Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 23 сағат бұрын)
Уақытты тиімді пайдаланудың адам өмірінде маңызы бар ма? (дөңгелек стол)
«Уақытты тиімді пайдаланудың адам өмірінде маңызы бар ма?» дөңгелек стол

Мақсаты: Оқушыларға уақыттың құндылығын түсіндіре отырып, қалай тиімді пайдалануға болатындығы жөнінде мәліметтер беру.
Күтілетін нәтиже: күнделікті өмірінде уақытты жоспарлай білуі, уақытты тиімді пайдалануы, уақытын босқа өткізбеуі.

Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!
Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізбепсің?
Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?
(АБАЙ. Он бесінші қара сөз)
Жоспары:
1. Кіріспе сөз. Психолог сөзі.
2. Сұрақ - жауап
3. «Ауа, Жер, От» тренингі.
4. Қорытынды сөз. Бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары С. Ержанова.
Барысы:
1. Кіріспе сөз. Психолог сөзі.
"Өз - өзіңмен бол" принципі.
Уақытты тиімді пайдалану дегеніміз не? Уақытты тиімді пайдалану - ол көп іс атқару емес. Ол өз уақытыңда тиімді және дұрыс пайдалану. Бірақ "дұрыс" деген сөзіміз әр тұлға үшін әрқилы мән береді. Адам баласына шамадан тыс жұмыс істеуден басқа демалыс пен серуенге шығып тұру керек. Сонымен қатар әркімнің өз жеке маңызды істері бар. Біз көп немесе аз жұмыс істеуге, көп немесе аз көңіл көтеруге тиісті емеспіз, біз өз - өзімізбен болуымыз керек.

2. Сұрақ - жауап.
Уақыт – біздің өміріміз. Ендеше оны қалай пайдаланып жүрміз. Адамның өмірінде оның уақытын ұрлайтын пайдасыз нәрселер көп. Уақытты дұрыс пайдалана білмегендіктен де ісіміз қордаланып жатыр. Қазіргі таңда уақытты тиімді пайдалануды «тайм - менеджмент» деп атап жүрміз. Оның мәні – уақытты тиімді пайдалану.
Уақытты тиімді жұмсауға не кедергі болады?
Шындығына келгенде кез келген адам өз уақытын тиімді пайдалана алады? Ол үшін өзіңізге маңызды сұрақ қоюыңыз керек: "Маған өз қалауыммен өмір сүруге не кедергі жасайды?". Қойылған сұраққа жауап табу жеңіл болу үшін келесі кедергілердің түрлерін қарастырайық:

1. Техникалық қателіктер.
Сіз өзіңіздің уақытыңызды қалай тиімді етіп құруды білмейсіз. Бұл қателікті жою үшін келесідей жоспар құрыңыз: мысалы, күніге таңертеңгілік қағаздарға алдағы күннің жоспарын жазыңыз.
2. Сыртқы факторлар.
Біздің өміріміз тек өзімізбен ғана шектелмейді, біздің өмірімізге көбінесе сыртқы факторлар әсер етіп отырады.
3. Психологиялық кедергілер.
Мұнда сізге өз - өзіңізге терең бойлауыңызға тура келеді. Мүмкін, сіз кейбір жұмыстарды мағынасыз, жалықтырарлық деп есептегеннен іске асырмай жүрген боларсыз?
Тайм менеджмент – бұл уақытты басқару тәсілдері мен әдістерін зерттейтін менеджмент саласы.
Уақытты дұрыс жоспарлау үшін бірнеше қағидаларға сүйенеміз.

Олар:
1. Мақсат пен бағдарды айқындау.
Мақсат пен бағдарды айқындау кезіңде ұстанатын басты талап жоспардан ауытқымау.
Ол үшін:
- Біріншіден – 15 - 20 жылға кең көлемді жоспар құрамыз.
- Екіншіден – кең көлемді жоспарды бөліп - бөліп 3 - 5 жылға созылатын жоспар құрамыз.
- Үшіншіден – созылмалы жоспарды іріктеп 3 айдан 1 жыл мерзімін құрайтын қысқа жоспар құрамыз.
- Төртіншіден – қысқа жоспарымызды орындауға ыңғайлы етіп жеке - жеке тапсырмаларға бөлеміз.
- Бесіншіден – жеке - жеке тапсырмаларды жіліктеп жазып шығамыз.

2. Жоспарды жүзеге асыру үшін ақпарат жинаймыз:
- Ол үшін осы салада жұмыс атқаратын адамдардың тәжірибесі мен жазған еңбектерін жинау.
- Жинаған материалдарға сараптама жасау.
- Сараптама барысында қажет деректерді жоспарға пайдалану жолын қарастыру.

3. Жоспардағы тапсырмаларды жеке - жеке жіліктеп жазып шығамыз
Ол үшін ақ қағазға төрт бағана сызу керек. Олар:
- атқарылатын шаруалардың тізімі (ең маңыздылары)
- атқарылар шаруалардың аттары
- орындалуы (егер орындалса – қосу белгісін, орындалмаса – алу белгісін қоямыз).
- шаруалардың орындалу барысы туралы мәліметтер,
Бұл жерде ескеретін мәселе: жеке күнделікте таяу арада атқарылуға тиіс шаруалардың есебін жүргізу. Бұл оларды уақыты келгенде ұмытпай күндік жоспарға енгізу.

4. Істердің орындалу басымдылығына байланысты 4 принципін ұстанамыз.
Олар:
- Маңызды әрі шұғыл
- Маңызды, бірақ шұғыл емес
- Шұғыл, бірақ маңызды емес
- Шұғыл да, маңызды да емес
Бұл принциптер бойынша атқарылатын шаруаларды жоспарға бөліп - бөліп енгіземіз.

5. Жоспардың орындалуы
Істің орындалу нәтижесін Вильфредо Пареттің ережесіне сәйкес атқарамыз. Онда жұмыстың 20 пайызы, барлық нәтиженің 80 пайызын береді немесе керісінше 80 пайыз жұмыс, 20 пайыз нәтиже береді. Сондықтан 20 пайыз уақыт жұмсап, 80 пайыз нәтижеге жетуге тырысу керек.. Ол үшін не істеу керек?
Жоспарланған істерді атқару барысындағы ең басты қағида – жоспардан мейлінше ауытқымау. Әрбір істі өз уақытында орындауға бар күшті салу. Бұл міндетті түрде зорығу деген сөз емес, керісінше істерді атқарудың бірден - бір жеңіл жолы. Өз уақытында
істелмеген жұмыс адамды беймазалыққа салып қана қоймай, келесі істерге тиесілі уақытты жеп, олардың барлығына кесірін тигізеді. Бір уақытта бірнеше істі алып жүру, әдетте істің аяқсыз қалуының кепілі. Оның үстіне асығып істелген істен қате де көп кетеді, оны түзету көп уақытты жейді. Олай болса жұмыс арасындағы бос әңгімеге, интернетке т. б. пайдасыз нәрселерге кеткен уақыттың адамға тигізер зияны орасан зор. Олардан міндетті түрде арылу керек. Телефонмен сөйлесу, тағы басқа қарым - қатынастарды шаруаға ешбір нұқсан келтірмей қысқартуға болады.

6. Демалысты ұйымдастыру
- Демалыс пен ұйқыны ұйымдастыру. Адам күніне кеміне 8 сағат ұйықтау керек. Дұрыс ұйқы жұмыс өнімінің кепілі.
- Дұрыс және уақытылы тамақтануға дағдылану.
- Жұмыс арасында 10 – 15 минут бой жазып тұру керек.
- Демалыс күндері төрт қабырғаға қамалмай, табиғат аясына шығып тұру.
- Еңбек демалысын алғанда жұмыс туралы ойламай жақын немесе алыс жаққа саяхат құру абзал.

7. Уақытты тиімді пайдаланайық!
Адам боп бұл фәниге келгесін ащының да, тұщының да дәмін татамыз. Дегенмен, барлығына бір сәтте қол жеткізгіміз келетіні тағы бар. Өмірді сүре келе түсіне бастаймыз, түсінгендей боламыз. Қателігімізден сабақ алып, қымбатымыз бен арзанымыздың ара жігін ажыратамыз. Сіз үшін қымбат не? Сұрақ жеңіл болғанмен, сауалға жауап лезде табыла кетпейді. Қымбат ұғымын әркім әр түрлі топшылайды. Бірі - Отан, бірі - Ана, бірі - Денсаулық ұғымына теңеп жатады. Ал кез - келген табысқа жету үшін адам өз уақытын дұрыс пайдалана білуі керек. Шайтан адамды: «Бұл дүние бір - ақ рет беріледі, әлі жассың, нағыз шалқып жүрер кезің, жас күніңде ойна да күл»,- деп азғырады. Сол сөздің жетегіне еріп, «темірді қызған кезінде соғатын» сәтімізді жіберіп аламыз. Бей - берекет өмір сүруге дағдыланып, кейін «қап» деп сан соғып қалатындар да бар. Ұйқы — уақыт тапшылығын тудыратын негізгі фактор.
Уақыт сіздің уысыңызда тұрмайды. Уақытты қалай болса, солай өткізер болсаң үміт артар жол сілтей қоймайды, ал уақытты үнемді пайдаланып, ұлы мақсат жолына құрбан етсең еңбегін еш кетпейді. Осы турасында «Таңғажайыпты күтпе, таңғажайыпты жаса» деп айтылған қанатты сөз орынды. Сәні мен салтанаты жарасқан жиында сіз үшін ешкім билеп бермейтіні секілді, арманға қол созбасаңыз — өмірдің бекер өткендігі.
Уақытты үнемдеу үшін мен бәріне бірдей үлгеремін деген принциптен бас тартыңыз. Бәріне үлгердім деп жасаған сапасыз дүниеңіз кімге қажет? Оны қайта жасау арқылы бір жұмысты екі жұмысқа айналдырасыз. Парето заңында: «20% атқарылған іс 80% нәтиже береді» деген тұжырым бар.
Қарап отырсаңыз, уақыт үнемдеудің бірнеше тәсілдері бар. Бірінен кейін бірі кезек күттірмейтін тәсілдердің негізгі бес тәсілін оқырман игілігіне атап өтсек:
1. Өз жұмыс үстеліңізді ыбырсытпаңыз. Қалай болса солай жатқан заттар назарды дұрыс нәрселерге аударуға кедергі жасайды.
2. Жұмысты бітіретін мерзімді өз күшіңіз бен мүмкіндігіңізге қарап белгілеңіз.
3. Тек өз басыңызға ғана арналған уақыт бөліңіз. Оған сіздің хақыңыз бар.
4. Адамдарға мейірімді, уақытқа келгенде сараң болыңыз.
5. Бір жұмысты бітіріп, содан кейін ғана келесісіне көшіңіз.
Өмірге күнде келіп жатқан жоқсыз, ойыңыздағы арманыңыз бен мақсатыңызға жету үшін уақытты тиімді пайдалануды дағды етіңіз. Уақытты тиімді пайдалану дегеніміз — жақсылыққа ұмтылу. Әрбір сағатыңыздың тықылы сіздің өтіп бара жатқан өміріңіз, сіз өз өміріңізге бей - жай қарамайтын боларсыз.?! Ендеше күн сайын кететін уақытыңыздың бір бөлігін кітапқа арнаңыз, екінші бір бөлігін спортқа дегендей. Ниет болса болғаны, қалған игі дүниелер табыла кетеді. Күннің шығысынан кештің батысына дейін беріліп жатқан ұзын - сонар сериалдарға қарап, уақытыңызды сарп етпеңіз!

2. «Ауа, Жер, От» тренингі.
Мақсаты: оқушылардың бой сергітуіне, қимыл - қозғалыс жасауына көмектеседі.
Нұсқау: Психолог «Ауа», «Жер», «От» деген сөздерді кезек айтады. Ал егер де екеуін қатар айтса, онда қатысушылар екеуін де бірге тез - тез жасайды.
Шарты: Ауа: құс ұшты – екі қолды жайып ұшады;
Құс қонды – екеуі бір - бірінің қолын уқалайды.
Жер: жүріп келеміз – екі аяқты жәй қозғалтады;
Жүгіріп келеміз – екі аяқты тез - тез қозғалтады.
От: от жағамыз – бір - бірінің арқасын үйкелейді;
Отты өшіреміз – бір - бірінің арқасын ұрғылайды.
Психолог «Ауа – құс ұшты» дегенде оқушылар екі қолды екі жаққа жайып, ұшқан құстың бейнесін жасайды. Осылай қайталана береді.

3. Қорытынды: Ақиық ақын Мұқағалидың:
Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала жансар өлімменен.
Қанша менің өлді екен уақытым,
Ақ жастық, ала жастық кебіндеген, - деген өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр. Осымен біздің, бүгінгі, «Уақытты тиімді пайдаланудың адам өмірінде маңызы бар ма?» тақырыбында өткізілген дөңгелек стол өз шегіне жетті.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама