Photo: Pixabay (https://www.pexels.com/@pixabay) / Pexels
- 11 ақп. 2026 22:31
- 23
Алматыда 1 жастағы сәби 31 магнит жұтып, шұғыл ота жасалды
Алматыда бір жастағы сәбидің өміріне қатер төнді. Кішкентай бүлдіршін ішіне 31 магнит жұтып қойып, шұғыл ота жасауға мәжбүр болды. Дәрігерлер бір магниттің өзі қауіпті екенін ескертеді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сәбидің жағдайы өте ауыр болған
Алматы қаласының Балалар жедел медициналық жәрдем орталығына 1 жас 9 айлық сәби өте ауыр халде жеткізілген. Тескеруден кейін дәрігерлер сәбидің ішегінде 31 магнит барын, сондай-ақ жіңішке ішектің бірнеше жерінен тесіліп кеткенін және іш қуысына нәжіс тарағанын анықтады.
Шұғыл ота жасалды
Сәбидің өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы – дереу хирургиялық араласу болды. Медицина мамандары іш қуысын ашып, ондағы ағзаларды тексеріп, ішектен магниттерді алды. Сонымен қатар, жіңішке ішектің тесілген жерлерін тігіп, іш қуысын тазартып, дренаж қойды. Сәбидің ішегіне трансанальды интубация жасалды.
Магниттің қаупі
Орталықтың хирург-дәрігері Асқар Ризвановтың айтуынша, магниттердің ерекше қаупі – олардың бір-біріне іште тартылып, ішек қабырғасын қысып қалуында. Бұл қан айналымын бұзып, тіндердің өліп кетуіне, тесіктердің пайда болуына әкеліп соғады. Салдарынан, небәрі бірнеше сағат ішінде перитонит дамиды.
«Көбінесе ата-аналар жағдайдың қаншалықты тез нашарлауы мүмкін екенін түсінбей жатады», - дейді дәрігер.
Дәрігерлер бір магниттің өзі ішке түссе де, дереу медициналық көмекке жүгіну керектігін баса айтады. Бірнеше магниттің жұтылуы – сәбидің өміріне тікелей қауіп.