Ақ түн
Ескі пароход Вознесеньедегі айлақтан ырғалып әрең шықты да Онега көліне келіп түсті.
Айналада ақ түн созылып жатыр. Мен бұл түнді алғаш рет Нева мен Ленинград сарайлары үстінен емес, солтүстіктің орманды кеңістігі мен көлдері арасында жүргенде көрдім.
Шығыста жүзі жүдеу ай қуарып, төмендеп тұрды. Ол мүлде жарық шығармайтын сияқты.
Пароходтан тараған толқындар қарағай қабығы бөлшектерін тербетіп, алысқа маңып барады. Жағада, ежелгі бір қыстақ шетіндегі шіркеуде ме қалай, күзетші мұнарадағы қоңырау сағатты - он екі рет соқты. Жағалау алыс болса да, оның әуезді үні бізге жетіп, пароходты жанап, су айдыны үстімен ай салбырап, ілініп тұрған мөлдір сапаққа сіңіп жатты.
Мен ақ түннің кісі жанын қажытатын жарығын не деп атайтынымды өзім де білмеймін. Жұмбақ дейім бе? Әлде дуалы дейім бе?
Осынау түндер маған әманда табиғаттың әсіре сыйы сияқтанып көрінеді. Оларда аппақ ауаның және фольга мен күміс жарқылының тұнық мөлдірлігі бар.
Адам осы бір сұлулық пен әйбат та ғажайып түндердің жоғалып кетуіне мүлде көнгісі келмейді. Сол себепті де ұзақ өмір сүру жазмышында жоқ, таңғажайып нәрселер сияқты, ақ түндер де өзінің пәнилік баянсыздығымен кісіні жеңіл мұңға шомдыратын болуға тиіс.
Мен теріскейге тұңғыш рет кетіп барамын, бірақ маған сол араның бәрі, әсіресе жан баспайтын меңіреу бақтардағы кешеуіл күзде гүл-шешегі төгіліп біткен ақ мойылдың шоғыры тым таныс секілді болып көрінді.
Осынау суық та жұпар иісті мойылдар Вознесеньеде өте көп еді. Бұнда оларды ешкім де үзіп алып, үстел үстіне құмыраға салып қоймайды екен.
Мен Петрозаводские бара жатқан едім. Со кезде Алексей Максимович Горький "Фабриктер мен зауыттардың тарихы" айдарымен кітаптар топтамасын басып шығаруды ойына алған болатын. Бұл іске ол көптеген жазушыларды тартты, және бригадалар болып жұмыс істеу мәселесі шешілді, - осынау сөз со кезде әдебиетте алғаш рет пайда болды.
Горький менің таңдауыма бірнеше зауытты ұсынды. Мен Петрозаводскідегі ежелгі Петр зауытына тоқтадым. Оның негізін салған Петр Бірінші еді және ол бастапқы кезде зеңбірек пен зәкір зауыты ретінде өмір сүрді, сосын құю ісімен айналысты, ал революциядан кейін жол машиналарын дайындауға көшті.
Мен бригадалық жұмыстан бас тарттым. Адамның іс-қимылы саласында артельдік жұмыс істеу, әсіресе, кітап жұмысында ақылға мүлде қонбайды дегенге өз басым (дәп қазір де) имандай сенемін. Ең тәуірі бұдан тұтас кітап емес, ор түрлі очерктердің жинағы шығады. Меніңше, ол кітаптан, материалының ерекшелігіне қарамастан, әрбір жазушының жеке өзінің ақиқат болмысты қабылдауы, оның стилі мен тілінің қадір-касиеттері көрінуге тиіс.
Мен екі не үш адам бір мезгілде бір скрипкада қалай ойнай алмайтын болса, сол сияқты бір кітапты да бірлесіп жазуға болмайды деп есептедім.
Мен мұны Алексей Максимовичке айттым. Ол тұнжырап, үйреншікті әдетімен, саусақтарымен үстелді барабандата бастады, біраз ойланды да:
- Жігітім, сізді жұрт өркөкірек деп айыптайды әлі. Бірақ жалпы алғанда, жазыңыз! Бірақ сізге ұятқа қалуға болмайды - кітапты міндетті түрде әкеліңіз. Қайтсеңізде!
Пароходта осы әңгімені есіме түсірдім де со кітапты жазатыныма әбден сендім. Маған солтүстік қатты ұнады. Осы бір жағдай, сол кезде маған жұмысымды едәуір жеңілдететіндей болып көрінді. Петрдің зауыты туралы сол кітапқа мен солтүстіктің өзімді тұтқын еткен - ақ түндерін, тымық суларын, орман-тоғайларын, мойылын, әндетіп сөйлесетін новгородтык сөздерін, тұмсықтары аққудың мойны сияқтанып, бұралып тұратын қара қайықтардың, әр түрлі шөптер суреттері салынған иін ағаштарын (күйенте) -бәр-бәрін кіргізбек болдым.
Петрозаводск ол заманда құлазып жатқан тып-тыныш қала еді. Көше-көшелерде мүк басқан қойтастар жататын. Күллі қала бір түрлі слюда сияқты болатын - бәлкім, бұл көлден шығатын бозғылт сәуледен бе, әлде көзге қораш, бірақ жанға жайлы ақшыл аспаннан ба, әйтеуір солай болып көрінетін.
Петрозаводскіде мен мұрағаттар мен кітапханада ошарылып отырып, Петр зауытына қатысты бар нәрселердің бәрін түгел оқи бастадым. Зауыттың тарихы күрделі де қызғылықты екен. Петр Бірінші, шотланд инженерлері, біздің басыбайлы талантты ісмерлеріміз, металл құюдың каррондық әдісі, су машиналары, өздерінің дағдылы әдет-ғұрыптары - осының бәрі кітапқа мол материал берді.
Бәрінен бұрын мен оның жоба-жоспарын жасадым. Онда қыруар тарих пен сипаттамалар бар-тұғын, бірақ адамдар аз еді.
Мен со кітапты сол арада, Карелияда, жазбақ болдым, сондықтан да бұрынғы мұғалима Серафима Ионовнаның - көзілдірігі мен француз тілін білгені болмаса, - мұғалимаға мүлде ұқсамайтын, мүлде қара дүрсін болып кеткен кемпір үйінің бір бөлмесін жалдап алдым.
Мен кітапты жоспар бойынша жазуға кірістім, бірақ қанша қиналсам да қол астыңдағы кітап қожырап, шашыла берді. Мен материалдарды дәнеркелеп, цементтеп тас бекітіп, табиғи ағыс арнасына салғым келді.
Материал ыдырай берді. Қызықты бөлшектер, көрші тұрған қызғылықты бөлшектердің қолдауы болмағасын, жансызданып, ілініп-салына берді. Со бір мұрағат фактілеріне жан кіргізе алатын бірде-бір нәрсе - шырайлы егжей-тегжейлер, уақыт ауасы мен өзіме туыс адамдар тағдыры қолдап-қостап тұрмағасын, олар жетім-жалғыз күйінде ербиіп қала берді.
Мен су машиналары туралы, өндіріс туралы, ісмерлер туралы жаздым, жазарын жазсам да, осынау дүниенің бәріне, менің жеке басымның қатысы болмаса, тым әлсіз болса да, бұ материалға соны лирикалық тыныс жан кіргізбесе, кітаптан ештеңе шықпайтынын анық түсініп, қамыға отырып, қалам тебіренттім. Және жалпы, ешбір кітап шықпайтынын білдім.
(Ретті жерінде айтайын, сол кездің өзінде-ақ мен адамдар туралы қалай жазсақ, машиналар туралы да дәл солай, оларды да сезіп, жақсы көріп, олар үшін де қуанып, жабырқап отырып жазу керек екенін түсінген едім. Кімнің қалай сезінетінін қайдам, әйтеуір, өз басым бір машина үшін, мәселенки, "Победа" үшін, егер ол жарлауыт өрден өту үшін бар күшін салып, зорланып, зарлағанда, соған дәп өзім жегілгендей болып сезінемін. Мен одан, әсілінде, машинадан кем шаршамайтын сияқтымын. Мүмкін, бұл мысал онша сәтті де емес шығар, бірақ машина туралы жазатын болсаңыз, онда тірі жәндіктерге қалай қарайтын болсаңыз, оларға да тап солай қарау керек. Менің бір байқағаным, жақсы ісмерлер мен жұмысшылар доп солай қарайды.)
Дүниеде материал алдында әл-дәрменсіз тұрып қалудан өткен жеркенішті де ауыр нәрсе болмайды.
Мен өзімді доп бір балет көрсетуге шығатын немесе Кант философиясын редакциялауға кірісетін кісідейін сезіндім.
Ал жадым менің Горькийдің "Тек сізге ұялып қалуға болмайды - кітапты міндетті түрде әкеліңіз" деген сөзімен оқта-текте бір шаншып қояды.
Бұның үстіне жазушы шеберлігінің өзім қасиеттеп ұстанатын бір негізі бұзылғанына жабырқанып, көңілім қалды. Мен, жеке басының дербестігін жоғалтпай, кез келген материалды қағып алып, оп-оңай игеріп кететін адам ғана жазушы бола алады деп есептейтін едім.
Менің бұл хал-ақуалым, неде болса соған көніп, ештеңені жазбай, Петрозаводскіден тайып тұруға бел байлаумен аяқталды.
Менің басыма түскен осы бір бәле жөнінен пікір алысатын Серафима Ионовнадан өзге тірі жан жоқ еді. Мен оған сәтсіздікке ұшырағанымды айтайын деп ыңғайлана бергенімнен-ак, ол, тегі, өзінің қайдағы бір мұғалімдік сезгіштігімен оны бұрынырақ аңғарып қойыпты.
- Сіз, әсілінде, менің баяғы емтихан алдындағы ақылы аз гимназист қыздарым секілдісіз, -деді ол маған. - Олар басына көзіне түскеннің бәрін тықпалап алады да, ештеңені көрмейтін, ненің мәнді, ненің бос сөз екенін түсінбейтін. Сіз әбден шаршағансыз. Мен сіздің жазушылық ісіңізден бейхабармын, бірақ мұнда қысыммен ештеңені де жасауға болмайды деп ойлаймын. Тек өзіңізді бекерден-бекер жүйкелетесіз. Ал, бұл зиянды, тіпті қауіпті нәрсе. Сіз күйгелектеп, кетіп қалмаңыз. Тынығыңыз. Көлге барыңыз, қаланы аралап көріңіз. Біздің бұ қаламыз жақсы, қарапайым. Мүмкін, бірдеңе шығадыдағы.
Бірақ мен жүруге белбайладым. Жүрер алдында Петрозаводскты аралап, сейілдеп қайтпақшы болдым. Осы уақытқа дейін мен оны жарытып көрген де жоқ едім.
Мен көлді бойлап, терістікке қарай жүріп, қаланың шетіне шықтым. Шағын үйлер шоғыры бітті. Енді бақшалар созылып жатты. Солардың ара-арасынан бірде ана жерден, бірде мына жерден айқыштар мен зират ескерткіштері көріне бастады.
Қайдағы бір шал сәбіз жүйегін отап жатыр. Мен одан айқыштардың жайын сұрадым.
- Бұрын бұл маңда қорым болатын, - деді шал - Шетелдіктерді жерлейтін сияқты еді. Ал енді қазір бұл ара бақша қажетіне жарады, ескерткіштерді алып тастады. Қалғандары да ұзаққа бармайды. Келесі көктемге дейін тұратын шығар, одан әріге шыдамас.
Рас, ескерткіштер аз тұғын - небәрі бес-алты ғана. Олардың біреуі әдемілеп құйылған шомбал шойын қорамен қоршалыпты.
Мен соның қасына бардым. Сынып қалған гранит ұстыннан француз тілінде жазылған сөздер көрінеді. Биік ошаған сол жазуды түгелге жуық жасырып тұр.
Мен ошағанды сындырып, жазуды оқыдым: "Шарль-Евгений Лонсевиль, Император Наполеонның ұлы армиясының артиллерия офицері. 1778 жылы Перпиньянда туып, 1816 жылдың жазында Петрозаводскіде, отанынан алыста қайтыс болды. Оның құсалы жүрегі тыным-тыныштық тапқайды".
Мен көз алдымдағы өте сирек кездесетін, қайғылы тағдыр адамының моласы екенін, дәл осы кісі өзіме көмекке келетінін түсіндім.
Үйге қайтып келіп, Серафима Ионовнага Петрозаводскіде қалатынымды айттым да табанда мұрағатқа қарай жүрдім.
Онда әбден қуарып, қаңсып қалған, арық шөлмектей болып кеткен көзілдірікті шал, математиканың бұрынғы оқытушысы жұмыс істейді екен. Мұрағат әлі толық жиналып бітпепті, бірақ шал оны толық игеріп алған тәрізді.
Мен оған бастан кешірген жайтымды айттым. Шалдың толқығанын көрсеңіз. Ол жұртты жалықтыратын анықтамалар, негізінен шіркеу кітабына қарап, туу туралы куәліктер беріп, оның өзін де аса сирек беріп әдеттенген ғой, ал енді қазір мұрағаттан әрі қиын, әрі қызғылықты нәрсені іздеп, осыдан жүз жыл бұрын неліктен екені белгісіз, Петрозаводскіде қайтыс болған, жұмбақ сияқты Наполеон офицеріне қатысы бар дүние атаулының бәрін табуы керек.
Шал да, мен де - екеуміз де мазасыз күйге түстік. Мұрағаттан Лонсевильдің титтей де болса, бір ізі табылмас па екен, аз ба, көп бе, әйтеуір, соған қарап, оның ғұмырын қайта қалпына келтіруге болмас па екен? Немесе біз ештеңені таба алмайтын шығармыз.
Қойшы, әйтеуір, шал кенет қоналқыға үйге қайтпайтынын, түні бойы мұрағатты тінтіп шығатынын білдірді. Менің сонымен бірге қалғым келіп еді, бірақ бөтен адамның мұрағатта қалуына болмайды екен. Содан кейін мен қалаға кеттімдағы нан, шұжық, шай мен қант сатып алып, ол түнде ауқаттануы үшін, соның бәрін шалға апарып бердім.
Іздеуіміз тоғыз күнге созылды. Күн сайын ертеңгілік шал маған, өзінің болжауы бойынша, Лонсевиль жөнінде бірдеңе айтылады-ау дейтін істердің тізімін көрсететін болды. Ең қызықты істің тұсына ол "белгі" қояды да оларды математик ретінде, "радикалдар" деп атайтын еді.
Тек жетінші күні ғана қорым кітабынан француз армиясының тұтқыны Шарль-Евгений Лонсевильдің бір түрлі түсініксіз жағдайда жерленгені туралы жазу табылды.
Тоғызыншы күні екі кісінің жеке хаттарында Лонсевильдің аты аталатыны, ал оныншы күні Олонец губернаторының "со бір Лонсевиль дегеннің әйелі Мария-Цецилия Тринитэнің Франциядан оның моласына ескерткіш орнату үшін келгені" жөніндегі қол қойылмаған жыртық жолдаухаты табылды.
Материалдар осымен сарқылып бітті де. Бірақ со бір олжаны тапқанына архивариус шалдың жүзі жайнап қуанғанының өзі менің қиялымды оятып, Лонсевильді тірілтуіме жетіп артылған еді.
Лонсевиль қалай пайда болысымен, мен де кітапты жазуға кірістім - тек жуырда ғана басы бірікпей, төгіліп-шашылып жатқан күллі материал кенет оның арқауына айналды. Бұлар өзінен-өзі француз революциясы мен Наполеонның Ресейге жасаған жорығына қатысып, Гжатск түбінде қазақтар тұтқынға алғаннан кейін, Петрозаводске жер аударылып, сонда қызуының күрт көтерілуінен қайтыс болған артиллеристің айналасына топтасып жата қалды.
"Шарль Лонсевильдің тағдыры" хикаяты тап осылай жазылған еді.
Адам пайда болғанша, материал да өлік сияқты еді.
Бұған қоса кітаптың күні бұрын жасалған жоспары түгелдей тас-талқан болды. Ендігі хикаяны Лонсевильдің өзідөнгелентіп ала жөнелді. Ол магнит секілді тек тарихи фактілерді ғана емес, менің солтүстікте көрген нәрселерімнің көбін де өзіне тартып әкетті.
Хикаятта өлген Лонсевильді жоқтаудың бір көрінісі бар. Әйелдің дауыс қылуының сөзін мен нағыз жоқтаудан алдым. Бұл арнайы айтуға тұрарлық оқиға.
Мен пароходпен Свирь өзенімен жоғарыға, Ладога көлінен Онега көліне қарай бара жатқанмын. Бір жерде, Свирицада ма екен, төменгі палубаға кемежайдан қарапайым қарағай табытты әкеліп қойды.
Свирицада Свирь өзені бойындағы ең кәрі және тәжрибелі лоцман қайтыс болыпты. Оның дос-жаран лоцмандары марқұмның мәйіті салынған табытты, көз жұмған байғұс өзінің сүйікті өзенімен қоштассын дегендейін, күллі өзенді қуалап, Свирицадан Вознесеньеге дейін алып өтпекші болады. Бұнымен бірге жағалаудың тұрғындарына сол алқаптың ең құрметті, ерекше әйгілі адамымен қоштасуларына мүмкіндік жасайды.
Мұндай гәп, Свирь - табалдырық-бөгесіндері көп, ағысы қатты өзен. Тәжірибелі лоцман болмаса, пароходтар Свирьдің екпінді ағысынан өте алмайды. Сол себепті де Свирь бойында қадым замандарынан бері өзара тығыз тамырдасып алған лоцмандардың тұтас бір руы тіршілік құрып жатады.
Біз қатты ағысты табалдырықтан өткен кездері, пароходтың өзі толық жүріспен жұмыс істесе де оны екі буксир сүйреп келе жатты.
Пароходтар ағыс екпінімен төмен қарай қайтып келе жатқанда - ылдилаған кездері, табалдырықтарға ұрынып қалмас үшін, пароходтың өзі де, буксирлер де ағысқа қарсы, кері жүріспен жұмыс істеді.
Біздің пароходпен өлген лоцманды әкеле жатқаны жөнінде өзеннің жоғары жағына жеделхат жіберіледі. Сол себепті де әрбір кемежайда пароходты тұрғын халықтың қалың нөпірі қарсы алып жатты. Олардың алдында қара орамал тартқан жоқтаушы-кемпірлер тұрады. Пароход кемежайға жақындай бергеннен-ақ, олар қамыққан ашық дауыспен марқұм болған кісіні жоқтай бастайды.
Осындай жоқтау жырларының сөздері ешқашан да қайталанбайтын. Меніңше, әрбір жоқтау суырып салма жыр сияқты.
Сол жоқтаулардың бірі мынадай:
"Шынымен-ақ бақиға қанат қақтың ба, шынымен-ақ бізді жетім еттің бе? Біз сені қастерлемеді дейсің бе, жан ырысы - жақсы сөзбен елітіп, мейірімімізді төкпек пе ек? Әкетайым, Свирьге бір қарашы бұрылып, ақырғы рет көз салшы - жарқабаққа аққан қан қарайып барып қатты ғой, қатыңдардың көз жасы көлдей болып ақты ғой. Аһ, жалған дүние-ай, ажал саған неге беймезгіл келді екен? Аһ, құдайым-ай, Свирь өзені бойын қуалай өлім шырақтары неге ғана епелектеп жанып тұр?"
Хош, сонымен біз түні бойы бір сәт те үзілмеген жоқтау жыры астында Вознесеньеге дейін жеттік.
Ал Вознесеньеде пароходқа қабақтары салыңқы бір кісілер - лоцмандар келіп, табыттың қақпағын ашты. Онда бет-жүзін жел-құз қақтаған, әлуетті ақ шашты шал жатыр екен.
Табытты кенеп сүлгілер үстіне салып, дауыс салған жоқтаумен жағаға қарай алып кетті. Табыт артыңда ақ жүзін шәлімен бүркеген жас әйел кетіп барады. Ол бір сары шашты баланы жетектеп алыпты. Оның соңынан бірнеше қадам кейін, үстіне өзен капитанының формасын киген, орта жастағы еркек кетіп бара жатты. Бұлар өлген кісінің қызы мен немересі, күйеу баласы еді.
Пароход үстіндегі жалауды сәл төмен түсірді, табытты зиратқа қарай алып бара жатқанда пароход бірнеше рет созылта гудок берді.
Сол хикаятта тағы бір әсерім төбе көрсетті. Ол әсерде маңызды ештеңе жоқ сняқты, бірақ неге екенін қайдам, ол теріскеймен тығыз байланысты болғаны себепті есімде қалыпты. Бұл - Шолпанның төтенше жарқырап тұрғаны.
Мен соған дейін жұлдыздың дәп солай маздап, мөлдіреп тұрғанын көрмеген едім. Шолпан таң алдында, көгіс тарта бастаған аспанда, дымқыл гауһардың тамшысындай болып, құбылып тұрды.
Ол шынында да аспан-көктің өкіліндей тым ғажайып таңғы шапақтың хабаршысындай болды. Орта кеңістіктер мен оңтүстікте мен оны ешқашан да байқамаған едім. Ал бұ жақта ол - күллі бейкүнә сұлулығымен құлазыған жазық пен орман-тоғайлар үстінде жалғыз өзі ғана жалтырап, со бір таңғы сәттер алдында Онега мен Заволочье үстінде, Ладога мен Заонежье үстінде жалғыз өзі ғана билеп-төстеп тұрғандай еді.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев