Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Үлкен қазаға ұшырадық

Жолдастар! Әлеумет!

Амал не, үлкен қазаға ұшырадық. Бұл қазаның ауырлығы сонша — шығандағы қойшылар, жер астындағы шахтерлер, аспандағы ұшқыштар — бүкіл қазақ халқы қабырғасы қайыса күрсінеді. Қолқаңды суырғандай қиналып тұр жан!

Ажал біздің ортамыздан тағы да бір аяулымызды, арысқа салар азаматымызды алып кетті. Ол азамат бірімізге дос, жолдас, бірімізге әке, аға, енді бірімізге ұстаз 6олатын. Ол азамат нағыз халық ұлы, еңіреген ер болатын. Ерлігі жуан білекте емес, терең білімде, ыстық жүректе, елінің барын топтап, жоғын жаңадан жасауда еді.

Жүздеген жылдар кең далада киікше жосыған қазақ, бүгін ғылым ордасын, ғылымдар армиясын жасадым деп мақтанады. Өмір бойы жер астында жасырын жатқан мойымас кең қазынасын таптық, игілікке жараттық деп мақтанады. Мақтанарлығы толып жатыр. Қазақстан даңқы бүгін жер жарады. Сол мақтан, мәртебеге жету үшін Ленин партиясы бастаған халық жорығының алдыңғы сапында бара жатқан тұлғалы қазақ кім еді?! деушіге, біз бір ауыздан Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дейміз. Оның атын тарихымызға алтын әріппен жазып та кетеміз. «Елді ел теңгермейді, ер теңгереді» дегенді қазақ өзінің Қаныш сияқты ардагеріне қарап айтқан.

Бәріміз де кетеміз бұл дүниеден. Жаңа қауымдар келеді, жаңа ерлер шығады. Біздің бүгінгі мақтан еткеніміз жай нәрсе болып қалады. Сонда да, өткен заманның ерлеріне жаңа заманның ерлері бас иеді. Қиын қамалдарды бұзып, келешекке жол ашқаны, ой ашқаны үшін иеді. Олай болса, біздің Қаныш ұрпақтарымыздың да ардақтысы.

Атақты адамның қоғамдық ісімен қатар жеке сипаттарын да білуге жұрт құмар. Қаныш аға — тек қазақ көлемінде емес, бүкіл совет көлемінде белгілі жарық жұлдыздардың бірі. Көңілі күн құшқан айдын көлдей, тұлғасы бір тума нардай бола тұра өзінен жасы, дәрежесі төменге де жоғарыға да кішіпейіл қалпын бұзбастан кетті. Жамандыққа, надандыққа қас, ізгілікке, мәдениетке айнымас дос, адамға әрдайым жақсы тілекте еді ғой. Оны достары түгілі дұшпандарының ішінде ең бір қара пейілі болмаса қара жерге қия алмас. Қаныш аға тіпті демалыс кездерінде, қысыр әңгіме, әзіл, сауық үстінде халқының, партиясының мүддесін ұмыта алмайтын. Бойындағы барын бірін қалдырмастан соларға арнаған. Бергені көп, берсем дегені одан көп еді: Әдемі арманын .қатал тағдыр соқты. Арман аман қалды, өзі мерт болды.

Қош, Қаныш аға! Топырағың торқаға, арманың іске айналсын! Сүйкімді бейнеңді, көрсеткен үлгіңді есте сақтауға қабырыңа бас ие тұрып, көз жасымызбен серт етеміз.

1964


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама