
- 06 мам. 2025 22:33
- 29
Алматы әуежайына 362 млн доллар инвестиция салынады
Алматы халықаралық әуежайы жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Қазақстанның Көлік министрлігі, Алматы әкімдігі, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ және TAV Holding арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, 2025–2029 жылдар аралығында 362 миллион доллар көлемінде жеке инвестиция құю жоспарланды. Бұл — елдегі көлік инфрақұрылымына бағытталған ең ірі жеке қаржыландырулардың бірі.
Инвестиция тек инфрақұрылымға ғана емес, адамдарға да бағытталады:
- Келесі 12 ай ішінде әуежай қызметкерлерінің орташа жалақысы 25%-ға өседі;
- Жаңа медициналық орталық салынып, әуежай маңындағы тұрғындар мен қызметкерлерге қолжетімді болады;
- Биылдың өзінде 600 жаңа жұмыс орны ашылмақ;
- Қызметкерлерге арналған жеке асханалар іске қосылды;
- Халықаралық стандарттарға сай ACI аккредитациясынан өткен оқу орталығы ашылады.
Ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында:
- Ұшу-қону жолағын жаңғырту;
- Жүк тасымалы компанияларына арналған жаңа перрон құрылысы;
- Ішкі рейстер терминалын қайта жөндеу;
- Жүк қоймаларын цифрландыру;
- Әуежай аумағында жаңа қонақүй салу көзделіп отыр.
Бұған дейін, 2024 жылдың маусым айында 53 500 шаршы метрлік жаңа терминал іске қосылған болатын. Ендігі мақсат — Алматыны заманауи халықаралық көлік хабына айналдыру.
Жоба аясындағы мастер-жоспардың толық нұсқасы 2025 жылдың жазында өтетін баспасөз конференциясында жарияланады. TAV Holding-тің ұзақмерзімді стратегиясы Қазақстанның көлік саласының серпінді дамуына жол ашады.