Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Иманжапырақ

Араға біраз жыл салып, туған жер топырағын басып тұрған бетім осы. Шу өзенін кесіп өтсем болғаны ― бастары көкпен таласқан ұзын теректер жарыса бой көрсетіп, арасындағы ақ шағыл тамдарына дейін пырдай жапырлап, үпір-шүпір алдымнан шығады...

Мен үйге жетуге асыққам жоқ. Неше жылғы сағыныш мауқын там-тұмдап басқым келеді. Ең алдымен, осындағы өзім он жылдықты бітірген мектепке баруды жөн көрдім. Тал жапырақтарындай жыбырласқан күнәсіз балалықтың көмескі шуылы еріксіз жетеледі... Қызыл кірпіштен өрілген, қаңылтыр шатырлы тапал үй сол қалпында екен. Аз ғана еңкіш тартып, пәстене түскендей. Бұрынғы биік, асқақ тұлғасы қайтқан секілді. "О баста көргеніңдей тамсанта алмаймын, қайтейін, кәрілік жетті" деп мұң шаққан тәрізденді. Жүрекке аз-кем лүпіл қосылды. Қабырғасына келіп бетімді бастым.

Бұрынғы жылдары бұдан үлкен жай некен-саяқ-ты. Қазір келбетінде басқа да биік үйлердің бауырына кіріп, басыңқы тартқан кейіп бар. Ақырын аяңдап терезе жақтауына таяндым. Геометрия сабағы болса керек. "Тең бүйірлі үшбұрыштың қасиеттері" деген жазуды көзім шалды. "Бұл терминдерді ұмытқалы қай заман!.." Қараторы келіншек қайталап сөйлеп, әлденелерді түсіндіріп жүр. Ашық әйнектен желпінген таныс леп бойымды шымырлатты. Өңшең өрімдей балаусаның осыдан он жыл бұрын осы орындықтарға отырып, біздің де сабақ тыңдағанымызға сене қоюлары қиын-ау, сірә! "Қазіргі оқушылар қандай уақ" деген ой келді басыма. Неге екенін қайдам, мына балалар тым әлжуаз, сәби көрінді. Біз бұларға қарағанда ертерек есейгендейміз.

Ана бір партада Ғалымжан дейтін қияңқы бала отырушы еді. Үзіліс кезінде құтырынып, әрқайсысымызды ұрып-соғып, екіленуден шаршамайтын-ды. Оның сотқар жұдырығына ұшырасып қалмау үшін бой тасалап, сырт жүруге тырысатынбыз. "Тура, сен адам болсаң, мен мына мұрнымды шұнтитып кесіп берейінді" класс жетекшіміз талай айтатын. "Осы қызыл көзден құтылар күн туса ғой!.." дейтін ішкі тілек әрбіріміздің-ақ көкейімізде жүруші еді. Сол Ғалымжан қазір осы ауданның оқу бөлімін басқаратын көрінеді.

Ғалымжаннан кейін... Мен өз көзіме илана алмадым. Бергі шеттегі аласа парта көңілге шоқтай басылды. Өшуге айналған "З" мен "Қ" әріптерінің таңбасын көрдім.

Мойнымды созып үңілгенім сонша, партада отырған үрпек шаш сары баланың ежірейе қарап, қасындағы жолдасын түрткілей бастағанын да аңғармаппын. Жапырлай қадалған қалың жанардан тайсалып, төмен бұқтым.

Жаңағы екі әріп тартылуға айналған шыңырау суындай сарқынды бейнені қайта тірілтті. Менімен бірге отыратын Зина есімді қыздың кішкене қырлы мұрны, екі бетінің ұшындағы күлімсіреп тұратын оймақтай ойықшалары ап-айқын елестеп қоя берді. Момақан аққұба жүзінде айықпай үлпілдейтін жұқалаң қызылы бар-тын. Ішінде монтима жас кілегейленген қоңырқай көзі имене мөлдіреуге бейім тұрушы еді. Сабаққа икемінің жоқтығынан ба, үлбіреме реңінен қандай да бір үркек шұғыла кетпейтін. Мен әр кез Зинаның класс алдында қызараңдап, сабақ айта алмай төмен қараған күйін көрмесем деп тілейтінмін...

Бір күні шығарма жаздық. Зина екеуіміздің таңдағанымыз ― еркін тақырып. Серігімнің сенері ― мен, не жазсам да көшіруге әзір. Әрі ойлап, бері ойлап, бастауыш мектепте оқыған кездерімді суреттеуді қаладым. Бұған мұғалім апайымыздың: "Ең алғаш оқуға барғандарың, жазғы каникулды қалай өткізгендерің, үй-іштеріңе тигізер қолғабыстарың жайында жазсаңдар, тым жақсы", ― деген кеңесі түрткі болды.

"Біздің ауыл жырақта жатқан "Кербұлақ" колхозы аталушы еді", ― деп бастадым алғашқы сөйлемімді. Зина да іле-шала көшіруге кірісті:

― Қай мектепте оқып ең?

― Аякөзде.

― Өз мектебіңнің атын қой.

― Апай біліп қойып жүрмей ме?

― Не қылар дейсің?..

Мен сонау соғыс жылдарынан кейін қалай оқығанымызды көз алдыма елестете отырып, әрі қарай жалғастырдым.

"...Өзінде төрт класты мектеп бар. Мектептің директоры да, завучы да, оқытушысы да, завхозы да Бейсебек дейтін қызыл сары кісі болатын".

― Мен де осылай көшірейін бе?

― Мұғалімнің атын өзгертіп жаз.

― Бір сойқан болатын шығар.

― Қорқып отырсың ба?

― Ыңғайсыз ғой.

― Не көрсек те бірге көреміз.

― Екеуіміз бе?

― Енді ше?

― Мақұл, ендеше...

Зинаның жүзін тақай, сыбырлап сөйлегенінің өзі сиқырлы дүниедей сезілуші еді. Құпиялас күбірі де қымбат ләззатты. Жұп жазбастай жайраңдаған жақсы күндер-ай!..

"...Барлық пәндерді оқытатын да өзі. Тек, анда-санда Бейсекең базаршылап немесе той-томалаққа кеткенде, қара сұр келіншегі келіп оқу үйрететін. Ағайымызға қарағанда, бұл кісіден жаман именетінбіз. Сұрағына жауап таба алмасаң, иә болмаса көңілінен шыға қоймасаң болды, ағай сықылды сұқ қолымен емес, білегі толы темір білезігімен сарт дегізетін. Үн шығаруға дәрмен жоқ, қос иығымызбен қорсылдап тынатын едік".

― Мен жаза алмаймын.

― Неге?

― Бізде мұндай болған жоқ.

― Ештеңе етпейді, көшіре бер.

― Мұғалім ұрысса ше?

― Ойдан шығардым дейсің.

― Әй, қайдам-ау...

"...Апайымыздың сұрағы да оқыс келетін:

― Басқарманың үйінің неше бас уақ малы бар?

― Бөз қымбат па, шыт қымбат па?

— Пойыз жүйрік пе, көңіл жүйрік пе?" секілді біз оқымаған, кітапта жоқ сұмдықтар болатын. Тапсақ ― таптық, таппасақ ― басымызды қамшыдан қаймыққан қойшының жабысындай бұқпалаудан басқа лажымыз қалмайтын. "Кругозорын қарашы, өңкей су милардың, кругозорын көтерсе болмай ма!" ― деп, шартылдаған білезіктері төбемізде ойнайтын еді.

Ол кезде мектебіміздің қанша бөлмесі бары есімде жоқ, бірінші, екінші, үшінші, төртінші кластардың оқушылары бір үйдің ішінде оқитынбыз. Бізді төртінші кластың балалары деуші еді. Шынын айтсам, қайсымыздың қай класта оқитынымызды ажырата алмайтын кездеріміз де болушы еді. Бейсекеңнің жынына жақпаған шақта үшінші немесе екінші кластың партасынан бір-ақ шығатынбыз. Бекер обалы қайсы, ағайымыздың оң көзіне ілінген сәттерде төменгі кластың сәбилеріне сабақ беріп, кәдімгідей мұғалім болып, төбеміз көкке екі елі жетпей қалатын. Осындай "ұстаздық" етіп жүрген күндерімнің бірінде Бейсекеңнің көкпарға мінетін көк қасқа айғырын ұстай алмай келгенім үшін бірінші класқа дейін төмендегенім жадымда қалыпты. Пышаққа жығылғырдың өзі де қашаған еді. Ертеңнен қара кешке дейін қуып, табанымды тікен тілгілеп, арса-арса болған еңбегімнің зая кеткеніне күні бүгінге дейін ішім ашиды".

― Қандай қатал кісі, ― деді Зина.

― Кім?!

― Мұғалімді айтам.

― Мен сол кезді сағынып отырмын.

― Қалайша?

― Қайдам, біртүрлі ыстық секілді.

― Мен сені аяп кеттім.

― Соған да бола ма? ...Апай бізге қарап отыр.

― Ақырын көшіре бер.

"...Қазір ойлап отырсам, мектебіміз үш, яки төрт бөлмелі болуы керек. Бүйірдегі бөлмеде отын, сексеуіл үюлі тұратын да, табалдырығында үнемі іші-қарны қабысқан есік пен төрдей сары тазы жататын. Алтынбүбі деген қыздың қолын қауып алғаннан бері о жаққа жоламайтынбыз. Арғы бөлмеде он шақты қой-ешкі, бір-екі ірі қара ұсталатын. Алғашқы сабақ үстінде Бейсекеңнің кәрі шешесінің малдарды күмпілдетіп сауып, арагідік қарғыс жаудырған сөздері еміс-еміс естіліп тұрушы еді..."

Қоңырау соғылып кетті де, біз ойымызды аяқтамастан, жазғанымызды мұғалімге тапсырдық. Сол күні Зина мені соншама іш тартып, жанына жақын ұстап жүрді. Көз таса бір мезгілді пайдаланып:

― Сен жақсысың, Қалау, ― деп екі қолын менің қолтығыма тықты.

― Өзің жақсысың, ― деп жұпар лепті шашынан иіскедім.

...Ертеңіне мұғалім шығармаларымызды әкелді. Алдымен Зина екеуімізге бағдарлап бір қарап қойды. Сосын назарын басқа жаққа аударып:

― Қаржаубаев, ― деп фамилиямды атады.

Мен орнымнан түрегелдім.

― Шектібаевадан көшіріпсің ғой.

― Ептеп қарағаным рас.

― Мұның атын не дейтінін білесің бе?

Мен ләм деп тіс жармадым.

― Ұрлық дейді. Бөгде біреудің қалтасына түскенмен тең тірлік. Ұят емес пе?

Мұғалімнің көпе-көрнеу, жорта жасаған әрекеті менен гөрі Зинаға батты. Мені қойшы, Зина үшін от көсесем де қолым күйдіге жоқпын ғой. Қиғаштап қана көз жүгіртіп ем, екі беті шоқтай қызарыпты. Жайшылықтағы жасқа бейім жанары шып-шып мөлдірге толған.

— Зина, жарайды, қиыстырып тамаша жазыпты, ― деген мұғалімнің кекесінді сөзі аяқталмастан екі қолымен бетін басып, солқылдап берді. Содан әдебиет пәні біткенше жұбанған жоқ. Үзілістен кейін басқа сабақтарға қарамастан үйіне кетті.

Мен есімдеріміздің бас әріптерін сол күні жазған едім... Сөйткен Зина қайда екен қазір?!

Мен жеңіл дыбыстың жақындағанынан сергідім. Көзілдірікті қария кісі таянып келді де:

— Біреуді тосып тұрмысыз, терезеден көрген балалар алаң болады ғой, ана жерден күтіңіз, ― деп тал арасындағы орындықтарды көрсетті. Мен сәлем беріп, кешірім өтіндім де, нұсқаған жағына қарай аяңдадым.

Ол кісі мені таныған жоқ. Қайдан білсін, осы жасының ішінде мен сықылды талай қара домалақ алдынан өтпеді ме. Ұмытпасам, Кәрімова апай. Қолынан оқымағаныммен, қолайсыз бір жағдайдың куәсі болғаны есімде қалыпты.

Сол "Кербұлақ" колхозындағы бастауыш мектепті бітірген шағым. Колхоз бен колхоз бірігіп, іріленіп жатқан науқан еді. Төртінші тауысқан бес-алты бала қай жерде оқырымызды білмей дал болдық. Көбісі жаңадан қосылған колхоздағы туыстарын паналамақшы. Біздің үй әлі көшкен жоқ еді. Кейбір көзі ашық жанашырлардың кеңесі бойынша, аудандағы интернат-пансионға орналаспақшы болдым. Документ дегеннен төртінші бітірген куәлік пен сельсоветтен алған семья жайындағы анықтама ғана. Салатын қалта да жоқ, ышқырға қыстырып алып, жолға әзірлендім.

Мұндай "ұзақ" сапар алдында Ақтұмақпен ақылдаспау ― жөн-жосықты ұмытқандық. Жер-жаһандағы "жаңалықтан" білмейтіні жоқ, аты шулы атаманға айтпай кету ― кешірілмес күнәмен тең. Америкада атом бомбасы жасалғанын алғаш рет Ақтұмақтың аузынан естігенбіз. Ауылдағы итсигектен дәрі-дәрмек шығаратынын да жеткізген осы. "Есейгенде шпион боламын", ― деп жүрегімізді ұшыратын. Ертеректе ақылды бір текесі бар екен. Сонысын ерттеп мініп, ар жағымыздағы "Қарауылтөбе" колхозының шешен балаларымен қиян-кескі ұрыс салғанының өзі таусылмас хикая болатын.

Арамызға темекі деген түленді әкелген еріңнің де өзі. Ауданнан бір қайтқанында беліне қызыл дорба байлап келді. Іші толған махорка. Шәпкесінің астарында қаттап алған газеті мен сіріңкесі бар. Темекіні орап алып, бұрқылдата көп тартқанда, жағаңды еріксіз ұстайсың. Аузынан, қос танауынан будақтаған көк түтіннің өзі бір керемет. "Керек болса, құлағымнан да шығарамын", ― деп одан бетер ынтықтырады. Жайшылықта жанынан шықпайтын біздер оның мына жаңалығынан кейін тіпті қалуды қойдық. Көңілі келсе, мысықтың мұртындай ғана темекі орап ұсынады. Көп беруге қоры бітіп қала ма деп қауіп қылатын. "Мұның өзі талай дертке шипа", ― деп те дәріптей түседі. "Түн ішінде жарқылдатып жүргенге не жетсін!.."

Жай ғана қызыққанымыз болмаса, жөнді тарта алмаймыз. Бар болғаны ― екі ұртымызды бұлтитып ауыздан шығару. Бұндай ысырапшылыққа атаман тарапынан кешірім аз.

— Ой, боқ мұрын неме, әкел бері, құр босқа қор қылмай, ― деп майлы құйрықтан бір теуіп жібереді. Сосын төніп келіп:

— Қане, лып дегізіп ішіңе тарт, барлығын түгел сорапта, ― деп әңгір таяғын ойнатады. Ащы темекіні қауып кеп қалғанымызда көгеріп-сазарып, біразға дейін есіміз жиналмайтын. Ондайда Ақтұмақ тым қатты қатуланып:

— Сенен, май берсе де, түк шықпайды, ― деп түйе мәтекті бір жосылтады да, ұсынған темекісін қайтарып алады. Шіркін, көк түтінді қалай болса да солай будақтатып, Ақтұмақтың көзіне түскенге не жетсін!..

Сол ұстазымның алдына келіп, интернатта оқитын ниетімді айттым.

— Шеуо, ― деді көзін сығырайтып. Бұл ― жақтырмаған белгісі. ― Таланайын деген екенсің ғой. Танауыңа жүгері тығып, табаныңа қағаз жаққанда білерсің интернаттың не екенін!

— Неге өйтеді?

— Неге өйтеді? Адам сабағанға әбден әдеттеніп кетсе ше!

— Мұғалім болыспай ма?

— Құжынаған жүлікке мұғалім қайтіп шақ келсін. Әрі-беріден кейін мұғалімнің өзіне арқаларын қасытып, аяқтарына су құйғызып қояр.

— Қойшы-ей!

— "Қойшы-ей!", ― дейді ол, ― "қойшының" көкесін көкала қойдай ғып, көзіңе көк шыбын үймелеткенде көрерсің. Мұрныңды бет, басыңды астау еткенде, "қойшыны" айтарсың.

— Сен көріп пе ең?

— Көргенде қандай! Атам екеуіміз ауласынан өте бергенде, аяқтарына пружина байлаған бес-алты бала бастырмалап көп берген. Жүгіргенде аттан озады. Біз бәйгі торымен әрең қашып құтылғанбыз. Қолына түскенде ғой, мыж-мыжымызды шығаратын еді.

Мен атаманның мына сөздеріне илана қойғам жоқ. Әсіресе мұғалімнен қорықпайды дегені көкейіме қонбады. Біздің Бейсекеңдерге қарсы шығып көрсінші, қарасын өшіріп жіберсін. Ол заман да бұ заман, ұстазына қол көтеруші ме еді...

Дегенмен, көңілге қорқыныш кірбіңі үйірілді. Тілі мен діні жат ортаға баратындай құлазыдым. Тіпті, оқымай-ақ, "қызылша тасысам да асыраймын" деп шешеме жалынғым келді. Ептеп отырып елегізген ойымды білдірдім. Шешем шошып кетті:

— Жағыңа жылан жұмыртқалағыр жуәрмек, өтірік айтады, елдің бәрі де сол жерден оқып жетіліп жатқан жоқ па?! Әлі-ақ өз үйің, өз табалдырығыңдай бауыр басып кетесің. Сүйем жер сыртқа шықпағандыкі ғой, болмаса барлық өкіметтердің ер жетіп, бұғанасы бекіген босағасы сол ара, ― деп, әлдекімдерді есіне алды. Сөйтті де: ― Табан етімді тартып жесем де оқуыңнан үзбеспін, ― деп бауырына қысты. Ертеңіне Әжібек деген финагенттің артына мінгестіріп, ауданға жіберді.

...Қамыс құлақты жирен бесті бүлкілінен танбай лыпиды. Үзілмей-қатаймай төгілетін жайлы бір аяңы бар екен. Сонысын босатқан жоқ. Қайық қимылындай жеңіл ырғағына қарамастан, Әжекең анда-санда "әйт, шу" деп тебініп қояды. Жүріс тілеу емес, әшейінгі әдеті болса керек. Ұзақ ойы әлденеге тірелгенде ғана әлгі сөзін қайталайды. Содан кейін қалың ой шуағына қайта шомады. Мен бармын ба, жоқпын ба, жұмысы жоқ. Артынан түсіп қалсам да аңғарар түрі байқалмайды. Ауылдан шыққалы тіс жарып бір ауыз сөз сындырмап еді. Ұйқылы-ояу, қалғыған кейіппен мүлгіді де отырды.

Аздан кейін мен де ойға кеттім. "Интернаттың балалары асық ойнар ма екен, ойнамас па екен? ― деген сауал туды. ― Ойнаса ғой, қорғасынды көк құлжамен қырып салар едім. Әттең, алшысының бір мұрты ұшып кеткелі тұрғыштау емес. Дегенмен, көздеген жеріңнен тиеді, шымырлығында айып жоқ... Ал егер бөрік теппекке шақырса ше? Несі бар, оны да көруге болады. Шәпкімнің ішіндегі дөңгелек темір тұрғанда не қам бар, жарыстыра жөнелгенде алдына тақия салмайтынына сенімім мол... Мүмкін, төбелесерміз дер. Ауыл итінің құйрығы қайқы, сырттан барған соң, сабап алуға доқ көрсетер. Әрине, ә дегеннен жұдырықтаса жөнелудің жөні келмес. Иектетпеу үшін күресіп баққан қисынды. "Әуп" деп жамбасқа алып, оған болмаса, қапсыра құшып, іштен шалып, қала берді жата беріске тастап, құр алақан еместігіңді байқатып қоюдың артықтығы жоқ..."

Әжекең оқыс тіл қатып, ой тізгінін үзіп жіберді. "Құдай рақмет етсін", ― деп бетін сипады.

― Қалай, қалғып кеткен жоқсың ба?

― Жоқ.

― Түсіп қап жүрме.

Ол "әйт, шу" деп бір тебініп қойды да, қайтадан үнсіз қалпына түсті. Дәркенбай бейіті аталатын төрт құлақты қорғанның түбінен өтіп бара жатыр екенбіз. Осы қорымды төрт-бес жыл бұрын су жаңа күйінде көргенім бар.

Күн батып, көз байланған апақ-шапақ кешқұрым еді. Ауылдың бір топ еркектері жоңышқа, жүгері, ұрпақ сияқты оны-пұныларды артып, базарға тартқанбыз. Менің бір қап шемішкем бар. Шешем мына кісілерге әдейі қосып жіберген. Базардың мойны қашық ― сонау Шу станциясында. Өгіз арбаның аяңымен таң азан жетеміз деген есеппен кешке қарай шыққанбыз. Қазір мына Әжекеңнің есінен мені қалай шығарғаны сияқты, олар да өздерінше абыр-сабыр, өткен-кеткенді соғып келеді.

— Шіркін, жігіттің арысы еді ғой, ― деп қойды Имаш дейтін қария кісі әлгі бейіттің қасынан өте бере. ― "Өлдің ― өштің" деген осы да.

Барлығы іштерінен күбірлеп, "тие берсін" айтты.

— Төрт жыл бойы бораған оқ астынан аман келіп, әлдекімдердің қолынан қаза тапқаны аянышты, ― деп Рауан өкініш білдірді.

— Өзі де өрт еді, өрттігінен кетті ғой.

— Қазасы қалай еді? ― деп, тау жақтан жуырда көшіп келген Найзабек сөзге араласты.

— Омырауы толы орден бола тұрып, әлдекімдер құсап шіренбестен, әскерден оралысымен колхоздың сиырын алмап па еді.

— Апырай десеңші! ― деп Рауан қайта үн қатты.

— Кейбіреулер көне шенелі тозғанша кердеңдеп, өкімет темір үй сап береді деп, шөп басын сындырмай жатқанда, мына азамат келе сап киілігіп еді-ау.

— Жұмыс десе, жанын салушы еді, ― деп Имаш сөзін жалғастырды. ― Жазғанның өлеріне көрінді ме, таңның атысы, күннің батысы малдың соңын бермеуші еді. Сөйтіп жүргенде бір қарасы кем шығып, осы Шу бойындағы өрісін қарайды. Дәл мына тұстағы Қосаралдың қуысында үш-төрт ұрының әлгі жануарды бауыздап жатқанының үстінен түссе керек. Екі күн өткеннен кейін балталанған күйінде тауып алып қайттық. Денесінің сау жері жоқ, өткір балтаның жүзі қолы-басын тілгілеп тастапты. Ұрыларда да үрей қалмаған-ау, бауыздалған құнажыннан бір жапырақ ет кеспестен қалдырып кетіпті. Қайран ер, содан қайтты ғой...

Осы әңгімеден кейін өлі тыныштық басты. Ересектер жағы аз-кем тыныстап қалды. Менің бойыма үрей кірді. Ырдуан арбаның шиқылы ғана ыңырси ілбіп, үн шығарады. Алыс батыста, қарауытқан қалың жыныс арасынан жамбастап бара жатқан жартыкеш ай Дәркембайды шапқылап өлтірген ұрылардың айбалтасына ұқсады. Сол баукеспелер бізді де торуылдап, тосып жатқандай сезіндім. Аздан кейін үлкен кісілер тағы бір әңгіме ырғағына көшті. Мен олардың не айтып, не қойып жатқанын ұққаным жоқ, есіл-дертім әлгі ұрылардың жауыздық әрекетінде болды. Бір бау жоңышқаны жарып жіберіп, ортасына кіріп, бұқтым да отырдым... Күздің түні қатқылдау, мұздай самал қойны-қонышыңа зәрдей тиеді. Әлсін-әлсін Шу өзенінің салқын лебі кескілейді. Кей жерлерге келгенде ошақ ішіне түскендей жып-жылы ауаға сүңгисің. Сонан кейін суық ызғар қайта бет қариды. Аспандағы жұлдыздар шетіне шоқ қойғандай жылт-жылт тынымсызданады. Ауық-ауық ауылдың иттері үреді. Даусына дейін танып жатырмын. "Гүмп-гүмп" үрген ― Тәжінің төбеті. "Шәу-шәу" шәңкілдеген ― Шақайдың қаншығы. Ал бақалардың қоңыр барқын үндері бір тынсашы! Бір сарын, бір екпінмен көтерілген қалың ырғақ Шу өзенінің түбін түсірердей. Тынбай соққан құрыл сарыны сапырылыса бүлкілдеп, шұрқ тесік шуыл желпиді. Екі құлағыңды бір ашып, бір басып, алма-кезек қайталасаң, той үстіндегі айтыс әуені талмаурап жеткендей болады...

Балауса кезімдегі бақалардың солқылдақ шуылы үнсіз қалған тым-тырыс шақтарымда сол ырғақ, сол бүлкілімен күні бүгінге дейін құлағымның түбінен естіледі... Бар болмыс, бар көрінісін сол бояу, сол күйінде қабылдайтын қаяусыз қаймақ күндер, қасиетті құшағыңа тағы бір орасаң нетті!..

...Әжекең екеуіміз аудан орталығынан екі айрылдық.

― Сенің баратын мектебің анау, ― деп қызыл үйді көрсетті де, өз жөніне кетті.

Мен жан-жағыма қарап, алға қарай жүрдім. Ары-бері ағылған көпшілік. Кімнің қайда баратынын біліп болмайды. Айқыш-ұйқыш жүргіншінің шеті жоқ сияқты. Соларға ілесіп, ішке қарай ілби бердім. Адамдардың аяқ астында андыздай шашылған шылым қалдықтарын көргенде, менен қуанышты пенде болмаған шығар, сірә. "Ақтұмақ қалай қызықпас екен" деген ой жүректі шарпыды. Жүгіре басып, шәпкімнің ішіне сүңгіте бердім. Қала халқының мұншама дарақылығы қайран қалдырды. "Қазбек", "Прибой", "Север", "Беломор" сияқты су жаңа темекілерді жартылай тартып тастай беріпті, тастай беріпті. Айналасы шай қайнатым аралығында ала шәпкіні лық толтырдым. Ары, базар басына жақындағанда, жартыкеш шылымдардың таусылмас кеніне кіргендей болдым. Шіркіндерде сауап деген болсашы!.. Оқтаудай шылымды ортасында дейін ғана шегіп, шиттей ғып шашып тастапты. Көпшілігін қайта сорттауыма тура келді. Асығыс алынған қысқа тұқылды қортықтарын теріп тастап, сайдың тасындай ірілерін екшей жинауды шығардым. Алғашқыдай емес, асықпай қарап, қарысқа жуық ұзындарын ғана таңдай бастадым. "Люкс" деп аталатын бір сорты бар екен, алтындалған жазуының өзі көздің жауын алғандай. Тұтатпастан ерніңе қыстырып жүргеннің өзі қандай жарасымды! "Не де болса, ауылдың балаларының аузын бір аштыратын болдым" деген қызулы қуаныш тамыр-тамырды қуалайды. Тасалау жерге отырып, телегей табыстарымды бас киімімнің шұқыр-шұқырына дейін тыққыштап алдым да, маңдайыма баса киіп, мектепке беттедім. Осыларымды ауылға аман-сау жеткізіп, кешке қарай көшеге жарқ-жұрқ тартып шықсам деген тәтті қиял көңіл түкпірінде ойнақ сап келеді.

Осындай көтеріңкі желік үстінде балмұздаққа тап болдым. Бұрын татып көрген дәмім емес-ті. Үйме-жүйме кезекке тұрған балалар қызықтырды. Дәмін білуге ниет қылдым. Шешемнің ала келерсің деп қантқа берген тиын-тебені бар-тын. Ептеп қана ышқырға қол сұқтым. Алды-артыма қарап, бір-екі сомын суырдым. Шпаналар қағып кетіп жүрмесін деп тапсырған шеше ескертуіне орай жасаған сақтығымның сиқы.

Мұздай қоймалжың аққа тілімнің тигені сол еді, түбіне қалай тірелгенін аңдамай қалдым. Мұндай шырын нәрсені бұрын-соңды жеп көрсемші! "Әй, үлкендер-ай, әлі де білмейтіндерің көп-ау. Қаншама өтіп жатса да көз қырларын бір салған жоқ. Мейлі, өз обалдары өздеріне. Бізге білмегендері жақсы. Әйтпесе, тәтті тағамға таласа шүпірлеген өңкей ши борбайларды былай қарай ысырып жіберіп, килігіп берсе, бізге кезек қайдан тисін. Қой, таусылмай тұрғанда тағы біреуін туралайын..."

Таңдай қақтырған тәттілік талай мәрте кезекке тұрғызды. Ышқырдың бір бойы босанып тынды. Бұлтиып документтер ғана қалды. Балмұздақтан мең-зең боп мектепке тарттым. Қалай екенін қайдам, шешемнің айта беретін "Барды-жоқты білмейді, бал тілейді тамағым" дейтін мақалы есіме түсті...

Есіктен ептеп қана сығалап едім, оны-мұны аударыстырған қағылез қара әйел жалғыз отыр екен. Ақырын басып ішке бойладым. Әлгі апай ә дегенде аңғармай қалды білем, қасындағы қалқиған мені көріп:

― Ау, кімсің? ― деп таңырқай үн қатты.

― Оқушымын.

― Қайдан келдің?

― Колхоздан.

― Қай колхоздан?

― Кербұлақтан.

― Қай класта оқисың?

― Төртіншіні бітірдім.

― Иә, сонымен.

― Интернатта оқиын деп...

Мен ышқырдағы документтерге қол сұға бастап едім, аз ғана кідіруімді өтінді.

― Оқушы болсаң, есікті қағып, қайта кел.

Мен тысқа шығып, есікті қақтым. Әлгі кісінің "да" деген даусы естілді. Жасқаншақтап ішке кірдім.

― Міне, мұның дұрыс. Оқушы әрдайым әдепті болуы керек. Енді бас киіміңді ал.

Мен ұялшақтап ала шәпкемді сыпыра бергенім сол еді, онсыз да тырсиып, әрең сыйып тұрған жартыкеш темекілер тасыр-тұсыр төгіле жөнелді. Құдай ұрып, есімнен тарс шығып кетіпті. Айнадай еден ә дегенше-ақ әлем-тапырық қоқысқа айналды. Жүрегім тас төбемнен шықты. Ышқырдағы документтерді қысыңқырап ұстап, қашуға ыңғайландым. Апайым үн-түнсіз. Осы қылықты өзі істеп қойғандай, екі көзі бадырайып шығып барады. Аздан кейін барып:

— Бәймен-ау, Бәймен, бізге бір керемет оқушы келіп тұр! ― деп әлдекімге дауыс қатты.

Ол кісі аяғының астына дейін шашылып барған шылымдардың бірнешеуін теріп, арғы бөлмедегі біреулерге көрсетуге түрегеле бергенде, есіктен елікше ырғып, зыта жөнелдім. Содан артыма бұрылғаным жоқ. Екі өкпемді қолыма алып жүгіре бердім. Қанша мезгіл қашқанымды қайдам, бір кездерде барып артыма қарасам, ауданның көк талдары дөңгеленіп алыста қалыпты. Екі иығымнан шаншылған солқылды біраз басып алдым да, ауылға жаяу тарттым. Содан қайта интернаттың бетін ашпадым. Балалық-ай десеңші, сонда қолқам күйгенше қашпай-ақ, жай ғана шығып кетуге де болады екен ғой.

...Ағытылған бұлақтай лап беріп, оқушылар үзіліске шықты. Әлгіндегі үнсіз ауланы мәре-сәре шуыл көмді.

Ана бір-екі бала есіктен сүріне-қабына турникке беттеді. Жүгірісіп барып, шыр көбелек дөңгелей бастады. Жанға етене, жақын көрініс! Әлденеше мәрте жығылып, жаурынмен жалп берген жер. Талай-талай таяқ жегізген тауқыметінің өзін сағынған секілдімін.

Бантиктері желкілдеген мына бір қыздар апыл-ғұпыл мак ойнауға кірісті. Үпір-шүпір кезекке таласқандардың сол қоңыр құмдақ алаңы, сөз жоқ, сан мың рет басып өткен шұбырынды ізімнің сүрлеуі. Бірақ дәл қазір: "Менікі, мен де ортақпын", ― деп айта алармын ба?

Тай-құлындай тетелес балаусалардың балдыр-бейқам тірлігі жүрекке жылы діріл ойнатты. Баяғы опыр-топыр, баяғы қызойнақ. Бірін бірі қуысып, бірін бірі итеріскен бейнелер ғана бейтаныс. Мен сықылды бөгде көз, сырт барлаушыға бұрылар назарлары жоқ. "Осы мектепте оқысаң қайтейін. Рақметіңді жаудырып жүре бермейсің бе? Тіленші құсап телмірген түріңе болайын. Мұндағы жұрт Құдайдың күнін санап, қашан құтыларын білмей азаптанса, арбалған торғайдай айналсоқтап тұрғанын қарай көр. Қой, ағайын, сіз бен біздің базарымыз басқа. Жолыңнан қалмай, жөніңді тап...", ― дейтін тәрізді.

Өздерімен өздері бейкүнә топтан тобықтай түрткі көрмесем де, әлденеге қапалық оралды. Тұла бойымды түсініксіз тәттілік шымырлатты.

Бір кішкене бала шаршы топтан жырылып, жасқаншақ кібіртіктеп, маған қарай жүрді. Ақырын қипалақтап, бас киімін шешті. Жүзі біртүрлі таныс секілді. Дөңгелек, шүңірек көздері жылы ұшырап, іші-бауырға кіріп барады. Сопақша шүйдесінен де әлдекімнің белгісі аңғарылғандай.

― Кел, кел, айналайын...

Ол титімдей саусақтарын ұсынып:

― Мен сізді білемін, ― деді.

― Қайдан білесің?

― Біздің үйде көкеммен бірге түскен суретіңіз бар.

― Көкең кім?

― Әлдижан.

Енді жыға шырамыттым. Менімен түйдей құрдас, жөргектес жолдасымның кейпі. Тұрған бойы әкесінен аумай қалыпты. Алғашқы бөбектерін осындағы әпкесіне бергенін естігенім бар-ды. Сол тұңғышы болса керек.

― Азамат екенсің, атың кім?

― Қуаныш.

― Жарайсың, Қуаныш, қай класта оқып жүрсің?

― Бірінші.

― Көкең келіп тұра ма?

― Жамбылдан кеше келген.

― Ауылға кетті ме?

― Қазір маған морожный әкеледі.

― Осында жүр ғой?

— Ана жақта, ― деп көшенің арғы бетін нұсқады. Сөйтті де, соғылған қоңырауға ілескісі келмей, ары-бері бұлғаңдап, айналшықтай берді.

— Сабағыңа бара ғой, Қуаныш. Мен қазір көкеңді тауып келемін. Бәріміз морожный жейміз.

Ол қуана басып, монтаңдай жөнелді. Көкесінің уәдесін күтіп, қимай тұрса керек. "Әй, қайран балмұздақ-ай, әлі де тәттілігін қоймапты-ау!.."

Әлдихан көп іздеткен жоқ. Кітап дүкенінің тұсынан қорбаңдап шыға келді. Бала кезіндегі болпаң денесі іріленіп, қатты толған екен. Аяғын басқан сайын ауыр тұлғасы екі жағына алма-кезек ауытқиды.

Мені алыстан таныған ол:

— Мынау Қалау ма ей, қайдан жүрсің адасып, ― деп қапсыра құшты. ― Біз көріспегелі қашан?..

— Қарнына қап байлаған қай таныс десем, сен екенсің ғой. Мынауың не, бауырым? ― деп жұмарланған ішінен түрткіледім.

— Жоқ сұмдықты айтпашы ей, ― деп қайта құшақтады. Белімнен қысып, шыр көбелек айналдырды. ― Әлі сол студент қалпың ғой. Қашан келдің?

— Түскенім осы.

— Иә, жағдай қалай?

— Жаман емес, өз халің ше?

— Ептеп жүріп жатырмыз. Обкомға ауысқанмын.

— Естігем. Айлық қанша?

— Бәрібір, студенттік өмір төңірегі. Авансқа дейін қарызданып қала береміз. Жұмыс бабы қалай?

— Бұрынғыша. Демалысқа шықтым.

— Мен де бір-екі күн командировкаға келіп ем. Әлі үйленген жоқпысың?

— Реті келген жоқ. Ауылға соқтың ба?

— Бүгін барамын. Өзің ше?

— Сенімен бірге жүремін.

— Мектепке бұрылып кетейік.

— Қазір шықтым. Сенің ұлыңды көрдім.

— Қуанышты ма?

— Дап-дардай жігіт боп қалыпты.

— Қалай таныдың?

— Өзі кеп сәлемдесті. Екеуіміз біраз әңгіме шерттік.

— Пысығын қарай гөр!

— Өзіңе тартқан ғой. Балмұздақ алдың ба?

— Содан басқа шаруам да жоқ.

— Оқуы қалай?

― Біріншінің программасы сондай қиын. Қайтіп үлгіріп жүргенін қайдам...

Әлдихан оқуға зерек еді. Бір үндемесе, етінен ет кесіп алсаң да аузын ашпайтын қыңырлығы да бар-тын. Бірде тарих пәнінің мұғалімі мұны тақтаның алдына шығарып, әлденелерді сұрай бастады. Мынада үн жоқ. Оқытушы қанша шұқшиғанымен, ләм-мим дыбыс жармады. Қасарысып, айылы жиылар емес. Мұғалімнің жыны қозды білем:

— Әй, Қалдыбаев, неге жауап қатпайсың! ― деп орнынан тұра тап берді. Әлдихан сонда ғана барып:

— Әкемнің іші ауырып қалса, қайтейін енді? ― деп бөлмені басына көтерді. Кластың ішін қыран-топан күлкі көмді... Мен әлгінде Қуаныштың оқуын сұрағанымда оның осы қылығы есіме түсіп еді. Мұны ол сезген жоқ. Күлімсірей жүзіне қарағаныма қорбаңдаған құшағын жайып, тағы да бауырына тартты.

Өзеннің осы тұсында көпір болушы еді. Ауылдың атты-жаяулысы қылт ете түсетін қолайлы қатынасты. Неше жылғы үзбей шұбырған үйреншікті сүрлеудің сағынышы көптен өзіне тарта беруші еді. Талай-талай түбіне жасырынып, сабақтан кешеулеп қайтқан қыздардың зәре құтын алған кездерімді еске түсіргенімде, көкірегімді шымшыма сезім шуағы қытықтайтын. Ернеуіне жазылған есепсіз жазулар ат жалын енді ғана тартып мінген бозбалалар жайындағы дастан тәріздес еді. "Пәленше мен түгенше жақын", "Пәленше ― менің махаббатым" сияқты қолтаңбалардан көз сүрінетін. Ауылды аңсаған шақтарымда сол ыстық мекен шырақтай білтеленіп, көңілді алдымен баурайтын. Мен Әлдиханның алдырып тастаған дегеніне көнбестен әдейі келдім... Жалаңашталған өзен су ер-тұрманын сыпырған сәйгүлікше сылаң қағады. Әр жерінен ойыла үңірейген ойдым-ойдым қазан шұңқырлар шымырлап қайнап, жым-жылас ғайып болады. Ирек-ирек иірімдер қолдан түскен сақинадай дөңгелене кеп, гүмп береді. Бірін бірі итерісіп, жығыла-сүріне аптыққан ағыс беті шұрқ тесік. Мен ақырын еңкейіп, бір уыс толқынды уыстадым. Жабайы ағын сынаптай сусып, қайта секірді. Қытығына тигендей бұлқынып түсті. Қанша қарағанмен қайырылмас балалықтың қылаудай белгісі жоқ. Көпір болса, көп жәйттермен қоян-қолтық кездесердей елегізу білінді. Көңіл түкпіріндегі қандай да бір нәзік өткел майысып барып сынған сияқтанды...

― Мына бет түгелдей қызылша, ― деп Әлдихан ой бөлді.

― Бұрынғы шабындық жоқ десеңші?

― Қайда, сонау Көктөбеге дейін егістік орны.

― Суды қалай шығарды?

― Тасөткелді байламады ма. Бізден арғы колхоздардың бәрі содан ішеді.

― Жаңа көпірі анау ғой?

― Қандай қатырып салған, ә!..

― Жаман емес.

Маған салса, бұрынғысынан озары қайсы. Көрмедегі бәйгі атындай керілген жаңа көпір әсерсіз, жат. Ауылмен тұспа-тұс, өкпе жол емес. Айналмалы қашықтығы да шаруаға солақай. Оның үстіне, таныстығы кем, ыстық суықты қызығы беймәлім. Дауласуға дайын пікірлерімді ортаға салмай, ішке іріктім...

Жаңа жолмен өту үшін жоғары көтерілдік. Өзеннің бойы өрімдей майса. Шабындықтың енді ғана сүт байлаған уағы. Ораққа дейін қанша әлі! Әдет алып қалған арқа мына көкті көріп қозайын деді. Құлаққа кірш-кірш шалғы сыбысы естілгендей.

Бел бекіп, бұғана қатайғалы қасында ержеткен қасиетті мекен ғой. Қанша шапсаң да мұрты ойылмайтын ну шалғын болушы еді. Шөбі қандай жұғымды! Қақаған аязда гүл иісі аңқыған көк балаусаны күртілдете шайнаған жануарларға қарап тұрудың өзі бір ғанибетті. Мал емген кісіге шөп жинаудан артық не бар? Жаз бойы жал жалды қуалай, бау-бау дестені шөмелелеп, тырбаңдайтын да жататынбыз.

Соңғы рет қай жыл еді?.. Иә, онда да осы Әлдихан екеуіміз болатынбыз. Университетке енді ғана түскен кезіміз. Әй, бөстік-ау келіп! Осы күні есіме түссе, қысылғанымнан бетімді басамын...

Әлдихан екеуіміз ат шаптырым ауылға әзер сыйып жүрміз.

— Ой, біздің екі бала оқуға түсіпті. Қыран топты жарып шығыпты. Жігіт деп осыларды айт, ― тәріздес мақтау сөздер дүмпитеді де жатады.

— Ауылдың абыройын жібермеген азаматтар ғой, ― деп Мұсабек көтермелесе;

— Оқу деген оңай ма, қарашы, бір айдың ішінде сылынып түсулерін, ― деп Қара апам аяныш білдіреді.

— Оқуларың не оқу? ― деп сауал қойғандарға шімірікпестен:

— Басшы қызметкер даярлап шығарады, ― деп қосарлана жауап қайтарамыз. Онымен тұрмай:

— Бір орынға жүз баладан таластық-ау! ― деп қосыңқырап жіберсем, Әлдекең килігіп:

— Ол алты облыс бойынша екеуіміздің ғана атымызды атап, маңдайымыздан сипағанын қайтерсіз, ― деп шыңғыртып салады.

Өстіп қошемет буына балқып, аяқты алшаң-алшаң тастап жүргенімізде, Әлдиханның әкесі шақырып алып:

— Қой, былқылдағандарың жетті әбден. Құр кердең ауқат бола ма? Барыңдар да шөп шауып келіңдер, ― деп зеку айтты.

Шалғымызды арқалап, өзенге келдік. Дегенмен, масаттық буы тарқар емес. Ауылдың бәрі көтере мақтап, көңілімізді көксітіп қойыпты. Көк майсаның ортасына отырып алып, екеуара езуіміз көпіргенше мақтандық.

— Қауқа, өзің айтшы, біздің жеті атамызда оқу көрген, қалаға барып тәлім-тәрбие алған ешкім бар ма? Әрине, жоқ! Сен екеуіміз. Үрім-бұтағымыз бойынша білімге даңғыл жол ашқан алғашқы қарлығаштармыз.

— Әлдеке-ай, несін айтасың! Айды аспанға бір шығардық қой. Сен сияқты сиыршының, мен сияқты қызылшашының баласынан білдей оқымысты шығады деген кімнің ойында бар?! Көз көріп, құлақ естімеген ерлік екені рас!

— Екеуіміз де етіміздің тірілігінен түстік. Әйтпесе, анау Зәукетай мен Егеубайдың балалары қайтып келді ғой сүмірейіп. Енді олар қой бағып, қызылша тасымағанда, не істейді дерсің?!

Әлдижан даланы басына көтере қарқылдап кеп күлді...

— Біз оқу бітіріп келгенде, машинамызды айдайтын шоферлыққа жараса да жақсы!..

Екеуіміз шиық-шиық тағы күлеміз.

— Енді ауылдағы қыздардың бәрі біздікі, Қауқа. Каникулға келгенімізде қылымси көлбеңдеп, үйіміздің қасынан шықпайтын болады әлі, ― деп масайрай түседі Әлдекең. Көресің ғой, біз үшін қанша қыздың қырық пышақ боларын!..

— Енді олар қайда қашар дейсің!..

— Атабектің оныншыға биыл баратын кіші қызы бар ғой. Құрықты соған саламын. Бұлқынып көрсін, пәтшағар! Қалаша киініп, көзге қара көзілдірік тағып, ойнақтап шыққанда өзі-ақ келіп мойныма оралмаса, әкел қолыңды!

— Мен де мұздай киініп алар ем, сары сиыр өтпей, уайым боп жүр.

— Оған қам жеме, Қауқа. Жездемнің Шуда сарт саудагері бар. Баласы өскелі тұр десе, өзі үшін-ақ дүкенінен алады. Ақшаңды қалтамда дей бер.

— Мынаны Аралбек, Дүйсен сияқты қара шаруалар тауып алып, қызықсын, ― деп, бос ыдыстарды Әлдекең ары қарай лақтырып жіберді. Көлеңке көбейіп, кеш түсті. Біз ауылға өлең айтып кірдік...

— Ана жылғы бөтелкелерді іздесек қайтеді, Әлдеке?

— Бөтелкелері қайсы?

— Есіңде ме, оқуға түскен жылғы?

— Әй, сенің де ұмытпайтының жоқ-ау. Әлдеқашан құрыған шығар.

— Жүр, қарап көрелік.

— Қойшы, соған бола жолдан қаламыз ба?

— Атабектің Шырыны қайда қазір?

— Қай Атабектің?

— Төре Атабек ше...

— Құрық салам деуші ең ғой.

— Балалық қой бәрі. Шындығында құрғырдың көзі әдемі еді. Әсілтайды білесің ғой, ә?

— Наурызбайдың қызы ма?

— Соны айтамын.

— Е, бізден бір класс төмен оқымады ма?

— Өткен күзде қайтыс болды.

— Қалайша?

Менің төбе тамырым шымырлады.

— Қызылша жинайтын комбайннан кетті. Түбірлерді тазалаймын деп еңкейе бергенде, шашы дискіге оралып, ары қарай тартып әкетіпті.

— Апыр-ай, а?..

— Өзі де аты ауданға абыройлы қыз еді ғой. Арулап, жақсы жөнелтті. Ана көрінген соның бейіті, ― деп ауыл шетіндегі қорым жақты нұсқады. Алыстағы ақшыл мұнара балқып еріп, қозғалғандай көрінді... "Армысың, Қалау құрбым! Ауылға сирек қатынайтын боп кеттің ғой. "Туған жер ― алтын бесік" демеуші ме еді. Менің қайтқанымнан да бейхабарсың. Келіп-кетіп тұрсаң, болмай ма? Мені қойшы енді... Ана жалғыз шешеңнің жағдайын ойласаң нетті! Қашанғы қарақан басыңның қалауымен жүрмексің. Әлде болса ойлан, құрбым..." деп сыбырлаған секілді. Тұла бойымды темірдей суық леп қарып өтті. Шешемді өз звеносының қарауына алғанын, үнемі қолғабыс тигізіп, кей күндері біздің үйге түнеп кетіп жүретінін анамның көршілерге жаздырған хатынан білетінмін. Бұған терең мән берген емеспін. Замандас зиялылығы деп түйгенмін. Мүмкін, солай да шығар... Әйтсе де, мезгілсіз кеткен қайырымды құрбының көз алдыма келген күнәсіз бейнесі соқа бастылығымды жазғырған сияқтанды. Ақырын-ақырын көзімді жұмдым. Қатар жанған көп шырақтың біреуі елп беріп, сөнгендей болды...

Үйге қызыл іңірде келдім. Әлдихан екеуіміз ертең кездесетін болдық та, екі бөліндік. Кейін қайта көтерілген көне там жермен-жексен, басыңқы. Тізерлеп, еңкіш тартқан. Бойыммен пара-пар, пәс. "Жалғызіліктің күні осы ғой..." Көзіме лықсып жас тірелді. Күні бүгінге дейін осыны ескермеген есерлігім еңіреумен тынғалы тұр. Өзімді өзім әзер тежедім.

Ақырын терезе жақтауын қақтым. Оны-пұны аударыстырып отырған шешем орнынан қалбалақтап атып тұрды.

— Бұ кім?

— Мен ғой, Ереке.

Мен шешемді есімімен атаймын. Алдымда әжем болмаса да, еркелікпен басталған әдет әлі күнге қалған жоқ. Екеуіміз жеңгелі-қайынша әзілдей береміз... Мені бірден сезді ғой деймін, апыл-ғұпыл тұра ұмтылды.

— Ой, кішкентайым, күнім, алтыным!..

Қолымды жас жуып кетті. Қос қолдап алып, сүйіп жатыр, сүйіп жатыр. Не айтып, не қойғанын өзі де білмейтін болса керек. Сәбиге лайық еркелі сөздерді шұбыртып жүр.

— Күн жарығым, өшпес сәулем, алтын басым... Қайдан ғана жарқ ете түстің. Дені-қарның сау ма?

— Алдымен үйіңе кіргізсеңші...

Ес қалмаған сияқты. Сүріне-қабына домаланып, күбірлей сөйлеп, ішке кірді. Табалдырықтан бір сүрініп те алды.

— Жарықтық-ай, мынаусы несі ілініскен...

Аяғына оралған сыпырғыны төрге қарай лақтырды.

— Кішкене қуанышым менің, азып қалғансың ба? Ауылыңнан қашан шықтың?

Менің жауабымды күтпестен, қолыма тағы жармасты.

― Болды. Әбден сілекейлеп тастадың ғой. Өз халің қалай?

― Қал деймісің... Несін сұрайсың?..

Шешем шүйкедей шөгіп, сөз айта алмастан, жасына булықты.

Әзілмен басуға тырыстым:

— Жә, бойжеткен кемпір де өсти ме екен. Бүйте берсең, бір шал тауып берейін, қолыңды жылы суға малып қойсын.

— Сүйегімді сүйретіп, мен қайтейін қу бас кәріні. Одан да бір ақ жаулық түсіріп берсең, болмай ма?

Шалды айтам деп шымбайына баттым. Өз қақпаныма өзім түскенімді аңдамай қалдым. Айтып отырған ақ жаулығы ― екеуіміздің де жанды жеріміз. Бірімізге біріміз білдіртпейтін жасырын жара. Бұл менің айыбым болса, шешемнің қол жетпеген ұшар арманы. Оның жылап-сықтауының шынайы сыры мен менің қашқақтап, қара көрсетпей жүруімнің мән жапсары осы түйіннің шешілмеуі... Салмақ көтермес жұқалаң көпірде бас түйістік. Осындай қысылтаяң жерді пайдаланған шешем қашаннан әзірлеген қармағын лақтырып отыр.

— Денсаулық болса, бәрі де болар, асығып қайда барасың?

— Не қылған денсаулық. Басым еңкейіп, жерге жеткенде көрем бе сенің қызығыңды?! Бақтым, қақтым, адам еттім. Өз қолың өз аузыңа жетті. Біздей кемпірлердің алды немере сүйіп, емініп отырған жоқ па?..

— Өсіргеніңді міндет қылайын дедің ғой? ― Ұялған тек тұрмайдының кері. Тіктеп келген ана ашуын әзілмен сейілтудің әрекеті. ― Қажет десең, ақысын төлейін.

— Ақысы сол ― селтеңдемей, серік тауып бер. Жасың отызға келгенше оймақтай ақыл кірмеген не деген пендесің?! Бұл жүрісің не?

— Құп, тақсыр. Ертеңнен бастап әміріңді орындауға кірісем.

— Осы да өмір ме екен?..

Ақырын аймалап, иығынан құштым. Иегі кеукиіп, бет-аузы бір-ақ уыстаныпты. Әрі-бері шимайланған әжімдері құрсаулап, әрең ұстап тұрғандай. Лайлы жанарының шұғыласы сынған, солыңқы... Жаулығының ұшымен көз жасын сүртті. "Әй, менің де оңар қылығым шамалы-ау!.."

— Сонымен, халіңді айтпадың ғой?

— Мені қойшы, өз қазаным өз бауырымда емес пе. Өз тірлігің ше? Тамақты қайдан ішесің?

— Не көп, асхана көп қой.

— Өкіметтің тамағының қайбір қуаты бар дейсің. Өңіңді қарашы, боп-боз. Неше күнге келдің?

— Біраз күн аунап-қунайтын шығармын.

— Елдің балалары ауылға-ақ кеп, бір-бір қызметтің басын ұстап жүр, қаладан шықпайтын қандай оқу сенікі!

— Жұмахан оқуын бітті ме?

— Қайда, былтырдан бері опырауләуши. Ет пен май соның аузында. Не ішіп, не қоям демейді. Сарайдай қып алты бөлме үй сап алған. Ісіне берік, пысық бала ғой.

— Сайлау ше?

— Әй, сенің со жолдасыңды қайдам. Қызметі тәп-тәуір. Ақша беретін жерде істейді. Онысын қайтейін, тапқан-таянғанын құлқынына сап, қарап отырғаннан кейін. Түнеугүні пенсиямды алуға барсам, удай мас. Ләйліген шіркінде не қасиет бар?.. Сені сұрап, жан тәні қалмады. Бекер обалы не, Қалауымның жолдастарының бір де біреуі алдымнан қия баспайды. Сәлемін беріп, жалпаңдап жатқаны.

— Биыл не ектің?

— Жоңышқа септіре салдым. Былтырғы жүгері бітік шығып еді, көршінің қара сандары-ақ қоймады. Қайсысына қарауыл боласың, бақташы жоқ, кезектесіп жаямыз. Жаңа жоңышқа ғой, жаман болмас. Өткен қыс қандай, әрбір бауы бір сомнан асты. Мен де тапқан-таянғанымды кәдеңе жарап қала ма деп жинақтап жатырмын-ау...

— Солай, солай де...

— Жағдай осы, қарағым. Ел аман, жұрт тыныш. Біреуден біреу озам деген заман ғой, әйтеуір. Қыбырлаған жанның бәрі қаракет үстінде. Қол қусырып жүрген бір адамды көрмейсің. Ертең көрші-қолаңдарға кіріп, үлкен-кішіге сәлемдесіп шық. Өлген-жіткен бар дегендей... батасын аласың. Қой, мен не ғып отырмын жайбарақат. Қарның ашқан шығар, ас әзірлеп жіберейін...

— Әуре болмай-ақ қой.

— Әуресі несі, туған табалдырығыңа келіп, түк татпайым деуің қай сасқаның?..

Шешем ас қамына кірісті. Үй іші тап-тұйнақтай. Жер еден толы айшық түсті көкала киіз, жасыл құрақты төсеніш бөстек. Төрт қабырға түгел қызыл-күрең қол бала сырмақ. Бояуы төгілген батсайы көрпелер біріне бірі мінгесіп, төбеге дейін тіреліпті. Шілтері сілкінген терезе перделері де жарасымды. Беті қапталған ескі абдыралар темір тіс салдырған кәртең кемпірдей жымияды... Көңілім біраз сергиін деді. Сыры кетсе де, сыны кетпеген шеше тіршілігін ойлап жатып ұйқыға кетіппін...

Ертеңіне абыр-сабырдан ояндым. Ауызғы бөлмедегі екеудің даусы қан базарға бергісіз. Дабыр-дұбыр көшіріп барады.

— Қалауың кеп, көзайым болдың... Тышқандай тыққылаған шығарсың сүрлеріңді. Қарындағы майыңның аузын аш. Сығырайып, сынаптай сақтаушы ең, ақтар бәрін. Әйтпесе, жарып тастаймын!..

Даусынан танып жатырмын. Әсембала әпкем. Маған кіндік шеше.

— Әй, байғұс-ай, мен бір арқалап кетеді деймісің, бұрылуға мұрша берсеңші.

— Бүгін саған тыным таптырмаймын. Жалғыз өзің жей-жей тісіңнің сарғайғаны да жетеді. Шаш жиған-тергендеріңді.

— Ол ненің ақысы?! Жаман інің қатын алып келгендей елеурегенің... Жәй келгенге бүйтесің, біреуді жетектеп әкелген күні қай жанымды қояр екенсің?..

— Жә, көп сөйлеме! Көрінген таудың алыстығы қайсы. Әлі-ақ шұбырған немерелеріңнің қайсыбірін жұбатарын білмей сасарсың.

— Ондай атты күн, кәне?..

— Тәйт, қу шөппен сүртінбе. Өзіне өзі келгені жаңа ғой. Келініңнің бір аяғы үйде дей бер.

— Аузыңа май, айналайын...

Ар жағынан әпкемнің күйеуі Дәмбай кірді:

— Ә, Ермек, балаң кеп, бал-бұл жанып отырмысың? Жүзің құлпырып кетіпті ғой!..

— ІІІүкіршілік, қария. Құдай қуантса, қуанып жатырмыз. Келіңіз, төрлетіңіз... Ойбай-ау, жалпиып өзім жайғасып аппын ғой, жоғары төрлеңіз.

— Жоқ, осы ара болады. Жәй, әшейін, Қалау келді деген соң...

— О не дегеніңіз, былай шығып, етек басыңыз. Шай ішіп барасыз да.

— Тентек неме қайда өзі? Қой бастаған жалғыз серкемді қалжасына беріп ем, қаруын қайтара ма, жоқ па?..

— Қайтады ғой, үлкен кісі. Жаны аман болса, қайтарады ғой.

— Әй, өзі де малдың естісі еді-ау! Қарағайдай мүйізінің өзі бір қараға татитын. Талай әктипке соймай қойған жануарды Қалаудың туған қуанышына өңгертіп жіберіп ем. Бұл шіріктер қайдан білсін...

— Атам заманғыны даулап, алжиын деген екен мына шал, ― деп әйелі сөзге араласты.

— Е, неге, малымның басы, тұяғымның құтын бергенімді қалай ұмытайын. Пай-пай, желкілдеген сақалының өзі бір кез еді ғой...

— Түу, сен де сықпырттың-ау!.. "Тойда тонымды бер" демей, тыныш отыршы...

— Мейлі, шамалы шыр байлай берсін бұл қызталақ. Кейін құттықтап келіп, көк қасқа құнанын мінемін.

— Е, осылай жөніңе көшсеңші...

— Қалағандарыңды алыңдар, айналайын. Қалаудан аяйтын нем бар менің.

Ана жүрегін күлдіру үшін көп нәрсенің керегі жоқ-ау, сірә! Шешемнің көңілі мәре-сәре. Қарақан басымның келгеніне мәз. Қуанғанынан болса керек, қолындағы ыдыс-аяғы қайта-қайта қаңғыр етіп, әлденелерге сүрініп-қабынып жүр... Дабырласа отырып, дәм ауыз тиді. "Кейін соғармыз, ұйқысы қансын", ― деп, келген екеуі үйіне кетті. Мен киініп, тысқа шықтым.

— Түрегелдің бе, құлыным! "Кәңкілдек" жәкемді шақырып, қойдың басын кестіргенше жата тұрсайшы...

— Жаттым ғой.

— Жуынам десең, шәугімде жылы су тұр. Сабының мен сүлгің анау. Мен жүгіріп барып келейін. Өйтіп-бүйткенше шаңқай түс болар.

Шешенің жанашыр мейірімі-ай!.. Күн ыстық, жер қарада жылы суын айтып жатыр. Маған арықтың ағыны де жеткілікті ғой...

Қаумалай көтерілген жасыл жоңышқа киіздей бұйраланып, қозы жасырып қалыпты. Құлақтарында ойнаған қалың шық шырақтары күн көзіне шағылысып, мөлтілдек жарқыл сәуле төгеді. Аунап түсіп, асыр салғандай. Солқылдақ жас шыбықтар саясы мол талға айналған. Топырлаған торғайы шырылдап, тәкаппар теңселеді. Әтір лебіндей майыса аңқыған жұпар ауа ― жиденің иісі. Сары уыз балапан бүршігі білінбей сілкініп, бойыңды алар бал тыныс желпиді... Есіктің көзіне егілген күнбағыс жапырағын қалтитып, енді-енді тебін жарыпты. Тәлтіректеп түрегелген әлжуаз түріне қарап, енді біраз күннен кейін бастарын қазандай қып, дене көтеретініне сену қиын. Сәл тисең, сынып түсердей нәресте нәзік. Іргені кесіп иірімі дірілдеген жіңішке су ағып жатыр. Қоқиланған шұбар қораз тұмсығын жерге соққылап, тынымсыз қыт-қыттап, мекиендерін шақырды. Сондағы тапқаны ― мұрты кеткен бір түйір бидай...

Амандасу Қара апамнан басталды. Ныспысының кім екенін қайдам, ес білгелі "Қара апам" дейміз.

― Қай баласың, әке?

― Қалаумын, әже.

— Қалауы қайсы?.. Ә... "Қыршылдақ" қайнымның күшігі екенсің ғой. Жақында арбадан құлап, аяғын ауыртып алды деп еді, айығып кетті ме? Кішкентайларыңа да құтты болсын айта алмадық. Мына көк түйнектерден-ақ қарға адым асып шыға алмайсың. Арқандаулы аттай, айналдырғаның қара қазанның құлағы. Бөпелеріңнің атын кім қойдыңдар?

Байқаймын, басқа біреумен шатастырып, маған бейтаныс бірдеңелерді бастырмалатып барады. Аузымды ашқанша болған жоқ:

— Өкімет болғандарың өздеріңе пайда, біздікі жәй сырт абырой ғой. Ауданға барып, бастық болды дегенге, үйде отырып қопаңдап жатырмыз. "Қуыс үйден құр шықпа" деген, дастарқан ауыз ти.

— Мен Қаржаубайдың баласымын, әже!..

— Е, түйеші жәкемнің тұқымы болдың ғой. Түйірдей ес қалды деймісің бізде? Апаңның алжыған шағы ғой. Таудан қашан түстіңдер? Тұраш келіннің дені-қарны сау ма?

— Әже, мен бөкей Қаржаубайдың баласымын ғой...

— Алда айналайын-ау! Алжыған басым, не тантып тұрмын? Атаңа құлдық, кішкене құлыным бір аунап түскен болар. ― Көзіне қиқым жас үйірді. Сөйтті де, маңдайымнан иіскеді. ― Қаржауымның қалқасы ма едің? Қандай боп жүргенде көрген көсегесі ең, көзінің тірілігіне тәуба. Түтінін түтетер тұяғы тұрғанда, Қаржауымды қалай жоққа қияйын. ― Кешегі ұрыстағы қыршын кеткен көп інілері көңіліне оралды ма, кәдімгідей кемсеңдеп алды. ― Қашан келіп ең, құлыным?

— Кеше келдім.

— Ермек жазған бір жасап қалған екен ғой. Жалғызым дегенде жағасын жас жуушы еді, кемтігі толды деген осы енді. Кебенек кимеген ерінің артынан ергені ер жетіп, ер басын ұстапты. Қағанағы жарылмай қайтіп қана отыр екен, қу шеше!.. Қой, үйге жүріп, дәм татып кет, қарағым. Зымырап бара жатқан заман-ау, шіркін...

Белі бүктеліп, ішке беттеді. Есік аузындағы жалаңаш қарын балалардан басып кіру қиын, үпір-шүпір қаумалайды. Біріне бірі тығылып, кіре берісті кептеп алыпты.

— Жоғалыңдар әрі, қара күйеше құжынамай. Шүлен тарқатқандай өре түрегеліпті ғой, түге...

Кемпірдің қоқан-лоқсысынан қаймығып жатқан қара борбайлар жоқ. Жапырласып, көздері мені тесіп барады.

— Ағаң мен жеңгең жұмыста. Ала жаздай үй бетін көрмейді. Колхоздың күйбеңі тынған ба, шиеттей балалармен жағаласып апаң алжыды әбден. Оның үстіне, белімнен шойырылып, қозғалуымның өзі бір мұң. Көз құрғырдың құр жылтырағаны болмаса, құрық бойын әзер шалады.

Дастарқан жайылып, бір-екі жапырық көмбеш туралды.

— Бас жейтін де ретің бар. Есік төрді көрмегенің қашан...

Үйленбей жүргенімді жазғырып, біраз мәслихат қозғай ма деп ем, иманды болғыр қара апам, о жағын түрткілеген жоқ.

— Қарап отырғанымыз екі баланың табысы. Біріне жетсе, біріне тапшы. Мына мұрынбоқтардың ырысы ғой, бауырыңның бет алысы жаман емес. Былтырдан бері үшетшік боп істейді... Наннан алсаңшы. Бибігүл-ей, ар жағыңнан мәмпәси әкелші... Әлгі тәтті суың болса, ағаң мен жеңгең келгенде ішерсің.

― Болды, жетеді ғой, әже.

Жаңағы жасаулы топ сол тізбегімен үйіріліп, босағаны басып алған. Жанарлары жылтылдап, мен жақтан назарын алар емес.

— Балалардың аузы ақтан арылмаушы еді, қара құнажын қара басып қысыр қап қойыпты. Өткен демалыста базарға барған екен, бұзаулы сиырға әкесінің құнын сұрайтын көрінеді. Күрең қасқа биені Сәрсенбай ініңнің оқуына жаратқанбыз. Жамбылдағы іністутқа түскен. Оқығаны құрысын, ай сайын ақша сал деп жалмаңдайды да отырады.

Мен орнымнан түрегелдім. Жапырлаған жалаң аяқтар сүріне-қабына тысқа лықсыды.

— Жүрдің бе, әке? Жайланып, шәй ішіп кетпедің бе? Жолыңа нұр жаусын, айналайын! Мені ескерсең, әруақ құдай сыйласын. Әдейі келіп, қолымды алғаныңа рақмет! Өмір бақи жамандық көрме, құлыным...

Кішкене қара сирақтар артымнан топырлап, біраз жерге дейін шығарып салды.

...Әлдиханның әкесі сырықтай ұзын сары кісі. Біздің елге күйеу. Сексеннен асып, селкілдеген шағы. "Жасында арақты судай сіміруші еді қу құлқи, қолының қалтылдап қалғаны сондықтан", ― деп ауыл адамдары жездесіне береді. Кәрілік меңдеткенмен, сүйегіне біткен сүйрік сөзі қалмаған екен.

— Е, сұр бойдақ, келдің бе, пенсияға шыққанша әйел алма, атасының көрі... Ақшаңа ортақ албастыны қайтесің!.. ― деп әзілмен сәлемдесті. Алқымға дейін қатпарланған терең әжім сүрлеуін көргенім осы. Тілім-тілімі түзу болса, бір сәрі. Төрт бұрыштанған, кей жерлері дөңгелене тартылған қым-қиғаш шимай. Шіркей қонар ашыңқы алаңқайы жоқ, кедір-бұдырлы қисалаң ирек. "Бетіне қалай батпай жүр?" деген сауал еріксіз ұмсынады...

— Жолдасың мынау, бір қысқа көйлектің бөксесіне тығылып, туған-туыстың бетін көрмей жүрген. Бұл қызыңды ұрайындарды өкімет несиеге істете ме, әлі күнге дейін көк тиынын көрген емеспіз. Қайта, келген сайын көже қатығына дейін тіленіп, осы үйден тасиды. Бүйткен өкіметтігіне болайын...

Әлдихан маған көзін қысты. "Қайтесің, айта берсін" дегені. Қушиған шал жорта жоқпен сүртініп отыр. Баласының болымды жерде істейтіндігіне сүйсінгенінің белгісі. Әдейі даурықпалатып, далиған көңілін көлегейлеу тәсілі.

— Бұдан Шәкенім артық. Қойын қайырып, қара суын талшық қып, қарық қып отырған сол. Бұлардың бір шақырған қонағына кеткен қаражат ― біздің бір жылғы қорегіміз. Мұндай дарақылық кімге ұшпақ?.. Тағы бір қойдың басын сұрап қылқиып отыр. Ішек-қарынымен бер дейді. Сонда біз бұлардың аузын жалаймыз ба? Ауыздан жырып жегенге жаман үйреніп кеткен ғой әбден. Бұрынғысы бұрынғы, қазіргіңе жол болсын. Қонақ күтсең қайтейін. Қой түгіл, құмалағы да жоқ. Өз күніңді өзің көр енді. Айналайын, бермесең, берме, бізге тыныштық берші, жасың ұзақ болғыр...

Шал маған бұрылып, ым қағып қойды. Баласымен осылай лебіздескенге марқайғандық мерейі. Жиегі суланған сарғыш жанарында ашудан гөрі аңқылдақ мейірім басым. Қартайғандағы қанаттарына қанағаттанғандық кейіп. Шүкіршілік нышаны...

— Ауылға қашан келесіңдер? Қайдағы біреулер қалқиып отырған қазанның бір құлағынан ұстайтын уақыттарың жеткен жоқ па? Құдайдың құдіреті, біздің колхозға бастық құтаймай қойды, әйтеуір...

Шалдың көңілі тереңді мегзейді. Жанамалап айтса да, жауырынды қызметтің қызығына қол жылынатынын жұқалайды. "Балам-ау, бастық болсаң, маңдайыңды жара ма?.." дегендей. Мүмкін, Әлдихан екеуіміздің оқуға түсіп келген жылғы: "Бізден басшы қызметкерлер даярлайды", ― деп бордай бөскеніміз есінде қалған шығар... Мен күмілжіп, Әлдиханға қарадым.

— Түу, көке-ай, қайдағыны соғатының-ай! ― деп кейігендік білдірді.

— Осылай бүгежектемесең, Қалдыбайдың баласы боламысың. Ілгері тілеу, ырыс лебіздің не сөкеттігі бар еді?.. О несі-ей маған.

— Жә, балалардың басын қатырмай, жөніңе отыршы. ― Сөзге кемпірі араласты. ― Несібесі көтеріліп, бақыты жанса, бастық болар, басқа болар... Бұлардың алдына ешкім шығып келген жоқ қой. Бәрінен дендерінің саулығын айт. От басы, ошақ қасының амандығын сұра.

— Әй, балам, ― деп Қалдекең маған бұрылды. ― Бір-бір мөрге ие болмай, құрсақтарың құтаймайды. Осыны жадыңнан шығарма, батыр...

— Мұның аңдыған күткені қу құлқынының қамы. Көштен қалғандай сөйлейтінің не осы? Бұларға бағыт сілтеу екеуіміздің қай теңіміз. Ішкен жегенімізді біліп, жайымызға отырайық та...

— Е... ей, мүкіс кемпірім-ай, сен нені білесің?..

Көшеден Айжанды ұшыраттым. Бірге оқыған кластас құрбы. Қолында қалақ шоты бар, жұмысқа бара жатқан беті болса керек.

— Құдайым-ау, Қалауды да көретін күн бар екен-ау! ― деп қарсы жолықты.

— Түске дейін жататын, жұмысың қандай рақат, ― деп қолын алдым. Тікенектей күсті саусақтары қатқыл тиді. Бойынан крем иісі білінеді.

— Пысықсыған ерді балалы болғанда көрерміз. Сағынып, аңсарын айта ма десе, жазғыруыңды дайындап кепсің ғой.

— Бізді тастап, басқа біреудің шамын жаққаннан кейін, жазғырмай қайтеміз.

— Беу, шіркін, он жыл бойы қолтығыңның астында жүргенде қайда қалып ең?..

— Ғашықтың тілі ― тілсіз тіл.

— Айтарсың сен де. Саған қарайлап, кәрі қыз атанатын жағдайымыз болған жоқ.

— Хал-жайың қалай?

— Көріп тұрсың, күйелеш келіншек болдық. Ала жаздай айналдыратынымыз қызылшаның басы. Үй тірлігі де түбетегіңнен тартып, қарыс жер шығармайды. Былқ-сылқ заманның көзден бұлбұл ұшқаны қашан.

Араға түскен жылдар кәдімгідей өзгертіп жіберіпті. Бұрынғы тығыршықтай, қолың тисе, қайта серпитін ойнамалы дене жоқ. Жалпақтанып, жайыла түскен. Бетіндегі жұқалаң қызылы да қара күреңденіп, кілегейлі кірбіңге бейім. Көзінің ұштарынан тарамданып әжім сырғанай бастапты. Томпақ еріні тілім-тілім, жарықшақтана кезеріп тұр. Сонау балалық шақтағы жайнаң қаққан қарақат жанары ғана жалт-жұлт бояуын бермеген!..

— Күйеуің қайда істейді?

— Сен сияқты қағаздай оқымысты емес, кір-қожалақ тракторист. Оның үйі ― қостың басы. Екі жұмадай есік бетін көрген жоқ.

— Кешке біздікіне келсеңші...

— Менде не қалды деп дәметесің, Қалау-ау. Әлі балалығың тарқамаған ба?

— Өткен-кеткенді еске түсіреміз.

— Ендігі әңгімеміздің қиюы жоқ қой. Құр қиялдың қажеті қанша?

— Сайтан қыз, қылығың әлі басылмапты-ау...

— Басылды басылмады, етек басты болдық. Былайғы сыйластық ― сырт тілеулестік қана. Құрбылық қадірді құрметтеу. Солай емес пе?

— Қанша балаң бар?

— Қорықпай-ақ қой. Әлі ұзай қойғамыз жоқ. Енді үйленсең де қуып жетесің.

— Басқа қыздардың жағдайы қалай?

— Қалай болушы еді. Бір-бір күйеуді құшақтаған қаралаш-торалаш қызылшашы. Сен қызығатын еш нәрселері жоқ.

— Сен әлі қыздайсың...

— Құдай көңіліңді көтерсін!

— Шын айтам.

— Сен мені бөгеме, Қалау. Асығып тұрмын. Кішкентайымды емізуге ғана келіп ем, кешеуілдеп қалдым. Бригадиріміз басын тоқпақтап жатқан шығар. Тағы бірде кездесерміз.

— Жолың болсын!

— Қайыр-қош. Апама сәлем айт...

Аралас-құралас құрбының кездейсоқ кездесуі жүректі біраз бұлқындырып кетті.

Сол күні кешке жоңышқа суаруға шықтым.

Су бізде қашаннан тапшы. Әсіресе қазіргідей колхоз жұмысының қызған кезінде қасқалдақтың қанынан қымбат. Күндіз әрекеттену ― құр әурешілік. Бір тамшысы қалмай егістік басында жатады. Ауылдың тайлы-тұяғы түгел түн бойы кетпен көтеріп шығатыны да сондықтан. Тоған жағалап, тынбай жүретін қарулы қол керек. Мол ағын қырық жамау арықтың қай бүйірі болмасын тесіп ала жөнелуі мүмкін. Жағалай шаруа баққан бейнетқор бөгденің қас пен көздің аралығында жырып ала салуы да оңай. Мұндайда "Бірліктің" қауын баққандары қауіпті. Олардың несі кетеді. Құлақ басынан қылт дегізіп бұрып алады да, күркелеріне кіріп жата береді. Бес-алты шақырым төмендегілердің тауқыметімен жұмысы шамалы... Біздің бақшаның бір жақсы жері ― бір-ақ құлақтан ішеді. Жоғарғы жағына бас-көздік жасасаң болғаны ― жәймен теуіп, мейлінше қанады. Бөлек-салақ бейнеті аз...

Су түбінде пырдай жанған жұлдыздардың жаны бар тәрізді. Жағадағы кесекті құлатып жіберсең, жыбырлай оянып, бір-біріне бүйірлерін беріп, қайта тыныстайды. Ешкіммен ұрыс-керісі жоқ, сәби мінезді пәк нәресте. Бауырын салқынға төсеп жатқанына қуанышты. Ағынды майыстырып, мазаламасаң болғаны... Осы көрініс бағана, екі кеш аралығындағы жаныма оқыс оқиғаны көз алдыма әкелді. Кетпеннің тоттанған жүзін таптап жатыр едім, бір кішкене ақсары қыз келіп, құшақтай алды.

— Аға, Әсілтай жоқ!.. ― деп бетін кеудеме басып, тұншыға солқылдады.

— Алда айналып кетейін-ай, әпкесінің көз көргеніне мұңын шаққаны ғой, ― деп шешем де көзіне жас алды.

— Құрбыңыз арманда кетті. Сізді көп айта беретін, ― деп, өксігін бас алмай, бауырыма кірді. Мен қапелімде не жұбаныш айтарымды білмей састым.

— Қой, айналайын, өткен іске өкінбе. Жылағаныңмен еш нәрсе өнбейді...

— Сіз жазған хаттарын алдыңыз ба?

— Алғамын жоқ.

— Көп хат жазған. Бірақ ешқайсысын жібермепті.

— Сенің әпкең мейірімді болатын.

— Сізге деген пейілі басқа еді ғой...

— Қой, әке, өксігіңді бас. Беліңді бекем бу. Сен үлкен жігітсің ғой...

— Сізді бір келер деп күтіп жүретін.

— Есімің кім, айналайын?..

— Жанат.

— Қой, Жанат, жылама. Өзегіңді өртей беріп қайтесің. Денсаулығыңа зиян.

— Жыламаймын, қазір қоям. Сіз әпкемді ойлаушы ма едіңіз?..

— Әрине... бірге оқыған балалар есіңнен қайдан шықсын.

Ол жасы толы мөлдіреген жанарын маған тіктеді.

— Сіздің үлкен суретіңіз біздің үйде ілулі тұр. Суретіңізден аумайды екенсіз.

— Әсілтаймен бірге түскен бе?

— Жоқ, жеке өзіңіз. Алысқа қарап, ойланып тұрсыз...

— Оныншы кластағы ғой...

— Реңіңіз тура қазіргідей. Әпкем жұмысқа кетерде әйнегіне қарап үнемі шашын тарайтын...

Жанаттың бет-жүзі әпкесінен айна қатесіз екен. Сүйірлеу қырлы мұрыны да құйып қойғандай өзі. Оймақ аузы ноқаттай дөңгеленіп, әлденені еске салады... Ол қалтыраған демін басты.

— Нешінші класта оқисың?

— Оныншыны бітірем. Жақында кешіміз болады. Мүмкін, сіз келетін шығарсыз. Апам қуанып қалар еді...

— Жарайды... Осында болсам, барайын.

— Келіңіз, мен апама айтып барамын. Ол кісі де сізді жақсы көреді. Жарай ма?..

— Мақұл, Жанат. Бірақ сен әпкеңді көп ойлай берме.

Көз шарасы тағы да шып-шып толып, төмен қарады.

Сөйтті де, шыны үгіндісіндей жанарын жыпылықтатып:

— Жақсы, аға, келсеңіз, үй бұрынғы орнында. Мен қайтайын, — деді.

— Бара ғой... Келгеніңе рақмет, Жанат.

— Үйлеріне қалай да кіріп шық, ― деп жатты шешем Жанат кеткеннен кейін. ― Көңілдері жарымжан боп жүр ғой байғұстардың... Бұ дүние кімге жолдас болған... Әкесінің "қалта түп" кішкентай кенжесі еді, мұнысы да бойын түзеп, кәдімгідей қыз боп қапты!..

Қалай екенін қайдам, су түбінде жусаған жұлдыздардың момақан пішіні әлгі кездесуді көлденең тартты. Жаурағандай жылтылдаған жұлдыздардың ақсары шұғыласы Жанаттың жасаураған жанарымен үйлесімді ме, қалай? Мен түстеп бере алмайтын бір ұқсастықтың бар екені анық... Ұйқылы айналаны тескілеп бытпылдық үн қатты. Оған ілесе ұйқы безер безілдеді. Шолп беріп балық секірді. Жағалаудан ұйыса желпінген жалбыздың лебі білінді.

Қара бұлдыр жерді тіле, қысылып, әрең-әрең ай туып келеді... Дарбыздың тілігіндей қиғаштанып, іргеге ілінді. Алыс мұнар ақшылдана, бозғылт тартты... Самаладай жарығын төгіп, жолаушы поезы кетіп барады. Бір сарынды жұмсақ гүрілі құлақтың түбінен естілгендей. Тұтана алмаған сіріңке оттығындай көмескіленіп, жұлдыз ағып түсті. Менің денем тоңазыды.

Орнымнан тұрып, кетпенді иығыма салдым. Енді құлақ жағалай үй жаққа қайтса да болады. Жырып алар жүргіншінің тынған кезі. Тіпті табыла қойғанның өзінде, осы ағынның жетуі хақ. Сарқылып біткенше бірталай жер суарылады... Шылдыр-шылдыр жүгеннің сыңғыры естілді. Үзеңгіге соқтыққан кетпеннің даусы шықты. Аттың борпылдақ топыраққа тиген тұяғынан жер дүңкілдей бастады. Көп ұзамай жүргіншінің өзі де таянды. Темекінің шоғын алыстан шалса керек, әрірек тұрып, тізгінін тежеді.
― Бұл қайсың-ей?..

Мен үн қатқан жоқпын. Даусынан жақсы танып тұрмын. Екі үйдің арасынан елгезер әкелуге қорқатын Рахтай досым. Шешесі бір бұйымға жұмсаса, баруы қиын болатын. Бара қалғанның өзінде, дабырлап сөйлеп, даусын шығара өлең айтып, "аман-сау" жетудің әр түрлі айласын істейтін. Бір нәрседен секем алған сәттерінде әлгіндей "өлеңі" шыңғырған "ойбаймен" ұласып кетуші еді. Енді, міне, бір түтіннің иесі болып, шаруасын тындырып жүр...

Ол жаңағы сұрағын орысша қайталады. Tic жарып ләм демедім. Жаныма жақындауға батқан жоқ.

— Стрелять буду, кто такой! ― деп тылсым аймақты басына көтерді. Жақын маңдағы күркелерден абалап иттер әупілдеді.

Мен дыбыс бергем жоқ. Ол да үн-түнсіз қалды. Аттың демін ішіне тартып пысқырынғаны ғана естіліп тұр.

— А ну-ка берегись, браток! ― деп әлденені кезене бастады. Қолы ма, жоқ әлде кетпеннің сабы ма, ол арасын айыра алмадым. Шылауын шажбайлап, үзеңгі тебінді. Екпіндетіп кеп салып өтетіндей доқ көрсетті. Бірақ тұрған орнынан тапжылмады... Сол жақ бүйірден солқ етіп мылтық атылды. Бір уыс шашыранды от қараңғы көкті таспадай тіліп, құлақ жара ысқырынып өтті. Бақша баққан көршілер болса керек. Қанден иттердің жарықшақ үндері тұнық ауаны тістеледі... Рахтай досымның бала кездегі "батырлығы" қалмаған екен. Атының басын бұрып алып, сатырлата жөнелді. Мен есімін атап, қанша айқайлағаныммен, қарайлаған жоқ. Сол құйындатқан бойымен көшеге бір-ақ кірді. Ауылдың иттері тұс-тұстан шабалап, шуылы молайып, бірінен бірі озғындап, ұйқы құшағындағы тыныштықты бүлкілдетті де жатты...

Үйге келсем, белуардан көтерілген белдеу лық толып, енді-енді асуға шақ қалыпты. Жоңышқаның бастары ғана қылтияды. Айнадай ағын уыстап шашқан жұлдыз дастарқанындай. Шайқала жанып, қос-қостан үйіріліп, дірілдеген су астынан сілкінеді. Білегіңді түрініп жіберіп, қолыңды жүгіртсең, жып-жылы сәуле сынықтарына тиетін тәрізді... Арғы беттен су қашты. Тыз-тыз етіп, көтермені орған даусы естілді. Кетпенді құлаштай сермеп, батырып кеп қалғанымда, бір жұлдыз жарқ ете түсіп, кірпігіме қадала жаздады. Көзіме шашыраған су тамшылары екен.

Басына барып, құлақты көршінің бедесіне бұрдым. Ернеуіне дейін шөлпілдеген қалың жарық лық беріп ілгері жүзді...

Менің көпке дейін ұйқым келмеді. Қалбалақтай көтерілген бір құс сасқалақтап ұшып, ары-бері айналып, қараңғыға сіңді. Бір топ бала тасырлап, біздің үйдің іргесінен өтті. Тал-талдың арасымен, көйлектері ағараңдап, тысырын сездірмей жоқ болды. Беймезгіл жүргіншілер мені онша таңдандырған жоқ. Кішкене кезімнен жаныма үйір, таныс сабылу. Еш нәрсе тындырмаса да, таңды таңға ұратын үйреншікті құбылыс. Мүмкін, екі жарылып, жасырынбақ қызығында жүрген шығар. Демдерін іштеріне алып, жүректері лүпілдей, құрбы қыздарының терезесін аңдитын болар... Мен Шолпан туа барып төсегіме қисайдым.

Ертеңінде түрегелгенімде көршінің баласының шешемнен шалғы сұрап жатқанын естідім. "Мұнысы несі, шөптің пісіп қалғаны ма?.."

— Қайдам, басы қалқиған бір темір бар еді ғой. Іздегенде табыла қояр деймісің бұл үйдің дүниеліктері...

— Онда әуре болмай-ақ қойыңыз, апа. Басқа бір жерден қарастырармын.

Мен тысқа шықтым.

— Әй, бері кел.

Мұрны тершіген кішкене бала қолын берді.

— Атың кім?

— Кіренқұл.

— Е, Кіренқұл жігіт сенбісің?

— Менмін, аға.

— Шалғыны қайтесің?

— Шөпке барамын.

— Әлі ерте емес пе?

— Биыл көктей орып жатыр ғой, сүрлемге сала ма, қайдам.

― Колхоз ұлықсат ете ме?

― Жаға-жағаны қорымайды.

― Тоқта онда, екеуіміз бірге барайық.

Кіренқұл сенер-сенбесін білмей, күмілжіп төмен қарады.

― Сен шалғыңды іздестіре бер, мен жуынып, дайын тұрайын.

― Мақұл, аға.

Тоғайдың көк шалғыны тартты. Солқылдақ шалғының бір ырғақты, құрғақ сырылы жүректі жыбырлатты... Біз Кіренқұл екеуіміз өзенге келдік.

Көлеңкелердің көсілуін жимаған мезгілі. Таңертеңгі өзен іші қоңыр салқын. Шық шырақтары әлі де сөнбепті. Сулы жанары жыпылықтап, тоңазыған тамшысын төгеді. Пішеннің бір-біріне иығын асып, шалқаятын уағы бұл емес. Енді-енді сүті қатайып, шыр байлаған шағы. Бауырын жаңа ғана көтере бастаған көк раңның сүйегі жас. Шалып жіберсең, бұралаңдап барып жығылып түседі. Адамның көзі қимағандай... Біраз жүргеннен кейін, Кіренқұл тоқтатты:

— Ары қарай барсақ, еңбегіміз зая кетеді. Машина жүре алмайтын осындай жағалауға ғана лұқсат. Тегіс жерлері колхоздікі...

Сөйтті де, кірісіп кетті. Денесі балғын болғанмен, қимылы ширақ. Құлаштай шалғыны жеңіл үйіреді. Әп-сәтте үй орнындай ауқымды жерді еңсеріп жібереді. Май бетімен жүзгендей жеңіл сілтесіне айызың қанады.

Шөпшілердің түскен орны Қосаралдың кең қолтығы екен. Бізден бір-екі шақырым жоғары. Ат шаптырым алаңқай жазық болушы еді. Соның басында. Тынбай зырлаған шалғы үні құлаққа келеді. Анда-санда айқайлап сөйлескен дауыстар қасыңнан естілгендей, ап-айқын аунап жетеді. Арагідік трактордың тарғыл үні су сепкендей басылып, құлаққа ұрғандай тылсым тыныштық орнайды. Ондай кездегі абыр-дабыр тіпті жақын. Қолдан түскен темір сыңғырына дейін иек астынан білінеді... Жаға-жағаны қуалай түске дейін біраз жерді еңсердік. Қанша сағынысып қауышқанмен, қабырға қайысайын деді. Таза тынысқа демігу араласты. Ет қызумен байқамаппын: екі алақаным дуылдап, шоқ басқандай күлдіреп шықты. Жауын тамшысындай дірілдеген уақ бүршіктер тиіп кетсең удай ашиды. Өткір шалғы да зілдей тартып, ұстарадай қылпуын тоқтатты...

― Әй, Кіренқұл дос, бері кел.

― О не, аға?..

― Отыр, шамалы тынығайық.

― Шаршадыңыз ба?

― Өзің ше?

― Қайда әлі... Мына жағалауды қазір шауып тастасақ, кешке дейін дегдіп қалады.

― Сонан кейін?

― Шөпшілердің арбасымен ауылға алып қайтамыз.

― Қане, қолыңды көрсетші?

Ол алақанын ашты. Саусақтарының түбі қатқан көндей тарамыстанып, тас боп қапты. Шалғы емес, шыбық ұстағандай.

― Сіздікі қалай?

Мен алақанымды аштым.

― Ой-дой?.. Тілініп түсіпті ғой. Енді қайтесіз?

― Жазылып кететін шығар.

― Мен айтайын ба қандай ем қолданатынын?

― Айта ғой.

— Жантақтың ащы жапырағын шайнап-шайнап, таңып тастау керек. Сонда қатып қалады.

― Сен қалай шыныққансың?

― Шыныққан емес. Оны-пұны жұмыстыкі.

― Қандай жұмыс?

— Анау-мынау үйдің шаруасы. Бақша отырғызамыз, арық қазамыз, су суарамыз. Мен көктемде екінші орын алдым.

― Неден?

― Мектепте күрекпен жер аударып жарыстырған.

― Бірінші орынды кім алды?

― Сегізінші кластың Бейсен дейтін баласы. Бұлшық еттері мынандай.

Ол қолын қомдап көрсетті.

― Сіздер қалада не істейсіздер?

― Қызмет істейміз.

― Қандай қызмет?

― Әркімдікі әрқалай. Біреу заводта, біреу фабрикада...

― Сіз ше?

― Редакцияда.

― Ә, білемін. Біреуді жамандап жазатын жер.

― Қалайша?

— Редакциядан келген бір кісі біздің директорды қатырып жамандаған. Сонан кейін ол орнынан түсті.

― Мақтап та жазуға болады.

― Қойшыларды ғой?..

― Неге?

— Төленбайдың ағасын солай жазған. "Қасқыр соққан Қасқабай" деп. Қақпанға өзі түскен қасқыр болатын. Соны өлердей мақтапты.

Ол секпіл мұрнын тыржың еткізіп қойды.

― Жазғаннан басқа не істейсіздер?

― Кітап оқимыз, театрға барамыз...

― Бақша, малдарыңыз жоқ па?

― Қайдан болсын.

— Несі қызық? Адамды жалқау қылатын жұмыс қой. Мен, мәселен, үйдің анау-мынау шаруасын істемесем, оқыған кітабым миыма кірмейді. Денең балбырап, ұйқыңды келтіреді.

― Әдеттеніп кеткенсің ғой.

— Қараңыз, әне, кішкене шөп шапқанға қолыңыз жауыр аттың беліндей ойылып шыға келді. Ауылға келсеңіз, не істейсіз?..

― Жұмыс істеймін.

― Бірақ сіз өкімет боласыз ғой. Әйтпесе, қайда...

― Сен сонда оныншыдан әрі қарай оқымаймысың?

— Неге? Қанша оқығанмен, ауылға келемін. Өзіміздің ауылға не жетсін... Қой бақсам да, ауылдан шықпаймын. Туған жерден кеткеннің несі жақсы?

"Ауыл" деп шырылдаған кішкентай жүректің шынайы дауысы мені біраз ойландырып тастады. Қараптан қарап өте алмас тосқауылға тап болғандаймын. Біреу миығынан күліп, мырс ете түскендей...

— Аға, сіз отыра беріңіз, мен ана бір жүйекті сыпырып тастайын. Біреу-міреу кеп қалса, қағып кетуі мүмкін...

Желкемізден бір атты көрінді. Күнқағары тікірейіп, бізге қарай тура тартты.

— Бригадир келе жатыр, аға...

Газет көлегейлеп отырған мені таныған жоқ.

― Оу, еңбек ретті болсын, жігіттер!..

Кіренқұл барып қолын алды.

― Мынауың кім, газет жамылып жатқан?

― Қалау ағам ғой.

― Қалауы қайсы?..

Ол аттан секіріп түсіп, маған қарай жүрді. Екеуіміз құшақтаса кеттік.

— Бәсе, жоспар қалай орындалмайды десем, шөптің бәрін тауысып жатқан сен екенсің ғой. Қашан келдің, батыр-ау?..

Екеуіміз түйдей құрдаспыз. Менімен бірге барып, оқуға түсе алмай қайтқан Орынбасар жолдасым. Қара қайыстай еңселі жігіт болыпты. Жүзінен күн табының иісі аңқиды....

— Бұл қалай, батыр, аман жоқ, саулық жоқ, бір бұрышқа тығылып, шөбімізді ұрлап жатқаның?..

— Сендерге тигізген қолғабысым ғой.

— Ой, жолың болсын сенің. Келген адам хабарласпай ма екен?.. Бөтен жерге келгендей сопиып жалғыз жүрісің не?..

Үстіне киген кір көтерімді жұпыны киімі шаруаға бейім пішін танытады. "Батыр" деп байыппен сөйлеуі де басыңқы тартқан жігіт ағасының желіксіз жайын аңғартқандай. Бала кезде егде кісілердің көзінен байқайтын биязы сабырлылық кешегі балаң жолдасымның кейпінен ұшқындап тұр...

— Иә, денсаулық қалай, келгеніңе көп болды ма?

— Бір-екі күн шамасы.

— Кемпір қуатты ма екен, ауыл арасында жүрсек те, кіріп шығуға уақыт таппайсың. Колхоздың күйбеңінен-ақ қол тимейді. Үлкен кісіні қашанғы жалғызсыратасың?..

— Орайы келмей жүр ғой.

— Не қылған орай ол? Үйленгеннің де орайы бар ма?.. Жалғыз жүрген жарасымды болып па?..

Айтарын айтқанымен, көзін маған күлімсірей қадап, тосылып қалды. Сөйтті де, өзіне тартып, қапсыра құшты. "Көңіліңе батса, кешір" дегені. Менің мініме ә дегеннен түрткі салғанына ыңғайсызданған секілді. Одан әрі тереңдеген жоқ.

— Саулық болса, сан қыз сенің жолыңда ғой, әлі...

— Сол құрғырлардың біреуі де жеткілікті болар еді, ― деп әзілдеп қойдым. Әлгіндей әбіржуін сейілтудің жоралғысы.

— Дегенмен, ойлану керек, батыр...

— Шөпті қалай піспей орып жатырсыңдар? Тым ерте емес пе?

— Былтырдан бері осылай. Балауса күйінде сүрлемге саламыз. Өткен қыста малдың қоңын алып қалған осы әдіс. Мына гүлді шашақтарына дейін солмай жатады. Әрі жұғымды, әрі арзан. Күз ортасына баратын ұзақ сонардан құтылғанбыз. Енді екі-үш аптадан кейін түгел орып бітеміз. Мұның екінші шабындығы да жақсы көрпе көк. Орсақ, ордық, ормасақ, қыс күніне құйқалы жайылыс. Аяқты малдың тоғаюына таптырмайтын табиғи өріс.

— Мен көктей орылуын обалсынып ем.

— Нағыз кемелді сәті қазіргі кезең. Орылудың тағы бір озық жері ― ыстық, суықтан таса. Бір тап, бір қалыпта сақталуы ― сөгін жоймайды. Сол күйінде күйіс қайырған малдың жүні үрпиіп, жоны жығылмайды. Кекірік аздырмас күрең сүрің осы.

— Қыр шөбі қалай?

— Мұны жақсы айттың. Қыр шөбіне деген қырсыздық күрмеулі күйінде. Жер мойнының қашықтығы ― қалыпты сылтауы. Телегей шалғынның шалғайдағы шашыранды шабылуы, шындығын айтқанда, шымбайға батып жүрген жәйт. Бүйрек майдай бүрлері білеуленген үлпершек от сол араныкі ғой. Осындай қып орып алса, ортасы ойылмас кен көзіне кенелер едік. Ол жағына әлі тіс батқан жоқ. Шешуі табылмаған шиелі түйіннің бірі. Бүгінгі жиында жабыла айтарымыз осы болар. Қолға алмайынша, қашаннан зәру шаруаның зердесінен шығу ― құр кеуде қағарлық...

Орынбасардың өз тірлігін тігісіне дейін жатық білуі мені сүйсінте түсті. Бүге-шігеге жетік жақсы маманның мәністі мәслихатын дөп баса сөйлейді. Ерте араласқан еңбек бейнеті есейтіп жіберіпті...

― Мұның осындай сыры бар де.

— Солай, батыр. Колхоз тірлігінің тырнақ асты, көзге көрінбейтін күйбең қаракеті мол. Әрбір саласының сырын бүккен жұмбақтары да көп. Мәселен, мына шөпті бұрынғы жылдары жалаң орып, өзін ғана қорекке жаратушы еді. Қазіргі кезде сүрлеу, ұнтақтау, жапырақтау, жармалау тәрізді жілік-жілік жұғымды жолдары ашылды. Осы тектес тетігін тапса, табысын ұсынатын ұңғыл-шұңғыл тармақтары сан алуан. Ынта мен ұқыпты пейілге құштар қиын шешімді қыртыстары бар. Қазіргі өзіміз тұрған қылтадан қыстыгүні арғы бетке өтетін қатынас жолын жасау да алдағы күннің еншісі. Кенері кертілмеген қалың от қыс бойы бүйірі ойылмай босқа жатады. Туған колхозыңның тағдыры таңсық қой деп айтып жатқаным ғой, таныса келе өзің де көз жеткізерсің.

— Қай жаққа жол тарттың?

— Мына төменгі шөпшілерге бара жатырмын. Кешке партия жиналысы еді, соны хабарламақпын. Айтпақшы, бүгін осында аудан артистерінің ойыны болады, соған қатынассаңшы.

— Қатынасайын.

— Қазір менімен жүр. Шөпшілердің жағдайын көр. Әй, Кіренқұл мырза, сен енді шөмелелей бер. Әлтаман бос машинамен алып қайтарсың. Ой, бәрекелді, осындай шаруа жігіттерге қалай қызықпассың!..

...Шөпшілердің қосы өзен алқымына мінбелей жайғасқан алты қанатты қазақ үй. Жатын төсектері түгелімен сыртта. Бір-бірлеріне қолтығын бере, қатарласа тізілген. Тай қазанда жаңа сойылған қойдың еті қайнап жатыр. Кең бүйірлі, еңселі самаурыннан шыққан майда бүлкілді жұмсақ түтін бойын ұзартып, тіп-тіке шаншылады. Кешкілік ауаның енді ғана түр-түсін қоңырға бейімдеп, шешіне бастаған кезі. Құрақ бастарында жүгірген жеңіл самалдың болар-болмас сыбдыры білінеді...

— Қарап отырғанша, әңгіме айтсаңызшы, ішіңіз пыспайтын не деген жансыз?.. Шөпшілер келгенше табатын ермегіңіз жоқ па?..

Аспаз қыздың лебізі. Оныншыны былтыр бітіріпті. Оқуға дайындалып жүрмін дейді. Екі жыл істегеннен кейін мұндай жұмысты желкемнің шұқыры көрсін деп қояды. Еті тірі, пысық бала көрінеді. Мен келгеннен бері әр түрлі әзілдер айтып, арагідік ән де салып, тыным тапқан жоқ. Соншалықты ашық-жарқындығына еріксіз ойланасың... Есімі Капуза екен.

— Мейлі, аузыңызды жұмған қалпыңызша отыра беріңіз. Сөйлесеңіз ― сізге серт. Мен жұмыстарымды жайғастырып алайын.

Ол екі шелекпен өзенге беттеді.

― Мен көмектессем қайтеді, Капуза?

— Е, сүйтсеңізші. Жігіт осылай болуы керек қой. Бұрынғының манаптарынша үн-түнсіз отырдыңыз келіп...

Қос шелегін бірдей маған ұстатты. Сөйтті де, бұрымының ұшын қақпа тас қып, жаныма ілесті.

— Соншама тұйық болу жарасымды ма?.. Жоқ әлде менменбісіз?..

— Тым ашықтығыңыз ойлантады...

— Менің бе? Оның несі таң?..

— Мені бірінші рет көруіңіз ғой. Соған қарамастан...

— Қалбалақтап жатырмын ба? Қорықпай-ақ қойыңыз. Асық болғаннан аулақпын.

— Әр түрлі пікір тууы мүмкін ғой.

— Алла сақтасын. Сіз бар ғой... зымиян екенсіз!

Ол алдымды кес-кестеп, екі қолын артына беріп, маған жайнақтаған көзін қадады.

— Солай ма?.. Үстінен түстім ғой?..

— Әрине, олай емес.

— Соқпаңыз өтірікті. Жанарыңыз айтып тұр ғой. Жалпы, ер кісілер арам болады.

— Мүмкін...

— Әйтпесе, менің ойнап-күлгенімнің не жазығы бар? Әзіл-оспақтың артықтығы болып па?..

— Сенің айтқаныңның бәрі дұрыс. Дегенмен...

— Біреулер басқаша малданады дейсіз ғой. Ойыңызға береке берсін. Басқаныкі басқа, сіздің солай түйсінуіңіз ұят.

— Қалайша?

— Оны өзіңіз білесіз. Қалай дегенмен, қалжыңдасқаным үшін қиянатқа қиюыңыз қисынсыз.

Өкпелеген адамдай ернін бұртитты. Қолындағы бір тал көкті ары-бері аударыстырып, үндемей қалды.

— Сен оған ренжіме. Менің ойлағаным сенің пайдаң. Жастық желіктің жығып кететін кезеңі болады...

— Сізге бәрібір емес пе?..

Ол көзінің астымен ұрлана күлімсіреді.

— Келіп-кетері жоғы рас...

Өзіме өзімнің ызам келді. Жөнсіз көсемсігеніме кейідім. Алыстағы біреуге ақыл айтып нем бар? Керек десе, жардан секірсін... Қанша айтқанмен, қандай да бір қимас сезім саусағын созғандай!

— Сіз қай өлеңді жақсы көресіз?.. Мен білсем, әнші болуыңыз керек.

— Оны қайдан шығардың?

— Шын айтамын. Нанбасаңыз, айтып көріңізші...

— Өмірімде дауыс кенеген жан емеспін.

— Айтарсыз. Үніңіз әдемі ғой.

— Солай көрінуі мүмкін.

— Менің іс-әрекетімнің сізге ұнамсыз көрінгені секілді ме?

― Ерке қызсың...

― Сіз мақтаншақ жігітсіз.

― Оның үстіне, ойыңыз арам...

Ол әтір иісі сіңген бұрымын жанай кеп, қос жанарында жанған ойнақы шоқты өшірместен, қолымдағы екі шелекті алды. Денем тыз етіп, тізерлеп қала жаздадым. Ыдыс сыңғырынан үріккен бадыраң көз бақалар бірін-бірі озғындап, өзенге сүңгіді...

― Мә, мынаның біреуін сіз алып жүріңіз.

― Екеуін де мен көтерейін.

― Суын тасытты деген сөзге қалдырасыз ғой.

― Керек десең, отыныңды жарып берейін.

― Табан астынан қалайша жалпылдай қалдыңыз?

Шын айтқаныма жазықтымын ба?

― Сізге байсалдылық жарасады. Жалпы, ер атаулының суық болғаны ұнасымды.

Мен өзімнің тым елпілдеп кеткеніме тағы да күйіп-пістім. Сөйлемей-ақ қойғанымда тілімнен біреу тартатын ба еді? Осындайда елбеңдеп кететін әдетім жаман. Қалайша қашқалақтағанмен, мына қызға ұнамды көрінуге үндеген әлденендей әбігер сезімнің көк желкеме қонжия бастағанын сездім...

― Әне, Тоқылдақ ағайымыз келе жатыр...

Орынбасар екен. Құрақ арасындағы сүрлеуден шыға келді. Атының қасқасы басын шұлғып басқан сайын көмескі шам жарығындай ары-бері теңселе түседі.

— Неге олай атайсың?

— Таң білінісімен ұйқы бермейді. Әрқайсымыздың төсегімізді тоқылдатып, құлақтан тартқандай оятатыны қиын.

— Қалау батыр, қалай, ішің пысқан жоқ па?

— Жолдасыңыз жалқау екен, ағай. Сіз кеткелі бір тал шөптің белін бүкпеді.

— Қызымыздың көңілін қалдырғанбысың? Не айып тарттырсақ екен?

— Айыбына артистермен бірге өнер көрсетсін, ағай.

— Сол пәтшағарлар келмейін деп тұр. Көрші колхоздың бір бөлімшесі жоспардан шыққан екен, аудан соған жіберіпті. Әлгінде арнайы хабар айтқызды.

— Мұныңыз қалай, ағай, адамның кешке дейін көңілін елеңдеткеніңіз?

— Оқасы жоқ. Өздерің артистен кемсіңдер ме? Мына төменгі фермадағы жастардың бәрі қазір осында жиналады. Бастарыңды қосып, ойын-сауық құрыңдар. Жиынның жөні осы екен деп, таңға дейін жатпайтын болсаңдар, ертең шүрлерің дайын. Шамалы желік басқаннан кейін, жақсылап тынығуды ұмытпаңдар. Той-тамаша алда әлі. Қалау, сен қайтасың ба?

— Қайдам...

— Қайтсаң, маған ілес. Арғы бетте машина күтіп тұр. Жиналысқа асығып барамыз. Болмаса, жігіттермен көңіл көтеріп, осында демал.

— Әлдихан келе ме?

— Хабарласа алмадым. Үйі мына мұрынның астындағы төбешік қой, шақыртып алуға болады.

— Қалауыңызды қалдырып кетіңіз, ағай. Қаланың жаңалықтарын естиік.

— Капузаның қалауы болсын. Несіне асығасың, таңертең жолығармыз. Ашық аспанның астында түнегенді жақсы көруші ең ғой бала кезіңде. Соларды есіңе түсір...

Орынбасар кетісімен-ақ, қос басын кілең жастар кернеді. Кешке дейін қара жұмыста жүргендеріне сену қиын. Таза киімді, ақ көйлек киінген бозбалалар сайдың тасындай сымбатты. Араларындағы сиыр желінінен жаңа босаған сауыншы қыздар да самалды кештің рең-кейпін аша түскендей. Ақ бантиктері ағараңдап, бір-бірлеріне әзілмен асылып, беймезгіл апақ-сапаққа асау сезімді от тастайды... Бірі шырамытса, бірі сыртымнан біледі. Мен ауылдан кеткенде сүт тістері түгел тісемеген сары уыз балаусалар.

Мандолинаның солқылдақ тәтті үні биге шақырды. Сым ішектен шыққан сазды ырғақ сөйлегендей сампылдап, шым-шым шертіліп, шымшыма толқын тербелді. Бергі шеттегі қызды биге тарттым. Алғашында сасқалақтап, ыңғайсызданып қалды. Жақындасып, дөңгелене бергенде жаңа сауған сиыр сүтінің иісі келді...

― Есіміңіз кім?

― Зәуре.

― Сауыншысыз ғой?

― Иә, оны қайдан білдіңіз?

― Естігенмін.

Жай ғана айта салдым. Сүт иісі білініп тұр десем, жас баланың көңіліне кеп қала ма деп ойладым.

― Жанаттан ба?

― Жоқ, басқа біреулерден естігем.

― Сіздің келгеніңізді Жанат айтқан. Үйіне әлі барған жоқсыз ба?

― Бара алмадым.

― Барыңыз. Келеді деп қарайлап жүр.

Жанатқа берген уәденің орындалмағаны жүрегіме батты. Көңілі алаң боп, сыртқа елеңдеген кішкене бейне көз алдыма елестеді.

― Қалайда кіріп шығыңыз. Жанат жақсы қыз...

Вальс тоқтады. Төңіректі басына көтерген бақалардың бір сарынды шуылы желпінді. Зәурені құрбыларының қасына ертіп бардым.

― Мына көйлегіңді ауыстырып киіп алсаңшы. Сумканың ішінен әкеліп берейін бе?

Капузаның сөйлегені. Ту сыртымда ұзын бойлы жігітке бір нәрселерді айтып, қолынан сүйрелеп тұр.

— Маған сенен басқа кім қарайды дейсің. Саған ұнасам, болғаны. Осылай-ақ жүре беремін.

— Нейлон көйлегіңді ки дедім ғой мен саған. Бір-ақ минуттық шаруа ғой...

Ол жігітке жақындап, құлағына сыбырлады.

Екеуі қол ұстасып ары қарай, қазақы үй жаққа бұрылды... Мен бұл арадан тезірек кеткім келді. Қызығы жарасқан мына топта өзімді керексіз, артық санадым. Көпе-көрнеу Капузаның көзіне түспеуге тырыстым. Орынбасардың "Әлдиханның үйі мынау тұс" деп нұсқаған "мұрыны"― осыдан екі-үш шақырым жер. Талай жүрген үйреншікті төбе. Бірге оқыған жолдасымның үйіне барып түнеуді жөн көрдім. Ақырындап қараңғы жаққа сүңги бердім. Өзімен өзі, абыр-сабыр көпшілік байқаған жоқ. Біртін-біртін алыстай түстім. Бір қырыммен артыма қарайлап жүріп байқамаппын, аяғым әлденеге ұрылып, жығылып қала жаздадым. Өзара бұйығысып отырған екеу екен...

― Бұл қайсың-ей, көзің жоқ па өзіңнің! ― деп қасындағысы күжілдей түрегелді.

― Айып етпе, інішек...

― Қараңғыда қайдан көрсін, ― деп қыз бала қолынан тартып қайта отырғызды.

― Аңдып жүргеннен сау ма өзі...

― Қойшы-ей, аңдып не көрініпті...

Мен Әлдиханның үйіне төтелей тарттым. Желдей ескен жеңіл вальс тағы көтерілді. Аулақтан әдемі естіледі екен. Жібектей сызылған сағынышты екпін жаяу мамырлап, майыса саулайды. Кейде бір орнында шымырлай биіктеп, көк күмбезіне ілінгендей тұрып алса, енді бірде бірін бірі еппен итеріп, еркелей жер бауырлайды. Қуып жетіп, қойын-қонышыңды аймалайды. Алдыңды кес-кестеп, аяғыңа оралғандай... Темекі отындай дөңгеленген қып-қызыл шоқ леп береді. Ізін ала жылқы оқыранды. Соның жанары болса керек. Қойнымнан шыққандай бұлдырық пыр етті. Қанатын сау-сау соғып, үрке ұшты. Жусан бүріне шық түсіп қалған ба, жіп-жіңішке тікенек сәуле кірпігіне тіреле береді. Алдымнан ақшыл айна сәулеленді. Қапелімде қалт тұрып қалдым. Миығынан күлген өзеннің беті боп шықты. Құрақтардың құлағын сипай самал жүгірді. Тұра қашсаң, тасыр-тұсыр қуа жөнелердей сусылдап қояды. Ақырын-ақырын жыбырлап, жүректілігіңді сынайтын тәрізді... Жылаған әйелдей әупілдік сыңсыды. Оған қосылып мұраталы шыңғырды. Тарғыл даусымен құрбақа құрылдады. Жағыңа жылан жұмыртқаласын дегендей... Кездейсоқ табылған жалғыз аяқ сүрлеу кілт төмендеп, құлдилай түсті. Терең сайдың табаны екен. Ендігі беткей Әлдиханның үйі болуы керек.

Мен жете бере шамдары сөнді. Иттері үруі керек еді ғой. Бір жағымнан ала түсе ме деп, даусымды кенедім. Үн-түнсіз. Бақалардың шуылы ғана құлақ тұндырады.

― Кім бар-ау!..

Тым-тырыс. Қазық басында байлаулы жатқан қара сиыр ауа жетпегендей ауыр күрсініп, орнынан түрегелді.

― Әлдихан, үйдемісің-ей!

Үп деген сыбыс білінер емес. Су қараңғы терезе шынылары кешеуілдеп туған ай нұрына шағылысады.

― Әлдихан, мен ғой, Қалаумын. ― Іштен келіншек шықты.

― Үретін иті жоқ та малшы болады екен-ау! ― деп, қарсы жүрдім.

― Жанымыздан көршіміз көшіп еді, солармен ілесіп кетіпті. Кім боласыз?

― Әлдиханның үйі осы ма?

― Осында еді, бүгін күндіз тау жаққа көшіп кетті. Әлдиханның кімі боласыз?

― Жолдасы едім.

― Түнделетіп жүргеніңіз қалай?

― Мына пішіншілердің қосынан шыққан бетім еді.

Ар жағында бір еркек дауыс "кірсін" деп сыбыр ете қалды.

― Үйге кіріңіз, іште отырып жөн сұрасайық.

Мен табалдырықтан аттағаннан кейін барып шам жағылды. Бетінде қан жоқ, сөл жоқ, көзі ішіне үңірейген сұп-сұр жігіттің қолын алдым. Келіншегімен жай ғана бас изестік.

— Е, сіз екенсіз ғой, ― деп жұбайы төр жақтан орын әзірлей бастады. ― Әлдихандардың альбомдарынан суретіңізді көрген едім. Қап, кездесе алмай қалғандарыңыз-ай, ә...

― Сіздер кім боласыздар?

Еркегі үндемеген қалпы, бұрышқа барып жайғасты. "Ұрыс-керістерінің үстінен түскен екенмін-ау!" деген ой келді маған. Үй иесінің мазасы жоқ. Менің сұрағыма әйелі жауап берді:

— Мына "Ақтөбе" колхозының малшысымыз. Жылда тауда отырушы едік, биыл маңқа сиыр бағамыз деп, көше алмадық. Жаңағы жолдасыңыздыкі қысыр сиыр еді, етке өткізгенін етке өткізіп, қалғанын жоғары шығарып кетті.

Келіншектің етек-жеңі жинақы болғанмен, бет әлпетіне түскен мұң бар. Мен қайтуға ыңғайландым.

— Қой, жеті түнде қайда барасыз?! Қонып кетіңіз, ― деп жұбайы ықылас білдірді.

Мен еріксіз бөгелдім. Уақыттың беймезгіл кезі. Қонайын десем, үй-ішінің үрепеті мынау. Қос басына қайта бару тағы ыңғайсыз. Не де болса, осы үйдің бір бұрышына түнеп шығуды жөн көрдім.

― Тамаққа әуре болмай-ақ қойыңыз. Егер бос орын табылса, тынығып шығайын.

― О не дегеніңіз. Жайғасып, шай ішіңіз.

― Нан ауыз тигізсеңіз де жеткілікті.

Келіншек дастарқан жайды... Кішкене төсектің үстінде бірінің бауырына бірі кіріп, екі сәби ұйықтап жатыр. Үй-ішінің әңгімесі өрбіген жоқ. Келіншектің арқасына батты білем, арғы бөлмеге кіріп, жатар орын әзірлеп шықты.

― Төсегіңізді салып қойдым...

Мен көзім ілінбей біраз жаттым. Толық айдың сүтіне шомылған түнгі айнала тып-тыныш. Ашық әйнектен үлпілдек самал кіріп-шығып жүр. Бақалардың баяғы сол солқылдақ үні. Бір сарын, бір ырғақпен қайнап жатыр. Жақтарының осыншама талмайтындығына таңданғандайсың... Табалдырық түбінен қара шегіртке ысқырды. Шалғы қайрағандай бір-екі рет дауыс берді де, зым-зия тынды. Терезе жақтауын жанамайлап, ары-бері сусылдай ұшқан көмескі көлеңке қарбалаңдап келіп, әйнекті періп өтті. Жарғанат болса керек, жығыла жаздап, жер бауырлай қайта көтерілді.

Үй иесі де ұйықтамаған екен:

— Есікті біреу қақты ма? Әйнектен біреу сығалағандай болды ғой!..

— Түнгі шыбын-шіркейлер ғой терезеге соғылған. Мезгілсіз уақытта кім келер дерсің? ― деп әйелі ақырын тіл қатты. Күйеуінің бетке қамшы тигендей жалтақ бейнесі көз алдыма келді. "Өз ұясынан өздері үріккендерінің терең бір сыры бар-ау..."

Күйеуі әлі тынши алмады.

— Кім келер дерің бар ма, екі көздің бірі жау ғой бұл күнде, ― деп күбір етті де, екінші жамбасына аунады. Көкірегіне кенеше қадалған удай өкініштен тұншыққан секілді. "Қап, бекер-ақ келген екенмін..."

— Уһ, екі өкпем қысылып кетті-ау! Ары, ары таман жатшы, өртеніп барамын.

Әйелінің ары жылжыған қимылы білінді. Күйеуі терең тыныс алып, солқ күрсінді.

— Кішкене тынықшы, Жарқынбай, шамалы деміңді алшы.

— Тамағым құрғап кетті...

— Су әкеп берейін бе?

— Қолқама түскен қызыл шоқты сонымен сөндірмекпісің!

— Азғана суық су ұртташы.

— Атауымды ұрттағаным артық шығар.

— Қойшы, жаным, құр бекерге нали бермеші. Болған іске болаттай болсаңшы.

— Иә, сен болаттай боларсың!

— Тынықшы, Жарқын...

— Анау қос жетім болмаса, саған не?.. Пайдалы бөксең тұрғанда, қуыстай кеудеңе бір күнкөріс табылар. Мүмкін, ауыр да соқпас.

— Жарқынбай-ай, күйген жанымды күйдіре беріп қайтесің. Менің қайбір сүлдем қалды деп табалайсың? Кеудедегі шыбын жан шықпаған соң, сүйретіліп жүргенімді артық көремісің? Менің не жазығым бар еді?..

Төсектің дір-дір селкілдеуінен келіншегінің жылағаны сезілді.

― Сен болмасаң, мен жазықтымын. Жазықтығым үшін сөйтемісің?..

— Әй, Жарқын-ай, қинамашы жанымды. Мұндай мінезің жоқ еді, табан асты не боп бара жатырсың!..

Өкпе тұстан ұрғандай Жарқынбай тағы ауыр өксіді. Есік алдында жатқан қара сиырдың ыңырана күйіс қайырғаны да күрсінгендей естіледі.

― Жүрегімді жұлып жеп қойсам қайтер екен, ә!..

Гүрс етіп еденге құлағандай болды. Сөйтті де, екі тізесін тарсылдатып, көпке дейін солқылын баса алмай жатты. "Қандай сұмдыққа тап болғанмын!.." деп, мен де іштей тынышсыздандым. Ақ жамылғымен басы-көзімді шымқай оранып, екі құлағымды қолмен бастым да, ешбір дыбысты естімеуге тырыстым...

Ертеңіне түрегелсем, ері үйінен кетіп қалыпты. Екі бала есік көзінде ойнап отыр. Келіншектің жүзі сүзектен тұрғандай сынық. Назарын пәстете берді.

― Жақсы тынықтыңыз ба?

― Рақмет. Жылы ықыласыңызға ризамын!

― Ризашылық әрдайым серігіңіз болсын.

Мен қонақжай үй иесін аяп кеттім. Есіме түндегі тауқыметтері түсті.

― Қиын бір іске душар болғансыздар-ау?..

— Солай, құрбым. Қарап жүріп қайғы таптық. Көктем кезінде тұқым бидай ұрлаймын деп, тұқымы сордай болған жағдайы бар замандасыңның. Өзі де сұғынып кетіп еді, соры қайнап шыға келді...

― Қайтесіз... бекем болыңыз. Мүмкін, кешірім етер.

— Кешірімнен гөрі кеселді аты батады ғой. Сүттей ұйыған шаңырақ едік, сергелдең өмірге тап болдық. Дос-дұшпанның табасын ойлағанда, қабырғаң сөгіледі.

Ол жанарына жиналған жасын көрсеткісі келмей, төмен қарады. Мен қайыр-қош айтысып, тысқа шықтым. Қапалы келіншектің көзіне тығылған тарам тамшылар көпке дейін көңілімнен кетпей қойды...

Арада біраз күн өтті. Ертең жүруге әзірлендім. Тура қайтар кезде, қас қылғандай, көзімнің астынан тарыдай түйіншек пайда болды. Тікенектей қадалып, сыздата береді.

― Үйде отырсың ғой, бас киіміңді киініп, ине байлап алсаңшы, ― деп қояды шешем.

― Дап-дардай болып, ұят емес пе?

― Несі бар? Ілгеріден келе жатқан ырым ғой.

― Ыстық су бассам, өзі-ақ кетеді.

Ол жаныма отырып, ақырын тіземді сипады. Жүрер алдында жүрегін сыздатқан жайын ақтаруға оңтайланғанын сездім.

— Қауан, кішкентайым, ― деп жас баладай еркелетті. ― Саған "ананы үйт, мынаны бүйт" деп айтатын уақыттан кеттің, құлыным. Жасаулы қыздай буынып-түйініп отырған шағым ғой, тентегім. Ойлан. Әл тайып, күш кеткенмен, сенің қызығыңа жылынатын қуанышым алда әлі. Қандай боп жүргенде жеттім бұл күнге. Өмір бар жерде қаза бар, сенің алдыңда ертең кетсем де өкінішім аз. Тек, қамшы сабындай келте күнім қалғанда, қалайша келінді болмас екем деген кермек уайым көңілімнің тыншуын алады. Қабырғаңмен кеңес, қуатым...

Мен үн қатқан жоқпын. Шешем ақырын көз қиығын салды да, тым-тырыс қалғанымды аяп кетті білем:

— "Басы екеудің малы екеу" деген ғой, алтыным. Өзіңнен артылатын қайбір кеңесім бар менің, ― деп орнынан түрегелді. Тұнжыраған түрімді көргісі келмей, басқа шаруамен айналысып кетті. Батырып айтуға әлі де қия алмай жүр. Әй, ананың алтын жүрегі-ай!..

Күн екіндіге ауған кез еді. Мен есіктің көзінде кітап оқып жатқанмын. Жанында бір топ нөкері бар, көршінің баласы тасырлатып жетіп келді.

— Аға, бүгін "Тарзан" болады екен. Білесіз бе, жалаңаш адам туралы, ағаштан секіргенде бар ғой, сұмдық керемет. Бір талдан бір талға ырғиды. Барлық аңдардың тілін біледі.

— Қай "Тарзан?"

— Кәдімгі Тарзан. Арыстандармен айқасқанда бар ғой, бәрін жеңіп шығады. Жүгіргенін көрсеңіз!.. Тура самолеттен озады.

Ол екі танауы желбіреп, Тарзан туралы тамашасын айта алмай ентігеді...

Маған да таныс Тарзан. Бала кезімде қуып жүріп көретін қызықты картинамыз. Дәл осы табалдырықтан аттай салып, бар дауыспен шыңғыра Тарзан боп ұлып, ауылды азан-қазан қылатын түндеріміз күні бүгінге дейін көз алдымда.

― Аға, барамыз ғой, ә?..

― Барсақ, барайық.

Ол Тарзан туралы тамашаларын тағы біреулерге ертерек естірту үшін екі санын сабалап, көшенің шаңын бұрқырата, ойнақтай жөнелді.

Қайран балалық-ай!.. Күні кеше ғана біз де осылай қуанушы едік. Онда қазіргідей емес, киноның келуі сирек болатын. Клубтың алдында тынбай дүрсілдеген движок даусы естілген күнгі мерейді қойсаңшы! Көшенің арғы-бергі бетіне түгел шапқылап, әрбір есікті қалдырмай хабарлап шығатынбыз. Қазақшаға судай орыс жігіті:

— Бәріне естіртіңдер, тегіс жиналмайынша, киноны бастамаймын. Ақшалары жоқ болса, бес жұмыртқа мен бір бау жоңышқа әкелсін. Айда, шабыңдар, ― деп жан-жаққа жосылтатын. Киномеханиктің оң көзіне іліну де ілкі алды бақыттың бірінен саналушы еді. "Мен пәленше үйге айттым, мен түгенше үйге айттым" десіп, топырлай таласатынбыз. Бірақ мұндай мерекелі күндердің біздің ауылды аралауы сирек болушы еді. Брезент жамылған көк машинаның қатынауы некен-саяқты...

Кино басталар алдында Жанат ұшырасып қалды. Үстіне ақ қынама мен қоңыр етекше киінген. Шашындағы ақсары бантигі күлімдеген жүзіне үйлесіп, бетінде қуаныш ұшқыны үйіріледі. Алғашқы көргенімдей емес, ашық-жарқын. Екі бетінің ұшындағы селдір сұйық жұқалаң арайы себеленген ақ селеу нұр шашып тұр. Мен әлденеден қысылып, еркін демімді әзер алдым...

― Сәлеметсіз бе, Қалау аға. Мен біздің үйге келмейтініңізді білгенмін...

― Көңіліңе алма, Жанат. Қолым тимеді.

― Шөп шаптыңыз ғой. Маған Зәуре айтқан.

― Апаңның жағдайы жақсы ма?

― Шүкіршілік. Сіздің есіміңіз аталған жерде күрсініп қояды.

― Емтихан қалай?

― Енді бір-ақ пән қалды. Сонан кейін бітеміз. Өз халіңіз ше?

― Ертең жүремін.

― Ертең бе?

Оның жүзінде ойнаған шұғылалы сәуле сәл-пәл жуаси түсті.

— Сол-ақ па? Ертең жүретін болдыңыз ба?..

— Аз тыныққамын жоқ.

— Әрине, аз. Біршама кідірмейсіз бе?..

— Келіп-кетіп тұрамын ғой.

— Көзіңізге теріскен шыққан ба?

— Кешеден бері бір нәрсе қадалып тұр.

— Мен оның емін білемін.

— Қандай ем?

— Кейін айтамын. Ертең қай сағаттағы автобуспен жүресіз?

— Қайдам.

— Мен айтайын ба? Он екідегімен жүріңіз. Жарай ма?

— Мақұл.

— Оған дейін сіздің көзіңізге ем тауып қоямын.

— Әуре болма, жазылып кетеді ғой.

— Жоқ, сіз оны білмейсіз. Қатқан нәрсе!

— Қалауың білсін.

— Менің қалауым ба?

— Өз қалауың.

— Жарайды. Менің қалауым... Осыған тұрасыз ғой?..

Мен ары-бері өткен жүргіншіден ыңғайсыздана бастадым.

― Келістік. Он екідегі автобуспен шығамын.

― Жақсы. Сау болыңыз. Көзіңіздің жазылып кетуіне тілеулеспін...

Сол түні қанша әуреленгеніммен, кірпігім айқаспады. Әр түрлі ойлар басымды шырмады. Шешемнің маған сездірмей, сезіктене күрсініп жүргені мынау. Алабұртқан көңілінің тыншуы жалғыз нәрсе секілді. Қайта-қайта қипалақтап, сырттай орағытып, айта бергісі келеді. Дыбыс шықса, ұшып кетер торғай секілді сезініп, абайсызда үркітіп алмауға әрекеттенген жүрексінуі тағы бар. Табан етін тартып жеп жүріп есейткен осындай қиянатсыз пенденің жазықсыз алаңдауы жүрекке жүз ине сұққандай аяныш әкеледі. Өзі айта беретіндей "мастығым болмаса, жастығым жоқ" қой менің. Тұншыққандай көмекке шақырған ана үніне жауабым қайсы! Тапқан-таянғанын менің қара басымның ғана қамына жұмсап, жүрек жалғар қара сумен күнелткендегі күңшілік тірлігіне көрсеткен көмегім осы ғой!.. Бет-жүзін соққыдан қорғағандай, жасқаншақ бүгілген шарасыз жанның жалтақ күйі көз алдымнан айықпай қойды. Көп заманнан бері ұйқымның шайдай ашылғаны осы еді...

Он бірлерден аса автобус аялдамасына келдім. Ескі қой сарайдың тұсы екен. Мүжілген дуалдарының орны ғана жатыр. Ауылдың белі еңкейген кәрісі мен жаңа аяқтанған жасына дейін жиналатын жері еді. Сауын малының ертеңгі өргізілуі мен түскі-кешкі сауыны, түгендеуі мен жоқтауы осы арадан реттелетін. Асық ойнап жүгірген албырт кезіміздің мекені. Әбден қас қарайып, қою ымырт үйірілгенде қалта толы асық қайтса, бұдан артық байлық бар дегенге сене қоймайтын кіршіксіз шақтың бесігі. Мұрты кеткен қуақы кеней мен бүйірі кемірілген кішкене ешкішектерді ұстағанда уысың толатын сүйекті құлжа мен кіндігіне қорғасын құйылған салмақты сақаларды ақырын сипалап, қанша асық ұтқаныңды қайта-қайта санай жүріп, көңілің тола үйге жеткенге не тең келген еді?..

Бірде өзіміздің жүні жапырайған тоқал ешкіні шігелеп жүріп ұстап алып, кішкене дүңгіршекті екі тізенің арасына қысып қойып, жармаса бастағаным сол еді, желкемді біреу түртті. Әсілтай екен.

― Ой, қатынбасша, әкел мен сауып берейін.

― Кедергі жасамай, ары таман тұр.

― Менің қолымда не бар, айтшы?..

― Кедергі жасама дедім ғой!

― Сен білмейсің. Менің қолымдағы арқардың құлжасы.

― Қане, қайдан алдың?

Мен дүңгіршекті қоя салып, қуып бердім.

― Ой, мақтаншақ. Өзім-ақ беремін. Әдейі саған әкелдім.

― Қайдан таптың мұндай алтын сақаны!..

― Әтекейдікі. Саған ұрлап әкелдім...

Ол зілдей құлжаны қолыма ұстатты. Мен әдемі асықты ышқырға сүңгітіп жібердім де, Әсілтайдың төбесінен бір нұқып қойын, тоқал ешкіге қайта жармастым... Сол Әсілтайдан қалған белгі ― анау жатқан биік төмпешік. Қадіріңе жете алмасам, кешір, құрбым!..

Сағат тілі он екіге таянды. Жүрегім дүрсілдеп берді... Бірді-екілі жолаушы жаңа кеп тоқтаған автобусқа отыра бастады. "Шынымен келмегені ғой..." Жеңіл шамаданымды оңтайлап, кіруге ыңғайландым. Соңғы рет ұзын арықтың бойына көз салдым. Майда талдардың арасынан ағараңдаған ақсары бантик көрінді. Жанат жүгіріп келеді екен. Қолында ақ қағазға оралған бумасы бар, ентігіп жетті:

— Ой, енді аз болғанда кешігетін едім. Қайда, сонау күрілдеуіктің басынан әзер таптым!..

— Бұл не, Жанат?

— Иманжапырақ қой. Көзіңізге бассаңыз, жазылып кетеді.

Автобус орнынан қозғалды.

— Рақмет, Жанат. Қош-сау бол!

— Аман болыңыз, аға. Ұмытпаңыз!..

Ол автобусты жанамалай ілесті.

— Ұмытпайсыз ба?.. Мен хат жазып тұрамын. Әпкемнің блокнотында адресіңіз бар...

Жол жиегімен қолын бұлғай жүгірген Жанат біртін-біртін алыстай берді. Автобус бір белден асып кеткенше ағараңдаған кішкене бейнесі көрініп тұрды. Мен қағазға оралған иманжапырақты құшырлана иіскедім. Жұпар лебі қолқамды қапты... Туған жердің жапырағы ғой!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама