеген әңгіменің байыбына жете алмай тұрғанын жасыра алмай баласына көз қиығымен ишара білдірген болды. Жасөспірім бала ішіне әзер сыйып келген наразылығын дәл қазір ақтармаса, жарылып кетердей:

— Кеше Әлібек ағам Аиданы таныстыруға алып келді.

— Иә...

— Жездем, бәріңіз жік-жаппар болдыңыздар да қалдыңыздар.

— Иә, енді ол қыз бала, алғаш рет танысуға ағатайың ертіп келіпті... Үйленбек ойы бар, оның несін ерсі дейсің?

— Десем сол, Аидаға өмір бойы дәл осындай құрмет-қошеметпен қарайтындай... Сол Аида, немене, өзі отыратын орындықты ығыстыратын қауқары жоқ па екен? Әлібек ағам әуелі оны төр жаққа шығарып, орындықты кері ысырып, одан әрі ысырып, бар ғой. Күлкімді келтірді.

— Енді не істеуі керек еді? Не айтқың келіп отыр өзі? Ішімді пыстырмай, айтшы, енді.

— Іш пыстыруға келсек, менің ішім емес пе пысып бара жатқан...

— Енді, балам-ау, батыс мәдениетінде... әйел адамға ер жігіттің құрмет көрсетуі — джентельмендік саналады.

— Кешір, анашым, әне... қашан болсын сол, анау елде — анау, мынау елде мынау... Болсын, бола берсін, қарсы емеспін. Бәрін құртатын да осы. Қазақтар, қазақтар, әшейінде өздеріңіз көксе-ее-еп отыратын қазақтар қыз сыйлап көрмеп пе? Мен Алматыға келмеймін. Оқымаймын мұнда.

— Ие, себеп?

— ...

— Неге деймін? Несі қиын саған? Айтсаңшы енді? Әй... — Әсия баласының жөн-жосықсыз наразылығын неге жорырын білмей.

— Бәрі қиын, бәрі... бәрі...

— Ненің бәрі?Ал, сен не істер едің өзіңе салса.

— Өзіме салса ма? Мен ағатайдың орнында болсам, өзім отырамын да, Аидаға, — кел, Аида, отыр қасыма деймін.

— Өй, құдайым-ау, онда тұрған не...

— Айттым ғой, бәрі осыдан басталады деп... Апа-ау, айтшы өзің, ол өмір бойы олай жалғаспайды ғой. Адам өзін өзі уақытша, көрер көзге ғана мәдениетті, джентельмен етіп көрсеткеннен не табады осы? Біз қазақпыз ғой, қазақтың кісі сыйлайтын ғұрпының бәрі құрып қалып па? Содан кейін шығасыңдар. Жастар әлен, пәлен деп. Алдымен өздеріңіз еуропаша оқыған, биязы деп сыртты мақтан тұтып, соларға жоғары баға бересіңдер де... Қазақтың салты жоғалды, келін деген пәлен-пәштуан дейсіздер... Ол келіннің еуропаның ба, востоктың ба, көкейінде кімнің салтын көксеп тұрғанын бір құдайдың өзі біледі содан кейін. Ал пәленің бәрі өздеріңнен басталады емес пе? Мен оқымаймын Алматыда, ал оқысам, жездемнің үйінде тұрмаймын.

— Ее, солай деп көкейіңдегіні бірден ашып айтпайсың ба? Не жазығы бар олардың, бар тәтті-дәмдісін келгелі аузыңа тосып отыр.

— Керегі жоқ, ондайдың, маған! Мен өзім сияқты ауылдан келген балалармен жатақханада тұрамын.

— Оу, саған кеше ғана түсіндірмеп пе еді, жатақхананың жай-күйін. Озбырлық, төбелес... Барып тұрған азғындық деп...

— Мама, Сіздерге не болған? Бүкіл азғындықты жиып әкеп жатақханаға қамап қоймаған шығар. Әскерде сондай, жатақханада мұндай, сонда қайда барып күн көрмекпіз... Қазақтан қазақ қорқып, бұғып, біріміз джентельмен, біріміз тағы бірдеңе... Қауызға жасыратын піспеген дән емеспін мен... Піскен кезде дән екеш дән де қауызынан жарып шықпай ма? Құдды «құндақтағы адам» көресіңдер мені. Қоғам қалай қалыптаспақ? Қазақтың баласы қазақтың өзінен қорқып өте ме? Өзгелер не дейді сонда бізді? Өстіп құлдырап кете береміз бе, бұқпантайлап? Қазаққа ортақ мүдде деген қайда? Мен қаланың салтымен, апа-жездемнің пікірімен мүлдеп ымыраға бара алмаймын.

Баласын жаңа көріп отырғандай Әсия енді шынымен-ақ ұлына таңдана қарады. Осыншама түйдектете жөнелетіндей... аяқ астынан, осыншама жүйелі ой түйетін болса, бұған дейін қалай байқамаған өзі? Аяқ астынан, тіпті купедегі бөтен адамды да көзіне ілер емес. Шешесіне дүрсе қоя беретіндей «жерден шыққан жік құсап». Қап, бәлем, тілін тістеп өзін зорға ұстады. Құдды бір жан-жағының бәрін жау анталап, осыған жамандық ойлап жүргендей... Қарай гөр, мұны, үйге де жетермін.

Әсия қанша сабырлылық сақтаймын дегенмен, қаны басына теуіп:

— Қойшы, тағы не? — сырт көзге сыр бермегенсуден басқа амалы қалмады.

— Кеше апам жарты күн мысығы Мурканы мақтады. Чапа (кекілі көзіне түскен бұйра күшік) тамақтанып болғанша ол ыдысқа жуымайды. Сабырлы, сырбаз мысық деп. Мұнда бәрі өзгеріп кеткен. Шетінен «джентелмен», мысық — мысықтығын, ит — иттігін істемесе, қазақтың жігіті шетінен қыз сипатты не ағылшын дағдылы болып бара жатса, марғасқалар қайдан шығады. Сонда нені көксейміз, бұл тірліктен? Мен ештеңе де істегім келмейді...

— Енді?

— Енді білмеймін...

Төрт орындық купедегі бір орын бос. Мен үшінші жолаушымын. Жасұлан лықсып келген өз ойын анасына айтып болған соң, купеден шығып, есігін жауып жатып, киініп алыңыздар, жайғасып, — деп, үлкен кісіше қамқорсып сөйледі де, бірінші рет көріп отырған маған жатсынбай қарап, оң жақ қасын әнтек көтере жымиып қойды.

Мен оның анасына қарап:

— Кенжеңіз бе? — деп сұрадым.

— Иә, — деді ол жымиып.

— Е, онда түсінікті, сіздерді болашақ жеңгесінен қызғанып отырғаны шығар, ондай-ондай болады, — дедім. Әңгімеге еріксіз ортақтасқаныма ыңғайсызданып отырмын. Дегенмен, өзім іштей ойланып қалдым...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама