Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Астана тарихын оқытып-үйрену арқылы «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру
«Бүгінгі ұрпақтың заңғар мұраты – тарих төрінен тиесілі орын алған, өзгелермен терезесі тең, өркениетті, өміршең ел – Қазақстанның мызғымас тұғырын қалыптастыру. Біз қазір сол игілікті қоғамның лайықты іргетасын қалау үшін еңбек етіп жатырмыз. Соны сендерге аманаттайтын боламыз» деген сөзді Н. Назарбаев 1997 жылы айтқан еді.
Содан бергі 20 жылға жуық уақытта тәуелсіздіктің тұғыры бекіп, егемен елдің еңсесі биіктеді, әлемнің барлығына дерлік атын танитын елге айналды. Мұның бәрі қазақ халқының және қазақстандықтардың басын бірлік пен ынтымақта жарастыра білген Елбасының көреген саясаты арқасында мүмкін болды.
«Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы» деген сөз бүгін басты қағидаға айналды. Осы бір ұлы мақсатты іске асыратын, ең алдымен қазақ азаматы болуы тиіс. Ал идея отбасында, білім мекемелерінде жан - жақты және тоқтаусыз жүйелі түрде жүргізілуі керек» деген тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдаулары мен халықпен болған кездесулердің барлығында көрініс табатын.
2012 жылы 5 маусымда Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен қазақтың ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық кеңейтілген отырыста Елбасының ұсынысымен «Тарих толқынындағы халық» атты арнаулы бағдарламаның мақсаты - қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру екенін айтты. Ол төл тарихымызды зерделеуде басты көңіл бөлетін жайттарға тоқталды.
Бұл үшін ең алдымен орта мектептер мен жоғары оқу орындарында тарихты оқытудың заманауи зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне негізделген қазіргі заманғы және ғылыми біртұтас мемлекеттік стандарты жасалуы керек. Жұмыс 5 бөлікте қарастырылуы керек: 1). Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында негізгі салаға айналуы тиіс; 2). Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасы жасалуы тиіс; 3). Қазақстан туралы еліміздегі және шет елдердегі тарихи материалдар жинақталып, жүйеленуі тиіс; 4). Орта азиялық номадтық өркениетті зерттеуге айрықша мән берілуі тиіс; 5). Тарихи сапалы оқулықтарды даярлау мәселесі.
«Бұл - тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстардың басы. Қазіргі мемлекетіміздің қалыптасқан белесінде біз өз тарихымызды бүгінгі заман биігінен көрсетуге тиістіміз» деді Мемлекеттік хатшы. Әрбір адамды өз тарихын жете білуге, құрметтеуге үндеген осы құжат, әсіресе білім саласындағы мамандарға мол жауапкершілік жүктеді. Осы ретте, сабақта және сабақтан тыс іс - шараларда тәуелсіз елдің тарихын Елбасы шығармаларын оқыту арқылы оқушыларға танытуға әбден болады. Және бұл жұмыспен тек тарихшылар ғана емес, барлық пән мұғалімі айналысуы керек.
Тағы бір айта кететін жайт – балабақшадан бастап, ЖОО студенттеріне дейін Елбасының адами - азаматтық тұлғасын үлгі етіп, оның адамгершілік қасиеттерін білім саласындағы жеке тұлға тәрбиесінде өнеге етуді жолға қою керек. Мәселен, балабақша бүлдіршіндеріне Астана қаласының көше, ғимараттарының тарихынан, атақты адамдардың өмірінен қысқа әңгімелер құрастырып таныстыру керек. Өздері тәрбиеленіп жатқан балабақшаның қашан салынғаны, «Алтын сандық», «Алпамыс», «Алтын дән», «Әлем», «Тайбурыл» деп аталуының сыры неде, сол балабақша орналасқан Республика, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Тәуелсіздік т. б. даңғылдары мен Бейбітшілік, Достық, Ш. Уәлиханов, С. Сейфуллин т. б. көшелерінің аталу себептерін қызықты мәліметтермен таныстыру нәтижелі болмақ. Сондай - ақ, мектеп оқушыларының әрбір сабақта барлық пән бойынша, Қазақстан мемлекетінің тарихы мен бүгінгі тыныс - тіршілігінен мағлұмат беретін ақпараттар кеңінен пайдаланылуы керек. Мысалы, Қазақстан тарихы, әдебиет сабақтарында «Ұйғыр халқында «жігіт басын» сайлау дәстүрі бар. Оның тарихы тереңге тартады. Бас болып сайланған жігіт сол бірге тұрып жатқан адамдардың барлық ісі: шаруасы, салт - дәстүрінің сақтауы, той - томалақ өткізіп, өлім - жітімді жөнелтуі – бәрі - бәрі үшін жауап береді, ұйымдастырады, ал жұрты оған сөзсіз бағынады, айтқанын мүлтіксіз орындайды. Егер жігіт басы жүктелген міндетті орындамаса, халық оны дереу алып тастайды». Бұл ежелгі дәстүрдің қазіргі өзін - өзі басқару мүддесімен ұқсастығы мен айырмашылығын салыстыр. Қазақ халқында бұл қалай аталады? Деген тапсырмалар оқушыны ізденуге, өзінше ой түюге, салыстыруға үйретсе, Елбасының «... Бесте ме екем, әлде жеті жастамын ба... Менде бір құпия арман болды. Мұнар басқан көгілдір көп таулардың тым болмаса ең берісінің шыңына бір шықсам шіркін деп көксейтінмін.
Бірақ, қөз арбаған әлгі шыңға он төрт жасымда табан тірегенім жадымда. Сол жерде тұрып мен бәрін көрдім... жер тәнінде сала - сала болып жатқан алып күре тамырлар сияқты жыралар мен сайлар; біздің ауыл мен көрші ауылдардың түймедей болып ағараңдаған үйлері; бұраң қаққан сан - тарап жолдар; шоқ - шоқ қызғалдаққа бөккен көк майса белдер; күрең даланың бетіндегі жамау сияқты жүгері алқабының төртбұрыш сап - сарғыш танаптары... бәрі - бәрі көз алдымда, етек тұста жайыла көсіліп жатты» - деген естелігін география, табиғаттану, дүниетану пәндерінде пайдаланып, оқушылардың арман - мақсатын анықтау, туған жерді сүю, табиғатын қорғау қасиеттеріне тәрбиелеуде қолдану – әр мұғалімнің шығармашылық шеберлігіне байланысты.
1997 жылы шыққан Қ. Әлімқұлов пен М. Қасымбековтың «Нұрсұлтан деп ат қойдым...» кітабында:
Құрметтеп қаласы да, даласы да,
Санайды дүйім жұрттың панасына.
Алаштың ардақ тұтқан азаматы,
Атыңды еншілепті баласына,- деген өлең шумағы бар.
Сол жылдары 18 ұлттың баласына есімі берілген үш Нұрсұлтан Назарбаев, үш Нұрсұлтан Әбішұлының саны қазір қаншаға жеткенін білу де балаларға қызықты болар еді. Зерттеу - іздену жұмысы осыдан басталады.
Сондай - ақ, «Астананы ауыстыру – сөзсіз тосын да сирек оқиға. Қоныс аудару да адам өміріндегі айрықша оқиға саналады. Кейбір адамдарда еш уақытта көшуге деген қажеттілік тумайды, енді біреулер жиі көшіп - қонуға құмар. Мемлекеттер де өздерінің бас қалаларын ауыстырып жатады. Және осындай ауыстырудың қажеттілігі ел тұрғындарының қалауына қарағанда, мемлекеттің пайдасынан жиірек туындайды» деген Елбасының сөзін сіз қалай түсіндіресіз? Бірнеше дәлел келтіріңіз деген тапсырма бере отырып, «ХХ ғасырда тұтас бес қала біздің мемлекетіміздің астанасы болып белгіленді», «1920 жылы ҚАКСРдің астанасы – Орынбор қаласы болды. Республиканың оңтүстігіндегі қазақтар үшін Орынбор алыс болуы – астананы көшіру қажеттілігін туғызды. Үміткерлер ретінде – Ақтөбе, Семей, Ақмола, Шымкент, Әулиеата және Ақмешіт қалалары ұсынылды» деген мәліметті қазіргі Астанаға көшіру кезіндегі саяси - әлеуметтік, экономикалық фактілермен салыстыр. «1832 жылғы 22 тамызда Ақмола приказы мен сыртқы округ ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатында бәйге, күрес, ақындар айтысы өткізілді. Барлық зеңбіректерден 31 дүркін артиллерия салюті атылды», «Қалада екі мектеп - казак мектебі мен мешіт жанындағы медресе, бір май қорытатын кәсіпорын, екі ұстахана, екі нан өнімдерін сататын дүкен, бір шарап жертөлесі мен он бір ішімдік мекемесі болды. Бірте - бірте өсе келе, бекініс 1845 жылы Ақмола бекетіне айналды. Саудагерлердің саны - 1236 адамға жетті. Қала мәртебесі Ақмола станицасына Ресей империясының Ішкі істер министрлігінің 1862 жылғы 7 мамырдағы шешімімен берілді. 1869 жылы Ақмолада 5172 адам тұрды, ал 1910 жылы халық саны түрлі ұлттағы 13 000 санға жетті», «1925 жылы15 - 19 сәуірде Ақмешітте V сьезд өтті, Ақмешіт Қызылорда болып өзгертіліп, астанаға айналды», «1927 жылы Транссібір теміржол магистралі салынды, ол Алматы арқылы өтетін. Сондықтан, астана Алматыға көшірілді»
«Австралияның астанасы болуға Мельбурн мен Сидней қалалары таласты. 1913 жылы астана болып Канберра таңдалды», «1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес Ақмола Астана болып аталатын болды», «1998 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Қазақстан астанасына медаль беріліп «Әлем қаласы» жоғары атағы берілді» деген мәліметті оқушылардың талқысына салып, ХХ ғасырда тұтас бес қаланың біздің мемлекетіміздің астанасы болып белгіленуін салыстыру, мысал келтіру арқылы шешім шығаруға, қорытындылауға, өз ойын дәлелдеуге үйретуде – бүгінгі оқушы бойында құзыреттілікті қалыптастырудың бір жолы болмақ.
2009 жылдан бері мектептерде енгізілген «Дінтану негіздері» пәні сабағында Елбасының «Өз ата - анамның нағыз мұсылман болғанын білемін. Олар мені мұсылмандық рухында тәрбиеледі. Және атеистік бағыттағы өткенімізге қарамастан, біз өз дінімізді сақтай білдік. Бізді араб тілінде оқытқан жоқ, мектепте бізге Құранды танытып, намаз оқуды үйреткен емес. Сондықтан мен және менің буыным мұндай тәлім ала алмадық. Бірақ, біз өзімізді мұсылманбыз деп есептейміз. Мұхамед пайғамбарға іштей сенеміз. Біз Қасиетті Құран сөзіне сенеміз» Біріккен Араб Эмираты «Галф Ньюс» газеті мен «Арабсат» теледидарына берген сұхбатын пайдалану да өзекті.
Мектептерде көп пайдаланып жүрген оқытудың түрлері, сабақ түрін белгілеу мұғалімнің терең біліміне, іскерлігіне, шығармашылық қабілетіне байланысты. Сабақтың қандай түрі таңдалса да, ең негізгісі оқушыларды дербестікке, белсенділікке, ойшылдыққа, іскерлікке үйрету, алған білімі сеніміне, дүниетанымына айналуын үздіксіз көздеу болса, Н. Назарбаевтың еңбектерінде, жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы, елі, халқы үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруды басты мұрат ету керектігін талмай айтып келеді. Әсіресе, Елбасының халықтың мақал - мәтелдерін орынымен қодануының өзінен көп нәрсеге үйренуге болады.
*Таққа таласушы көп, жарасушы аз.
*Ханның тағы шайқалса, халықтың бағы шайқалады.
*Әкеге ұл болу - арбаға жегілу, халыққа ұл болу – арманға жегілу.
*Ханда қырық кісінің ақылы бар.
*Бір адам таққа отырса, қырық адам атқа отырады.
*Тозған қазды топтанған қарға алады.
*Заманына қарай амалы.
Елбасы еңбектерінен ынтымақ пен бірлікке, достық пен татулыққа үндеген тәрбиелік тағылым мол мысалдарды өте көп келтіруге болады.
... Маған халқым осындай өтпелі кезеңде өзінің тізгінін ұстатты. Бұл - оңай шаруа емес. Бүкіл қазақстандықтар болып ұйымшылдық танытуымыз қажет. Және де еліммен пікірлесудің осы мүмкіндігін пайдалана отырып, ертеңгі болашағымыз – жастарға деген ерекше көзқарасымды тағы да қайталамақпын. Келер үшінші мыңжылдықта өмір сүру бақыты жастардың маңдайына жазылған. Жастардың өз болашақтарының, жақсы тұрмыстарының негізін өздері қалауға аянбай жұмылатын уақыты келді.... Бірлігімізді, Елдігімізді сақтай білейік» (Президенттік телефон желісі. 1991ж.) деген сөзін еске алсақ, 20 - дан асып, желкілдеп өскен тәуелсіздіктің құрдастарын мысалға көптеп келтіруге болады. Өйткені, олар, өз арамызда, қасымызда өмір сүріп жатыр.
Н. Назарбаевтың еңбектерінің арасында «Еуразия жүрегінде» кітабындағы « Алматы көкжиегі», «Астана ажары», «Атаулар керуені», «Өңірлік өрлеу өзегі», «Тарихтан танабында таңба қалған», «Е л қондырдық Есілге», «Есілдің оң жағасы, сол жағасы», « Мәуелі бәйтерек», « Астананың бас қалқаны», «Ежелгі қоныс, ескі жұрт» осындай көптеген тарауларын тақырып етіп алып, сабақта пайдалану арқылы көкірегінде мәңгілік елдің алауы маздаған, қайсар да табанды ұл, жайсаң да жаны жақсылыққа іңкәр қазақ қызының тәрбиелеудің маңызы зор.
«Н. Назарбаевтың ел ертеңін ойлаудағы ақыл - ой озықтығына, сол арқылы сараланатын айрықша екі қасиеті бар. Оның алғашқысы - сабырлы да саңлақ саясаткерлігі, екіншісі - болашақты болжай білетіндігі, әрі сол байламдары бойынша батыл қадамдарға баруы» деп баға берген Оразалы Айсиннің сөзіне еш талас жоқ. (168 - бет).
Қорытындылай келе сеніммен айтарым, жүздеген ұлт пен ұлыстың басы қосылған, діні мен ділі, тілі мен мәдениеті әртүрлі өкілді біріктіріп, үш жүз қазақтың мақсат - мүддесін бір арнаға тоғыстыра білген Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолы, сөз жоқ кез келген азаматқа адамгершілік тұрғыдан, ел басқару өнері - үлгі боларлық.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама