Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Абайдың тарихи мұралары
Қазақ халқының ең бір ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы, дана ойшыл, халқымызды әлемге әйгілі еткен философ, ағартушы, композитор Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне, міне, 175 жыл толып отыр. Небәрі 58 жыл ғұмыр кешсе де, ұзақ ізденістері арқылы халқымызға тәлім - тәрбие беретін, адамның рухын көтеріп, санасын ашатын шығармалары – бүкіл халықтың тарихи мұрасы.
Ол – лирик, ол - ақын, ол – эпик... Жинақтап айтар болсақ, сегіз қырлы, бір сырлы аса ірі тұлға. Абай есімі – алға қарай ұмтылу мен әлеуметтік әділдіктің символы. Бұл оның әр ісі мен шығармасынан көрінеді.
 Сол заманда болып жатқан қазақ халқының өміріндегі аумалы - төкпелі кезеңде халықтың тұтастығын сақтау, адам жадын жақсылыққа бұрып, рухын тазалау халыққа бірден бір керек өзгеріс болды. Абай осыны түсіне отырып, ол үшін қажеттінің бәрін жасады. Өз шығармаларын халыққа өсиет арқылы жеткізіп, қоғамдық ой - санаға, әдебиет пен өнерге жаңа серпін берді.
 Абай небәрі он жасында өлең жазуды бастады. Оның зеректігін байқаған әкесі оны Ахмет - Риза медресесіне оқуға береді. Мұнда ол оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Білімге қызығушылығы артқан Абай білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай тілдерінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Нағауи, Сәғди, Қожа, Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Онымен қоса «Приходская школаға» қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ әкесі Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанын ертіп, елді билеу ісіне араластырады. Абай әкесінің жананда болған жылдары өз ауылында болып жатқан қайшылықтарды, әлеуметтік теңсіздіктің зардаптарын, болыс - сұлатндардың халыққа жасап жатқан әділетсіз әрекеттері мен кертартпа әдет - ғұрып заңдарының залалдарын үнемі байқап жүреді. Қолында күші бар топтардың әділетсіздігі, істеген қылықтарындағы мағынасыздықтың, бітпейтін талас - тартыстың, пайдасыз әуре - сараңмен күнөткізушіліктің халық басына түскен үлкен ауыртпалық екенін айқын түсінеді. Осылай Абай халық тағдыры, қоғам өмірі жайында көп толғанып, халық мүддесі, әділдік үшін күресуге бел байлайды. Бұл жолда ол халықты адал еңбек етуге, өнер уйренуге, білім, ғылым жолына түсуге шақыруды мақсат етеді. Ол осының бәрін халықтың жүрегіне ұялатуға жарарлық бірден - бір күшті құрал өлең, сөз, ақындық өнер деп санайды. Өзінің бар ақындық қуатын осы жолда жұмсайды.
Абай өз өлеңдерін шәкірттері арқылы халыққа таратып отырған. Халық оны жаттап алып, таныс - туыстарын айтып халық арасына таратқан.
 Абайдың саяси - әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына орыстың ойы озық азаматтарының да тигізген игі ықпалы аз емес. Пушкиннің озінен, Белинский, Герцен, Чернышевкий, Салтыкоы - Щедрин, Некрасов, Лермонтовтардың мұраларын оқып, терең тәрбие алады. Гете, Байрон сияқты ақындарын, Спенсер, Дрепер, Дарвин сынды ғұламалардың туындыларын оқыды. Абай осылайша Европаның әдебиетімен де танысып, білімін одан әрі кеңейте түсті.
 Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады. Ақынның шығармашылық өнерінің негізгі тірегі, сарқалмас қайнар көзі – халық поэзиясы. Өзінің шығармаларында Абай халық тіршілігінің ең көкейкесті мәселелерін, маңызды әлеуметтік - қоғамдық, моральдық проблемаларын, халықтың тағдырына, әдет - ғұрпына қатысты мәселелерді көтереді.
 Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңінде қазақ халқын бөлмей - жармай түгел қамтып, тұтас шолып, баршасына бағыштап айтылған сөздердің әлеуметтік салмағы орасан зор. Бұл өлеңде ол өзі өмір сүрген ортаны, тағдырдың талқысына түсіп шырқы бұзылған ел - жұрттың бейнесін аса көркем шеберлікпен суреттейді.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы меннен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі мұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.» -
 деген өлең жолдарынан сол замандағы бай - болыстардың шынайы сиқын көруге болады. Елдің шырқын бұзып, қолындағы күші азайған, шенеуніктергеге бағынышты болыс тікелей қатысты жазылған.
«Мәз болады болысың» өлеңінде де осы мәселе қарастырылады. Өлеңде болыс болған қазақтың мінез - құлқы үшінші жақтан суреттеледі.
«Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.
Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар,
Кешікпей - ақ тосқанға.» -
 деген шумақ қазақ болыстарының орыс шенеуніктері бір мақтау сөз айтқанға мәз болып, сонымен мақтан болуын және осындай болыс сымақтардан үміт жоқ екенін айтады.
Ақын бұл өлеңде болыстың жаман қылықтарын оқырмандарының көз алдына көлденең тартады да, ақын ойлы жанға болыстан да, оның ықпалынан да алыс болуға кеңес береді.
«Миың болса, жолама,
Бос желіғіп шапқанға» -
дей келіп, жамандықтан қашқанның жаман болмайтынына меңзейді.
 Сонымен қатар Абай өз өлеңдерінде халықты ақылға, еңбекке, мейірбандыққа, кішіпейілділік пен қанағатшылдыққа, сабырлық пен рахымды болуға шақырады. Мысалы, «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңіндегі:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, әрқалан.
Сен де – бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап тап, бар қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.» -
деген өлең шумақтары әділдік, мейірбандық болмаған жерде ақыл мен қайрат та адамды жақсылыққа жеткізе алмайтынын айтады.
 Абайдың тағы бір шығармашылығының айқындалатын жанры – табиғат лирикасы. Ол өзінің шығармаларында жыл маусымдарын өзіне тән ерекше, қайталанбас бояулармен бейнелеп берді. Осы саладағы Абайдың тағы бір ерекшелігі ол – пейзажды адамның тұрмыс - тіршілігімен, әлеуметтік өмірімен, қазақ халқының көшпелі тынысымен тығыз байланыстыра білуі.
 Абайдың ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда бүркітші шығады аңға». Осы өлеңдегі табиғат көріністерін, өз сезімін және аңшылықтың қызулы, қызғылықты сәттерін сипаттағанда, Абай өзінің жаңаша қалыптасқан ақындық қырын көрсетеді. Бұндағы көретініміз – қазақ халқы мекен еткен жердің қысы туралы, табиғат, бүркіт салуға атқа мініп шыққан қазақтың аңшылар тобы, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Осы өлеңдегі өзгешелікті ең алдымен пейзаждан табуға болады. Көз алдымызға қар басқан елсіз таудың тұрғысы, сағасы, қансонар күнгі анық болмыс күйін елестетеді.
 Ақын Абайдың табиғат көріністерін, махаббат сырларын кестелі тілмен айшықтаған әлем поэзиясындағы шоқтығы биік туындысы - «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі. Ондағы пәк, таза махаббаттың белгісіндей жарық айдың сәулесі суда дірілдеп тұрған бейнесі, қазақтың даласы, түні, тауы, суы, көшпелі елдің қонған қоныс жайлауы, қазақтың осындай айлы түнде ауыл сыртында шағын армандауы көңілге нәзік лирикалық сезім ұялатқандай болады.
 Абай өзінің теңдесіз ақындығымен қатар аса дарынды композитор болды. «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай», «Амал жоқ, қайттім білдірмей» сияқты өлеңдңріне шығарған әндері, халық арасында кеңінен таралып, үнемі айтылып келеді.
 Абайдың ең бір асыл мұрасы, тәрбиелік мәні бар, жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөздер жинағы – Абайдың ғақлиялары. Абай өзінің ақындығының оқырмандар үшін түсінуге қиындығын сезіп, кейбір күрделі дүниетанымдық мәселелерді қара сөзбен түсіндірген. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әрқайсысы әралуан.
 Мысалы, бірінші қара сөзінде Абай жазуға қалай кіріскені туралы сөйлейді. Осы қара сөзінде Абай өзіне тоқталып, басқа қарасөздерінде бұл тақырыпқа оралмайды. Жер ортасы жасқа келгенше сүрген өмірін айта кетіп, алда не істеп, не жазатыны туралы айтады. «Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өтіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.» - деп ойланады. Ойлана келе өз ойларын қара қаламмен ақ парақ бетіне төгілте жазуға шешім қабылдайды.
 Абай өзінің он тоғызыншы қара сөзіндегі: «Адам ата - анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» дегенде бала туғанынан жақсы, не жаман, білімді, не білімсіз болып туылмайды. Бұл қасиеттердің барлығын адам бойына дарытатын адамның көріп - білгені, оның неге құлақ асып, неге зейін қойып тыңдауында екенін түсіндірмек болған.
 Ал «Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып естісе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп - есітпей не керек?» деген жерінде адам білімге талпынып, жаман әдет - қылықтардан сақтанып жүретін болса, сол адам дегеніне жетеді және оның елі, жері үшін тигізер пайдасы зор болады дегені. Ал естіген жақсыны есінде сақтамай, мән беріп тыңдамай, оған салғырттықпен қараса, ондай адамдарға бір нәрсе айтқаннын не пайдасы бар?
 Расында да Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қана қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған.
Шынымен де, Абайдың ғақлиялары әр маңызы бар тақырыпты қамтыған, шебер жазылған туындылары. Абайдың қара сөздерін оқыған адам, сірә, басқа бір әлемге еніп, түрлі ұлы ойлар ойлап, әрбір сөзінің мағынасын түсінгенде керемет сезімде болар.
  Абай қазақ халқы, әдебиеті, тарихы үшін маңызы бар, әр қазақтың жүрегінде орын ала білген ұлы тұлға. Оның туындылары, шығармалары – біз үшін баға жетпес рухани қазына. Біз Абайды мақтан тұтамыз, біз Абаймен мақтанамыз. Абайды әрқашан еске алып, оның шығармаларын үнемі оқып жүретін ұрпақтары болғанда Абай аты ешқашан өпес!

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама