- 20 қаз. 2022 00:00
- 180
XXI ғасырдағы журналистика
Журналистика саласы ең алдымен - бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен ақпарат жинау, оны өңдеу және тарату қызметін атқарады. Журналистика-әлемдегі ең көне мамандықтардың бірі. Себебі, адамдар әрдайым ақпарат алуға тәуелді болған. Бұл сала адамнан тек шығармашылық, интеллектуалды және шешендік қабілеттерді ғана емес, сонымен қатар, этика мен адамгершілікті талап ететін, жауапкершілігі жоғары сала болып табылады. Журналистің әдебиет саласындағы талантымен қатар, өмірге деген қызығушылығы жоғары және осы салада жұмыс істеуге деген құштарлығы болуы керек. Журналист-бұл тек мамандық қана емес, ол-өмір салты.
Әлемде жаңалықтарды жеткізудің, тыңдаудың және көрудің көптеген жолдары бар. Себебі, адамзат әрдайым ақпарат алуға тәуелді болады.Қазіргі заманда бұқаралық ақпарат құралдары елде болып жатқан оқиғаларды, шешілуі керек және жұртшылықты алаңдататын мәселелерді кең аудиторияға жеткізеді. XXI ғасырды бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес, олар әр қадамда адаммен бірге жүреді. Журналистика қоғамды қандай ақпарат алғысы келетіні туралы ойлануға мәжбүр етеді. Басқаша айтқанда, барлық жағдайда журналистика қоғамға, ал қоғам бұқаралық ақпарат құралдарына бағытталған болып келеді. Біздің әр күніміз қандай да бір жаңалық есту, жаңа ақпарат алумен тығыз байланысты. Ақпарат ала алмаған жағдайдағы өз өмірімізді елестету мүмкін емес. Қазіргі әлемде күн сайын болып жатқан оқиғалардың барлығы бұқаралық ақпараттардың қатысуынсыз өтпейді. Осылайша журналистика саласы қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болады.
ХХІ ғасырда бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа түрлері толығып, интернет басылымдар да қатарға қосылды. Заманауи баспасөз құралдары күн санап жаңарып келеді, соның ішінде телеведение мен әлеуметтік желілер өте қарқынды дамуда. Онлайн журналистика жақсы дамып келе жатқанымен, газет – журналдар өз маңызын жойған жоқ. Оқитын оқырман болса баспасөз газеттері еш уақытта назарсыз қалмайды. Қазіргі таңда Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары әлемінде шамамен 9 000 – ға жуық сайт бар. Соның ішінде ақпараттық, танымдық, саяси, экономикалық және тағы да басқа халыққа қажетті түрлі сайттар жұмыс атқаруда.
Қазіргі уақытта редакцияда ең көп сұранысқа ие болғаны – әлеуметтік желілермен жұмыс жасайтын журналисттер немесе SMM менеджерлер болып табылады. Олар өздерінің кәсіби дайындығының арқасында қазіргі заманғы ақпараттық, коммуникациялық және медиа жүйелерінде қызмет атқара алады. Себебі, жоғарыда айтып өткендей, заманауи технологиялар қазіргі кезде адам өмірінің барлық салаларында қолданысқа ие болады. Осылайша қазіргі таңда журналистика әлеуметтік желілерге қарай үлкен бетбұрыс жасады. XXI ғасырда технологияның дамуының арқасында біз тек Қазақстан төңірегіндегі ғана емес, бүкіл әлемдегі жаңалықтардан хабардар болып отыра аламыз.
Қорытындылай келе, жаңа замандағы журналистика саласы бұқаралық ақпарат құралдарымен және әлеуметтік желілермен тығыз байланысты. Сондықтан да, қазіргі уақыттағы журналист маманының негізгі міндеті – алдына берілген мәселені шешіп, заманауи технологияларды пайдалану арқылы, жаңа замандағы журналистиканы жоғары деңгейге көтеру болып табылады.
Қасымханова Гаухар Жомартқызы