Вирустық гепатиттер
Вирустық гепатиттер (Сарауру) — ең алдымен бауыр тінін, сондай-ақ басқа ағзалар мен жүйелерді зақымдайтын гематотропты вирустардан туындайтын жіті жұқпалы аурулар. Онымен ересектер де, балалар да ауырады. Көбіне 3-7 жастағы сәбилерде ұшырасады және қазан-желтоқсан айларында жиілейді.
Сараурулар вирустың бес клиникалық түрінен туындайды: А гепатитінің вирусы, В гепатитінің, С гепатитінің, Д гепатитінің, Е гепатитінің вирустары. Осылардың ішінде ең қауіптісі С гепатиті, өйткені ол жүре келе бауырдың беруіштенуіне соқтыруы мүмкін. А гепатиті аурудың кең тараған түріне жатады. Ол ішек жұқпасы болып табылады, өйткені балаға энтеральды жолмен жұғады. Вирус ағзаға инфекцияланған тұрмыстық заттар, сирек жағдайда тамақ арқылы немесе жұқпасы бар су арқылы жұғады. Ауру айналымды сипатта өтеді, ауру кезеңдері айқын ауысып отырады, әдетте, адам одан жазылып кетеді. Сараурудың бұл түрі ешқашан созылмалы түрге ауыспайды, өлімге душар етпейді.
Ағымы
I кезең – инкубациялык кезең кемінде 7 күн, ең ұзақ дегенде 50 күнге созылады. Инкубациялық кезең орта есеппен 2-3 аптаны құрайды. Бұл кезең балаларда бұдан әлдеқайда ұзақ болады. Аурудың ешқандай клиникалық белгісі болмайды, бірақ кезеңнің соңына қарай науқас ауруды қарым-қатынас жасаған басқа кісілерге тез жұқтыра бастайды.
II кезең – сарғаю алдындағы кезең бірнеше күннен бастап көп дегенде 1-2 аптаға созылады. Орта есеппен 3-4-5 күн. Бұл кезең клиникалық белгілердің әр алуандығымен сипатталады және мынадай бірнеше түрде өтуі мүмкін: диспепсиялық түр – жүректің айнуы, тамақтан, әсіресе етті тамақтан жиіркену, іштің әр түрлі сипатта ауыруы, көбіне оң жақ ауырады, іш не қатады, не өтеді, іш кебу, эпигастрия аумағында ауыртпалық сезімі, ауыр жағдайларда құсу. Бұл ең жиі кездесетін түр және ауырған балалардың шамамен 60- 80 пайызында кездеседі.
Астеновегетативтік синдром кезінде адамда ұйқышылдық, ұйқы инверсиясы (күндіз ұйқы келеді, түнде ұйқысыздық), бас ауыруы, дене қызуының көтерілуі, жалпы уыттану белгілері байқалады.
Сараурудың тұмау тәріздес түрі тұмау секілді басталады. Дене қызуы 38°С-қа және одан жоғары көтеріледі, жөтел т.б. байқалуы мүмкін.
Артралгиялық түрінде буындар, бұлшық ет (бүкіл дене ауырады) ауырады. Бұл түрі балаларда сирек.
III кезең – сарғаю кезеңі. Алдымен көздің ақтығы, таңдай шырышты қабаты, кейін бүкіл тері сарғаяды. Бұған қоса несеп түсі қоюланады, нәжіс түссізденеді. Сарғаю қаншалықты тез басталса, ауру да соншалықты жылдам жеңілдейді, дене қызуы қалыпқа келіп, құсу тоқтайды, жалпы жағдай жақсарып, тәбет ашылады.
Бұлардан кейінгі IV кезеңде баланың жағдайы жақсарып, ширақ бола бастайды, сарғаю жоғалып, тәбеті ашылады, биохимиялық көрсеткіштер қалыпқа келеді.
Нақтамалау
Нақтамалауда баланың отбасында, балабақша мен мектепке қарым-қатынас жасаған адамдары маңызды рөл атқарады.
Зертханалық тексеру: қанды гепатоцеллюлярлық (бауыр жасушалық) ферменттердің белсенділігіне биохимиялық тексеру маңызды. АЛТ нормасы - 1 литрге 0,1-0,68 ммоль-сағ. АСТ мөлшері - 1 литрге 0,1-0,45 ммоль/сағ. Сонымен қатар билирубин тексеріледі, басқа да қажетті зертханалық талдаулар жасалады. Бұл ферменттер жоғарылаған жағдайда бауыр жасушалары ыдырайды да, жасушалық ферменттер жасушадан қан ағымына тарайды. Ферменттер деңгейіне қарай сарыаурудың жеңіл-ауырлығы анықталады.
Емі
Балаларға интерферон тағайындалады. Ауыр жағдайларда бір жасқа дейінгі нәрестелерге гормондық ем тағайындалуы мүмкін. Гормондық емнің мақсаты – иммунодепрессивті әсерге қол жеткізу. Негізгі ем вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер беруге тіреледі. Аурудың жіті кезеңінде қатаң төсек тәртібі, одан әрі дене қимылы шектеу және оң жақ қабырға астына зақымдауға жол бермеу қажет. Сарауру кезінде ем кем дегенде 6 айға созылады. Балалар арасында сараурудың алдын алуда тазалық шаралары аса маңызды. Жеткіншектерді даладан келгенде, дәретханадан шыққанда, тамақтанар алдында қолды сабындап жуып жүруге, жеке тіс щеткасын, орамал пайдалануға т.б. жеке бас тазалық талаптарын орындауға кішкентай кезден дағдыландыру – ең алдымен ата-ананың парызы.
Г. Әшірбекова, бала дәрігері