- 02 жел. 2022 00:00
- 219
Astana Media Week коммуникация мен мүмкіндіктер жобасы
Елорда төріндегі ҚазМедиа орталығында жыл сайынғы Astana Media Week өткізілді.
Astana Media Week бұл отандық медиа индустрияны дамыту және іскерлік қатынастарды нығайту үшін Қазақстанның мемлекеттік, тәуелсіз, кәсіби және жаңа БАҚ-тарын біріктіретін іс-шара.
Еліміздегі басты коммуникация алаңында ведомство басшылары, халықаралық сарапшылар, инфлюенсерлер мен сала мамандары кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап, идеяларын жариялады. Байланыс орнатып, презентациялар жасап, алдағы жылға жоспарларын айтып өтті.
Бұдан бөлек Astana Media Week ҚазМедиа орталығымен және БҰҰ Жаһандық коммуникация департаментінің ҚР өкілдігі БҰҰ ҚР Ақпараттық Бюросы біріге, жас журналист студенттерге тегін 72 сағат көлемінде біліктілікті арттыру курстарын өткізді. Бұл курс студенттерге ҚазМедиа орталығының ішкі ас бөлмесін көрсетті десек те болады. Хабар агенттігі мен Қазақстан ұлттық арнасының қолдауымен дикторлар, танымал теле-жүргізушілермен жеке кездесулер, телеарналарға және студияларға, радиоларға экскурсиялар ұйымдастырылды.
Сонымен қоса осы іс-шара аясында «Urker Awards» премиясы өткізілді. Бұл ұлттық сыйлық баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі, журналистиканың беделін арттыруға, кәсіби стандарттарды бекітуге бағытталған. Байқаудың мақсаты талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлесін мойындау және олардың шығармашылығына көпшіліктің назарын аудару. Байқау 13 номинация бойынша өткізіледі, оның ішінде медиа саланы дамытуға қосқан үлесі баға жетпес көрнекті тұлғалардың құрметіне 3 арнайы сыйлық. Финалистерге куәлік, "URKER" естелік мүсіншесі және бір миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етіле отырып, жеңімпаз атағы беріледі.
Жалпы қорыта келе осы медиа шаралардың елімізге пайдасы жайында айтып өтсек. Еліміздің болашағы болатын жастарға, сонымен қоса БАҚ салаларының дамуына әрі сапасын арттыруға үлкен пайдасын қосатыны сөзсіз. Осы шара аясында түрлі, БАҚ-на байланысты күрделі мәселелерді, журналистердің сөз бостандығын арттыру жайында және аймақтық газет-журнал баспаларының келешегі талқыланды. Әрине бұл Қазақстандағы БАҚ журналистерінің ұйымшылдығын және коммуникациясын арттыра түседі. Коммуникация арқасында көптеген журналистер тәжірбие алмасып, алдағы кәсіби мақсаттарын нақтылап, елдегі журналистер мүддесі мен БАҚ құралдарының даму жолында аянбай еңбек етуіне сенеміз.
Қайратұлы Әлімжан Жетекші: аға-оқытушы Рушанова Неля Бериковна