Заманауи оқу-тәрбиелеу үдерісі теория және тәжірибе
Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде кәсіптік білім беру уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді талап етіп отыр.
Қазіргі кезеңде білім ғылым саласында инновациялық педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, тәрбие бағытында да заманауи технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды.
Болашақ құзыретті мамандарды өсіріп, дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Жаңа заман маманы ертеңгі еліміздің болашағы. Кәсіби құзыретті маманды қалыптастырып, дамыту үшін, тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай туғызу қажет.
Әрине, ол үшін білім беру мекемелерінде студенттердің жеке басының қалыптасуы мен дамуында педагогтардың заманауи тәрбие технологияларын қолдана білу сауаттылығына да байланысты. Сондықтан, тәрбиенің жаңа педагогикалық технологияларды қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасау қазіргі таңдағы әрбір педагогтың міндеті.
Заманауи тәрбие технологиясы – тәрбие мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін оқыту формаларының, әдістерінің, жолдарының, тәсілдерінің және тәрбие құралдарының жиынтығы. Бұл дамыту, оқыту және тәрбие процестеріне ықпал ететін тәсілдердің бірі.
Колледждегі тәрбие жұмысының негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында ізгі қасиеттер қалыптасқан, дүниетанымы мол тұлға, көшбасшылық қасиеттерді меңгерген жеке тұлғаны қалыптастыру.
Колледжде «Жеке тұлғаны қалыптастыру» моделіне сай рухани-адамгершілік тәрбиенің бағыттарына негізделген тәрбие жұмысы жүргізіліп, жан-жақты дамыған, құзыретті, жігерлі де қайсар, белсенді жастар тәрбиеленіп, қазіргі студент, ертеңгі мұғалімнің ұлттық санасын, патриоттық сезімін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі. Оқу орнында колледж директоры, п.ғ.д. Ш.Х.Құрманалинаның авторлығымен жасақталған «Жеке тұлғаны қалыптастыру моделі» атты тәрбиелік жұмыс жүйесі жолға қойылып, әр студенттің жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсер етеді. Модельдің 5 бөлімі (Жанұя, Ұжым, Қоғам, Әлем, Мен – жеке тұлға) рухани-адамгершілік тәрбиенің 11 бағыты (Менің елімнің тарихы, «Менің арманым, мақсатым және менің болашағым», «Мен болмасам, кім?», «Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті», «Гендерлік көзқарас», «Қарым-қатынас этикасы», «Менің өмірімдегі дін», «Мен және қоршаған орта», «Менің халқымның салт-дәстүрлері», «Туған тіл», «Менің отбасым») бойынша жан-жақты дамыған құзыретті мамандарды тәрбиелеуде бірнеше тәрбиелік шаралар жүзеге асырылды. Тәрбиенің жаңа моделі қоғам өміріндегі ережелер мен салт-дәстүрлерге сәйкес жеке тұлғаның сана-сезімін, адамгершілік қасиеттерін дамытуға, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға, сонымен бірге қарым-қатынас этикасы мен мәдениетті қалыптастыруға жағдай жасайды.
Тәрбие технологиялар мен инновациялық құралдар колледжде жас ерекшеліктерін ескере отырып, өзіндік бағыттары мен мақсаттары бар екендігі мәлім.
Бірінші курста «Тіл табысуға үйренеміз!» бағыты бойынша студенттерді қоғамдық өмірге бейімдеу үшін ұйымдастырылған кешенді іс- шаралар жеке тұлғаның интеллектуалдық, әлеуметтік психологиялық қабілеттерін арттыруға бағытталды. Бұл бағыттағы жұмыстар «Біздің колледж Ж.Досмұхамедов атында» студенттерді колледж қағидаларымен таныстыру, «Өзін-өзі тану – өмір талабы» психологиялық тренингтер, «Мамандығым - мақтанышым» семинар, «Қызға қырық үйден тиым» тақырыбында дөңгелек үстел, студенттердің ішінен музыка, вокал, би, өнер, көркем сөз оқу номинациялары бойынша ең дарындыларды анықтау үшін «Сенің жұлдызды сәтің» фестивалі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.
Екінші курста «Ойлауға үйренеміз» бағыты бойынша «Математикалық регата», «Қызықты информатика», «Интеллект-шоу», «Бүгінгі студент – ертеңгі құзыретті маман» тақырыбында өткізілген сайыстар ақпараттық оқу алаңын құруға бағытталды. Студенттердің шығармашылық, интеллектуалдық қабілеттілігін арттыру мақсатында «Тапқыр достар» интеллектуалды сайысы, құқықтық тәрбие беру мақсатында «Құқық – әділет пен парасат жолы», патриоттық тәрбие беруде «Тәуелсіз елім - бақытым» атты шаралар ұйымдастырылды.
Ұстаздар және ардагерлер күніне орай «Ардагерлер – ақылдың көрігі екен, ұстаздарым – ұлағат серігі екен» атты мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Барлық топтарда педагогикалық еңбек ардагерлері және колледж жанынан құрылған «Ұрпақтар сабақтастығы» клубы мүшелерімен кездесу өткізілді. Осындай шаралар «Ойлауға үйренеміз» ұранын басшылыққа алып, студенттерді қалыптан тыс жағдайдан жол тауып шығуға, оқу бағдарламасын модельдеуге, ақпараттық оқу алаңын құруға үйрету мақсатында жүзеге асырылды.
Үшінші курста «Шығармашылыққа, өзін-өзі басқаруға үйренеміз!» бағытында өткізілген тәрбие шаралары студенттердің өз бетімен ізденуіне, пікірін ашып айтуға кез- келген жағдайдан жол тауып шығуына үйрету мақсатында ұйымдастырылды. «Жаһанша жастары» КТК тобы облыстық жарыстарға қатысты. Халықаралық студенттер күніне арналған «Студенттік өмір» атты шара өткізілді. Студенттердің диплом алды машыққа дайындығын байқау мақсатында «Еркін елдің болашағы» атты сайыс өткізілді. Нәтижесінде студенттер үш жыл бойы меңгерген білімдерін көрсетіп, кәсіби біліктерінің жоғары екенін байқатты. Студенттердің кәсіби біліктерін арттыру мақсатында «Мамандығым - мақтанышым», «Педагогикалық оскар» атты шаралар дәстүрге айналды.
«Жеке тұлғаны қалыптастыру» моделі колледж студенттерінің мәртебесін көтеруге, жеке тұлғаның әлеуметтік, адамгершілік, этикалық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталды.
Жоғарыда көрсетілген шараларды өткізу барысында қолданылатын педагогикалық технологиялардың бірнеше түріне тоқталайық.
Ойын арқылы оқыту технологиясының мақсаты дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық, әлеуметтендірушілік мақсатқа жету. Ойын технологиясының ерекшелігі ойындық іс-әрекеттің психологиялық механизмі жеке бастың өзіндік талап-талғамдарына сүйенеді. Студенттің бойындағы білімділік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді. Іскерлік және тағы басқада ойындар студенттерге өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймайды, олардың ұйымдастырушылық қабілеттерін де қалыптастырады.
Ойын-әлеуметтік қызмет. Ол студенттің жасына қарай өзін қоршаған ортаны танып білуге құштарлығын арттырады.
Проблемалық оқыту технологиясы - студенттің өз бетімен ізденуге үйрету, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Яғни, студенттердің белсенділігі арттыру, шараға қызықтыратындай мәселе тудыру, студент материалды сезім мүшелері арқылы ғана қабылдап қоймайды, білімге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгереді.
Өздігінен даму технологиясы - бұл студентті жан-жақты дамыту, дербестікке тәрбиелеу, санасында нәрселер әлемі мен ойлау әрекетінің бірігуі, мұнда тәрбие үрдісі студенттің дамуына сәйкес табиғи болуы керек, сонда ғана ол өзін дамыта алады.
Бұл технологияның ерекшелігі оқытудың бірыңғай бағдарламасы болмайды, әркім табиғат берген даму жолымен жүреді. Әр студенттің іс-әрекеті өз еңбегіне орай үлкендердің, құрбылар тарапынан бағаланады. Мұндағы басты мәселе студент өзін-өзі бағалайды.
Ынтымақтастық педагогикасы - педагогтың талап ету педагогикасынан қарым-қатынас педагогикасына көшуі. Студенттке ізгілік тұрғысынан қарау, оқыту мен тәрбиенің ажырамас бірлігі: педагог - студент, студент-педагог, студент-студент, яғни студент те педагог те субъектілер болып табылады. Сонымен қатар, студенттің басына ізгілік қарым-қатынас, екеунің арасындағы өзара түсінушілік, ынтымақтастық қарым-қатынас жасау. Бұл технологияның негізгі мақсаты - студентті азамат етіп тәрбиелеу, олардың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту, студенттің жаны мен жүрегіне жылылық ұялату.
Дамыта оқыту технологиясы - студентті оқыта отырып, дамыту. Оның бойында еркіндік, мақсаткерлік, ар-намыс, мақтаныш сезім, дербестік, адамгершілік, еңбексүйгіштік, белсенділік т.б. қасиеттер дамыту.
Сонымен қатар, білім беру мекемесінде инновациялық білім беру құралдарын қолданудың да маңызы зор. Инновациялық білім беру құралдарына: аудио, видео, құралдар, компьютер, интерактивті тақта, интернет, мультимедиялық құрал, электрондық оқулықтар, мен оқу әдістемелік кешендер, инновациялық ақпараттық банк, инновациялық сайт және тағы басқалары жатады. Қазіргі таңда көптеген интерактивтік бағдарламалық бөлімдер, қозғалмалы объектілер құруға мүмкіндік беретін векторлық және графикалық жабдықтар көптеп шығып, қолданыс табуда. Осындай құралдардың бірі-мультимедиялық оқулықтарды оқу ордалары кеңінен пайдалану. Бұл жағдайда әрбір педагог ұйымдастырып отырған шарасы әрі қызықты, әрі нәтежелі болады, сонымен бірге мультимедиялық құралдар арқылы педагог уақытты тиімді және ұтымды пайдаланар еді.
Білім беру мекемелерде ақпараттық коммуникативтік технология құралдарын қолданудағы мақсат – әр студенттің танымдық қызығушылығын қалыптастыру. Студенттің танымдық қызығушылықтың болуы олардың шараларда белсендік танытуға, жағымды мінез құлықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Педагог – студенттің бойына білім нәрін себетін, жан-жақты тәрбие беретін басты тұлға. Болашақта колледж түлектерінен жаңашыл педагог даярлауға қойылатын талаптар студенттерді оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологиялар түрлерімен қаруландыра отырып, қазіргі уақыттағы кәсіптік дағдыларын игеруге бағытталған оқытудың жаңа жолдарын енгізуді көздейді.
Нақты білім беру жүйесі тұлғаны дамыту мен әлеуметтендірудің үдерісінің маңызды кезеңі, айта кетсек, өміршең қағидалар мен негізгі құндылықтардың саналы қалыптасу кезеңі екені баршамызға мәлім. Сонымен қатар ол оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті, өзгермелі өмірге бейімделу шарты, жеке бас қабілеттерін дамытудың тетігі, әлеуметтік-мәдени дамуының өлшемі, әлеуметтік дағдыларын дамытудың негізі, қатысымдық, ақпараттық проблемалардың шешімін табу құзыреттіліктерінің бірлігі, білім, білік дағдыларының құзыреттілікке ұласу жолы болып табылатын функционалды сауаттылықтың сипатты белгілерін дамытуға ықпал ету маңызды рөл атқарады.
Тұлғаны қалыптастыру жолында орта білім беру жүйесінде орны зор, себебі негізгі құндылықтар мен өмірлік қағидалар осы уақытта қалыптасады. Мектеп жасында балалар өзінің мәдени-ұлттық, этникалық қажеттіліктерін жүзеге асырып, оның бойында гуманистік, жалпы адамзаттық қасиеттердің қалыптасуына қолайлы жағдай және орта жасалады.
Бүгінгі таңда мұғалімнің алдында тұрған міндеті – әлеуметтік-белсенді тұлға қалыптастыруға ықпал ететін, жағымды білім беру және тәрбиелеу ортасын құруда әлемдік мәдениет пен жалпыадамзаттық құндылықтарды, этностар мен халықтың мәдени дәстүрін білу және өзіндік тәжірибесін қолдану.
Заманауи мектеп мұғалімдеріне оқу тәрбие үдерісін ұйымдастыруда келесі міндеттерді шешу көмектеседі:
— оқушылар бойында ұлтжандылықты, азаматтылықты және намысқорлық қасиеттерді және отаншылдық сананы қалыптастыру, Отанға деген мақтанышқа тәрбиелеу.
— тұлғаның жалпыазаматтық құндылығын, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етуі, рухани-адамгершілік дәстүрді сақтау және қайта жаңғырту;
— жалпыадамзаттық қасиеттердің негізінде жан жақты мәдениетті, өзгермелі өмір жағдайларына бейім тұлғаны қалыптастыру.
— оқушылардың білім алу уәждері мен танымдық қызығушылықтарын қалыптастыра отырып ойлау мүмкіндіктерін дамыту;
— өмірге, адамдарға құрметке тәрбиелеу;
— өзін өзі жетілдіру бағдарламаларының көмегімен мінез құлқын тәрбиелеу;
— салауатты өмір салты туралы көзқарысын қалыптастыру, мәдени-спорттық іс шараларға қатысуға тарту.
Жеке тұлғаны тәрбиелеуде жоғарыда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мектептегі оқушылардың академиялық пәндері, қосымша білім беру, бос уақытты ұйымдастыру және әлеуметтік өмірдің тәрбиелік әлеуеті арқылы іске асырылады. Сонымен қатар тұлғаның негізгі сапалары отаншылдық, төзімділік, сенімділік, жауапкершілік, креативтілік, тапқырлық, көшбасшылық, яғни функционалдық сауатты тәртіп қалыптасады. Түпкі мақсатбілім алушылардың өзін өзі жетілдіру мен дамытуға жетелейтін, кез келген жағдайда коммуникативтік-қызметтік әрекеттерді үш тілде көрсетуге мүмкіндік беретін бірнеше тілді меңгеру, өзінің салт дәстүрі мен тарихын білетін, әлеуметтік және саяси өзін өзі анықтауға қолдау көрсететін көпмәдениетті тұлғаны дамыту.
Бүгінгі таңда оқу және тәрбие бағытында НЗМ тәжірибесі республиканың мектептеріне таратылуда. Осы ретте Зияткерлік мектептердегі тәрбие жүйесін келтіруді жөн көріп отырмыз. Ондағы іс шаралар шығармашылық және аса өнегелі, бәсекелі ортада табысты әрекет етуге қабілетті, мәдениеті жоғары және азаматтық жауапкершілік жүктеген, өз Отанына берілген жеке тұлға қалыптастыруға бағытталған.
Тәрбие жүйесі пәндік оқу бағдарламаларының, қосымша білім беру бағдарламаларының, демалыс қызметінің мазмұнын мынадай бағыттар арқылы интеграциялау жолымен іске асырылуда: патриоттық тәрбие, интеллектуалды даму, адамгершілік тәрбие, физикалық және психологиялық даму, алуан мәдениетті даму, көшбасшылық қасиетті дамыту, көркем-эстетикалық даму. Оқушылардың сабақта және сабақтан тыс қызметте интеграциялануы әлеуметтік-гуманитарлық цикл пәндеріндегі «Алаштану», «Абайтану» ұлттық құрамдас бөлік, түйінді пәнаралық тақырыптар, «Өнер» және «Дене тәрбиесі» пәндерін және қосымша білім беру бағдарламаларын оқытудағы көзқарастардың байланысы арқылы жүзеге асырылады. Білім беру қызметінің осы интеграциясының нәтижесінде тәрбиелеу жұмысы нысандар мен әдістер кешені арқылы ұйымдастырылады, соның ішінде әлеуметтік жобалар мен практикалар, Қазақстан бойынша өлкетану экспедициялары, мүдделер бойынша сабақтар (спорттық, көркем, технологиялық және интеллектуалды), таңдамалы курстар, оқушылардың өзін-өзі басқаруы мен қоғамдастықтар («Шаңырақ» және басқалары), драмалық және театр көрсетілімдері, интеллектуалды және іскер ойындар, желілік іс-шаралар және т.б.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушылар қауымдастығы «Шаңырақ» жобасы негізінде ұйымдастырылады. Қауымдастықтың мақсаты – бірыңғай топтар құру арқылы оқушыларды ауызбірлікке, біртұтастыққа бейімдеу, жоғары сынып пен төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастыру болып табылады. «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығына жас аралығындағы және оқыту тілі әртүрлі екі сынып біріктіріледі (Мысалы, 12 және 9, 11 және 8, 10 және 7). Әр «Шаңырақтың» өз аты, белгілері, ұраны бар. «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы арасында әртүрлі жарыстар мен сайыстар (спорттық, зияткерлік, мәдени) өтеді, қатысқаны мен жеңістері үшін оқушылардың әр қауымдастығы ұпай сандарын жинақтап жыл соңында жеңіске жеткен топқа «Өркен» кубогы тапсырылады және «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясына жолдама беріледі. Жан жақты дамыған тұлға қалыптастырудағы аталған қауымдастықтың артықшылықтары әр жастағы оқушылардың өзара ынтымақтастығы артады, жоғары сынып оқушыларының төменгі сынып оқушыларына қамқорлық танытуы өзара әріптестік мәдениетін қалыптастырады, көшбасшылық қабілеттерін дамытады, сабаққа дайындық барысында және сабақтан тыс уақытты ұйымдастыруда бір-біріне көмек көрсетеді, біртұтас команда, корпоративті рух қалыптастыру болып табылады. Осының негізінде тәуелсіз оқушы, азаматтық ұстанымы белсенді, өз елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға дайын сенімді жеке тұлғаны қалыптастыруға қолдау көрсететіні анық.
Нұр-Сұлтан қаласы Ақжол-РА бастауыш мектебі
Иманбаева Айжан Есеновна