
- 19 там. 2025 10:43
- 24
Алматы облыстық соты Шерзат ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды
Алматы облыстық соты Шерзат ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды,-деп хабарлайды Инфохаб.кз.
Алматы облыстық сотында қоғамда үлкен резонанс тудырған Шерзат Полатты өлтіру ісіне қатысты апелляциялық шағым қаралды. Судья Досымбек Қалдарбек істі жан-жақты зерделеп, тараптардың уәжін тыңдағаннан кейін алғашқы инстанциядағы үкімді толық көлемде күшінде қалдырды.
Апелляциялық шағымды сегіз сотталған адамның адвокаттары түсірген болатын. Ал тоғызыншы айыпталушы — Думан Ысқақ жазасын өтеп, бостандыққа шыққандықтан, шағымға қатысқан жоқ.
Еске сала кетейік, 5 маусымда бірінші сатыдағы сот осы іске қатысты үкім шығарған еді. Сот шешімімен тоғыз адам кінәлі деп танылып, олар бір жарым жылдан 23 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Бұл іс қоғамда қызу талқыланған болатын. Жәбірленуші тарап соттың әділдігіне күмән келтірсе, айыпталушылардың қорғаушылары жазаның тым қатаң екенін алға тартқан. Алайда облыстық сот алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырып, істің нүктесін қойды.