depositphotos.com
- 03 мау. 2026 09:00
- 27
Миллион долларлық «мұра» қазақстандықтардың өмірін қалай өзгертті?
Атырау облысының тұрғыны Ресейдегі азаматтық әйелінің миллион долларлық мұрасы бар деген сылтаумен бірнеше қарағандылықты алдап соққан. Ол ақшаны еселеп қайтарып беремін деп уәде еткен.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес, алаяқ азаматтық әйелінің Ресейдегі ата-анасы қайтыс болғаннан кейін оған миллион долларға жуық мұра қалғанын айтқан. Алайда, құжаттарды ресімдеу, адвокаттар мен нотариустардың қызметіне ақы төлеу үшін 250 мың доллар қажет екенін алға тартқан.
Сенімге ие болып, ақша алған
Бұл оқиғаға бірінші болып 2022 жылы күдіктімен танысқан қарағандылық сенген. Ол өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырып, бұған дейін оның салған ақшасын қайтарып бергендіктен, сенім ұялатқан.
Мұра туралы әңгіме болғанда, қарағандылық өзі ақша салуға бел буады. 2023 жылдың тамызы мен 2024 жылдың ақпаны аралығында ол танысына 105 миллион теңге берген. Бұл ақша үшін жер телімдерін, ауыл шаруашылығы техникасын, мүліктерін және пәтерін сатқан.
Достары да алданып қалды
Кейіннен қарағандылық бұл мүмкіндікті достарына да айтып, олар да «тиімді жобаға» қатысуға шешім қабылдаған. Олардың бірі пәтерін нарықтық бағадан төмен бағалап сатқан. Сот деректері бойынша, мұны ақшаны тез жинау қажеттігімен түсіндірген. Қалған соманы кейін еселеп қайтарып беруге уәде еткен. Содан кейін ер адам бірнеше несие рәсімдеп, кейін Range Rover көлігін кепілге қойған. Оның жалпы шығыны 38,5 миллион теңгеге жеткен.
Тағы бір жәбірленуші бірден бірнеше банктен несие алған. Ақшаны танысы арқылы алаяққа аударған. Кейін адвокат ақысын төлеу үшін қосымша қаражат жіберуді сұраған. Нәтижесінде ол 10 миллион теңгеден астам қаражаттан айырылған. Іс бойынша жалпы шығын 153 миллион теңгеден асқан.
Сот үкімі
Қылмыстық іс Қарағандының Қазыбек би аудандық сотында қаралды. Сотталушы жәбірленушілерден ақша алғанын жоққа шығармады, бірақ өзінің кінәсін мойындамады. Ол алаяқтық емес, инвестициялық жоба туралы болғанын айтты. Оның айтуынша, қаражат азаматтық әйелі арқылы шетелдік қорға бағытталған, ал дау азаматтық-құқықтық сипатта.
Алайда, сот мұра туралы оқиғаның ойдан шығарылғанына көз жеткізді. Үкімде жәбірленушілерге табыстың тез және үлкен болатыны туралы уәделер беріліп, алдау мен сенімді теріс пайдалану арқылы ақша алғаны айтылған.
Сотталушы бірнеше жәбірленушіге қатысты аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, алты жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сот жәбірленушілердің пайдасына тиісінше 105 миллион, 38,5 миллион және 9,7 миллион теңге өндіріп алу туралы қаулы етті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.