- 07 қаң. 2020 00:00
- 285
Үш күйдің аңызы
Алқабекте деген бір бай болған екен. Байдың мәпелеп баққан екі енеге телі бір қоңыр құлыны болыпты. Оның жүрісі жайлы, жалы майда, өзі суреттей көркем екен. Байдың осындай әдемі тағы да бір аты бар екен. Бай аттарды ұрыдан қорқып түнде киіз үйде бағатын бопты. Бұл аттарды байдың Сәулем деген қызы күзетеді екен. Сәулем домбырашы әрі әнші болыпты да, домбыра мен әнге қатты құмар екен.
Күндердің бірінде Боғданың Қаратауын мекендеген Мүкей деген ұры байдың аттарын торып, жанына екі адамды ертіп, осы ауылға келеді. Бірақ олар қанша торыуылдаса да, лажын таба алмай бірнеше күн өтеді. Ақыры маңайдағы елден аттарды түнде байдың қызы күзететінін, Сәулемнің домбырашы әрі әнші екенін, домбыра шертілсе, құлақ түріп қалатынын естиді. Сонымен қыздың қапысын таптым деп есептеген Мүкей жолдастарына:
— Қызды мен домбыра шертіп айналдырам, сендер сол орайда аттарды қайтсеңдер де алып шығыңдар! — дейді де, кеште қыз отырған киіз үйге барып:
— Бикеш, күйіңді шерт, естиін деп келдім, — дейді. Бұл ұсынысты қабылдаған қыз домбырасын шертеді. Бірақ бейтаныс кісіден тартынып, шабыттанып шерте алмайды. Сонда Мүкей қыздың домбырасын сұрап алып, «Қос қағу» деген күйді безілдетіп ала жөнеледі. Ершіммен еркін шертілген күй сазы қызды бірден баурап, өзінің ат күзетіп отырғаны мүлде есінен шығып кетеді. Күйді бір ауық шертіп серіктері аттарды
шығарып болды-ау дегенде, Мүкей қызға қош айтып жөніне кете береді. Қыз күйші жігіттің аты-жөнін сұрап қалмағанына өкініп қалыпты. Бір кезде аттың жоғалғанын білген қыз, ата-анасына айтудан қорқып, қасындағы қыздарға да: «Адам келді деп айтпайық, ұйықтап қалыппыз деңдер», — деп үйретіп қояды. Көр заман жер-көкті шарлап таба алмай күдерін үзген бай торығып отырғанда, қыз баяғыда жігіт шерткен күйді шертеді екен. Әкесі бұрын қызының мұндай күйді шерткенін естіп көрмегендіктен таңырқап: «Мұны қайдан үйрендің?» деп қузай бастайды. Қыз шынын айтады. Сонда бай:
— Балам-ау, бұрын неге айтпайсың, аттар табылды емес пе?! — дейді қуанып. Сонан ол Ертісті өрлей біткен домбырашыны іздепті. Күйін тыңдайды. Бір күні Шақабай Мақатжан дегеннің үйінен әлгі қызы шерткен күйді естиді. Бай бұл күйдің жайын сұрағанда, ол:
— Қаратаудағы Мүкей дегеннің «Қос қағуы» осы, — депті. Сонан бай Мүкейді іздеп Еренқабырғаға барса, екі аты кермесінде байлаулы тұр екен. Келген адамның бұйымтайын сезген Мүкей алдынан шығып қарсы алып, қонақ қылыпты, қонақ әбден тыныққан соң, Мүкей домбырасын алып: Телқоңырыңызды міндім, жүрісі мынау екен, Майдажалыңызды міндім, жүрісі мынау екен, сізді осында алып келген қос қағуым мынау, — деп үш күйді шертіп берген екен.