Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз
Ашық тәрбие сағатының тақырыбы: «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз»

Мақсаты: Оқушыларды халқын, Отанын сүйе білуге тәрбиелеу.
А) Білімділік: Ұлыстың ұлы күні туралы білімдерін кеңейту.
Ә) Дамытушылық: Оқушылардың халқымызың салт-дәстүрлері арқылы ойлау қабілетін дамыту, дәстүрлерімізді насихаттап, жаңғырту
Б) Тәрбиелік: Отанын сүйгіштікке, жауапкершілікке, жолдастыққа тәрбиелеу.

Ұйымдастыру формасы:Сайыс
Көрнекілігі: Газет – журнал материалдар, қажетті әдебиеттер, суреттер мен плакаттар, шаңырақтар, қанатты сөздер, бесік, қамшы, домбыра, ...т.б.
Қанатты сөздер:
1.Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
2.Қайда барса жол болсын!
Ұлыс бақты болсын!
3.Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле – жала жерге енсін!

Өту барысы:
Көрініс: Қыз-жігіттер бір-бірімен құшақтасып, наурыз құтты болсын айтып, ақ тілектерін білдіреді.
Анар:
Наурыз келсе, құт келгені халайық
Шашу шашып, ел боп қарсы алайық!
Шашу шашылады.
Ләззат:Ұлыс оң болсын!Ақ мол болсын!
Хормен:Наурыз келе жатыр, қарсы алайық!
Наурыз қыз: Салем, ата-аналар!
Айналайын, балалар!
Уақыт үдеп келдім мен,
Бақыт тілеп адамға.
Сайратамын бұлбұлды,
Жайнатамын гүл - гүлді
Жылғадан су ағызып,
Гүлдендірем әлемді.
Наурыз қыз арнайы өзіне тағайындалған орнына отырып, тойды тамашалайды.
Талғат: Ау, қыз – жігіттер, наурызға арналған тойымызды ауылдың алты ауызымен бастамаймыз ба? Ал, Тоғжан, шырқап жібер!
«Наурыз» әні орындалады.

Жүргізуші:Қыс өтіп, қар кетіп,
Шырайлы жаз жетіп,
Шаруаның кенелген
Мейрамы ежелден
Құтты болсын, бұл Наурыз!

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!Бүгінгі тойымызды тойлауға 3 ауыл жастары келіп отыр, тойымызды осы жастардың сайысы арқылы өткізгіміз келіп отыр.
Ауыл жастарының аттарымен таныстырып, орындарына жайғасуын сұраймыз.
«Наурыз» ауылы
«Көктем» ауылы
«Той бастар» ауылы
Шалқытып мерекеде ән салайық,
Өнерпаз өрендерге тамсанайық.
Әділдік пен теңдікті ту еткен
Құрметті қонақтарды қарсы алайық!
Сайысымызға төрелік етуге сонау алыстан ат арытып билеріміз келіп отыр, қошеметтеп ортаға шақырайық.
1 – Ұлы жүзден ат арытып келіп отырған Төле биді ортаға шақырайық (Алмат ағай)
2 – Орта жүз биі Қаз дауысты Қазыбек биді қошеметпен қарсы алайық (Қонысбай ағай)
3- Кіші жүз биі Әйтеке би. (Қожақ ағай)
Билер жайғасып болса, сайысымыздың шартымен таныстырып өтейін:

Халық әні
Ұлттық тағам түрлерін таныстыру.
Ұлттық салт – дәстүрлерден көрініс.
Көкпар ұлттық ойыны.
Уа жараңдар, жараңдар!
Бәрің бері қараңдар,
Сендер үшін жасалған.
Тоқсан түрлі тағам бар!
Қымыз бенен шұбат бар,
Шұбатта дәрі, қуат бар,
Іркіт пенен айран бар,
Айранды іш те, қайран қал.
Ірімшік пен құрт та бар,
Оны азсынсаң сықпаны ал.
Жеті түрлі дәм салған,
Көжеден дәм татыңдар!

Наурыз көже таратылып, дәм татылады.

Ау, халайық, тұрмайық,
Әндетейік, жырлайық.
Ортамызды ашайық,
Думандатып би билеп.
Інжу маржан шашайық.
Көктем ауылының әншісі Тоғжанның орындауындағы «Сүгірдің термесі» қабыл алыңыздар!
Наурыз ауылының әншісі Саматтың орындауындағы «Үкілі қыз» әнін қабыл алыңыздар!
Наурыз ауылының әншісі Ұлбосынның орындауындағы «Гүл дәурен» әнін қабыл алыңыздар!
Әділ қазылар алқасынан әнін бағасын сұрау.

Малдар төлдеп қой қоздап,
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты,
Молшылыққа аңыз боп.
Басталыпты Наурыздан, -
демекші көшпелі қазақ халқы жаңа жылды Наурыздан бастаған.

Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар,
Наурыз молшылық пен береке айы, жастарымыздың дайындаған ұлттық тағам түрлерін таныстыруға кезек берейік.

«Көктем» ауылы «Әсіп тағамы»
«Тойбастар» ауылы «Құрт – ірімшік»
«Наурыз» ауылы «Наурыз көже»
Әділ қазылар алқасынан ұлттық тағам түрлері жасаудағы бағаларын сұрау.
Жаңғырар дәстүр – салтымның,
Көзелсін бұлақ – жылғасы.
Қастерлі менің халқымның
Мереке Наурыз – жыл басы

«Көктем» ауылының қыз ұзату тойынан көріністі тамашалайық.
Сыңсу айтып ортаға ұзатылып жатқан қыз шығады:
Ақ отауым тіккен жерім майдан болсын,
Ақ жүзімді көрерге айнам болсын.
Кісі әкесі кісіге әке дейді,
Айналайын әкемдей қайдан болсын?!
Алтын да менің босағам,
Аттап бір шығам деп пе едім...
Күмісте менің босағам,
Күңіреніп шығам деп пе едім?
Қалайы сандық кілтім –ау,
Жылама дейсің, жұртым-ау
Жыламай қайтіп шыдайын,
Барасың қалып жұртым – ау!
Қыз әкесі: Баласын баласы әкетіп барады,

Мұңайып не етесің,
Сен бүгін ұшасың, кетесің
Көкешім, әкеңнен әкеңе жетерсің!
Шешесінің қызымен қоштасуы:
Қарғам – ай,
Халқыңа қалаулы бол!
Еліңе елеулі бол!
Ертеңмен ерте тұрасың,
Түндігіңді ашарсың,
Сиырыңды сауарсың,
Малыңды өріске айдарсың,
Самаурыныңды қоярсың,
Сүтімді сонда ақтарсың,
Қарағым – ай, не айтайын,
Енді жат жұрттық болғасын. «Тойбастар» ауылында «Беташар» болғалы жатыр, соны тамашалайық.

Бісміллә сөзден бастайын
Бетіңді келін ашқаным,
Жасы үлкенді сыйлап жүр
Құрмет қылып жасқанып.
Балалық күнің өтті енді
Аналық күнің жетті енді
Айт, келін - ау, айт келін!
Атыңның басын тарт, келін!
Қыз көңілден қайт, келін!
Сауысқаннан ақ келін!
Жұмыртқадан ақ келін!
Күйеуіне шақ келін!
Ел жұртыңа жақ, келін!
Өзің бір ақыл тап, келін!
Ата-енеңді бақ, келін!

Наурыз ауылында «Бесікке салу тойы.»
Келесі кезекте көкпар ойынын көруге шақырамыз. (Сұраққа жауап беру арқылы ұтқан топ жеңімпаз аталып көкпарды қазанға салған боп есептеледі.)
Байғазы дегеніміз не?
Көрімдік дегеніміз не?
Ерулік дегеніміз не?
Асар дегеніміз не?
Сүйінші дегеніміз не?
Жамбас кімге тартылады?
Төс кімге тартылады?
Құйымшақ кімге тартылады?
Төле бидің батасын алу.
Кешті қорытындылау. А. Сағынбаева.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама