Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Іске сәт!

Кеше кешке, Алматы аэровокзалында, жарқыраған электр нұрының астында екі халықтың үлкен тобы тағы да бір күлімдесе, шұрқыраса құшақтасты. Ыстық жүректен шыққан ең қымбатты сөздерімен бір-біріне шашу шашты. Ұлы орыс әдебиеті мен көркемөнерінің Қазақстандағы онкүндігінің бастамасы еді бұл. Көркемөнершілер өз сөздерін өздері айтар. Ал, әдебиет дүниесінде осы онкүндік бүгін біздер үшін, ертең тарих үшін үлкен оқиға, халықтар достығының айқын бір көрінісі.

Әдебиет достығы берік достық. Адам өнерінің ішінде ең ұзақ жасайтындарының бірі әдебиет. Ғасырлар өтеді, өмірге талай ұрпақтар келіп, талай ұрпақтар кетіп алмасып жатады. Нағыз әдебиет сонда да қалып қояды. Өмірдің шежіресін кейінгі ұрпақ, жаңа қауым әдеби мұралардан көріп отырады, жақсысына сүйсінсе, жаманына ренжіп отырады.

Партия, халықтық совет әдебиеті өз заманын жырлаумен қатар, сол заманның бейнесін кейінгілерге, қазіргі сыртқы елдерге көрсететін нағыз құдіретті әдебиет.

Совет әдебиетінің түрі, сыры, тілі көп. Солардың ішінде осы орыс әдебиеті үлкен арна. Бәрі соған құяды. Ол арнадан сусындамайтын совет жерінде ешбір халық жоқ. Әрі сусындайды, әрі толтырады осы арнаны.

Бір кезде ойдағы орыстың Татьянасы мен қырдағы қазақтың Қыз Жібегі үн қосқан, ежелден сыбайлас, мұңдас екі ел бүгін әдебиет пен көркемөнердің салтанатты мерекесін өткізіп жатыр. Бұл мереке әдебиетіміз бен көркемөнерімізді бір жаңа белеске көтеріп тастайтынына күмән жоқ. Іске сәт, жолдастар!

1964


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама